Соңы. Басы журналдың өткен санында.
Бабақұмар ХИНАЯТ,
тарих ғылымдарының кандидаты
АҚЫНЖАНДЫ ҚОҢЫР
Кітап сөрелеріне жарыса сан алуан музыкалық аспаптар орын алған. Қоңырекең қолы сәл қалт ете қалса, қолына шіңкілдік домбыра, қырғыз қомусы не құмықтың сырнайын, кейде башқұрдың құрайын алып әуезді әуенді бастайтын. Ол мажар қыпшақ әуеніне басатын, қазақтан басқа, қырғыз, татар, башқыр, түрік, қарашай, құмық әндерін айтатын. Себебі ол татар, құмық, қарақалпақ, ноғай, түрік халықтарының дәстүрлі әндерін мажар тіліне аударуды қатар жасаған. Бұл жарық көргендері ғана.
Әлем әдебиеті энциклопедиясына түркі жұртының жүздеген қаламгерлері туралы сан ондаған мақала жазған. Аударма барысында мәтінмен жұмыс жасағанда, ән табиғатына жете мән беру үшін бір сәт әуезіне де ден қоятын тәрізді. Кейде қонаққа келген балдызы, күйші қыз Мөлдірді қасына отырғызып, күй тартқызып, рахаттанып тыңдаушы еді…
Тіл үйрену басталған кезде, ең тамаша әдіс халықтың әні мен әуенін игерсең, тіл табиғатын оңай еңсересің деп Мажарстанның Құмания өңіріне тән бірнеше әнді және әзіл әндерінен үйретіп еді. Расында, Қоңырекеңнің сүйікті әнінің бірі – Én vagyok a Kunsági fi – Мен Қыпшақтың ұланымын атты әніне басқанда бойындағы жауынгер қаны ойнап, қияқ мұрты қозғалып, көзі жайнап шыға келетін көрінісі біртүрлі үйлесімді еді. Мұндайда Айшекең отағасына қарап, сүйсіне күлімдеп қоштап қоятын.
Қоңыр ағаға тәржімашылар жиі жүгінетін, Орта Азия халықтарының тіл, тарих, мәдениетіне қатысты зерттеу жасаған, әсіресе әдебиеттің түрлі жанрында қалам тербеген ақыл-кеңес сұрап келген талай жандармен осы шаңырақта ұшырастым. Олардың бірісі Отырар ойраны туралы кітап жазыпты, екіншісі басқа тарихи тақырыпта бестселлер немесе пьеса, драма жазғысы келеді, ал біреулері проза, поэзиялық жинақты мажар тіліне түркі аударғанын қарап шығуға, пікір беруге, редакциялауға көмек сұрайды.
Қоңырекең атақты Шыңғыс Айтматовтың романдарын мажар тіліндегі тәржімасын, әсіресе жер-су атаулары мен ұғымдарға түсініктеме жазғанын көрдік. 1987 жылы «Жанпида» романына жазған жұмысын бітіріп, рахаттанып отырғанда келгенім бар. Олжас Сүлейменовті ақын ретінде, аға, азамат ретінде қатты жақсы көретін. Оның идеологиялық тұрауға түскен «АзиЯсы» сол тұста дереу мажар тілінде жарық көрген, кей бөлімі самиздатпен таралып жүрген. Олжас ақынның мажар тілінде 1961 жылғы өлеңдерінен бастап, 1976 жылы жеке жинағын, 1977, 1980, 1984 жылғы совет ақындарының антологиясындағы өлеңдерін тұшына оқып отыратын. Маған қазақшасын білетін «Арғымақ», «Ақпандағы бағлан», «Бөлтіріктерді» жаттауға ұсынды. Кейін Қоңырекең досы түрколог Торма Иожеф «Айналайынды» талдап, мақала жазды…
Айталық, «Világirodalmi lexikon» – әлем әдебиетінің энциклопедиясының VII томына (ол екі кітаптан тұрады) түркі жұрттарының әдебиетіндегі отызға тарта тұлға мен әдеби жанрлар мен кесек туындылар туралы мақала жариялады.
«МЕНІҢ БАС БАЙЛЫҒЫМ – КІТАПХАНАМ»
Шаңыраққа бас сұққан адам құтты ұяның аурасын бірден сезінеді. Айнала сірескен, бет құлаш биік қабырғамен таласқан қаз-қатар тақтай сөрелер майыса көтеріп тұрған кітаптар каталогтық принцип бойынша бөлінген. Сондықтан олардың арасынан іздеген кітапты табу Қоңырекеңе әсте қиынға соқпайтын, кейде Айшекең іздеп таппай жүргенде үстелде отырған ғалым қай тарапта, нешінші қатар, түсі қандай екенін айтқанда таң қалмай көріңіз. Көзге көрінбейтін сатымен өрмелеп қана жететін кітапты қол қойғандай айтатынын қайтесіз! Елеулі тұста тақты Бартольд, Радлов, ұстазы Немет Дьюла, Малов, Ибраһим Капесоғлы сынды түркология корифейлерінің еңбектері орын алған. Ары қарай Ислам Энциклопедиясы, тарих, этимология, фольклор, этнография, ономастика солай ретпен орналастырылған. Сол тұста жұмыс үстелі, үш түрлі жазу машинкасы қатарласып тұратын…
Бірде осы шаңыраққа 1950-жылдары Гималайды көктей өткен қазақ көшінің куәгері Сексенбай атам Кёльннен ат басын тіреді. Себебі, Моңғолиядан туысы Сәтей Нұртазаұлы келген, Берлиндегі Арыстан қажыға хабар берген. Олармен Қоңырекеңнің байланысы бар-тұғын. Темір тордан ары өтуге мүмкіндік жоқ уақытта Мажарстанда жағдай өзгеше еді (тіпті екіге бөлініп қалған немістердің туыстарымен қауышатын орны Балатон көлі аймағы болған еді). 45 жыл бойы кездесуге зар болған ағайындар екі күн бойы күн-түнімен әңгіме тиегін ағытты. Қоңырекең үйіне тағы жиналдық. Аса діндар, урдуша жетік, Кёльндегі «Форд» зауытында істейтін Сексенбай қажы Гималай асқан қазақтың қияметті тарихын егіле отырып әңгімеледі, діни уағыз айтты.
Сексенбай қажы тарапынан кітапхана иесіне сұрақтар қойылды: қанша кітап бар, ең көнесі, құндысы қайсы? Қоңыр Ағаның жауабы мынадай болды: он бес мың шамасында болар, отыз шақты тілде, ең көнесі XIV ғасырдың басында хатқа түскен «Кодекс Куманикустың» көшірмесі, ал түпнұсқа кітап – XVI ғасырдікі. Әр кітап құнды, іргелі еңбектер, ғылыми монографиялар, жазба деректер, хроникалар, жыр-дастан, сөздік, кәсіби әдебиеттер, әр кітаптың орны өзінше ерекше деді. Екінші құрметті қонақ Сәтей Нұртазаұлы қырағылықпен байқаған кітаптардың сан қырлы тақырыпта болуының сырын сұрағанда, Қоңыр аға, XIII–XIV ғасырдағы құман-қыпшақтардың тілін, болмысын қалпына келтіру үшін, бір кітаптан бір ғана құнды дерек тапсам, сол жетіп жатыр деп әзіл-шыны аралас жауап берді. Әрі деді, тілді ғана емес, қыпшақ мәдениеті болмысын қалпына келтіру, қолөнерін, ән-күйін, ою-өрнегін толып жатқан жайттарды жандандыру үшін сан-салалы әдебиеттер қажет екенін айтты.
Анадолыға, кейін Батыс Еуропаға жеткен туыстарым мені Будапештке жиі іздеп келетін. Әсіресе, Алтайдың әңгімесін, сарымсағы мен иісін сағынатын атам Тәтей қажы Венадан жиі ат басын тірейтін, әрине Қоңыр аға шаңырағына. Тәтей қажының «Азаттықта» істейтін журналист ұлы Өмірханмен Қоңыр ағаның байланысы етене еді. Кейін Әбдірахман Четин Зухабатыроғлы басқаратын «Еуропадағы қазақ мәдени орталығының» шақыруымен бірнеше елдегі қазақ диаспорасына құрметті қонақ етуін Қоңыр аға өзінің ғылыми шығармашылығына деген құрмет белгісі деп қабылдады. Ол тек тіл-зерттеулерге ғана ден қоймайды, оның тазалығын ерекше қадағалайтын. Тіл үшін күресте қоғамның «Қазақ тілі» деп аталуына шешуші себеп Қоңырдың уәжі болғанын тіл жанашырлары ұмытпайды.
Түркиядағы, Батыс Еуропадағы қазақ диаспорасымен, оқымысты ақсақал Халифа Алтай, Хасан Оралтай, Әбдірахман Четін, Өмірхан Алтын сынды зиялылармен етене араластығы, сыйластық байланыста болған еді.
Сол кездегі бай кітапхананың бір бұрышындағы галереяда қатталып қаз-қатар жиналған кораптарға салынған қолжазбаларына өрілген. Мұрағат үшін таптырмайтын сауыт тәрізді мұндай көп қорапты қолға түсірудің құпиясын кейін білдім. Ауруға душар болғанда арашашы бола жүгірген Қоңырекеңнің ағасы Коор Өдөн мықты рентген дәрігері еді, маған да талай шапағаты тиген жан еді.
Қоңыр отбасы жайлы кең пәтерге көшкен кезде 237 корап кітап көшіргенін арнайы барып көмектескен балдызы Рахметжан айтып еді. Қоңыр марқұм дүниеден озған соң Оңайша апам ұзақ жыл үлкен күш-қайрат шығарып сақтап келді. Тек 2014 жылы Халықаралық Түркі Академиясына басшылыққа келген Дархан Қыдыралы мырзаның қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласына арнайы алдырып, түркі халықтарының ғылыми кәдесіне қосты.
ҚОҢЫР ШАҢЫРАҒЫНДА КІМ БОЛМАДЫ ҚОНАҚТА?!
Қоңыр аға өңірлерге жиі шақырылып, іссапарлап кетеді. Құмания, Хайду, Баранья, тіпті Словакиядағы Фелвидек мажарларына тартып кететін. Аумағы Алматы облысынан да шағын елде күнбе-күн барып келетіндей шаруа ғой олар үшін. Айша апаммен Дебрецендегі әпкесі Ержиге, кейде туысқандар Ходмезөвашерзхейдегі ағасы бас қосқан отбасылық шаралар да қалыс қалдырылмайтын.
Жақсы жолға қойылған мажар әдебиетін тәржімалаушы Равиль Бухараев, татар ақыны, тағы бір армян ақынымен таныстым. Осы шаңырақта германиялық, америкалық, түркиялық шығыстанушылар мен мәдениеттанушылар мен әдебиетшілерді жиі ұшырастырдым. Менен бірнеше жыл бұрын америкалық Юлай Шамилоғлы жиі ат басын тірейтін дейтін. Арғы тегі Қырым татары Юлай мырза қазір Назарбаев университетінің белді профессоры, әлемге танымал ғалым…
Мажар этнографиясының көрнекті білгірі, жасы ұлғайған Лүкөө Габор есімді ақсақал жиі ат басын тірейтін. Мажар этнографтары Дьюрфи Иштван мен башқұрт эмигранты Таған Ғалымжан туралы естідім.
Қайта жаңғырған тұста 1988 жылдың наурызын Қоңыр аға шаңырағында тойлап қарсы алғанымыз замандасымыз Қайрат Бибековтың мұрағатындағы фотосуретте сақталған екен. Соның алдындағы ағаның «қожанасырлығына» куә болғаным еріксіз орала езу тартқызады. Бірде келсем, ағамыз бір қазақы оюы бар келісті кесені (ол шеттегі қазақтарға кәдесый ретінде жүретін) пышқықағазбен (наждак) ысқылап жатқанына куә болдым. Сөйтсем, қазақы бұйымның ішіне орысша жазған сөз ұнамаған екен…
1986-ның соңындағы Желтоқсан оқиғасынан хабардар болған Қоңыр аға Мюнхеньдегі Азаттық радиосының қазақ редакциясына хабарласты. Алматыдағы жекжаттарға дереу телефон соққанмен еш нәтиже болмады, себебі телефон номерлері табанда өзгертілген екен. Әйтеуір Советтегі достарының көмегімен тұщымды жауап алды.
Қоңыр аға шаңырағында жиі кездесетін жандар университетте түрік тілін үйретуші лектор ізмірлік Гүнай Қараағач (кейін Түркі Тіл құрылымының (қоғамының) мүшесіне сайланған танымал профессор) пен жұбайы Түлай еді. Ерекше құрметпен қарайтын, америкалық Юлай Шамилоғлы, түркиялық Түнжер Гүленсой, етене жақын араласатын адамдары қазақ Ерден мен Ғалия (Қажыбектер), қырғыз Қадыралы мен Жамила (Қоңқабаевтар), құмық ақыны Бадрудтин Магомедов отбастары.
Қоңырмен етене жақын араласқан Анадолыдан Керуленге, Оралдан Алатауға дейінгі аралықтағы елдердің кіл мықтылары болды. Әсіресе, ол үшін өзі әркез аузынан тастамайтын ұлы Шыңғыс Айтматов, «бабасынан да үлкен қолдау жасаған» Олжас Сүлейменовтің орны ерекше еді, Кешегі қазақ академиктері Ісмет Кеңесбаев, Ақай Нүсіпбеков, Кеңес Нұрпейісов, Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбай, докторлар Тұрсынбек Кәкішев, Ақселеу Сейдімбек, Дәркембай Шоқпарұлы, бүгінгі Рабиға Сыздық, Болат Көмеков, Әлімхан Жүнісбек, көрнекті қайраткерлер Мұрат Әуезов, Иманғали Тасмағамбетов, Ерден Кажыбек сынды жандардың есімдерін атасақ та жеткілікті. Ол туралы жүздеген жандар Қоңырға арналған естелік мемуарларында, онымен арада алмасқан хаттарында жете баяндайды.
Қоңыр аға Ұлы Шоқанның інісі Ыдырыс Мақыұлында сақталды дейтін үстелге шынтағын артқан кең маңдайлы, ойлы көзді қаршадай Шоқанның фотосына қарап көп толғанатын. Толғанатын да, «Білім және еңбектің» Шоқанның 150 жылдығына арналған санында Ғабеңнің (Ғабит Мүсіреповтің) мына жолдарын қайталап айтып, таңдайын қағатын: «Шоқан! Қандай қысқа ғұмыр. Қандай әрі сұлу әрі ауыр тағдыр. Қандай таусылмас шежіре. Шығыстану көгінде халқымыздың тарихи болмысының биігінде мәңгілікке жарқырап тұрған жұлдыз ғой бұл!».
Сөйткен Қоңырдың да ғұмыры шолақ болды. Небәрі 48 жасында мүшелінде дүниеден озды. Марқұм 50-ден кейін іргелі еңбек жазуға біржола отырам деуші еді. Шежіре мен естеліктерге арқау болар ауыр да, күрескер ғұмыры ерте сөнді.
Бүкіл әлемді қамтыған саяси кризис, үлкен өзгерістер кезінде Қоңыр мемлекеттік қызмет, дипломатиялық маңсапты місе тұтпады, ғылымға адал болды. Керісінше жүріп-тұруды жиілетті. Сондай бір сапары барысында 1991 ж. («Арай» журналы, №1) жұбайы Айшаның сұқбаттарында («Азия» апталығы, 1992. №9) «Тумақ бар да өлмек бар. Көз жұма қалсақ сүйегіміз ата-баба жеріне қойылса деп тілейді Иштван» дегені білгендей, сезгендей. Өйткені – досы, ақын Көрменді жырлағандай «тіспен туған Қоңыр бақсы» сәуегей, заманынан озып туған кемеңгер еді. 1992 жылы көз жұмған Қоңырды өз аманаты бойынша Алматыдағы Кеңсай баурайына қазақ, түркі зиялылары, әсіресе тіл, тарих, әдебиет зерттеуші ғұламалар қатты қайғыра, күңірене жоқтап, арулап соңғы сапарға шығарып салды.
Бадрутдин Могамедовтың досы Қоңырды Кеңсайда жер қойнына тапсырған күні 1992 ж. 4-қыркүйегінде құмық тілінде жырлаған жоқтау жыры. Мадиярларда да жоқтау дәстүрі үзілген жоқ.
КЬОНГУРУМ ГЕТДИ *
Ярыкъ сувума яр яавду –
Гёммек гёзюме къан савду –
Къонгурум гетди, Къонгурум!
Чилле Ёлума чанг тоньган,
Байракъ башыма кьуш къонгъан –
Къонгурум гетди, Къонгурум!
Йылкъы табунум бёлюнген,
Къыпчакъ айгъырым сюрюнген,
Агъач къомүзүм сюйлемей…
Ез къонгуравум сес бермей
Къонгурум гетди, Къонгурум!
Хан кёпюрюмню сув алды…
Хаси тишлерим увалды–
Къонгурум гетди, Къонгурум!
Аркъадашымдан айырылдым…
Аркъа сюегим майрылды –
Къонгурум гетди, Къонгурум!
*Ескерту: құмықша крилл-жазуында дыбыстар былай оқылады: кь – қ, оъ – ө, гъ- ғ, нг – ң, в-ұ.
—————————————————————————————————————————————————————————————
Бабаш ӘБІЛҚАСЫМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор
ЕКІ ХАЛЫҚТЫҢ ТЕЛ ҚОҢЫРЫ ЕДІ
Мажар (венгр) елінің талантты түркітанушы ғалымы Иштван Қоңыр Мандоки түркі халықтарының мәдениеті, тұрмыс салты, әдет-ғұрпын зерттеу мақсатында біздің елге 1970 жылдардың басында іссапармен жиі келіп жүрді. Ол сапарын біздің институт ғалымдарымен пікірлесуден бастайтын. Бізбен тек қана қазақша сөйлесетін. Қазақ тілін соншалық терең меңгергеніне таң қалып жүрдік. Сөйлескенде тіпті кейбір ғалымдарымыздың өзінен артық білетінін көрсетіп қалатын. Иштван Қоңыр мажар еліндегі қыпшақтардың арасынан шыққандықтан, қазақ елін тарихи отанымыз деп есептейтін. Сондықтан венгр қыпшақтары мен қазақ халқының туыстығын, салт-санасы мен әдет-ғұрпының ортақтығын дәлелдеуге ерекше мән беруші еді. Бізді туған ағасындай, ал біз оны өз ініміздей көріп кеттік. Жиын-тойға, шақырған қонақтыққа бірге ертіп жүретінбіз.
Үйленбеген жас жігіт болғандықтан қазақ қыздарымен тұрмыс құруды да ойлап жүргенін айтып қоятын. Ол бірнеше қыздармен танысып жүріп, атыраулық Айша атты қызға үйленді. Ол қыздардың әдемілігіне, мәдениеттілігіне қызықпай, қазақ тілін таза сөйлейтіндігіне қызығатын. Қазақ салтымен Айшаның ата-анасынан рұқсат сұрап, тойын сонда Атырауда өткізді.
Сол талантты әріптесіміз ғылыми іссапарда жүріп қайтыс болды. Соңғы айтқаны: «Мені Алматыға жерлеңдер» депті. Мақашқаладан ұшақпен алып келіп, Кеңсай зиратына жерледік қой. Елінен туыстары, сүйген жары Айша, 4-5 жастағы ұлы келіп жер қойнына бердік.
Қазақ халқына деген сүйіспеншілігі сондай еді.
Айша оның ойындағысын жалғастырып, Будапештте қазақ киіз үйін тігіп, қазақ мәдениеті мен тұрмысын насихаттайтын мұражай ашты деп еститінбіз.
Біз Қоңырмен хат арқылы да хабарласып тұрдық. Менде оның бір хаты сақталған екен. Оның қазақ тілінде сөйлегенімен қатар еш қатесіз жазғанына да таң қалып отырмын. Біз сол хатты қоса беріп отырмыз.