Атырау облысында бүгінгі таңда 10-нан астам жүйеқұраушы кәсіпорын тіркелген. Ірі кәсіпорындардың жұмысшылары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылған. Дегенмен жыл басынан бері 1000-ға жуық жұмыскердің түрлі себептермен медициналық сақтандыру мәртебесін жоғалтқаны мәлім болды.

Бұл туралы ӘМСҚ Атырау облысы бойынша филиалы қызметкерлерінің ірі кәсіпорындарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесуі барысында айтылды. МӘМС жүйесі жұмысшылардың денсаулығын қорғауды және медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді. Жүйенің тиімділігін арттыру мақсатында кәсіпорындардағы жұмысшылар арасында белсенді ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қор филиалының халықты ақпараттандыру және арыз-шағымдарды қарау бөлімінің мамандары бұл күндері «Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Атырау облысы бойынша департаменті», «Сенімді құрылыс» ЖШС, «SICIM KAZAKHSTAN» ЖШС, «ДЕНХОЛМ-ЖОЛДАС» ЖШС сияқты сынды ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесіп, өзекті сұрақтарына жауап берді.

Кездесулер барысында жұмысшыларға медициналық сақтандырудың маңыздылығы мен оның артықшылықтары түсіндіріліп, жұмысшылардың сақтандыру мәртебесінің тұрақты түрде сақталуына ерекше көңіл бөлінді.

Жалпы, Атырау облысы бойынша халық саны 708 мың адамды құрайды. 592 мыңға жуық азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Оның ішінде 400 мыңнан астам тұрғын жеңілдік санатында. Ол азаматтар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлеуде.