Ағажанова Назерке Серікқызы 1997 жылы 15-ші наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауылында туған. Қалалық, облыстық, республикалық жас ақындар арасындағы жыр додаларының жеңімпазы.

Қара шәй 

Тіке қарап тағдырдың көшесіне,
Түнгі шақта Тәңірге сыйынатын.
Оюланған апамның кесесіне,
Қоюланған қара шәй құйылатын…

Бір үңілсем бүйірден берердей бақ,
Өзіме жетпей қалды өз ақылым.
Тозақтың оты осы ма дегендей–ақ,
Буына саусағымды созатынмын…

Ақиқатын арқалап неше түннің,
Арманымды аулаққа ұшыра алмай.
Шәй жұтынсам күрең күй кешетінмін
Ғұмырымның әр сәті жұтылғандай.

Суытпастан жан беріп тұла бойға,
Өтпегенін сезініп бекер күнім.
Ұмытпастан қоюлы қара шәйда
Өмірімнің дәмі бар екендігін…

 

Ақталу

Түтініне ұзақ қарап түнгі оттың,
Өзімді оған қарғаттым да, тілдеттім.
Нені білмеу керегімді білсем де
Нені білу керегімді білмеппін…

Талдар да үнсіз тербеледі күйді ұғып,
Жапырағын жадау желге сүйдіріп.
Мен отырмын ел отырмас шақта анық
Өз қолымды өз отыма күйдіріп.

Кейде жиі мазалайды таң шала,
Мендегі ұят, мендегі ойлар, ар, сана!
Білмей жасап қойған күнәм көп менің
Біле тұра жасағаным қаншама…

Жетпейтінін сезсем-дағы шамамның,
Мен сонда да жыламайтын боп алдым.
Бірақ бір күн талқандалсам тағдырға
Өзімді-өзім ұстап бере салармын.

Ақшам туар шашылғанда шамшырақ,
Әуре қылар түннің жайын таң сұрап.
Ал мен болсам, тағы ақталдым Тәңірге
Көздерімнен күнәларым тамшылап.

 

 

 

 

 

 

 

Ақ тілек

Күн көріп, аспан аймалап шашыңның нұрын,

Қуаныш кернеп кеудемді тасындым бүгін.

Сен үшін жазған ғазалым,

Қабыл ал ана, ғасырдың жырын.

Жүректе жанған жалындай жарқ ете бердің,

Атыңды тағы айттым да ант ете бердім.

«Құлыным» деген бір ауыз сөздерің үшін

Әлемнің барлық асылын тәрк етер едім.

Жабығып қалған шақтарда басатын уайым,

Жұпарың аңқып кеудеңде жататындайын.

Күлімдеп мені жаныңа шақыршы, мама

Басымды қойып тізеңе жата тұрайын.

Тектілік сыры сақталған тұла бойыңда,

Тек сенсің ана әрдайым менің ойымда.

Жырымның аппақ тілегін ұсындым саған

Мерейтойларың жалғассын мерейтойыңа!

 

Қарашық 

Көрдім де сені нұрландым, аласұрмадым,
Бар ғалам сенің бейнеңе жарасып жаным.
Қараған сайын өмірге құштар етеді,
Тұп-тұнық
Қарашықтарың…

Өзің деп бастап өрлетсем жаңа күнімді,
Ұмытып бір сәт жасырдым, нала – мұңымды.
Өмірден бұрын өзіне баураған мені
Сағындым қарашығыңды…

Өзіңсіз кезді ойланып баласам мұңға,
Тек сенсің менің жарығым, жанашырым да.
Мен саған мәңгі ғашықпын
Себебі сенің,
Өмір бар қарашығыңда…

Үрей

 Жан емес пе едім ұлпасын шашқан мамықтың,

Мен бүгін бірақ,

Әлсіздігімді таныттым.

Түсіме енсе соңынан кете беремін

Бір «өлең» дейтін,

Жарықтың…

Манаурап қана,

Көремін жамау жейдесін,

Сандырақтаймын, сенер де білмей сенбесім.

Дегбірім қашып,

Ояна кетсем шошынып,

Ұмытып қалам бейнесін.

Ентігіп барып, есігін қағам елестің,

Елемей мені есіней берді елес түн.

Бір өмір тұр ғой әйнектің бергі жағында,

Тіл қатпай жатыр неге ешкім?

Білгізер емес,

Кіргізер емес ішіне,

Ұмытқан мені, алмады еске түсіре.

Жұлқына берем,

Ұмытыла берем сонда да

Бағынбай тұрмын тұрандай тұрпат күшіне.

Көремін деймін,

Көремін деймін Құдайды,

Есігін қағам, жанарым қоса жылайды.

Мен келді деші, дем берсін деші, қарауыл

Күнәһар құлы мейірім тілеп сұрайды.

Тізерлей кеттім, білмеймін әлде жан үздім?

Есігін ашты, жарығын көрдім дәліздің.

Дем берген маған, ем берген маған Уа, Тәңір

Өлең қып берген өмірің үшін қарызбын!