Қостанай облысының Амангелді ауданында «Айналдым сенен, атамекенім» атты аймақтық қызғалдақтар фестивалі өтті. Аталмыш ауқымды мерекелік шараға облыстық басқарма басшылары, өзге өңір делегаттары мен өнер қайраткерлері қатысты. Меймандар алдымен Үштоғай ауылы маңында құрылған киіз үйлерге бас сұқты. Содан кейін, қонақтар «Тойтөбе» төріндегі көз қуанып, көңіл семірер тамаша көріністердің куәсі болды.

     Аймақ аумағында алғаш рет ұйымдастырылып отырған қызғалдақтар фестиваліне келген қонақтардың қуанышында шек жоқ. Олар нағыз қазақы нақыштағы көріністердің куәсі болды. Ақшаңқан киіз үйлерде қонақ болып, қолөнер шеберлерінің туындыларымен жақын танысты. Бұл ретте 13 мекеме киіз үйлердің безендірілуі жөнінен жарысқа түсті.

     Той дегенде қу бас та домалайды демекші, дүбірлі думанның сән-салтанатын мың рет естігенше, бір рет көруді жөн санаған жұртшылық алтын уақыттарын қиып, Амангелді топырағына табан тіреді. Қызғалдақтар мерекесін тамашалауға халық әр ауданнан келген.

   Думанда дүйім жұрт делебесін қоздырған дода – боз кілемде белдескен балуандар бәсекесі. Білекті де, жүректі спортшы жігіттер жауырындарын жер қапқанша, не бел, не белбеу кетеді деп, бар білген айла-тәсілдерін қолданып жатты. Қызғалдақтар фестивалінің қызық қуған балғындар үшін ерекше есте қалғанына ешкім талас тудыра алмас. Өйткені, өрендер өздері жасаған дүниелерін аспанға ұшырып, бұқараның назарын бір ауық батпырауықтарына аударды.

    Қызғалдақтар фестивалінің ерекше де, басты жаңалығы – ауданда тұңғыш рет 500 домбырашының қатысуымен күй ойналды. Дирижері – ауданның құрметті азаматы Сапар Ахметжанов. Айтуынша, әзірлік жұмыстары бір емес, екі ай бойы жүргізілген екен.

   Бір мезгілде 500 домбырашының бірнеше күйді біркелкі орындауы көрермендерге естен кетпес ерекше әсер қалдырды. Бұл бастама аудан әкімінің жобасы екенін ескерте кеткен жөн. Осындай рухани шаралар арқылы жас ұрпақ ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре алады.

   Мамандардың мәліметінше, қырда өсетін қызғалдақтың біздің елімізде 30 түрі бар. Оның ішінде 18-і «Қазақстанның Қызыл кітабына» еніп отыр. Демек, гүлдің бұл түрі ақырындап жойылып барады. Қызғалдақ қазақ халқының таным-түсінігінде – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы есептеледі. Шараның айтпағы да осы мазмұнға саяды. Фестиваль «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына байланысты мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға, жастарды табиғатты аялап, қорғауға баулиды. Сондай-ақ, халықты және жас ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге үндейді. Фестивальге арнайы шақырылған шетелдік қонақтар мен қала тұрғындары мерекелік шарадан ерекше әсер алып, көтеріңкі көңіл күйде тарқады.

Гүлнұр МҰРАТОВА,

Қостанай облысы