Бүгінгі таңда өңірдегі денсаулық сақтау саласы қарқынды дамуда десек, артық айтқандық болмас. Қалалық, облыстық емханалардан бастап, ауруханаларға дейін жаңа медициналық технология енгізілуде, жаңа медициналық нысандар салынып, пайдаланылуға берілуде. Осы орай журнал тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМУРЗИЕВАҒА жолығып, аталмыш саладағы өзгерістер туралы айтып беруін өтінген-ді.
АНТИОГРАФИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ҚОЛДАНЫСҚА ЕНДІ
– Мәншүк Құдайбергенқызы, сіздің денсаулық сақтау басқармасына басшылық қызметке келгеніңізге жылға жуық уақыт өтті. Не істеліп, не тындырылды? Ойға алған шаралардың алғашқы нәтижелері туралы не айтар едіңіз?
– Өткен жылы өңірдегі медицина саласында тындырылған шаруалар баршылық, біраз жұмыстар атқарылды. Оң өзгерістер де жоқ емес. Соның бірқатарына тоқтала кетейін. Атырау облыстық ауруханасында ангиографиялық технология қолданысқа енді. Ендігі кезекте науқас жандар сәулелі түсірілім арқылы емдеу жүйесімен сырқатынан айықпақ. Мұның тиімділігі орасан зор. Инновациялық технология бағдарламасын енгізу мақсатында медицинада 2016 жылдың желтоқсан айында облыстық ауруханаға қаражат бөлініп, оған көп функционалдық аппарат орнатылды.
Бірінші кезекте ангиографиялық аппарат «SIEMENS» инсульттік науқастарға жоғары технологиялық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мәселен, қозғалыс қимылы баяулап, қан тамырлары тарылып, науқасқа қиындық туғызған кезде, диагнозын дөп басуға септігін тигізеді. Болашақта денсаулығы сыр берген науқас жандар осы аппарат арқылы облыстық ауруханада жатып емделмек.
- Ангиографиялық аппарат қолданысқа енгізілгелі бері қандай да бір нәтиже бар ма?
– Әрине. Жаңадан жұмысын бастаған аппаратпен 364 науқас жедел ишемиялық миокардқа коронарлық ангиографияның көмегіне жүгінсе, 17 адамға бас және мойын тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы жасалды. Сондай-ақ, дерті дәндеп қиналған 37 жанға кіші жамбас қан тамырларының, жатыр артерияларының эндоваскулярлық эмболизациясы отасы жасалды. 19 науқасқа бас және мойын ыдыстарының эндоваскулярлық стеттеу операциялары ойдағыдай жасалды. Атауы шетелдік болғанымен, қазаққа тигізер пайдасы өте мол.
Айта кету керек, бұған дейін тың әдіс республикамыздың өзге қалаларындағы медициналық-емдеу мекемелерінде қолданылып жүрсе, енді Атырау жұртшылығы да жаңа технологияның игілігін көрмек. Жыл сайын облыстық ауруханада осы ангиограф жүйесімен бір мыңға жуық жоғары мамандандырылған оталар жасалынып, зерттеу жұмыстары сәтті жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау жүйесіндегі бұл жаңалық тұрғындар үшін қуанышты жағдай екендігі даусыз.
Кадр тапшылығы –өзекті
– Жуырда ғана өңірге іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары денсаулық сақтау саласы қызметімен де танысуға мүмкіндік алды ғой. Кадр тапшылығына да көз жеткізген шығар?
– Ия, жуырда Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев бастаған бір топ халық қалаулылары облыс орталығындағы бірқатар маңызды медициналық нысандарды аралап, нақты жағдаймен танысты. Облыстық периниталдық орталықта, қалалық перзентханада, облыстық балалар ауруханасы мен № 3 қалалық емханасында болып, дәрігерлермен, науқастармен жүздесіп, мекемелердің тыныс-тіршілігіне қанықты. Өңір медицинасы кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибелі кадрларға зәру. Қазірдің өзінде облыста түрлі мамандықтар бойынша 92 дәрігер жетіспейді. Бұл өзекті мәселені шешудің түрлі жолдары қарастырылуда. Облыстық әкімдік арқылы Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы медициналық жоғары оқу орындарына түскен студенттерге әкім грантын тағайындау, жоғары курстарда оқытын болашақ мамандарды жұмысқа шақыру, материалдық қолдау көрсету, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясындағы жеңілдіктерді жүзеге асыру шаралары алынуда.
–Ана мен бала өмірін сақтау жайы қалай? Алдыңғы жылмен салыстырғандағы көрсеткіш деңгей туралы не айтар едіңіз?
– Өткен жылы аймақта екі ана баласын жарық дүниеге әкелу жолында өмірден өтті. 2016 жылы облыста бір жасқа дейінгі 109 шақалақтың қайтыс болуы тіркелген болатын. Биыл сәби өлімі азайса да, өткен жылғы жағдай бұл саладағы жұмыстың жақсаруын талап етіп отыр.
Дейтұрғанмен, өз денсаулыққа салғырт қарап, уақытында дәрігерге барып тексерілмей, саулығынан кінәрат табыла қалса, дәрігерді қаралай жөнелетіндер де бар. Тіпті перзентханаға бармай-ақ, сәбиді үйден дүниеге әкелетін аналардың саны 100-ге жетіп жығылады. Бұл дәрігердің жетіспегенінен немесе перзентхананың жоқтығынан емес. Жас аналардың мұндай көзсіз қадамға баруы деструктивті діни ағымның жетегіне ілесіп, наным-сенімінің нәтижесіндегі орын алып отырған келеңсіз жағдай. Тіпті соңғы кезде өңірде өз бүлдіршіндерін түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін екпеден бас тартатын ата-аналардың қатары көбейді. Жаңа туған балаға вакцина салдырудан үзілді-кесілді бас тартқандардың саны 16%-ға өсуі бұған дәлел. Ересектер арасында да діни танымнан бөлек, дәрігерге сенбеушіліктен екпе салғызбайтындар бар. Ғаламтор мен баспасөз беттерінде қаптап кеткен түрлі дәлелі жоқ ақпараттармен санасы уланған азаматтардың бұл әрекеттерін қалай түсінуге болады? «Вакцина салдырып едім, балам сал болып қалды», -деген шындығы жоқ жалған дақпырттар екпе салуға деген халықтың сеніміне күдік ұялататыны жасырын емес.
Жаңа жылдағы жаңа өзгерістер
- Жыл басталғалы денсаулық сақтау саласында қандай жағымды жаңалықтар бар? Немесе қандай медициналық-әлеуметтік нысандар қолданысқа берілді?
– Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі үшін психикалық денсаулық қызметін ұйымдастыру – орындалуы тиіс басым бағыттардың бірі болатын. Соған сәйкес Атырау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 11 қаңтардағы «Кейбір коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру туралы» қаулысына сәйкес «Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығы» мен «Атырау облыстық наркологиялық диспансері» біріктіру жолымен Психикалық денсаулық орталығы болып қайта құрылды. Соған сай облыстық денсаулық сақтау басқарма басшылары мен мамандары, облыс психиатриялық және наркологиялық ұйымдардың ұжымымен кездесу өткізіп, түсінік жұмыстары жүргізілді. Наркология бойынша–13, психиатрия бойынша 18 дәрігер қайта даярлықтан өтіп, біліктілігін арттырды.
Көктоғайда – дәрігерлік амбулатория
Тағы бір жағымды жаңалық – Индер ауданындағы Көктоғай елді-мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп, тұрғындар қуанышқа кенелді. Аталмыш амбулаторияда жалпы тәжірибелік екі дәрігері, он бір орта буын қызметкері жұмыс жасайды. «Денсаулық» бағдарламасына сай жұмыс жоспары жасақталып, сапалы медициналық көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, дәрігерлік амбулатория жаңа заман талабына сай интернет жүйесіне қосылған бес компьютер пайдалануға берілді. Мұнда жеті төсектік күндізгі стационар жұмыс істейді. Дертіне дауа іздеген жанға шипа беретін бұл орталықтың денсаулық сақшылары халық игілігі жолында қызмет етуде.
Гемодиализ орталығы
Бүйрек ауруы – бүгінгінің басты уайымы. Сол себепті облыс орталығы мен Құлсары қаласында Гемодиализ орталығы ашылды. Гемодиализ – бұл қанды бүйректен тыс тазартуға арналған әдіс. Ол заттарды жартылай өткізгіш мембрана арқылы енгізу қағидатына негізделген және қандағы токсикалық заттар мен метаболизм өнімдерін жоюға мүмкіндік береді. Таңғы сағат 8.00-ден жұмысын бастайтын бұл орталық екі ауысымда күніне 20-25 науқасты қабылдап, ем жүргізеді.
Осындай медициналық орталықтың ашылуына бүйрек ауруы маза бермейтін науқастар санының күрт өсуі мен аппараттардың ескіруі себепкер болды. Орталық Швеция мен Германиядан әкелінген жаңа 11 құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Мұнда екі кабинет бар: бірі жалпы науқастарға, екіншісі вирусты гепатитке шалдыққан жандарды емдеуге арналған. Сондықтан бүйрек жүйесі бұзылған сырқаттар осында келіп көмекке жүгінбек. Айта кету керек, халыққа керекті ғимаратты мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында бір компания өз қаражатына салдырды.
Цифрлық технологияның көмегі
– Қазір бірнеше сала цифрлық технологияға мойын бұра бастады. Елбасымыз да өзінің кезекті Жолдауында «цифрлы технологиялар арқылы медициналық көмек көрсетудің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру керектігін» атап өтті. Өңірде бұл тапсырма қаншалықты орындалып жатыр?
– Бүгінде «Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру» жобасы бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық жүйе енгізіп, бірқатар жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін компьютерлік техникамен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды (өткен жылы 1584 компьютер сатып алынды). Ұйымдардың интернет желісіне қолжетімділігі қала мен аудандар бойынша 100% құрайды. Медициналық және Фельдшерлік-акушерлік пунктерде интернет желісі тартылмағандығы болмаса, барлық емханаларда мобильді қосымшасы бар электрондық кезек жүйесі енгізілген. Қаланың алты емханасы, Геолог емханасы, облыстық балалар ауруханасы мен облыстық аурухана ғимаратында толықтай өз жұмысын атқарып тұр. Өткен жылдан бастап облыстағы 32 медициналық ұйымда «ҚазМедИНФОРМ» аймақтық ақпараттық-талдау медициналық ұйымдар арасында зерттеу, ауруханаға жатқызу, консультациялық қабылдау, қашықтықтан кеңес алу үшін электронды форматта жүргізуге мүмкіндік береді.
– «Электронды кезек» жобасы туралы айтып кеттіңіз. Бұл жоба тұрғындарды шынымен де ұзын-сонар кезекте тұрмауына септігін тигізе ме?
– Солай десе де болады. «Электронды кезек» жобасы – «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған. Басты мақсаты – емханалардағы келеңсіз кезек пен қолайсыз жағдайларды болдырмау. Қазіргі таңда 9 медициналық ұйымда ұзын-сонар кезектің орнын электронды кезек алмастырған. Бұл жобаны Атырауға әкелуші–жас кәсіпкер Антон Скрамовский. Жоба авторы электронды кезекті бұған дейін Орал өңірінде енгізген болатын. Аталған кезектің нәтижесінде тұрғындар арасындағы арыз-шағым 70%-ға дейін азайғандығы белгілі болып отыр.
Мұның тағы бір тиімділігі – электронды кезек пилоттық жобасы арқылы үйде отырып куәлікке қол жеткізесіз. Ақпараттық технологияның қарыштап қанат жаюының нәтижесінде кәдімгі қолыңыздағы телефон хабарламасы арқылы бөбегіңіздің туу туралы куәлігін ала аласыз. Ол үшін босанған әйелдердің уақытылы, сапалы және ыңғайлы қызмет алу үшін Тіркелген халық тіркеліміне уақытылы, яғни бір тәулік ішінде салып отыру қажет. Бір реттік мемлекеттік төлемді, ай сайынғы төлемдерді үйінде отырып рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмысты дұрыс ұйымдастыру үшін барлық участкелік дәрігерлер тіркеуде тұрған жүкті әйелдерге Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мобильді үкімет порталына тіркелуін міндеттеу қажет. Атырау қалалық жедел жәрдем бекетінде жаңа «АДИС» (Автоматтандырылған диспетчер ақпараттық жүйесі) енгізіліп, қазіргі таңда толықтай қамтамасыз етіліп, халық үшін қызметтер атқарылуда. Облыс бойынша денсаулық сақтау мекемелерінің барлығы дерлік ақпараттық жүйемен қамталған. Ал, біз үшін халық игілігі жолында қызмет ету – зор мәртебе.
– Әңгімеңізге рахмет!
Нұргүл ҚАЛИМОЛДА