Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздің жаңа үлгідегі Мемлекеттік Елтаңбасы қолданысқа еніп отыр. Осыған орай техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Салтанат Камешеваға толғандырған сұрақтарымызды қойып, әңгімелескен едік.
– Салтанат Ғазизқызы, ширек ғасыр қолданыста болған Мемлекеттік Елтаңба ауыстырылып жатыр. Жаңа үлгідегі Елтаңба қандай болады?
– Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас бөлігінің бірі. Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның өзіндік ұлттық стандарттары бар. Елтаңбаның бұрынғы нұсқасы 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін қолданылылып келді.
Жаңа стандарт бойынша Елтаңбаның түсі өзгертілді. Атап айтқанда, тұлпардың айдары, көзі, кеңсірігі Елтаңбаның қырында орналасқандықтан, анық көрінбеген еді. Жаңа Елтаңбада әр элементтің пропорционалды орналасуы қарастырылды. Осыған орай бұған дейін Қазақстан Республикасының СТ 989 – 2008 бойынша дайындалған Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру қажеттігі туындайды. Бірнеше мемлекеттік мекеме 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа стандартқа көшіп жатыр.
Рәмізді ауыстыру жөнінде мемлекеттік қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 2014 жылдың мамырында ҚР СТ 989 – 2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» атты ұлттық стандартын бекітті. Жаңа стандартқа сәйкес, Елтаңба бедеріндегі әрбір бөлшектің атауы мен өлшемі нақтыланды. Біртекті бақылау тәртібі енгізілді. Тағы бір ерекшелігі – 3D нұсқасы. Бұл барлық өлшемдерін дәл шығарып береді. Одан басқа, Л-63 үлгідегі жез түсі рәмізді жарық, жылтыратып тұрады. Түс өлшемі – Lab 77*4*31.
Елтаңба сол стандарттарға сай болуы керек. Жалпы түстерді тексеру жұмыстары бұрынғыдай халықаралық Pantone атласымен емес, спектрофотометр құралымен тексерілетін болды.
– Бұл стандарттарды енгізу жұмысы 2010 жылы қолға алынып, Елтаңбаның түрі, түсі, пішіні өзгерді. Осы орайда, мемлекеттік рәміздердің өзгеруінің себебі неде?
– Оған басты себеп – бүгінге дейін Елтаңбаның түсі, көлемі әр түрлі болып келгендігі. Сонымен қатар, соңғы жылдары заңды және жеке тұлғалар, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар тарапынан Елтаңбаның сапалы жасалмай жүргендігі, пішіні, көлемі және техникалық талаптары 989-2008 ұлттық стандартына сай келмейтіндігі жөнінде шағымдар көбейіп кетті. Бұған қоса, олардың талапқа сай дайындалуына бақылау жасау жұмыстары жолға қойылмаған.
2014 жылы жаңа стандартты дайындаудың қажеттілігі туындады. 2008 жылғы стандартта детальдарға аса мән берілмеген еді. Жылдар өте келе кез-келген өнім ескіреді. Елтаңба да өзгерісті қажет етеді. Елтаңбаның жаңа 2014 жылғы стандартында әр элемент анық суреттеледі. Нақтылық бар. Бұл стандарт өндірушілер үшін де өте ыңғайлы. Әр деталь норма бойынша нақтыланған. Мемлекеттік Елтаңбамыз тек алтын түстес болады. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бай-қуатты тіршілік ұғымдарын танытып тұр.
«Қазақстан» деген жазу сәл қараңғыда да оқылуы үшін анық жасалған. Бұл үшін кемінде үш жылды құрайтын кепілдік пайдалану мерзімі көрсетілген және мұның өзі өндірушілердің сапалы өнім дайындауын міндеттейді.
Елдіктің нышаны – Елтаңба заманауи технологиялар көмегімен түрленеді. Елтаңбаның артқы жағында қай уақытта дайындалғаны, өндіруші мекеме туралы толық ақпарат қамтылады. Мемлекеттік Елтаңба стандартқа сәйкес келмесе, таңбалау бойынша дайындаған өндірушіні таба аламыз.
Республиканың Мемлекеттік Елтаңбасындағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді. Ол адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік Елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашан да ашық.
– Кейде мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда ескірген не жыртылған көк байрағымыздың ілініп тұратынын байқап қалып жатамыз. Мұндай олқылықтың жолын кесу үшін ұдайы бақылау жүргізілу керек қой. Сіз қалай ойлайсыз?
– Конституциялық заңдылыққа сәйкес мемлекеттік рәміздер талапқа сай дайындалғанын бақылаймыз. Заң бойынша, алдымен Ту, Елтаңба, содан соң Гимн жазылып тұруы керек. Егер жыртық Ту ілінсе, бұл – құқық бұзушылық. Себебі, заңға сәйкес Ту жыртылып, түсі оңып тұрмауы керек.
Сонымен қатар, қараңғылық түскен уақытта Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаға жарық түсіп тұруы тиіс. Мінекей, мұның бәрін, яғни, мемлекеттік рәміздердің орналасуын ішкі саясат басқармасы қадағалап отырады.
Жақында облыс орталығындағы мектептерде болып, Қазақстан азаматы ретінде жыртық Ту, ескірген Елтаңбаны немесе жарықтандырылмағанын байқаған жағдайда аталған мемлекеттік органға хабарласып, ескерту қажеттігін түсіндірдік.
– Облыстың мекемелері мен ұйымдары Мемлекеттік Елтаңбаны пайдаланудың жаңа стандарттарына көшіп болды ма?
– Бұл стандарт 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енді. Содан бастап кәсіпкерлер Елтаңбаны жаңалап дайындауда. Бірінші тоқсанда біздің департаментке 573 мемлекеттік рәміз, оның ішінде, 274 Елтаңба, 299 Ту тапсырылды. Әкімдіктер жаңа үлгідегі Елтаңбаны алды, бірақ, стандартқа сәйкес пе, жоқ па деген мәселемен біздің департаментке әкеліп, тексертуде. Сонымен қатар, бұйымды көзбен шолып қарау кезінде тек механикалық залалдарды (бүтіндігінің бұзылуы, ақаулар, ластанулар және т.б.) және элементтерінің толық болуын тексеріп қарауға болады.
Мемлекеттік рәміздердің сызықтық өлшемдерін және оның құрамдас элементтерін, түстер гаммасын және сипаттамалық беріктілігін ұсынылған үлгінің дайындалу әдісінің қолданылуына байланысты міндетті түрде зертханада талдануы керек. Бізде мұндай зертхана жоқ.
– Физикалық тозуына (ауа-райына) байланысты немесе стандарт талаптарына сәйкес келмейтін символ элементтерімен дайындалған мемлекеттік рәміздерді уақытылы ауыстырмағанда қандай шара қолданылады?
– Әкімшілік жазаға тартылады. Қорыта айтқанда, елдік еркіндігіміздің қасиетті белгілерін ерекше қадірлеуде тек мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар емес, әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнін қастерлеуі қажет. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеу Конституциялық Заңның шеңберінде, құқықтық негізде рәсімделген. Сондықтан, алдағы уақытта да мемлекеттік рәміздерді қолдану мен кеңінен насихаттау жұмыстары барша отандастарымыздың ортақ міндеті болып қала бермек.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Рита Өтеуғали,
Атырау қаласы.