Маусымның тоғызынан бері әлем назары Астанаға ауып отыр. Әлем үшін үшінші технологиялық төңкерістің бастауы болғалы отырған халықаралық ЕХРО-2017 көрмесіне дүние жүзінің 115 елі және жаһандық деңгейдегі 22 ұйым қатысып жатыр.
Әлемдік аренадағы зор жетістік
Астана көрмесінің басты ерекшелігі – оның тақырыбында. Неге дейсіз ғой? Себебі, әлем елдері қазірдің өзінде дәстүрлі қуат көздерінің тапшылығын сезінуде. Міне, «болашақ энергиясы» тақырыбын таңдау арқылы, Астана әлем назарын күрделі мәселеге аударып қана қоймай, одан шығу жолдары талқыланатын алаң ұсынып отыр.
ЕХРО көрмесінің басқа емес, біздің елімізде өтуі – сөз жоқ, Қазақстанның жаһандық деңгейдегі ең ірі жетістігі. Бұл жерде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жанкешті еңбегін атап өтуіміз керек. Мәселен, Қазақстан ЕХРО көрмесін өткізу құқығына осыдан бес жыл бұрын ие болды. 2012 жылдың 22 қарашасы күні Франция астанасы Париж қаласында өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-сессиясында Астана 103 мемлекеттің дауысын, бельгиялық Льеж қаласы 44 дауыс жинады. Міне, осы мысалдың өзі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік аренадағы зор беделінің Астана жетістігіне ықпал еткенін айқындай түседі.
Ресми түрде Қазақстан, Халықаралық көрмелер бюросына 1997 жылы мүше болды. Ал, ЕХРО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді. Испанияда өткен ЕХРО 2008 көрмесінде Қазақстан павильонының сыртқы және ішкі рәсімдеу өлшемдері бойынша қола медальмен марапатталғанын атап өту ләзім.
Болашақ энергиясы және біз
Айта кету керек, ЕХРО көрмесін Қазақстан ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасынан бірінші болып өткізіп отыр. Мамандандырылған көрменің салтанатты ашылуымен құттықтаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Біз «болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогресстің бел ортасында болуды қалаймыз» деп атап өтті. Президенттің бұл тақырыптың экологиялық сипатына да айрықша назар аударуы тегін емес. Елбасының мәлімдеуінше, көмірсутектің орасан зор қоры болғанына қарамастан, Қазақстан жаңартылатын энергия көздеріне белсенді түрде көшеді. 2050 жылға қарай, еліміз жаңартылатын көздердің есебінен электр энергетикасының жалпы көлемінің жартысын өндіре алатын деңгейге жетеді. «Сонымен бірге, отандық экономикада энергияның жұмсалуы да азаяды» деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
«Бір маңыздысы, мамандандырылған көрме еліміздің ғылымын өрге бастырып, экономикалық даму көрсеткіштерінің артуына ықпал ететін болады. Мәселен, Елорда ішінен бой көтерген жаңа қалашықта «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді деп күтілуде. «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылады. ІТ стартаптардың халықаралық технопаркі ашылады. Осылайша, еліміздің, өңіріміздің және әлемнің игілігі үшін ЕХРО-дағы «инновацияның тамыр соғысы» жалғасатын болады» деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Әлемнің 115 мемлекеті қатысып жатқан көрмеде Қазақстан тарапы келушілер назарына ұлттық сипаттағы ерекшеліктерге толы павильонды ұсынды. Мәселен, жер шарын бейнелейтін «Нұр Әлем» сферасы – көрменің басты нысаны. Оның әр деңгейі қуат көзінің белгілі бір түріне арналып, жасақталған. Осы сфераның өзегінде Қазақстан павильонының орналасуының өзі символдық мәнге ие. Себебі, Қазақстан бүгінде әлемдік жаңалықтардың орталығына айналып отыр. Міне, ұлттық павильонда отандық ғалымдардың ең озық жобалары орналастырылған. Мұнда «Жасампаз энергия» аймағы да бар. Айта кету керек, ЕХРО көрмесіне мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 130-дан астам экспозициялары әкелінді.
Мәселен, Оңтүстік Корея сутегі отынымен жүретін автомобиль, Монако павильоны күн энергиясы арқылы жұмыс істейтін экологиялық велосипед, Германия қуат көзін максималды түрде үнемдеуге мүмкіндік беретін «ақылды үй» жобасын ұсынып отыр.
Алғашқы нәтижелер
Елімізде «жасыл экономика» саласында жарты миллион жұмыс орны ашылғалы жатыр. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың мәлімдеуінше, бүгінде Қазақстан әлемдік энергетиканың ұзақ мерзімге негізделуін, әрі оның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін стратегия ұстанып отыр. 2013 жылы Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманы қабылдады. «2016 жылы біз климаттық бағыттағы Париж келісімін ратификациялау арқылы, парниктік газдарды азайту бойынша міндеттемелерді алдық. Осы орайда, «жасыл» экономика аясындағы реформамыз 2050 жылға қарай, бізге Қазақстанның жалпы ішкі өнімін үш пайызға артық береді» деген спикер, жаңа жұмыс орындарымен бірге, өнеркәсіп пен қызмет көрсетудің жаңа секторларын қалыптастыруға, өмір сүру сапасын көтеруге жағдай жасалатынын айтты.
ЕХРО көрмесі аясында өткен Энергетика жөніндегі VІІІ халықаралық форум аясында, еліміздің Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Ерлан Батырбеков пен ІTER ұйымы бас директоры Бернард Биго ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, форум аясында еліміз үшін ең ірі күн электр стансасын салу туралы келісімге қол қойылған. «Қазіргі кезде оның қуаттылығы 50 МВт екенін білесіздер, ал, 2018 жылы оны екі есеге арттыру көзделіп отыр. Жоба посткеңестік елдер ішіндегі ең ірі электр стансасы болмақ» деп атап өтті министр.
P.S. Астананың тақырыбына көрші елдерді айтпағанның өзінде, дамыған Еуропа мемлекеттері қолдау білдіруде. Өйткені, халықаралық ЕХРО көрмесінің арқауына айналып отырған миллиондарды толғандыратын «болашақ энергиясы» тақырыбын талқылау – адамзат тарихындағы кең ауқымды пікірталастардың бірі болып қала береді.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Көрме беретін мүмкіндіктер:
– Қазақ елінің экономикасына тиімді инвестицияларды тарту;
– Отандық ғылым әлеуетін жаңа мүмкіндіктер биігіне көтереді;
– Ғаламдық технологиялық жаңалықтарды қолданысқа енгізу мүмкіндігі;
– Туризм, сервистік қызмет саласын сапалық тұрғыда ғаламдық деңгейге көтеру арқылы, елімізге туристердің келу көрсеткіші жоғарылайды;
– Энергия тапшылығын жоюдың жаңа мүмкіндіктері қарастырылады;
– Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы беделі артады;
– «Жасыл экономиканы» дамытудың тиімді тетіктері өмірге келеді;
– Қарапайым халық үшін жаңа жұмыс орындары ашылып,
өнертапқыштарға, ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер ашылады;
– Еліміз әлемдік өркениет көшінің «екінші тынысын» ашушы секторға айналады.