Жас талант
Бұл қыз сырт көзге сондай нәзік әрі кішкентай. Жасы да небәрі он бірде. Бірақ оның он саусағынан өрбіген туындылардың таңдаулылығы, орындау шеберлігі соншалықты, фортепиано бұл сұлу да әлсіз саусақтардың жанасуынсыз-ақ әлемдік деңгейдегі Бах, Гайдн, Моцарт сынды композиторлардың шығармалары арқылы жүрегімізден орын тапқандай.
Оның репертуарында, сонымен қоса, орыс композиторлары Ю.Весняктың, В.Коровицынның, қазақ композиторларынан Р.Қали, К.Дүйсекеев, тағы басқаларының таңдаулы туындылары бар.
Ол сахнаға шыққанда барлығы әдемі. Қай сахна болмасын, қобалжуын жымиысымен жеңген кішкентай қайсар қыз әдемі. Сүйкімді қыздың осынау еліткен орындаушылығына риза көрермен әдемі. Тыңдарман мен орындаушы арасындағы байланысты сезген сахна әдемі және сәйкесінше, осы әдеміліктердің негізгі нәтижесі – әуен әдемі. Осылайша, кез-келген тыңдарман оның бойындағы осы табиғи болмысты байқай отырып, әсем әуен мен әдеміліктің егіз ұғым екенін ұғынады.
Біздің кейіпкеріміз – Ғазиза Қалмағанбетова Ақтөбе өңірінің тумасы. Қазір сондағы №3 қалалық мектепте оқиды. Осы жылдың 8 қыркүйегінде міне 12 жасқа шығады. Ол өнерді барлық жағынан түсініп, қадірлейтін отбасында тәрбиеленуде. Әкесі Бижан – шығармашылық адамы, домбырада, гитарада ойнайды, өлеңдер жазады, Қазақстанның Жазушылар одағының мүшесі. Ағасы Думан – өлеңге құмар жас ақындардың санатында. Әпкесі Назерке Ақтөбе қалалық оқушылар сарайының би факультетін және бейнелеу өнері студиясын тәмамдаған. Ол да түрлі халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды. Бейнелеу өнері бойынша ЮНЕСКО-ның «Дети рисуют мир – Центральная Азия», «Салют талантов – Палитра мира» байқауларының жеңімпазы.
Ғазиза кішкентай кезінен-ақ музыка дыбысына құмартып өскен. Ойыншықтарының ішінде өзіне қатты ұнайтын пианиносымен естіген түрлі дыбыстарын өздігінен ойыншық аспапқа түсіруді әдетке айналдырған. Бүлдіршіннің бұл қылығын сырттай бақылап көріп жүрген күтушісі Людмила Сутягина баланың ата-анасына оны музыкалық мектепке беруді ұсынады. Міне, осы уақыттан оның музыкалық өмірі бастау алды. Ғазиза 6 жасқа да толмай тұрып Ақтөбе қалалық оқушылар сарайының табалдырығын аттады, музыка факультетінің фортепиано класында дәріс алды. Жетекшісі – Сутер Елена Карловна – өз ісінің нағыз кәсіби шебері. Әр баланың қарым-қабілетін тани біледі. Ғазиза Е.Карловнаның жетекшілігімен көптеген халықаралық және республикалық байқауларда жеңіп шықты. Осы жарыстарда әділқазылардың айтатыны бір ғана сөз – педагог шәкіртіне репертуарды өте ұтымды таңдай біледі және оқушының орындаушылық өнерінен оқытушының біліктілігі анық көрініп тұрады.
2017 жылы Ғазиза Чехиядағы «Салют талантов» жобасының «Очарование Богемии» халықаралық байқауында еліміздің атын әлемге әйгілеп, 1-інші орынды иемденді. Сол кезде қазылар алқасындағы Прага консерваториясының оқытушысы Елена Носкова біздің қыздың музыкалық қабілетін атап өтіп, 11 жасар бүлдіршіннің әлемдік деңгейде мойындалған қиын шығармаларды орындау шеберлігіне таңданыс білдірді. Онымен қоймай, 14 жасқа толғаннан кейін Прага консерваториясына тегін оқуға түсу ұсынысын жасаған еді.
Оның орындауындағы белгілі қазақ композиторы Кеңес Дүйсекеевтің «Ноктюрні» байқаудың басты жаңалығына айналды. Шығарманың өн бойындағы кәсібилікті аңғарған көптеген көрермен автор жөнінде мәлімет сұрастыра бастады. Прагалықтар қазақ халқының кәсіби және халықтық музыкасының үйлесімділігі жайлы әсерлерін жайып салды. Бұл әрине, кеудеге қуаныш ұялатпай қоймайды. Бір ғана фортепиано адамның бүкіл сана-сезіміне осыншалықты ықпал етіп, халықтар арасындағы түсіністікті, батыс пен шығыс өнерінің, мәдениетінің өзара ынтымақтастығын қалыптастыруға осыншалықты үлес қоса алады дегенге тек музыка әлеміндегілер емес, бейтарап тыңдармандар да келісер.
Жоғарыда аталған байқаудан кейін Ғазиза Кеңес Дүйсекеевтің қабылдауында болған еді. Танымал композитор оның сирек кездесетін тума талант екендігін мойындап, Қазақ Ұлттық университеті жанындағы «Шабыт» мектебіне оқуға түскенін қалайтынын айтты. Бұнысы да дұрыс шығар. Өзімізден шыққан таланттарды туған топырақтың атын шығаруға бағыттасақ, елдігіміз де, өнеріміз де биіктей беруі хақ.
Ғазизаның шығармашылық шыңына шығып, әлемдік классикалық музыкада өзіндік қолтаңбасын қалдыруына тілекшіміз.
Ғазиза бағындырған белестер:
ҚАЛМАҒАНБЕТОВА Ғазиза Бижанқызы – Ақтөбе қалалық оқушылар сарайының музыка факультеті, фортепиано класының оқушысы. Бірнеше халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы:
- 2016 жыл, шілде – «Боровое встеречает таланты» халықаралық байқауында 2 орын;
- 2017 жыл, сәуір–«Тоника» халықаралық байқауынан 2 жүлде;
- 2017 жыл, мамыр – «Салют талантов» шығармашылық бірлестігінің халықаралық фестиваль-байқауының лауреаты (Прага, Чехия);
- 2017 жыл, шілде – Салют талантов» шығармашылық бірлестігінің халықаралық фестиваль-байқауының лауреаты (Қазан, Ресей);
- 2017 жыл, қазан –«Салют талантов. Музыка» байқауы Суперфиналының лауреаты (Санкт-Петербург, Ресей);
- 2018 жыл, қаңтар – «Жас талант.KZ» I республикалық фестивалінің Гран-При иегері;
- 2018 жыл, наурыз – «Весенние напевы» I республикалық фестивалінің Гран-При иегері; «Венский звездопад» халықаралық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы байқауының лауреаты (Вена, Австрия)
- 2018 жыл, қараша – «Классика-2018» Ақтөбе облыстық жас таланттар байқауының Гран-При иегері;
- 2018 жыл, желтоқсан – «Урал собирает друзей!» жобасы аясындағы халықаралық байқау-фестивалінің лауреаты (Орынбор, Ресей);
- 2019 жыл, наурыз – «Piano Style» пианистердің халықаралық кәсіби байқауының 3 жүлде иегері; «Тоника» IV халықаралық фестивалінің Гран-При иегері;
- 2019 жыл, сәуір – «Жұбановтар әлемі» балалар шығармашылығы халықаралық фестивалінің Гран-При иегері;
- 2019 жыл, маусым – «Prima Nota Fest» республикалық академиялық фестиваль-байқауының 2 орын иегері.
Өмірбек САЛАУАТҰЛЫ,
Ақтөбе облысы