Жуырда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Профессор Х.Табылдиев атындағы Атырау өлкесінің тарихы, археологиясы және этнографиясы» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі жөнінде халықаралық онлайн конференция өтті.

Тәуелсіз даму өткенді мұқият зерделемей, келешекті кеңінен болжамай мүмкін емес. Сондықтан да, қалың жұртшылық бүгінгі ұлттымыз бен мемлекетіміздің тарихи бастауларына айрықша назар аударады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тәуелсіздік үшін бүкіл өмірлерін арнаған «Ұлы даланың ұлағатты тұлғаларына» ерекше мән берілген еді. Халық мұндай ұмытылмас тұлғаларды жадынан өшірмейді. Бар өмірін тек қана ғылыми ізденушілік жұмыстарына арнаған, өлке тарихының жан-жақты зерттелуіне зор үлес қосқан ғалым, қайраткер, ұстазымыз Хисмет Бозанұлы Табылдиев есімінің ғылыми орталыққа берілуін зиялы орта құптап қабыл алған еді.

Ұлы Отан соғысы тақырыбы Х.Табылдиевтің ғылыми зерттеулерінің ауқымды бөлігін қамтиды. Бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған мақалаларды айтпағанның өзінде, 2014 жылы ғалымның қарымды қаламынан «Атырау облысы отты жылдарда» атты еңбегі жарық көрді. Ғалым өлкеміздің батыр ұлдарының майданда көрсеткен ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектерін КСРО мен Қазақстан архивтерінде сақталған құжаттар негізінде жазған болатын. Ерекше тоқталатын мәселе, кеңес кезеңінде тарихшылар қауымының соғыс уақытында Қазақстанда тыл болды деген пікірдің қате екендігін ҚР Президенті архиві қорындағы деректік құжаттар арқылы дәлелдеді.

Ағымдағы жылдың сәуірінде өткен «Қазақстанның 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан, соғыс кезеңі  экономикасы, сол кездегі Атырау облысының жағдайы, еңбек ресурстары мен күнделікті өмір, профессор Х.Табылдиев еңбектеріндегі Ұлы Отан соғысының зерттелуі жайында баяндады. Конференцияны кіріспе сөзімен бастаған университет басшысы Саламат Идрисов «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы бұрынғы Кеңестер Одағы құрамында болған барлық мемлекеттер үшін тарихи маңызы жоғары әлемдік деңгейдегі оқиға болды. Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттерде бұл соғыстың зардабын, әсерін сезбеген бірде-бір отбасы  жоқ шығар. Бүгінгі конференцияға қатысып отқан біздің әрқайсымыздың отбасымызға да соғыстың салқыны тигені сөзсіз. Сондықтан бұл конференция өзінің мазмұнымен де, талқыланатын мәселелерімен де маңызды деп ойлаймын», – деп атап өтті.

Екатеринбург қаласындағы Оңтүстік-Орал федералдық университетінің ректоры А.Л.Шестаков өзінің сөзінде Ресейдің Орал аймағының соғыс жылдарындағы экономикалық қуатының жеңісті жақындатуға үлкен әсері болғанын айтып, жақында ресейлік оқу орнында өткен ғылыми конференцияға «Профессор Х.Табылдиев атындағы Атырау өлкесінің тарихы, археологиясы және этнографиясы» ғылыми-зерттеу орталығы директоры Сайфолла Сапанов бастаған ғалымдардың қатысқаны үшін ризашылық білдірді. Оңтүстік-Орал федералдық университетінің зерттеушілері дайындаған құжаттар мен мақалалар жинағын Атырау университетіне арнап сыйға берді.

Жиынға бұдан бөлек Қалмақ мемлекеттік университетінің профессоры Кольцов Петр Михайлович, Түркия мемлекеті Анкара университетінің профессоры Абдуллах Гундогду, Қызғызстан Республикасы  Ош мемлекеттік университетінің профессоры Бөтөнеев Жолдошбек Советбекұлы және Нұр-сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларынан және атыраулық тарихшылар қатысты.

Әрине, соғыстың зардабы аса ауыр болды, тұрғындардың қалыпты тұрмыс жағдайы күрт өзгеріп, бәрі де жеңіс үшін жұмылдырылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрын советтік идеологиямен тиым салынып келген фактілерді қайта зерделеуге мүмкіндік туды. Ғылыми конференция барысында мамандар осы өзекті тақырыптың кейінгі жылдардағы зерттелеуі, шетелдік, ресейлік, посткеңестік мемлекеттердегі Ұлы Отан соғысы мәселесіне көзқарас тұрғысынан талдау жасауға мән берді.

Атырау облыстық мемлекеттік архивінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Серік Қуаныш осы орайда келесідей пікір айтты: «Кеңес Одағының соңғы жылдары А.Н.Яковлев комиссиясының жұмыстары нәтижесінде қысқа мерзімде саяси репрессияларға, депортацияларға, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты архив құжаттарының ашылуы, «жариялылық» саясаты аясында Молотов-Риббентроп келісімі, Катынь трагедиясы, Ұлы Отан соғысының қарсаңы, басталуы, алғашқы кезеңі және т.б. тақырыптар туралы көптеген зерттеу еңбектерінің, кеңестік цензура бұғауында болған соғыс мемуарларының көптеп жарық көруі бұрынғы қалыптасқан идеологиялық сеңді бұзып, соғыс тарихын қайта қарауға мүмкіндік берді. Осы мақсатта жарық көрген сансыз көп архивтік деректер, құжаттар жинағы, шетелдік тарихшылар еңбектерінің аудармалары, зерттеулер, естеліктер екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты бұрынғы кеңестік идеологияға негізделген тарихи концепцияны алмастыру қажеттілігін күн тәртібіне қойды. Соғыс тарихын қайта қарау, түптеп келгенде, ХХ ғасыр тарихын, кеңес тарихын қайта қарауға әкелетіні белгіл болды».

Атырау университеті «Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет еңбек армиясы жайында әңгімеледі. «Еңбек армиясына республикадан шақырылған 200 мыңнан аса қазақ Сібір, Орал, Орталық Ресей аймақтарындағы өнеркәсіп орындарына жұмысқа жіберілді. «Тарихи деректер бойынша олардың 20 мыңы Орал өнеркәсіп орындарына, 16 мыңы Кузбасқа, 13 мыңы Магнитогорск комбинатына жіберілген. Бұл аймақтардағы архив қорында еңбек армияшылары туралы көптеген деректер хатталғаны сөзсіз. Сол бір жылдары еңбек армиясына шақыру әскери комиссариаттар, жергілікті партия, кеңес органдары, қаһарлы НКВД жүйесі арқылы жүргізілді»,- деді А.Ахмет.

Тарихшылар кеңес тарихын концептуалды тұрғыдан саралау, индустрияландыру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, қоғамдық-саяси және мәдени өмірдегі «социалистік реализм» мен «демократиялық централизм» және басқа да тақырыптар бойынша академиялық тарихшылар қауымдастығы алдында тұрған міндеттердің маңыздылығына тоқталды.

Ғылыми конференция қорытындысымен материалдардың электронды жинағы жарық көрді. Материалдардың толық мәтінін www.asu.edu.kz сайтынан оқи аласыздар.

 Гүлфайруз ҚАЙЫРҒАЛИЕВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университеті профессоры