Мерей Қарт – 1989 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүние есігін ашқан. Филология ғылымдарының магистрі. Қазақстан Жазушылар Одағы Семей өңірі филиалының төрағасы. «Алтын тобылғы» әдеби байқауының гран-при жүлдегері. «Үздік поэзия – 2017» номинациясының иегері. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2018).
***
Өзеннен сәл ғана тысқары,
Там үй тұр, аңғарда.
Маңайы – пейіштің құстары.
Өріп жүр аңдар да.
Бұлбұлдар шырқаған сылқым ән
тәтті сыр шертеді.
Там үйде бір қыз бар!…
Сыртынан,
күй кештім ертегі!
Бір кезде,
Иесі аулаға,
Шықты да, шіренді!
Күн суып кеткендей заматта.
Аспан да түнерді!
Сәлден соң, сұлу қыз шықты үйден!..
Күн шайдай ашылды!
Бүлдірген ерінін шық сүйген!
Жанары жасынды!
Сұқтандым.
Оянып құмарым.
Көңіл де гүлдеді.
Өмірдің маздатты шырағын
жымия күлгені!
Там үйге, таяуға батылым
жетпеді неліктен?!
Адасып қалды ма ақылым?..
Жүрек пе желіккен?!..
Ақыры шыдамым таусылды,
Өңім бе, түсім бе?!
Жүрегім қозғалды тау сынды,
кеудемнің ішінде!
Терезе тұсынан таң күліп,
Күн сүйді көктемше.
Түс көріп жатсам ғой мәңгілік,
өмірім өткенше…
Көкжалдың күрсінісі.
Көкірек-көзбен Көкке өрлеп,
Айға азу біледім.
Бүлкек желіп, бөктерлеп,
Жол ұшында түнедім.
Жортып жүрмін ұзақ күн.
Жауға толы маңайым.
Тағдырымдағы тұзақтың,
Талқандадым талайын.
Садаға деп қақпанға,
Сирағымды қалдырдым.
Апаныма ақпанда,
Маңырақ жанын алдырдым.
Сорым қалың, бес елі.
Бек қорғаным – тау, далам.
Жапалақтап кешегі
жауған қар да – жау, маған.
Бұраң жолға бір қарап,
«О, Тәңір!…»-деп, аh, ұрғам.
Ажал-оқтай жылдам-ақ,
Оқпанынан атылған.
Өзіме өзім қырсығып,
Жаным толған тағы шер.
О, тасбауыр тіршілік,
Ал, қайсымыз қанішер?!
Бұрмасай
Бұрмасай толы – гүл, бүрген.
Құбылған қына – жиегі.
Еңкейсең болды ,
Бүлдірген
ерніңнен еппен сүйеді.
Бұрмасай толы – қарақат.
Қиылып жиі қарайды.
Мендегі сезім – алапат,
Таңшолпан тектес, арайлы.
Бұрмасай толы – долана.
Итмұрын жұпар аңқыған.
Осындай тылсым далада
Көңілім ерен шалқыған.
Атыңнан түспей көр енді,
Дәтіңді мойыл арбаса.
Өмір деп салдым өлеңді.
Өкінген сәтім – далбаса.
О, ғажап бері құлдилап,
Келеді баяу, қыз бала.
Алдынан шықтым ылдилап,
Қалың тоғайдан қызғана.
Шолпысы – шолпан-жұлдыздан.
Жүзігі – Күннен , сырғасы – Ай,
Ал , енді мені бұл қыздан
Адастыра көрме, Бұрмасай!
Әй, апыр-ай мына қыс,
Көкейге үрей үрлеген.
Көктем неге тым алыс?!,
Көңіл ғана бүрлеген.
Кеудемізден күзде ұшқан
құс па әлде, елес пе?!
Мұңның бәрі, біз құшқан,
Бақ сағымы емес пе?!
Ертіс беті тоң әлі,
Мұңнан тағы дір еттім.
Жауқазыны тоңады
Мен деп соққан жүректің.
Келгісі жоқ гүл-көктем…
Кеткісі жоқ мына қыс!..
Ақылымды жынды еткен
қобызымен бір Абыз?!
Әлегі мол әр күнім
қабағыма қарамас.
Менің шіркін-тағдырым,
Қар-жаңбыры аралас!
Найзатас
Бұлттарды дүлей жосылған,
Найзатас ұшы түйреген.
Айналдым әзиз басыңнан,
Құлжалар ғана билеген.
Сай-салаң жұрттың жыр-әні,
Бұлағың күйдей шертілген.
Қыраның алғыр, қырағы,
Желтаудан ұшып желпінген.
Әсемдеп Тәңір қалаған,
Сыры бар Сендік тастың да.
Төсінде жортқан абадан,
Тағдыры табан астында.
Осындай ғажап өлкенің,
Сұлуы таймас ғұрпынан.
Үр қызы сүйер еркегін,
Қар қызы ғашық сыртынан.
Шабытты шыңнан шақыртып,
Өлең отына шарпылғам.
Шөгетін атан, ат үркіп,
Найзатас-сенің нарқыңнан!