Атырау қаласының көрнекті жерлерінің бірінде, «Қазақстан» қонақ үйінің алдында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық иегері, қазақ домбырасын әлемге әйгілеген дәулескер күйші, композитор Қаршыға Ахмедияровқа ескерткіш орнатылды.

Мүсіннің авторы – ҚР Мәдениет қайраткері Едіге Рахмадиев. Биіктігі 3 жарым метрді құрайды. Туындының ашылу салтанатында сөз алған Атырау облысы әкімі Н.Ноғаев дүлдүл домбырашының мемлекеттік деңгейдегі қосқан тағылымдық үлесін, соның ішінде орындаушылық шеберлігімен қатар жас буынды ұлттық тәрбиеге музыка арқылы баулыған зор еңбегін атап өтті. Қ.Ахмедияров әмбебап музыкант болуымен, дирижерлық, музыка зерттеушілігімен де танылды. Енді бір сөзінде аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы:

– Бүгін қуанышты күн, салтанатты күн, сонымен қоса өкінішті де. Ортамызда өз өнерімен қазақ халқының қадір-қасиетін әлемге танытқан Қаршыға Ахмедияров жоқ. Ол талантымен, өнерімен халық мақтанышы болды. Ал, талант еңбекпен шыңдалады. Күй зерттеушісі, ұстаз ретінде бірнеше өнер шеберлерін тәрбиеледі. Бес жасынан қазақтың қасиетті домбырасын өмірлік серігі етті. Белгілі күйшілердің шығармаларын орындап қана қоймай, өзі де 60-тан астам күй шығарды. Бүгін біз осы ескерткішті ашу арқылы оның еңбегі мен жетістіктерін еске аламыз. Таланттылардың талабын оңдап, ұлттық сананың қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген өнер қайраткері ретінде Қаршыға Ахмедиярұлының есімі әрдайым құрметпен аталады, – деді.

Қ.Ахмедияровтың рухани жан дүниесінің адалдығына, өнерге сенімінің кіршіксіздігіне тоқталған шара қонақтары оның күллі әлемді тамсантқан шығармашылық мұрасы мен ізін жалғайтын дарынды шәкірттері барына ризашылық білдірді. Одан әрі шара Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармониядағы концерттік бағдарламамен жалғасты.

Туған жерде биік тұғырдан көрінген өнер алыбының мүсіні поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың бейнесінен бір көше қашықтықта орналасуы бекер емес. Бұл – өмірін өзгелер үшін сарп еткен заңғар тұлғалардың самғау биігі.

 

Автор: Ө.САЛАУАТҰЛЫ.

Фото: А.Мутигуллин, Е.Алтыбаев.