Ірі қалалар, облыс пен аудан орталықтары – осылардың бәрін қосқанда Қазақстанның қырыққа жуық елді мекенінде қолтаңбасын қалдырған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет қайраткері, Шығыс елдерінің Халықаралық сәулет академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық сәулет академиясының профессоры, академик Саматбек Тәженұлы Бөкебайдың әркімге бас білдіре бермейтін сәулет өнерінің жалынан мықтап ұстағанына биыл бақандай қырық жыл толды.
Қасиетті Түркістан шаһарында балалық шағын өткізіп, ортағасырлық ғажайып ескерткіш – Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің көркіне көз тойдыра алмай, қиялына қанат байлап, заңғар биіктерге самғататын. Атақты Әмір Темірдің бұйрығымен салынған бірегей туынды көңіл пернесін қозғап, небір ғажайыптарға жетелейтін. Осынау өнерге деген қызығушылығы сол кезде оянған болатын. Ол уақытта қарапайым қазақ баласының көбі «сәулетші» деген мамандықтың бар екенінен де бейхабар еді. Бірақ «Болашақта барша адамзат баласы тамсана, таңдана қарайтын осындай құрылысты тұрғызсам» деген алып арман сол шақтағы жас Саматбекті 1972 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтына оқуға жетелеп алып келді.
«Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, басында бұл бағытта білім алу өте қиынға соқты. Дегенмен қолына ақ парақ пен қарындаш алған кезде сәулеттік бейнелердің ойынан емес, жан-жүрегінен шығып жатқанын сезген азамат бес жыл бойы тынбай, қажымай еңбектенудің арқасында оқу ордасын қатарының алды болып бітірді. Оған дәлел: институтты бітірер алдындағы «Түркістан қаласын қалпына келтіру және дамыту перспективалары» атты дипломдық жұмысы оқу орны мамандарымен жоғары бағаланып, іле-шала Мәскеуде өткен Бүкілодақтық дипломдық жобалар байқауында 2-орын алды. Студенттік жылдарда-ақ қол жеткізген алғашқы жетістігі Саматбекке қанат бітірді.
1976 жылы қолына дипломын алып, жоғары білім иесі атанған Саматбек сол кездегі астанамыз – Алматыда қалып, «Казгорстройпроект» мемлекеттік бас жобалау институтына қызметке қабылданады. Бұдан соң «Казгипроград» мемлекеттік бас жобалау институтының аға сәулетшісі болып еңбектенеді. Сол жылы-ақ Щучинск қаласында тұрғын үй кешенін салуға жарияланған конкурста топ жарды. Курортты аймақта сол жобасы бойынша салынған көпқабатты үйде адамдар әлі күнге дейін тұрып жатыр. Бұдан соң 1977 жылы «Петропавл қаласының орталығын бөлшектік жоспарлаудың жобасы» атты туындысы Бүкілодақтық байқауда 3-орынды, ал 1978 жылғы «Алматы қаласының орталығын бөлшектік жоспарлау жобасы» одақтық бәйгеде 2-орынды алды.
Киелі шаһарға қайтып оралсақ, 1979-1981 жылдары Түркістан қалалық атқару комитеті сәулет бөлімі өндіріс тобының жетекшісі, ал 1981-1997 жылдар аралығында Түркістан қаласының бас сәулетшісі болып қызмет атқарды. Кеңес заманында тарихи шаһарда талай ауқымды жобаларды жүзеге асырғысы келген, бірақ сол заман идеологиясы оған мұрша бермеді. Тәуелсіздік таңы атқанда ғана сәулетші идеяларын іске асыра бастады. Соның бірі Елбасының өзі ашқан іргелі оқу ордасы – Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің оқу корпусы.
Саматбек Тәженұлы тек қазақ елінің емес, күллі Түркі әлемінің мәдени астанасы атанып отырған Түркістан қаласын жаңа бір биік деңгейге көтеру мақсатында тарихи шаһардың орталық алаңын түрлендіру, көркейту жобасын жасап шықты. Оны жергілікті ақсақалдар кеңесі мен қала әкімдігі, қалалық мәслихат мақұлдады. Енді бұл мәселе облыс деңгейінде шешілуі тиіс. Кіндік қаны тамған бұл киелі мекенді жаңғырту, оны Түркі руханиятының бас ордасы мәртебесіне сай жаңашаландыру перзенттік парызым, азаматтық борышым деп біледі белгілі сәулетші. Сол себепті істің салмағына, қаржылық жүгіне қарамастан, аталмыш ауқымды жобаны өз есебінен жасап, оның жүзеге асуына барынша атсалысуда.
Шыны керек, Саматбек Тәженұлының өз қаражатымен жасалған ауқымды жоба бұл ғана емес. Орал қаласындағы Қадыр Мырза-Әли атындағы Мәдениет және өнер орталығы мен еліміздің қақ төрінде – Астанада елдігіміздің даңқын асқақтатып тұрған «Қазақ елі» монументі де – аталмыш авторға тән ерекше бір мәрттікпен жасалған өнер туындылары.
Жалпы Саматбек Бөкебайдың сәулет өнерінде келе жатқан қырық жылдық еңбек жолына көз жүгіртер болсақ, осы уақыт ішінде жетпіске жуық жеке сәулеттік ғимараттар, ескерткіштер мен монументалды өнер кешендерінің жобаларын, оның ішінде алпысқа тарта жүзеге асқан нұсқаларды көреміз. Ең айтулы туындыларына келсек, еліміздің бірнеше облысында үлкен нысандар мен орталық алаңдарға зер саламыз. Солардың ішінде Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қаланың жаңа орталығы жобасы, «Жалаңтөс баһадүр», «Сыр-Ана» монументтері, Атырау облысындағы Құрманғазы мен Дина ескерткіштері, «Қазақ мұнайына 100 жыл» монументі, Ауғанстан соғысында шейіт болған жауынгерлерге арналған монумент, Маңғыстау облысындағы «Ұлылар аллеясы», «Көшпенділер мәдениеті» кешендері, Жаңаөзендегі «Даңқ аллеясы», сондай-ақ Ақтауда келесі жылы ашылуы тиіс Әбіш Кекілбайұлы руханият орталығының авторы да – Саматбек Тәженұлы. 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық тойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті. Осыған орай Атырау қаласында кең алаңы бар «Исатай-Махамбет» мемориалдық кешені салынды. Бұл кешен елдегі белілі қоғам қайраткерлері, жалпы қалың бұқара тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Ал ел ордасы – Астана қаласына келсек, жоғарыда аталған төбесі көк тіреген «Қазақ елі» монументімен қоса «Астана жұлдызы» ескерткіші, «Қазақстан халықтарының достығы», «Қазақ ханшайымы» монументі және Қазақ гуманитарлық заң академиясының оқу корпусы, Бас прокуратураның ғимараты т.б. жобаларын жүзеге асырды. Алдында аталған қос жобаға Елбасының өзі оң бағасын берді. Оның қиялынан шыққан сәулет туындыларының сұлбасы тіпті ұлттық теңгемізде де бейнеленген. Тәуелсіздік туының биікте желбіреп, тұғырының нығаюына сәулетші осылайша өз үлесін қосты. Саматбек Бөкебай барлық жобаларын да ұлттық таныммен ұштастыра білді. Әрине, қанында бар тектілік, таланты мен еңбекқорлығы да алға жетеледі. Сәулетшінің табысқа жету кілті де осы шығар.
«Өзі болған жігіттің түп атасын сұрама» дейді қазақ. Дегенменен тектіден текті тумай ма? Саматбек Бөкебайдың өмірлік бағдар етіп таңдаған сәулет өнерінің жілігін шағып, майын ішкен нағыз майталманға айналуына әкесі Тәженнің де ықпалы зор болды. Қайтпас қайсар мінезді әке ұрпағынан да соны талап ететін. Кіндігінен тараған сегіз баланың ішінен ол Саматбекке бала кезінен бастап ерекше жауапкершілік жүгін артатын. Онысы үлкен үміт артқан ұлын алдағы күндердің ащысы мен тұщысына дайындап, жігерін жанып, баласына берген ақ батасы еді. Осылайша, Алланың қалауы, әкенің қолдауы және арманымды өз қолыммен орындасам деген таудай талабы бір арнада тоғысты.
Ата-ананың барлығы да перзенттері осы өмірде орнын тапса екен деп армандайды. Балаларының бейіміне қарай бағыт-бағдар нұсқап, тілеуін тілеп отырады. Тәжен әкейдің де тілеуін Алла берді, баларына артқан сенімі, үкілі үміті ақталды. Одан тараған 5 ұл, 3 қыз да – елінің елеулі, халқының қалаулы азаматтары. Үлкен ұлы Кеңесбек Бөкебай – көпке танымал, еліміздің құрметті дәрігері. Ол кісі тек шипагер емес, жаны жазушы адам. Сексеннен асқан шағында «Тегіне тартып туған ер» атты этнографиялық зерттеу еңбегін, естелік кітабын жазып, елді бір елең еткізді.
Ал орыс тілінің маманы болған Әнуарбек Тәженұлы Қожа Ахмет Яссауидің даналыққа толы «Диуани Хикметтерін» түпнұсқадағы көне шағатай тілінен қазақ, орыс тілдеріне аударған. Бүгінгі таңда Әнекеңнің тәржімасы Лондонда ағылшын тілінде басылған.
Үшінші ұлы Маратбектен туған немересі Нұрлан да – сәулетші. Ол ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болып, еліміздегі ең құрметті атаққа ие болды.
Кенже ұлы Еркінбек те – ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Ол соңғы алты жыл бойы «Қазақтың киіз үйі» атты жобамен айналысып, ата-бабамыздың сан мыңдаған жыл панасы болған қара үйдің қазіргі заманауи талаптарға сай жиналмалы-жылжымалы үлгісін жасап шығарды.
Қанында ата-бабадан дарыған ұлылығы бар осындай ұлағатты отбасыда тәрбиленген Саматбек Бөкебай сияқты толағай тұлғаның азаматтық, адамилық қырлары өз алдына бір әңгіме.
80-інші жылдардан бастап оның он алты жыл бойы Түркістан қаласының бас сәулетшісі болып қызмет атқарғанын айтып өткенбіз. Бұл қасиетті шаһардың басты сәулеттік қазынасы – баршамызға белгілі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің есігінен аттаған адамның көзіне алғаш түсетін зат – қазандық бөлмесінің қақ ортасынан орын тапқан қасиетті Тайқазан.
Бойына талай сыр бүккен бұл қазанды бабалардың көзі деп, келген адам оған бір зер салып тамашаламай қоймайды. Тарихшылар бұл қазан кесенені салдырған Әмір Темірдің тапсырысымен 1399 жылы Түркістан қаласының батысында орналасқан Қарнақ елді мекенінде сирек кездесетін асыл металдардың қоспасынан құйылған деседі. Салмағы – екі тонна, сыйымдылығы – үш мың литр Тайқазан сыртындағы араптың гүлденген сульс және куфи қолтаңбаларымен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде оны шайхылардың сұлтаны Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалғаны туралы айтылады. 1935 жылы тайқазанды Санкт-Петербургтегі атақты мұражай – Эрмитажға алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы қыркүйектің 18-інде ғана тарихи отанына қайтарылады. Бұл істе біздің кейіпкеріміз – қоғам қайраткері, айтулы азамат Саматбек Бөкебайдың сіңірген еңбегін айрықша атап өткен жөн. Қазақ зиялыларының бірнеше жыл бойы осы мәселенің ізіне түсіп, сол кездегі КСРО бас хатшысы М. Горбачевтің келісімін алып, асқақ мәдениетіміздің заттай айғағы болған асыл мұраны әупіріммен қайтарып алғанының басы-қасында сол шақтағы Түркістан қаласының басшысы Сүгірбаев Сұлтан мен Саматбек Бөкебай жүрді. Енді, міне, ұлттық санасы жоғары осындай жандардың арқасында бүгінде Тайқазан Қазақ елі атты үлкен шаңырақтың берекесі, тыныштығы мен бірлігінің нышаны болып тұр.
Осылайша, туған елінің руханияты үшін қызмет еткен Саматбек Тәженұлы алғаш білім нәрімен сусындаған оқу ордасына да тағзым етті. 2011 жылы Түркістан қаласындағы М. Мәметова атындағы №6 орта мектептің мерейтойы құрметіне тарту жасап, қазақтың батыр қызы Мәншүктің бюстін Қарағандыда қоладан құйдырып, мектеп ауласына граниттен қашалған тұғырға орнатты. Бұған қоса білім ордасы туралы тарихи деректерді, естеліктерді жинақтап, «Мектебім – киелі мекенім» атты кітап басып шығарды.
Кітап демекші, Саматбек Тәженұлына қарап, сәулетші болмаған жағдайды, жазушы болары анық деген ой түйесің. Өнер деген теңіздей терең, ұш-қиыры жоқ дүние ғой. Дарынды адамның өнердің қай саласына болса да жаны жақын тартып тұрады. Ал Саматбек Бөкебай болса осындай жанның дәл өзі. Сәулетшілермен қатар қаламгерлер ортасында көп жүретін азамат, Қ. Салғара, С. Назарбекұлы т.б. жазушы ағаларының қаалмынан шыққан шығармалардың жарық көруіне қолдау көрсетіп тұратын нағыз меценат. Жалпы меценат деген сөз өнер мен ғылымның дамуына қаржылай көмек көрсететін жанашыр адам дегенді білдіреді.
Саматбек Тәженұлының өзі де қаламгерлік өнерден құралақан емес. Бір терінің пұшпағын илеп жүрген әріптес ағасы, елімізге белгілі сәулетші, құрылысшы әрі қаламгер Сайын Назарбекұлының 75 жасқа толу құрметіне үлкен сый жасап, осы кісі туралы кітап жазған. Енді бір айта кететіні, оның азаматтық тұлғасы, адами болмысы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жаушы Д. Досжанның «Жан құмары» атты романына арқау болды.
«…Қиынан қиыстырар ер данасы» деп ұлы Абай айтпақшы, асау сияқты әркімге бағынбайтын, қиыннан қиыстыра білуді қажет ететін сәулет ісінің хас шебері, сегіз қырлы, бір сырлы азамат, толағай тұлға Саматбек Бөкебай осындай жан.
Жетістік энциклопедиясы. Энциклопедия успеха: Информационно-представительский альманах.