Рецензия
Тәуелсіздікті алу бар да, оны сақтап қалу бар. Ол үшін қазақ мемлекеті үш жақты күрес жүргізіп келеді. Қазақтың ұлт болып қалыптасу тарихын зерделейді, ру-тайпалық кезеңнен кейінгі кеңестік солақай саясаттың салдарына қарсы тәуелсіздік ұрандарын көтереді және ұлт ретінде жойылып кетпеу үшін жаңа мемлекеттік даму стратегиясын жүзеге асырады.
Тарих – шын мәнінде өткеніміз ғана емес, ол бүгініміз, ол болашағымыз. Қазақ тарихы тұтас түрік әлемінің дамуымен бірге жалғасып келеді. Ұлтымыздың түпкі тамыры түрік халықтарынан тарайтын сақтар мен ғұндар өмір сүрген кезеңдегі этностық топтардан бастау алғандығын толық дәлелдейтін фактілерді бүгінге дейін еуропацентристік көзқарас кесірінен көре алмадық. Енді көпқырлы тарихымыздың әлем кеңістігінде алар орнын ойсыратпай, Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы рөлімізді айқындауымыз қажет.
Сонымен, бабаларымыз Ұлы дала заңдылығына бас ұрып, көшпенді мәдениетке бой ұсынғаны белгілі. Бұның артықшылығы да зор еді. Табиғатпен байланыс орнату арқылы олар тұрмысқа қажетті бұйымдарды, көптеген техникалық жаңалықтарды ойлап тапты. Тұңғыш Президент өз мақаласында түрік әлемінің феномендік жеті түрлі қырына тоқталады. Жылқының алғаш қазақ жерінде қолға үйретіліп, атқа міну мәдениетінің пайда болғандығы, сол кездегі металл өндіру ісінің бүгінге жарамдылығы, қоршаған ортамен тығыз қарым-қатынаста болған көшпенділердегі «аң стилі», мифологиялық құнды жәдігер – «Алтын адам» жайлы, түркі әлемінің бесігі саналатын ортағасырлық қалалар, Шығыс пен Батыс өркениетін жалғаған Ұлы Жібек жолы және апорт пен қызғалдақтың осы қазақ даласында пайда болғандығы жөнінде айтылады. Сонымен қоса, осы құндылықтарды ескере келе, қолға алынуы тиіс біраз стратегиялық жобаларды ұсынды. Соның ішінде, ежелгі дәуірден қазірге дейінгі отандық және шетелдік мұрағаттарға зерттеу жұмысын жүргізу бағытында «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасақтауды тапсырды.
Бұл ретте төл тарихымызды түгендеп, Қазақстан топонимдеріндегі ел тарихы хақында ғылыми еңбектер жазған өлкетанушы-тарихшы М.Жолжанов жөнінде айтқым келеді. Мақсот Құмарұлы 1932 жылы 18 желтоқсанда Атырау облысы, Қошалақ өңірінде дүниеге келген. 1943-1949 жылдары жергілікті ауыл мектептерінде оқып, М.Ломоносов атындағы орта мектепті үздік бітірген. 1951 жылы Астрахань мұғалімдер даярлау институтын тәмамдап, сол жылдан бастап отыз жыл бойы Атырау, Астрахань облыстарындағы білім беру саласында ұстаздың еңбек еткен. 1955-1958 жылдары Астрахань мемлекеттік педагогикалық институын сырттай оқыған. 1960 жылы Құрманғазы ауданында алғаш рет Каспий жағалауы өңіріндегі мұражай негізін қалады. Сәйкесінше, 1967, 1969 жылдары, «Прикаспийская коммуна» газетінің, теле-радиохабарларын тарату облыстық басқармасының штаттан тыс тілшісі міндеттерін атқарған.
Ал, 1986-1999 жылдары Атырау облыстық мұражайының Құрманғазы аудандық филиалын басқарады.
Өлкетанушының алғашқы ғылыми еңбегі – «Түркі-моңғолдан шыққан Астрахань облысының топонимикасы» (1981). Кейін «Махаббат дастаны тарихшы көзімен», «Қазақ атауы қайдан шыққан?» (1993), «Құрманғазы Сағырбаев (Х.Б.Табылдиев, М,Қ.Жолжанов. Алматы «Ғылым», 1999) атты еңбектері жарық көрген.
Одан кейін 2017 жылы ғалымның «Қазақ тарихы, тіл-әдебиеті және топонимикасының өзекті мәселелері» атты кітабы басылып шықты. Абыз ақсақалдың 85 жылдығына орай қолжазбаларынан жинақтап, баспаға берген – інісі Ерғанат Жолжанов.
Ендігі тоқталатынымыз – жоғарыда аталған көлемді еңбектегі қазақ тарихы, тіл-әдебиеті, жер-су атауларына қатысты біраз тың мағлұматтар. Кітаптың «Туған өлке тарихынан» атты алғашқы тарауында Еділ-Жайық өзендері сағасында орналасқан Бөкей даласының бүкіл Қазақстанда тұңғыш жұмысшы табы қалыптасқан аймақтардың бірі болып қоймай, жаңа кеңестік өмірге бірінші болып көшкен өлке екендігін айтады. Бұл жерде Жәңгір хан басқарған 1824-1845 жылдары көптеген прогрессшіл өзгерістер орын алған. Қазақтар отырықшылыққа көшіп, пішен дайындауды игерген, оқу-білімге ұмтылып, бүкіл қазақ жеріндегі тұңғыш қазақ тіліндегі мектеп ашылған (1841). Дәріхана пайда болып, қыздар мен әйелдер арасында ғылым-білім тараған. Жұмысшы табы мен интеллегенция қалыптасқан. XIX ғасырдың өзінде Бөкей ордасында қазақтардың 16550 түтіні болған.
Сондай-ақ, архив материалдарынан немістің химик ғалымы Карл Христиан Траугот Фридеман Гебельдің төменгі Еділ-Жайық аралығындағы далалықты зерттеу мақсатымен жүргізген экспедициясын ашып көрсетеді. Бұған сәйкес, химия және фармация профессоры Ф.Гебель 1834 жылы Ресей Ғылым академиясының тапсырмасымен ең алдымен экспедиция мүшелері химиктер Карл Клаусс пен Александр Бергманды ертіп Саратов қаласына келеді. Басты мақсаттары – Қара мен Каспий теңіздері ежелде бөлініп кеткен біртұтас теңіз болды ма, әлде, о бастан бөлек пайда болған ба деген сұраққа жауап табу үшін осы теңіздер суларына салыстырмалы химиялық анализ жасау. Сондықтан ол теңіздер маңындағы тұзды көлдердің, құрғап қалған тұз қабаттарын, вулкандық балшықтарды, газ тәріздес буларды, флора-фауналарды зерттеуге кіріседі. Экспедиция барысында қазақ даласына бет алып келе жатқандарында Жәңгір ханның адамдарына тап болады. Ханнан біршама сый-құрмет көрген жолшылар содан соң Нарын құмын жағалай отырып, Қамыс-Самар көлдеріне, Сары және Қара өзендеріне зерттеу жасайды. Каспий теңізінің, Индер тауының, тұзды көлінің суымен танысады. Кейін Гурьевке жетіп, Жайық, Пешной жерінде болады. Махамбет, Исатай аудандары арқылы Астраханға да жетеді. Содан Құрманғазы ауданына қарасты Кордуан деп аталатын 17 тұзды көлдің су-балшығына жүргізген зерттеу нәтижесінде Кіші Кордуан көлінің қышқылды тұзынан сода өндіруге болатынын дәлелдейді. Кейін осы зерттеу сапары туралы Ф.Гебель «Оңтүстік Ресей далаларына саяхат» атты екітомдығын жариялайды. Осы еңбекте Бөкей даласы жөнінде әсерімен бөліседі: «…Оларда жиі кездесіп отыратын аурулар: қотыр және көз аурулары, өйткені адамдар ұзақ уақыт киімдерін тастамайды, күн көзі өткір және жас ет, сапалы сиректеу болған. Қырғыздар – қызыққұмар, әр нәрсеге әуес халық… Оларды жаужүрек рыцарь дейді, олар атқа шабуды сәби күндерінен үйренетін. Олардың байлары бүкіл өмірін жұмыссыз, бос сауық-сайранда өткізген. Барлық жұмысты әйелдері істеген. Халқы орыстармен сауда жасаған… Көптеген киіз үйлердің алдыңғы жағында ұзындығы 100 қадамдай жерге қазыққа керілген төлдерді байлайтын желі болады екен. Оған қозы, лақ, бұзауларды байлайтын көрінеді. Мен қырғыздардың тұзақ ұстап, атты қалай шебер ұстайтынына таңқалдым. Қырғыз киіз үйіне түнеп шықтым. Киіздері қалыңдығына қарамастан түнде түндік жабылса да, үйде ауа алмасуы өте жақсы екен…». Міне, бұл сол кездегі көшпелі жұрт тұрмысының бір көрінісі ғана.
М.Жолжановтың Құрманғазы күйлерінің сырын ашып, шығу тарихын талдауы бөлек әңгіме. Мысалға, тарихшының пайымдауынша, «Адай» – Маңғыстау мен үстірттегі 1870 жылғы 10000 адайдың патша үкіметінің отаршылық реформасына қарсы көтерілісінен туған. «Арба соққан» – Орынбор губерниясының солтүстік шығысындағы Арба соққан тауына байланысты шыққан. «Балбырауын» – ұлы күйшінің жас кезіндегі туындыларының бірі. Оның пікірінше, бұл сәл ғана дыбыстық өзгеріске ұшыраған екі жеке сөздің (балбыр, ауан) бірігуінен қалыптасқан атау. Мұның мағынасы «адамның жан дүниесін маужыратып, оған терең ұялап, жас жанын бірде босатып, кейін жігерлендіріп, есін тандыра әсер ететін әуен». Ал, «Кішкентай» күйі ғалым түсінігінде Махамбеттің айуандықпен өлтірілуімен байланысты. Ол әлі де Махамбеттің тағы бір қаруын «серпуіне» үміттеніп жүргенде оның қайғылы қазаға ұшырағанда дұшпанға деген ашу-ыза кернеп, қайғы мен өкініш аралас, кек алуға арналған күй болуы мүмкін.
Ал, жүздік құрылым жайлы ғалым былай дейді: «Қазақ жүздерін жоспарлы түрде құрған ешкім де емес, жүздердің өздері түрлі себептердің салдарынан тарихи қалыптасқан ру-тайпалық және саяси бірлестіктер, олар орталықтандырылған күшті мемлекетке біріктірілмеген бір халықтың үш саяси-территориялық бөліктері».
Сонымен, Мақсот Жолжанов – саналы ғұмырының көп бөлігін туған өлкесінің тарихын тануға, оны зерттеп-зерделеп, кейінгі ұрпаққа ұғынықты етіп мирасқа қалдыру үшін арнаған заңғар тұлға. Оның мол мұрасы әлі де толық қаралған жоқ. «Отарбаевша» айтқанда, егемендікті енді алған жас мемлекетіміздің жаңадан жазылар тарихына өз үнімді қоссам деген ел перзентінің арман-мұраты орындалмай қалмаса екен дейміз.
Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі