Мүмкіндігі шектеулі палуандардың боз кілемдегі тартысты белдесулеріне әлемнің 20-ға жуық мемлекетінен 200-дей спортшы қатысты. Жоғары деңгейдегі сайыстың қорытындысы бойынша 2020 жылғы Токио паралимпиада ойындарына лицензиялық ұпайлардың берілуі Әлем кубогінің маңызын арттыра түсті. Жарыс ұйымдастырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Жандос ҚИЯНОВПЕН сұхбат барысында парадзюдо спортының ұңғыл-шұңғылына, жасалған жұмыстардың нәтижелілігіне тоқталып, межелі жұмыстар жайында сөз қозғадық.
– Жандос Қарақожаұлы, еліміздегі парадзюдо спортының қалыптасу, даму кезеңдері жөнінде не айтасыз? Нендей жетістіктерді атай аласыз?
– 2014 жылға дейін Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған күрестің бұл түрі болған жоқ еді. Республикалық паралимпиадалық комитеттің жанынан дзюдо бөлімі ашылғаннан кейін бастау алды. Осы уақыт ішінде біраз жетістіктерге қол жеткіздік. Қазіргі ұлттық құрама сапында паралимпиада ойындарының, әлем және Азия біріншіліктерінің, Азия ойындары мен Әлем кубогының жүлдегерлері бар.
Еліміздегі осы спорт түрінің алғашқы қарлығашы болып саналатын Әнуар Сариев 2004 жылдан бастап менің бапкерлігіммен спорт мектебінде жаттықты. Ол 2012 жылға дейін жасөспірімдер арасында самбодан Қазақстан біріншілігінің қола жүлдегері, Қазақстан спартакиадасының қазақ күресінен күміс жүлдегері, дзюдодан әр түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпазы, жасөспірімдер және жастар арасында облыстың бірнеше дүркін чемпионы атанып үлгерді. Өкінішке орай, сол жылы жоғары оқу орнына құжат тапсырам деген мезгілде жол-көлік апатына ұшырап, бір көзін жарақаттап алды.
Кейін 2014 жылы парадзюдо спортына шақырту түскен еді. АҚШ-тың Колорадо Спрингс қаласындағы Әлем чемпионатында бақ сынап көрді. Дегенмен, тәжірибенің аздығы анық байқалып, бірінші белдесуінде-ақ өзбекстандық Сержод Намазовтан жеңіліс тапты. Сол жылы Инчхондағы Пара Азия ойындарында жетінші, Будапешттегі Әлем кубогында 5 орын иемденді.
Ал, 2015 жылы Пара Азия ойындарында жетінші орынға тұрақтады. Парадзюдодан Сеулдегі Бүкіләлемдік ойындарда 60 келі салмақ дәрежесінде Әнуар Қазақстан тарихында алғаш рет қола жүлдені қанжығаға байлады. Бұл жеңіс оған 2016 жылғы Риодағы XV Паралимпиада ойындарына жолдама сыйлады. Ол Бүкіләлемдік рейтингте алтыншы орынға көтеріліп, халықаралық спорт шебері атағын алды. 2015 жылы облыстың «Жыл спортшысы» атанды. Былтыр «Үздік паралимпиада спортшысы» номинациясын жеңіп алды және парадзюдошылардың халықаралық рейтингінде төртінші болып тіркелді. Әнуар қазір үздік үштікті қорытындылайды.
– Қазір белдесудің бұл түріне қаншалықты көңіл бөлінуде? Әлем кубогы турасында бір ауыз естісек…
– Аллаға шүкір, 2016 жылы өңірімізде Парадзюдо федерациясы ашылды. Спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуіне, әлеуметтік жағдайына барлық қолдауды көріп келеміз. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен, министрлікпен, Паралимпиадалық спорт комитетімен тығыз байланыс жасаудамыз. Бұл жерде айта кету керек, өткен жылдан бері спортшылардың жеке жетістігіне қарай стипендия төленіп, тиісінше жаттықтырушылар да сыйақыдан құр қалмауда.
Былтыр Атырауда алты мемлекеттің палуандары қатысқан әлемдік Гран при турнирін өткізген едік. Жарысқа Азия құрлығының халықаралық зағиптар спорттық қауымдастығының және төрешілер директоры қатынасып, үлкен баға берді. Соның дәлелі ретінде биыл Әлем кубогін өткізу құқығын иелендік.
Аталмыш кубокты ұйымдастырушылар сапында Ұлттық паралимпиада комитеті, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қазақстан және Атырау облыстық парадзюдо федерациясы бар. Халықаралық сайыстың ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев мұндай аса жоғары шеңбердегі шараны өткізу абырой екендігін жеткізіп, спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Атырау облыстық Парадзюдо федерациясының президенті Асылбек Өмірзақовтың кеудесіне «ҚР Спорт қайраткері» төсбелгісін тақты.
Атырау спорт кешеніндегі екі күнге созылған күрес аламанында ерлер жеті, әйелдер алты салмақ дәрежесінде бақ сынады. Оған елімізден 8 дзюдошы қатысты. Оның үшеуі – атыраулық. 60 келі салмақта күрескен Әнуар Сариев кішігірім жарақатына қарамастан алғашқы екі белдесуін ұтып, жартылай финалға жолдама алғанымен, кәріс палуанына есе жіберіп 5 орынға тұрақтады. Осы салмақтағы екінші үміт артарымыз – қызылордалық Олжас Оразалыұлы тұсаукесер жарысында үшінші орын үшін белдесуде испандықты жеңіп, қола медаль еншіледі. 66 келідегі Олжастың жерлесі Азамат Тұрымбетов жартылай финалда сүрініп, қола медаль үшін күресте қанағаттандыру белдесуінен ұтылған екінші қазақстандық палуан, алматылық Азамат Ноқышевтан айласын асыра алмады.
Алғашқы жарыс күнінде үш палуанымыз ақтық сынға бір ғана кездесу жетпей жығылса, оның екеуі қола жеңіп алды. Келесі күні 73 келі салмақ дәрежесіндегі жерлесіміз Теміржан Дәулет, өкінішке орай, жартылай финалда қарсыласында екі ескерту қағазы бола тұра қосымша уақытта «алтын ұпаймен» ұтылды. Дегенмен қола жүлдесі үшін белдесуде италиялықты жеңіп, ұлттық құрама қоржынына үшінші қоланы алып берді.
Осылайша, жалпы командалық есепте Ресей құрамасы жеңіске жетсе, Оңтүстік Корея және Украина спортшылары тиісінше, екінші, үшінші орындарға жайғасты.
– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?
– Биылғы 8 қазанда Индонезияның Джакарта қаласында Пара Азия ойындары өтеді. Ондағы байрақты бәсекеде Әнуар Сариев, Азамат Тұрымбетов, Теміржан Дәулет, Бауыржан Арыстанбеков, Ерғали Шәми, Темірболат Ташекенов, Құралбай Орынбасар сынды спортшыларымызға үлкен үміт артамыз. Ал, 13-15 қарашада Португалия астанасы Лиссабонда парадзюдодан Әлем чемпионаты өтеді. Бұлардың барлығында Паралимпиадаға лицензиялық ұпайлар берілетінін ескерсек, осы жарыстарда биіктен көріну – біз үшін зор мәртебе.
Сонымен қатар, келесі жылы Азия чемпионатын өткізсек пе деген ой да жоқ емес. Осындай бағытта жұмыс жасаудамыз.
– Ендеше, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз! Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ.