Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында қазіргі заманғы бес институттық реформа, 100 қадам бағдарламасындағы жаһандық он сын қатердің бірі – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер екендігін атап, бұл туралы ел Үкіметі пен облыс әкімдеріне агроөнеркәсіп кешені саласын дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын.

Әсіресе, әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшылығына ұмтылыс жасап, ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру міндеті алдыңғы кезекке қойса, Атырау облысында Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында көптеген игі істер қолға алынып, іске асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарға Индер ауданында алғашқылардың бірі болып Ағеділ Шалхаров пен жұбайы Гүлшара Сабирова отбасы үн қосқан болатын. Бірінің мамандығы механик, екіншісі, инженер-технолог. Екі-үш жылдай бұрын Көктоғай округіне қарасты «Ақсай» каналы бойындағы «Шархат» қыстағын алып, «Алға-1» мал шаруашылығы кешенін ашуды ұйғарды.

Кешенді қаржыландырудың 49 пайызын Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, ал, қалған 51 пайызы Ағеділ Шалхаровтың құзырында болып белгіленген. Осы жобаға сәйкес, ӘКК кешен иесіне 10 жылға 6 пайыздық үстеме ақымен, кесте бойынша өтеу тәртібін белгілеп, несие беріп, жұмысын бастаған-ды.

Өткен жылдың мамырда облыс басшысы Б.Ізмұхамбетовтің өзі шұбат және қымыз өндіретін кешеннің ашылу салтанатына қатысып, бұл игі іске сәттілік тілеген болатын. Бүгінде апта сайын қаланың базарлары, дүкендері мен өзге де келісімшартқа отырған білім беру мен денсаулық сақтау мекемелеріне шипалы сусындар жөнелтіліп келеді.

Жалпы кешенде өнімді дайындаудың өзіндік жүйесі бар. Сауыншылардың күніне 4 рет сауған сүті арнайы 1 тонналық бөлек-бөлек қазанға жиналады да содан соң өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгіленген температурада қыздырылып, қайтадан суытылады. Осы жерде арнайы зертханада өнімнің сапасы тексеріліп барып, дайындалған құтыларға құйылады. Кешенде өнімді еш қалдықсыз өңдеу қарастырылған. Мұнда сүттен бұдан да басқа өнім түрлері дайындалады. Кешенде малды сауу мен бағудан басқа жұмыстың бәрі автоматтандырылған.

Ресейлік және италияндық технологиялармен жабдықталған кешенде бие мен түйелерді саууда жергілікті мал арасында өскен қызметкерлер тәжірибесінің қажеттігі айқын білінеді. Сондықтан да жұмыста ағайынды Бисенғалиевтардың еңбегі зор. Олардың өз ата-аналары да осы маңда шұбат пен қымыз дайындаумен айналысып жүргендеріне бірнеше жылдардың жүзі болды. Олар құлындар мен боталарды күтіп баптап, өріске жібереді, таң ата аулаға қамап, жем-шөбін беріп, күніне төрт мезгіл саууды ұйымдастырады.

Ауладағы бота мен құлындардың да күтімі ерекше назарда ұсталынады. Баршаға мәлім, әсіресе, түйе малына деген күтім ерекше қажет. Оның үстіне шаруашылық басшысы Маңғыстау облысынан 33 нар сатып алып, бұл бағыттағы жұмыстың өрісін одан кеңейте түсуде.

Айдаладан осындай электрлендірілген сүт өнімдерін өңдейтін кешен тұрғызу жеңіл шаруа емес, әрине. Оны «Алға-1» мал шаруашылығы кешенінің жетекшісі Ағеділ Шалхаровтың өзі де жасырмайды.

– Облыс әкімінің қолдауымен «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында «Атырау ӘКК» арқылы 10 жылға 6 пайызбен 110 млн. теңге несие алдым. Бұған өз қорымнан 115 млн. теңге қосып, осы жобаны жүзеге асыруға тәуекел еттім. Біз тәулігіне 210 литр шұбат пен 1800 литр қымыз және жылына бір тонна жылқы, 735 келі түйе етін өндіруді жоспарлап отырмыз. Болашақта өнім көлемін арттырып, оны Ресейге, алыс шетелдерге шығару ойдағы іс. Бұл жерде халықаралық интеграцияның біз үшін пайдасы зор болмақ, – дейді ол.

Серіктестік алған несиесіне 142 жылқы және 40 бас түйе сатып алса, «КазТехПромСервис» ЖШС-і арқылы қымыз, шұбат құятын құтыларды дайындайтын қондырғыларды да алып орнатты. Осылайша, ұлттық тағамның өрісін кеңейтуді көздеген шаруагер ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік қолдаудың жетілдірілуіне орай пайдаланылған суға, басқа да өнімдерге субсидия алуға қол жеткізе бастады. Сөз жоқ, мұның өзі де шаруагерді жаңа биіктерге жігерлендіруде.

Сол секілді осы қолдаудың арқасында орталықтан он бес шақырым жердегі кешенге табиғи газ желісі тартылды. Бүгінде осы орталық сәулетті үй, жаңа үлгідегі аула-қоралары, сүт өнімдерін өңдейтін цехы, бау-бақша алқабы бар үлкен бір мекенге айналды десе де болады.

Ауданда ашылған қымыз бен шұбат өндірісі халықтың бүгінгі сұранысына да сай келіп отыр. Серіктестік одан басқа өткен жылы фьючерстік әдіспен несиеге картоп алып, оны егумен айналысты. Жылма жыл оның да көлемі біртіндеп өсуде. Алдыңғы жылдары егістік алқаптың көлемін 31 гектарға дейін жеткізуді, сөйтіп, картоп, көкөніс және бақша өнімдерін егіп, оны аудан халқына қолжетімді бағамен сатуды ұйымдастыруды межелеп отырған жайы бар.

Кешенде өндірген құтыға құйылған шұбат пен қымыз, айран, кілегей, сүт, ет, тағы да басқа өнімдер Астанада өткен жәрмеңкеге қойылып, Сарыарқа төріндегі қалың жұртқа деп жетіп үлгерді.

С.ХАЛЫҚОВ