Қазақ нарығында жұмыс істеп жатқан ең ірі мұнай өндіру компаниясы «Теңізшевройлға» биыл 25 жыл. Былайғы жұрт «ТШО» атап кеткен өндіріс кешені – шын мәнінде қуатты әрі бақуатты. Елдегі бірнеше компанияның басын біріктіріп отыр. Қазіргі таңда «ТШО»-да жұмыс істейтін қазақстандық қызметкерлердің үлесі 83 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш бұрын көңіл көншітпейтін, 1993 жылы 50 пайыздың маңайында еді. Одан бөлек, жергілікті ұлттық басшылардың, жоғары және орта буын жетекшілерінің үлесі жалпы басшылық құрамның 67 %-ын еңсерді.
Астанада осы айтулы датаға орай өткен салтанатты жиынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, мұнай-газ саласының еңбеккерлерін құттықтады.
«25 жыл ішінде «Теңізшевройл» мұнай-газ нарығында көшбасшыға айналды. Жоба іске қосылғаннан бері мұнай өндіру көлемі 30 есе өсіп, тарихи меже – үш миллиард баррельге жетті», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев бұл кәсіпорынның ел экономикасына зор үлес қосып отырғанына тоқталып, Қазақстанда өндірілетін мұнай көлемінің үштен бір бөлігінен астамы «Теңізшевройл» компаниясына тиесілі екеніне назар аударды.
«Теңізшевройл» компаниясы экономиканың машина жасау, мұнай-газ саласындағы қызмет көрсету, көлік және құрылыс сияқты салаларында жұмыс істейтін мыңдаған қазақстандық кәсіпорынның дамуына жол ашты. Бұл дегеніміз салықтар, дивидендтер, Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу. Бүгінде жоба аясында 30 мыңнан астам азаматымыз жұмыспен қамтылған, ал жобаның барлық шығынының 32 пайызынан астамы Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесіне тиесілі», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Үшінші жаңғыруы және Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу жағдайында өндірістің өнімділігі мен тиімділігін арттыратын заманауи цифрлық технологияларды ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтті. «Мұнай мен газ бағасының құбылмалылығына және баламалы технологиялардың дамуына байланысты мұнай мен газды кең көлемде қайта өңдеу мәселесі туындайды. Қазақстан да бұл мәселеге қызығушылық білдіреді. Үкімет компаниямен бірлесе отырып қайта өңдеу кәсіпорындарын салу мәселесін қарастыруға және бұл туралы баяндауға тиіс. Қайта өңдеу саласында бірінші орында жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі тұр. Шеврон компаниясы бұл мәселеге қолдау білдіреді деп сенемін», – Қазақстан Президенті. Мемлекет басшыс.ы «Теңізшевройл» компаниясының бүгінгі жетістіктерге еңбеккерлерінің терең білімі мен мол тәжірибесінің арқасында қол жеткізгенін атап өтті
2017 жылы компания қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға 2,5 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсапты. 1993 жылдан бастап ТШО қазақстандық компаниялардың 24 миллиард АҚШ долларын құрайтын тауарлары мен қызметтерін пайдаланғанын ерекше атап өткен жөн. Қазақстандағы аса ірі бірлескен компания еліміздегі әлеуметтің бағдарламалардың жүзеге асырылуына да сүбелі үлес қосып жүргеніне тоқтала кетейік. Мәселен, «ТШО» құрылған күннен бастап қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына 1,43 миллиард доллардан астам қаржы жұмсады. Өткен жылы «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасының бюджеті 25 миллион долларды құрағаны атқарылған қыруар жұмыстың бір бөлігі ғана. Аталмыш қаржының басым бөлігі өңірдегі балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалуда. Соның арқасында бас-аяғы 1 жыл ішінде аймақта 7 балабақша, 3 мектеп, 3 мәдениет үйі, 3 дене шынықтыру-сауықтандыру кешені және облыс орталығындағы ретро-саябақ сынды нысандар пайдалануға берілген.
Қазақстандық көмірсутегі өндірісіне ерекше серпін беріп келе жатқан компанияның келешек жоспарлары да ауқымды. 2016 жылы «ТШО» серіктестері Теңіз мұнай кен орнының өндірістік қуатын арттырудың жаңа кезеңі болып табылатын келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қаржыландыру жөніндегі ақырғы шешімнің қабылданғаны туралы жариялаған-ды. «ТШО»-ның өндірістік қуатты арттыру мақсатында табысты түрде жүзеге асырылған алдыңғы жобасының тәжірибесін негізге ала отырып, ККЖ өндіріс қуатын жылына шамамен 12 миллион тонна немесе тәулігіне 260 мың баррельге ұлғайтты. Осының арқасында болашақта мұнай өндірісінің жылдық көлемін шамамен 39 миллион тоннаға немесе тәулігіне 850 мың баррельге жеткізу көзделіп отыр.