Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов 1957 жылғы 5 қазанда Хожелі қаласыҚарақалпақстан республикасында туған. Ақын, халықараралық «Алаш» сыйлығының лауреаты (1991). ҚазМУ-ды бітірген (1980).

Өзбекстанның Жызақ облысы Мырзашөл ауданындағы «Достық» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі, «Арай» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») журналының бас редакторы (1988-95) болып қызмет етті. 1995 жылдан «Жазушы» баспасының директоры.

САРМАН БОЙЛАРЫ САРЫ САБАН

«Сарман бойлары сары сабан,

Сабандай сарғайды санам.

Сіздер жақтан бір құс келсе,

Мен мұңайып қарап қалам».

Рахиля қыз Қазаннан келген,

Айтады бір ән азаннан бермен.

Азаннан бермен қараша аспаны

Қабақ ашпады сазарған өңмен.

Жол қамын ойлап жан ағам әлек,

Сұраймын: «Тағы қалаға ма?» – деп

Рахиля қыз… созады әнін,

Сары адыр жатыр сары ала кенеп.

Сырдария жаққа сыр айта келді,

Толқындар да оны мұңайта берді.

Рахиля қыз кетіп қалды ақыр,

«Сарман бойларын» кім айтады енді?

Бір ауыр ұлы басқандай белді,

Жәудір жанардан жас тамбайды енді.

Жел алып қашқан ақ орамалы,

Аспандай берді, аспандай берді.

Қарайды күліп табалап аспан,

Баламын оннан жаңа ғана асқан…

«Heгe үйленбеді ағам» деп қоям,

Несін алған-ей қалаға қашқан.

Өксіктей болып кептеліп бір мұң,

Өзімнен өзім кектеніп, күлдім.

Үйленді көкем… Жеңгемді сол күн,

Рахиляны ойлап, жек көріп тұрдым.

Құбақандана құбылып бар маң,

Күз келіп тағы тұр ұлып таңнан.

Рахиляның орамалындай

Ақша бұлт шыңға ілініп қалған…

Сол қызды көзге келтірді бау-бақ,

Күлмейді толқын еркін бір аунап.

Өкінішті әнге салады көкем,

Өксігім тежеп мен тұрмын аулақ:

«Сарман бойлары сары сабан,

Сабандай сарғайды санам.

Сіздер жақтан бір құс келсе,

Мен мұңайып қарап қалам».

ЖАҒАДА

 Өзенге төсін өптіріп,

Сәскеде қолын созар бұлт.

Өріске шықты төрт түлік,

Ауылдың үстін тозаң ғып.

Қараушы ем барып әр күні,

Арғы бет – арман керемет.

Өзеннен өтсем, барлығы

Өзгеріп сала берер ед.

Арғы бет, саған табындым,

Ұмытып басқа ән-күйді.

Алақанында сағымның

Қаратау-арман қалғиды.

Сенем мен соған әлі де,

Сенем мен соған керемет.

Өзеннен өтсем… бәрі де

Өзгеріп сала берер ед…