Атырау ардақтылары
Театр – өнердің ең қатігез түрі. Тасқа басылмайды, тек сол жылы, сол күні, сол кеште, сол сағатта залда болған көрерменнің ес-жадысында, көңіл көкжиегінде ғана қалады. Болды. Кейінгі техниканың жетістігімен түсірілген видео нұсқалары қимылдайтын өлі сурет… Ал, театр тірі өнер… Сондықтан да ол – Ұлы Мәртебелі! Қайталанбайды, адамның өмірі сынды енді қайтып келмейтін, қайтып оралмайтын қатігез уақыттайын өтеді де кетеді. Өйткені, кешегі күн кеше өткен, бүгінгі күн басқаша… Ол туралы айтылар әңгіме де ертеңдері, бәлкім бүрсігүні айтылады. Естелік болып… Айтылса… Ескі альбомда көнеріп, сарғыш тартқан фотосуреттер ескірген, бұрынғы қойылымнан, ұмыт болған өткен уақыттан елес беріп, сағыныштың сал шекпенін ойша кигізіп, қоңыр мұң шектіреді…
…Біздің ұрпақтың бір ерекшелігі, сол сарғайған фотосуреттердің елеусіз бір шетінде аласы көп арманды көздеріміз суретке түсірген адамның, әлде алдымызда тұрған атағы мәшһүр аға-апаларға мөлдіреп қарап тұрған сүйрікті сәттеріміз түсіп қалған, ол да сарғайған. Қойылым соңында ма екен, көрерменнен «ажырататын» қан шымылдық жабыла бере, суретке түсуге, есте қалуға талпынған тарпаң көңіліміз ол кезде шалқасынан еді… Сурет сарғайғанмен, таза көңіл сол күйі, тәтті шақты аңсаған тәрлі сағыныш та сол күйде… Арда ағам Әнуар Молдабеков, мұңы батпан Нұрмұхан Жантөрин, әуенді кеуде Мұхтар Өтебаев… Батыр тұлғалы Матан Мұратәлиев пен күміс жүзді Күләй жеңгем… Бойы ешкінің лағындай болса да, ой-естиярлығы атан түйеге бергісіз хас суреткер Қасым Жәкібаев… Аңқылдаған Алтынбек Кенжеков… Чапай ағам… Чапай Зұлқашев…
…Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары біздің өнердегі «қыз кезіміз» еді. Абай-хәкім айтпақшы, «кімді көрсең – бәрі дос» заман. Аттары ауыздан ауызға ілігіп, ұлы мәртебелі өнердің рахатына бөленген осы аға-апалардың айналасынан шықпай, сахналық өміріне тәнті болып, таланттарына таң қалуға ұялмайтын, қызығып қарайтынымызды жасырмайтын балғын құрақтай балаң жасымыз еді ол кездер. Бүгіндері ғимаратының орны да қалмаған, беймағлұм себеппен өртеніп кеткен балалар мен жасөспірімдер театрында Ш.Айтматовтың «Арманым, Әселім» қойылымы аспандап, дүркіреп тұрар кезі еді… Ілияс ролінде болған Чапай ағам да, аспанда ұшып жүрердей, аспани сезімде еді. Ағамның сол кейіптегі әр қимылы, әр сөзі, әр мұңы Ілиястан ары асып, актер Чапайдың әзіз жанымен астасып жатқандай әсер беретін… Тап солай болатын, Әселін ессіз сүйген, абайсызда жоғалтып алғаннан есепсіз мұңға батқан Айтматовтың Ілиясы емес, біз үшін Чапай Зұлқашевтың өзі болатын. Бара-бара Ілияс ұмыт болып, көмескіленіп Чапай боп кететін еді… Сахналық рольді түгелдей өзіне кейіптеп алу, кейіпкер жандылық белес пен биіктікке көтерілу деген осы еді… Кейіпкер мәнділік деп, құбылыс деп осыны айтамыз, өмір мен өнердің ара жігі білінбей, актер талантының асқан шыңы деп те осыны айтсақ керек! Мен Чапай ағамды қатты сағынғаннан аспандатып, мақтаймын деп, астам сөйлеп отырғам жоқ. Шыны осы. Менің шыным осы! Маған сол кезде солай көрінген шығар деп, бүгінгі сары тістік сарабдалдығыма салсам да дұрысы осы боп, әуейілік әптігімді басам.
Негізі, Чапай ағамның тілге тиек етіп, актер ретінде сахналық өмірін кешкен біраз рольдерін тізбелеуіме болар еді, алайда мен ағамның рольдері емес, өзі жайында шер тарқатып отырмын. Бадана көздері мен отыз екі тісі түгел көрінетін кіршіксіз тап-таза күлкісі, қарсы тұрған кез-келгенге ақжарқын пейілі мен астарсыз көзқарасы, еріксіз өзіне тартып тұрар еді. Абай хәкімнің «кімді көрсең – бәрі дос» дейтін балаң кездің анықтамалығы іспетті осы пайымы Чапай ағаның аға, ақсақал кезінің де мінезіне айналған еректігі еді. Алдыңғы толқын ағаларымен де, замандас-құрдастарымен де, жасы кіші біздермен де аралас-құраластығында ешбір пендекилік мін болмайтын. Бәрімізбен дос, тату болатын, аға-іні замандастырының бәрінің де арқасынан қағып, бәрін де мақтап, алып-ұшып жүретін.
Актерлығының шыңына жеткендігі болар, әлде өзі ғана сезетін шығармашылық аштықтан ба екен, Чапай ағам бір жылдары айды аспанға шығарып, орта жасқа келгенде режиссерлік оқуға түскені! Кімнің дейсіздер ғой, Ә.Мәмбетовтың шеберханасына! Ол жылдар Әзекеңнің айдарынан жел есіп, атағы аспандап тұрған кезі, бізді былай қойып, сонау Мәскеу мен Прагада Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен терін» сахналап, түкірігі жерге түспей тұрған заманы еді. Қазақ режиссурасының жалғызы боп қалған, анау-мынау Утеганов, Обаев, Омаров, Жетпісбаев сындылардың үнін де шығармай, бірін Ресейге, бірін Семейге, бірін Ақмолаға, бірін ұйғыр театрына ығыстырып, еліміздің барлық театр әлемін «таптап» жүргендіктен бе, жан-жағына жас режиссерларды жинамаққа ма, әйтеуір, Әзекең Чапай ағам құралпас біраз орта жастағы жүйріктерді жинаған. Оқытты ма, шоқытты ма, ол жағы бізге беймағлұм. «Ой, Әзекеңде осындай кісілер режиссерлікке оқып жатыр екен» деп, біраз даурыққамбыз…
Дипломдық жұмысы ма екен, Чапай ағам бізге, Әуезов театрының кіші залына жазушы Софы Сматаев екеуі бірігіп жазған «Жұлдызым менің жоғары» деген мелодрамасын қойды. Жап-жақсы қойылым болды. Досым, құрдасым Әнуар Боранбаев басты рольде көрінді. Мүгедектік арбаға таңылған кейіпкер еді. Ұмытпасам, Уәйіс Сұлтанғазин де көрінді-ау деймін сол спектакльде. Уақыт қатігездігі, өкінішке орай біраз нәрсені естен шығарып жібергендей, тек Чапекеңнің сол күндергі алып-ұшқан қалпы қаперде қалыпты. Содан бір жылдары ғайыптан тайып, біздің үлкен залға Алтыншаш Жағанованың «Жан алқымда» деп аталатын саяси астары терең драмасын қоятын болды. Басты рольге мені тағайындаған басшының бұйрығына көзім түскенде, алғашында аңтарылғанымды жасырмаймын. «Тамашаны» талақ етіп, «Қан мен тер» көркем фильміне түсіп, желдей есіп жүрген кезім еді. Оның үстіне Мәскеу асып, И.Смоктуновскийдің Кіші театрдағы «Царь Федор Ионовичін» көріп, төл театрымдағы көп қойылымдарға көңілім толмай, «құтырып» жүрген, тамырым «жуандай» бастаған тұсым-ды. Жаңа жол, өзге әдіс іздейтін мінез қалыптаса бастаған, актер ойыны мен режиссураның ескі дерттерінің атын атап, түсін түстеп, «Қазақ әдебиеті» газетіне ащы мақалалар жаза бастаған беймаза уақытым еді ол. «Ауруын жасырған…» деген мақаламды театрдың партия бюросы талқылауға түсіріп, шідер үзгендей болған, алғаш шатаққа ілінген тұсым болатын. Газеттің бас редакторы Шерхан ағам мені қолдап, бюроңа сәлем айт, «пішту, деді де» деп, кәдімгідей күш беріп еді. Сол мақаланы оқыды ма, қайдам, «ал, Тұңғышжан, бас қамшыны» деді де, құлашты еркін серметіп, іштегі запыранды түгел ақтартпаққа, «жүген-құрықты сыпыртып», көкпарға қосты да жіберді!
Шығармашылық еркіндікті сезініп, пьесаны қайта жаздырғандай етіп, Алтыншаш жеңгемізді шақырып алып, тұздықтадық-ау келіп! Автордың да іші толған қыжыл екен, ол кісі де қамшыны басты! Қысқасы, сол кезде жазу түгіл, тіпті кухняда айтуға болмайтын батырлыққа тумысынан сақ, әрі сабырлы көрінетін, сыр аша бермейтін Чапай ағамның «қамшысы», діттеуі апармасы бар ма! Момақан, ақкөңіл дейтін Чапай ағам, бізге еріп, еліртіп, күрмеуі зор заманға деген азаматтық көзқарасымызды, ұлтжандылық ұстанымымызды оятып, аспанға бір-ақ атырғаны! Семейлік асқан таза өнерпаз, актер, әнші, сазгер Болат Сыбановты тауып алған мен, оның «Желден сені сұрар едім» деп зарлайтын, жан сыздатар әнін қостым, байқаймын, ағам аспандап, ұшып жүр…
Қазір ойласам, шығармашылықтың ең бір керемет кездерін кешіп жүрген екен де! Менің де суреткерлік сарайым ашылып, өнердің өмір мен қоғамдағы орнының, жәй ойын-күлкі, бірсыдырғы, «сен тимесең – мен тимен, бадыраң көз» сынды, белсіз, тұзсыз, ойсыз, қансыз, жүрексіз болмағы қылмыспен барабарлығын түйсікпен сезген кезім екен! Өнер – ойыншық емес, ол заманының оташысы, ыстығы мол қан құюшысы, өлуге таяу соғатын жүрегін тірілтіп, қайта бебеу қақтырушысы, бөстеки сөзбен айтсақ – кері кетіп бара жатқан кезеңіміздің санитары болуы керектігін ұққан екенбіз! Осыны санамызға сына етіп қағуға Чапай ағам себеп болған екен! Жайықтың жағасында дүние-жарыққа әдепті боп келіп, қан-сөлінде қайнап жатқан қаһардың, арсыдағы атадан жеткен батырлықтың, Махамбетше атой салған тұсы екен!
…Себеп-салдарынан бейхабармын, «не дейсің, бір күндері Зұлқашев еліне, Атырауға ат басын тірепті» деген хабар жетті… Жайығын сағынғаннан ба, әйтеуір, ағам сондай шешім қабылдапты. Содан, нешеме уақыттардан кейін, ағамды Атырау театрынан, ақсақал болып отырған кезінде бір-ақ кездестірдім. Ұжымның үлкені ретінде мені шелектей ғып мақтап, қайта таныстырып жатты… «Тұңғышбай деген ағаларың тұлғалыққа жеткен, ашулы актер» деп бір көтеріп тастады! Өзі айтқандай мені сабырсыз, мазасыз, тынышсыз, айналадағы арсыздық пен әділетсіздікке немкеттіліктен ада, ашулы күйге жеткізгендердің бірі өзі екенін тілге тиек еткен жоқ… сол күйі, қарапайым қалпы… Өзгенің биігін өзінен жоғары санайтын сырбаздығы да сол күйі… Содан бері кездесудің реті келмеді, ақтық сапарға аттанғанын көрмедім… Көрмеген соң, сенгім келмейді… Менің жадымда аңқылдаған ақкөңіл, таза күйінде қалды…
Өкініш көп қой, мына өмірде… Өнерде де әділетсіздіктен туатын өкініштер де көп болатынын көріп, сезіп келеміз. Күштінің диірмені замананың зардабын артымен тартып, қымбаттарды арзандатып, қатігез тасына салып езіп, уақыт табанына салып, ұмыттырып тастауға шебер екендігін мойындап, ішқұса болғаннан қайран жоқ екен… Әуезов театрының архивінде сол спектакльді еске түсірердей, қапелімде сақталып қалған бір сурет таба алмағаныма жылағым келеді, шермендемін, амал не… Желтоқсан ызғарына түскен заманымда, Әзекең ат басын басқа жаққа бұрған кездері, театрға қожа бола қалған атағынан ат үркетін бір ағамыз, менімен жауласпақ ниетпен, театрдың архивіндегі сұрқым бар барлық суреттерді жоқ қылыпты!
Дорақтығынан дарақы, даңғой шенеуніктің талауына түсіп, нахақ тергеліп, тұрған-тұрыс, жатқан-жатысымнан ши іздеп, компьютерімді бұзып… жазып жатқан жазбаларымды қасақана өшіріп, дайын боп қалған бесінші «Мұң» деп аталатын кітабыммен бірге жоқ қылғаны! Содан бері қолыма қалам ұстай алмайтындай дүдәмал дертке шалдыққан мені тағы да Чапай ағам компьютерге қайта отырғызды! Өзі жайлы естелік жазғызды… Сондағы шерім осылай боп шықты. Артық-кемін әруағыңа аманаттадым, аға… Ырза бол, жаның пейіште шалқысын…
Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ,
Қазақстанның Халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері