Республикамыздың агроөнеркәсіп кешені – экономиканың аса маңызды саласы. Бұл – тамақ және жеңіл өнеркәсіптерін дамыту, саяси-әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында шешуші рөл атқаратын жүйе. Ауыл шаруашылығы дегенде еріксіз ойымызға кең байтақ жеріміз, төрт-түлік малымыз, егінді алқаптарымыз оралады. Осы табиғаттың берген сыйын жоғалтпау үшін ауыл шаруашылығының жағдайын жақсартуға бағытталған шаралардың Елбасымыз тарапынан нақты шешімдердің қабылданып, осынау маңызды саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылып жатқанына да куә болып келеміз.
Соңғы үш жылдықта мұнайлы өлкедегі экономиканың осы саласын өрге сүйреу үшін мал мен егін шаруашылығынан өндірілетін өнімдерді молайту, сапасын жақсарту арқылы халықты экологиялық жағынан таза, сапалы әрі қауіпсіз азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету міндеті күн тәртібіне өткір қойылуда. Өңірде мал тұқымын асылдандыру, одан алынатын өнімдерді түрлі заманауи технологиямен өңдеуге негізделген үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында инвестициялық тың жобалар өмірге келді. Оның шынайы нақты көрінісін біздің «Первомайский» ЖШС сүт өндіру зауыты табыстарынан да көруге болады. Бұған дейін тек сырттан келетін сүт өнімдеріне тәуелді болып келген тұтынушы халық жергілікті тауар өндірушілердің өніміне сұранысты көтерді.
Бұрын қырдың қызыл сиырын өсіріп, өнімін алған шаруашылықтың өндірген өнімдері көпті жарылқауға жетпейтін, өнжеусіз еді. Облысты басқару тізгінін қолына алған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мамандығы мұнайшы болғанымен, іске кіріссімен ауылдағы түйткілді мәселелерді алдыңғы кезекке шығарды. Жақсы ойлары мен тың бастамаларын алқалы жиындарда қозғап, ауыл шаруашылығының байырғы маман кадрларымен бөлісе отырып, ортаға салды. Облыс халқын сапалы көкөніс, бау-бақша, картоппен, етпен, сүтпен толық қамтамасыз етудің маңызды екендігіне шаруагерлердің көзін жеткізіп, айқын міндеттер қойды. Бүгінде сол басталған үлкен істің жемісін тере бастадық.
Мемлекеттің қолдауы мен қаржылай көмегін пайдаланып, мұхиттың ар жағынан асыл тұқымды сиырлар әкелінді. Бұрынғы ферма заман талабына сай қайта жабдықталды. Аймақ басшысының тікелей қадағалауымен шетелден сүтті мал алып, өнімнің бірнеше түрін өндіріп, тұтынушыларымызға ұсынуға мүмкіндік туды. Тәуліктік қуаты он тонналық сүт зауыты салынып, өнімдеріміз шетелдік технологиямен өңделетін болды. Сиырлардың сауылуы, азықтандырылып, күтілуі, бұзаулардың бағылымы маман-жұмысшылардың жіті бақылауында.
Голштинофриз тұқымды сиырлардың біздің жерімізге әкелінгеніне екі жылдай болды. Олар негізінен сүтті тұқым, еті де мол. Жаз айларында күніне әр сиырдан 25-30 литр көлемінде сүт сауылады. Қаймақ, сүзбе, айран, иогурттардың түрлерін арнайы ыдысқа құйып, халық дастарханына жеткізіп, жоғары сұранысына ие болудамыз.Сүт өнімдерін жергілікті жерден өңдеу идеясын ұсынған облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының ойлары осылайша жүзеге асырылу үстінде. Енді сүт зауытының табиғи таза өнімдерін шетелге экспортқа шығару міндетін қойып отырғаны еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткен кездегі талаппен үндеседі. Шеттен келетін осындай азық-түлік түріне біздің сүт зауытынан өндірілетін өнімдеріміздің де бәсекеге қабілеттілік әлеуеті жоғары, барлық талаптарға толық жауап беретіндігі қуантады.
«Сиырдың сүті тілінде» демекші, малдың азықтық жемшөбін тауып беру де оңай шаруа емес. Жергілікті әкімдік малды қысы-жазы жемшөппен қамтамасыз ету үшін гидропоника озық үлгідегі қондырғыны қаржыландырып, салып беруге де ұйытқы- болды. Бұл – Қазақстанның өзге өңірлерінде жоқ тәсіл. Көк балауса жеген сиыр сүтті, ал, бұзаулары тез өседі. Гидропоникадан күн сайын 10 тонна көк балауса өндіріледі.
Экологиялық ахуалы оңып тұрмаған мұнайлы өлкенің халқы үшін табиғи таза өнімдер аса қажет. Елбасының институционалдық бес реформасы – «100 нақты қадамы», оның ішінде кәсіпкерлікті қолдау, отандық өнімнің үлесін арттырудың шаруагерлер үшін қаншалықты маңызды екендігін түсінеміз.
Қазір облыста ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны мен өнім өндіру көлемі нарықтық қатынасқа көшкен уақыттан бері қарайғы кезеңдегіден әлдеқайда жоғары дәрежеде десек артық айтқандық болмас. Мұндай оң бетбұрысқа, әрине, халқымыздың атакәсібін өркендетуге жіті назар аударып, мүмкіндігінше жағдай туғызып отырған аймақ жетекшісі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ықпалы тиіп отырғаны сөзсіз. Оның бұл ізденісі мен жаңа инвестициялық жобалары Үкімет алдына қойылып, нақты шешімін табуда. Өткен жылдың күзінде біздің шаруашылығымызды өз көзімен көріп, аграршылармен өткен кеңесте Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та Бақтықожа Салахатдинұлының өңірдегі ауыл шаруашылығын өркендету бағытында қолға алынған шараларына оң бағасын берген болатын-ды.
Ауыл шаруашылығы – Үкіметтің қолдауына сүйене отырып дамитын сала. Әсіресе, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген жауапты да сындарлы тарихи кезеңде мұның маңызы еселене түспек.
Қазыналы өңірді үш жылдан бері басқарып, әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлесін қосып, осыған бар жігер-қайратын жұмсап келе жатқан облыс басшысының бастамаларына барша еңбеккерлер өздерінің қажырлы істерімен жауап береді деген сенімдемін.
Аманжол ЕСҚАРАЕВ,
«Первомайский» ЖШС басшысы