«Әлеумет – қоғам айнасы»
шығармашылық байқауына
Қоғам – кез келген мемлекеттің дамуына тікелей әсер ететін әуелгі фактор екені белгілі. Ал дамушы мемлекеттің қоғамы қандай болуы керек? Ұлттық деңгейдегі стратегиялық маңызы аса жоғары сауал. Барлық салаға кадр дайындайтын ол білім беру саласы десек, білімнен де жоғары тұратын бір құбылыс бар. Ол әрине ғылым. Соның ішінде, өскелең ұрпақты нақты ғылыммен айналысуға ынталандыру, қолайлы жағдай жасау, ғылымды мемлекет пен бизнес ынтымақтастығының негізгі атрибутына айналдыру экономиканы әртараптандыру саясатының алғышарты екендігі сөзсіз. Бұл ретте Қазақстан қоғамы алдындағы жауапкершілігін іске асырып келе жатқан әлемдегі ең алпауыт корпорациялардың бірегейі – «Шеврон» компаниясының Атырау облысындағы әлеуметтік жобасы мен ғылымды байланыстыра сөз өрбітсек дейміз.
Алдымен кейінге көз тастайтын болсақ, осыдан 31 жыл бұрын, дәлірек 1993 жылы сәуірде «Шеврон» компаниясы алғашқы ірі халықаралық инвестор ретінде бұғаудан енді босаған егеменді жас мемлекет – Қазақстан Республикасымен Теңіз кен орнын игеру үшін «Теңізшевройл» (ТШО) бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойды. Шүбә жоқ, бұл – сол кезеңде ел басшылығы тарапынан жасалған тәуекелге толы тарихи батыл қадам еді.
Дүниежүзіндегі ең ауқымды инвестициялық серіктестіктің бірі «бізге не берді» деген заңды сұрақ туындайды. Сандарды сөйлетейік. Қазіргі уақытта ТШО-ның 50%-ы «Шеврон» меншігінде. Корпорация Қарашығанақ жобасына қатысу үлесіне ие, Каспий құбыр консорциумында ірі жеке акционер және Атырауда полиэтилен құбырлары зауытын басқарады.
Өз кезегінде тікелей мемлекетке түскен «пайда» келесідей. 1993 жылдан бері ТШО Қазақстан Республикасына қаржылық төлемдер түрінде 176 миллиардтан астам АҚШ долларын құйды, оның ішінде 43,6 миллиардтан астамы – жергілікті тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуге жұмсалды. Тек 2022 жылдың өзінде «Теңізшевройлдың» ел экономикасына тікелей қаржылық төлемдері рекордтық 14,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Тұтастай алғанда, «Шеврон» сияқты ірі инвестор – ең бірінші кезекте ірі бизнес, ал ірі бизнес – ол көлемді салық пен жұмыс орындары. Осыны ескерген жөн.
Өз басым Атырау өңірінің тумасы және тұрғынымын. Былайша айтқанда, жерасты қазба байлығы халқы үшін бағы да, «соры» да болып отырған экологиялық апатты аймақты бес саусағымдай болмағанмен, бес балдық жүйемен бағаласақ «төртке» білемін деуіме болады. Ия, біз шынымен де экологиялық апатты жағдайдағы өңірміз. Оны жасыра алмаймыз. Әйтсе де, бұл бағытта мемлекет пен өндірістік орындар, бұқара тарапынан атқарылып жатқан қоршаған ортаны қорғау шаралары аз емес. Ол жөнінде тарқатпасақ та болатын секілді. Ал қоғамның айнасы саналатын әлеуметтің әлеуетін көтеру ісі «Шевронның» қызмет түрлерінің негізгі тармағы саналады.
Сөзіміздің әлқиссасында білім-ғылым жайын бекер қозғамадық. Бұл тақырып – қай даму сатысындағы мемлекеттің азаматтары үшін де өзекті. Өйткені, ғылыми технология бір орында тұрмайды, ұдайы космостық жылдамдықпен ілгерілей береді. Оған ең құрығанда ілесіп отыру, міне минималды міндет. Бір өкініштісі – статистикалық мәліметтерге сүйенсек, білім сапасы бойынша республикамыз дүниежүзіндегі 93 мемлекеттің ішінде 60-тың ар жақ-бер жағында жүр. Атырау облысы бұл көрсеткіш бойынша республикада көштің соңғы жағында. Абырой емес. Не істемек керек? Не істеліп жатыр? Жалпы сұрақтан жалқы жауапқа көшіп, осы негізде «Шевронның» қолдауымен Атырау облысы, Жылыой ауданында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың бірі – «Жылыой STEAM мекені» жобасы жөнінде қаузап көрейік.
Жылыой – Атырау өңіріндегі жеті ауданның бірі. Облыс орталығын айтпағанда, аумағы және халқы саны тұрғысынан ең үлкен аудан. Және Атырау қаласынан кейін облыстағы екінші қала мәртебесіне ие шаһар да (Құлсары) дәл осы Жылыойда орналасқан. Теңіз кен орны да осында. Жергілікті халық жақсы біледі, Жылыой сондай-ақ қылмыстық заң бұзушылықтарымен аты шыққан өңір. Әсіресе, жастар арасында төбелесу, бірін бірі өлтіру фактілері соңғы жылдары жиілеп кетті. Сол үшін де «Жылыой STEAM мекені» сынды ғылыми жобалар ешуақытта маңызын жоймайды.
Жалпы STEAM (Science, Technology, Engineering, Art and Mathematics) ұғымы – қоғам, тіпті мұғалімдер үшін әлі де жат. Оны мойындау керек. Қарапайым тілмен жеткізсек, бұл ғылымды, технологияны, инженерлік ғылым мен математиканы біріктіретін білім берудің бағыты мен әдісі. Аталмыш тәсіл теориялық және қолданбалы дағдыларды біріктіруге негізделген. Ал Zhylyoy STEAM Mekeni – «Теңізшевройл» компаниясы қолдауымен Атырау облысының Жылыой ауданы және Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Боранқұл ауылында STEAM білім беруді дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жоба.
Жоба қазірдің өзінде аймақтағы STEAM (ғылым, технология, инженерия, өнер, математика) саласының жетілу деңгейіне зерттеу жүргізді, оған 6000-нан астам адам, оның ішінде 23 мектеп әкімшілігінің өкілі, оқытушылар, студенттер және олардың ата-аналары қатысты. Жоба аясында Құлсары қаласындағы №8 мектепте ауданы 115 шаршы метрді құрайтын STEAM зертханасы құрылып, Боранқұл ауылындағы мектептерге діңгек жәшіктері орнатылды. Зертхана заманауи STEM жабдықтарын пайдаланатын химиялық-биологиялық және физика-математикалық кешендермен, сондай-ақ халықаралық FIRST байқауының стандарттарына сәйкес келетін робототехника секторымен жабдықталған. Облыстағы барлық оқытушылар мен студенттердің пайдалануына ашық және қазірдің өзінде нәтижелерін бере бастады. Мәселен, сәуір айында халықаралық FIRST байқауы аясында робототехника бойынша аймақтық Хакатон өткен. Хакатон дегеніміз – бағдарламалау тілі, операциялық жүйе, қолданба, бағдарламалау интерфейсі (API) сияқты спецификалық мамандық өкілдерінің бір уақытта бір миссия төңірегінде біріге әрекет етуі. Осы іс-шарада жоғары деңгей көрсеткен Құлсары қаласының командалары республикалық кезеңге жолдама алды.
Аталмыш Құлсары қаласы №8 мектебінің информатика, робототехника пәні мұғалімі, STEAM зертханасының жетекшісі Нұрсәуле Төлеуовамен азғантай сұқбаттасудың сәті түскен еді. Оның айтуынша, жобаның ең басты мақсаты – аймақтағы STEAM білім беруді дамыту және жергілікті тұрақты STEAM қауымдастығын құру. «Мақсатқа жету жолында ұстаздар STEAM әдістемесі бойынша білім алып жүр. Оқушылар ғылыми жобалар жасауға машықтанып келеді. Жоба аясында екі тобымыз халықаралық жарысқа қатысып келді. Біріншісі, «Merge» балалар командасы Алматы қаласындағы Haileybury School жеке мектебінде өткен FIRST Lego Championship жолдастық турниріне қатысып, «Core values» жүлдесін жеңіп алды, ал екінші «E=mc(2)» атты командамыз Астана қаласында өткен PRO.NRG FEST фестивалі аясында FIRST Global Challenge халықаралық жарысында «Judge Awards» жүлдесіне лайық деп танылды дейді» зертхана жетекшісі.
Одан бөлек, зертханада түрлі шеберлік сыныптары, ашық сабақтар өтеді. Құлсары қаласында және Боранқұл ауылында «Zhylyoy STEAM CAMP» жазғы лагерлері ұйымдастырылған. Лагерьде балалар STEAM әдіснамасы аясында зерттеу жұмыстарымен айналысады. Бұл әдістеме практикалық дағдыларды игеру мақсатында балалардың жазғы кезеңде зерттеу және шығармашылық қабілеттерін шыңдауына арналған. Сондай-ақ, зертхана қызметінің тағы бір нәтижелері – 7-11 сынып оқушыларына арналған білім беру STEAM бағдарламасы жүзеге асырылды, зертханаларға арналған бақылау-өлшеу материалдарының оқу-әдістемелік кешені әзірленді және облыстағы 23 мектеп мұғаліміне ай сайынғы біліктілікті арттыру курстарын өткізуге мүмкіндік пайда болды. Бұл тереңдетілген STEAM курстары аймақтағы мұғалімдер қауымының кәсіби құзыреттілігін арттыруға қомақты үлес қосары анық.
Сайып келгенде айтпағымыз, қайткен күнде де ғылым біздің көкте көкжиегіміз, жерде темірқазығымыз болуы тиіс. Әйтпесе, қазіргідей әлеуметтік желінің ыртың-жыртың күлкісі мен белден төмен көрінісі ұлтымызды ұшпаққа шығармайды. Зер салар болса, «Әлеуметтік желі» деген тіркестің негіз сөздері – «әлеумет», «желі». Әлеумет қандай болса – желі сондай болады. Себебі әлеумет – қоғам айнасы…
Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,
Атырау облысы