Қоғамның бүгінгі келбеті – ертеңгі тарих. Тарих сол үшін де қажет. Тарих – ол адам, ол оқиға, ол кеңістік, ол еңбек пен ерлік. Осылардың басы біріккен кезде тұтас дәуірдің тарихы қалыптасатыны сөзсіз. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген дана Әбіш. Қазақтың басына бақ болып қонған ең үлкен жерасты байлығы – ол мұнай. Ең үлкен жерүсті байлығы – «қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дейтіндей ұлағатты ұл-қызы. Келтіргенімдей, тарих – мұнай – адам. Демек, мұнай тарихындағы айтулы адамдар ғой айтпағым. Соның ішінде, өткен ғасырдағы қазақ мұнайының корифейлерінің бірі Асабай ХИСМЕТОВ хақында аз-кем әңгімелесем деймін.

Талай марғасқалардың алғаш табаны тиген Атырау шаһарының маңында бүгінде Қайыршақты атты елді мекен бар. Теңдік деп те жатады. Кезінде балықшылар колхозы болған. Қарт Каспийдің қос бүйірінде маңғаз көсілген бұл ауылда Асабай Хисметов 1928 жылы дүниеге келген-ді. Әкесі Ақтөреш балықшы, малшы болған қарапайым еңбек адамы. Зағипа анасы да бала-шағаны жетілдіру жолында үй шаруасында қам қылған кісі. Асабай көпбалалы жанұяда тәрбиеленді. Сабыр, Біләл, Сәлім, Қуандық, Қанзиба, Қанзила, Ұмсындық, Қымбат, Ұлмекен есімді өзінен өзге тоғыз бауырын, барлығы он баланы Ақтөреш ата мен Зағипа әжей ешкімнен кем қылмай өсірді.

Баланың бесіншісі Асабайды үйіндегілер Асатаяқ деп еркелететін. Оның да алдыңғы толқын ағаларына сүйенгендіктен адымы анық болатын. Әсіресе, бұның жүріс-тұрысы мен тәрбиесіне Сәлім ағасы жіті мән беріп, қамқорлығына алды. Сәлім кейін мұғалімдік қызметте бола тұра майдан шебіне аттанып, 1944 жылы елге оралады. Алдыңғы жұмысын кері қолға алғанмен де, 1946 жылы Мәскеуде білімін жалғастырмақ болып, інісі Асабайды да сол жылы И.М.Губкин атындағы мұнай және газ өнеркәсібі институтына бірге әкетеді. Осылайша 1951 жылы бір топ жас инженерлер дипломдарымен ауылдарына қайтады. Олардың қатарында Сағидолла Нұржанов, Сәлімжан Асылханов, Аққуан Кемелов, Қонысбай Алдақов, Бақтыбай Есенғалиевтерді атап өткен абзал. «Алғашқы қарлығаштар» саналатын бұл өрімдей жастардың есімі кейін қазақ мұнайы тарихының бедерінде алтын әріппен жазулы қаларын кім болжаған?

Асабай Хисметов, Халел Өзбекқалиев, Сағидолла Нұржанов. Мәскеу, 1949 жыл.

Кейіпкеріміз 1951 жылы Құлсары бұрғылау кеңсесіне қарасты «Қызылқұдық» барлау тобына аға инженер болып қабылданып, қилы да сыйлы еңбек жолындағы тарауларының алғашқы бөлімдеріне кезек береді. Бұл кезеңде салада мұнай алынатын қабаттардың айналасына су, газ, сұйықтық айдау арқылы өнімді көбейтіп, үлкен қысыммен мұнай қабаттарын жару жұмыстары жүргізіліп жатқан-ды.

Нәтижелі қызметімен көріне бастаған оны 1953 жылы №2 Опорный мұнай барлауына аға инженер ретінде жолдап, ол осында екі жылдай еңбек етті. Осы жылдары Оңтүстік-Шығыс Ембінің мұнайлы аймағын барлауға қатысса, 1955 жылы Құлсары бұрғылау кеңсесінің өндірістік-технкиалық бөліміне аға инженер ретінде орналасып, мұнда екі жыл маңдай терін сарп етті. Аты аталған кеңсені ол тұста қазақтың тұңғыш тау-кен инженерлерінің бірі Рахымжанов Сағындықов басқаратын. Асабай Ақтөрешұлы белгілі геолог-барлаушының үлгілік мектебінен біраз сабақ алды, онысын кейін кәдеге жаратты.

Өмір толқыны бізді қай жағаға әкеліп тірейтіні қашан да жұмбақ. Асабай Хисметов те осынау қасаң қағиданың бұлтартпас заңдылықтарымен Құлсарыдан маңғаз Маңғыстаудың бұрғылау кеңсесіне қалай аттанып кете барғанын өзі де сезбей қалды ма екен? Иә, 1958 жылдан бастап бас инженерлікке кіріскен бұл қызметі оның өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі болғандығына шүбә жоқ. Қалың уайымға салынып, қалай да Маңғыстау жерінде мұнай-газ өнеркәсіп кешенін салу, Жетібай, Ералы, Өзендегі жұмысшы поселкелерінің ісін ілгерілету, жылына мыңдаған тонна өнімді шет елдерге тасымалдау, жер астындағы мұнай қорын көбейту үшін Кавказ бен Башкирия, Татарстан, Мәскеуден білікті бұрғышы мамандар шақыру. Бұлардың барлығы Асабай мырзаның инженерлік бағыттағы ұйымдастырушылық қабілетін жоғары деңгейде дәлелдеуіне мүмкіндік берді.

Атышулы “Теңіз” кенішіне басшылар тікұшақпен келіп жетті. Солдан оңға: Е.Махамбетов, Б.Сағынғалиев, Т.Имандосов, А.Хисметов. 1975 жыл.

Әйтсе де, «Есің барда елің тап» дегендей, дүниенің қай бұрышына жерұйық іздеп кетсеңіз де, уақытылы туған топырағыңа оралу да керек шығар. Сол керектің жолында А.Хисметов 1972 жылы Атырауға ат басын тіреп, «Ембімұнай» бірлестігіне қарасты Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының тізгінін ұстамаққа бел буды. Аталмыш міндетті ол соңғы деміне дейін асқан абыроймен атқарып, халықтың жадында елеулі еңбегімен, жарқын бейнесімен сақталып қалды. Тек «Әттеген-ай» дегізетін – 1986 жылғы Теңіз кен алаңындағы №37 ұңғыма өртінің салдары еді. Аталмыш оқиғадан соң ол жұмыстан босытылып, кеудесін кернеген өкініште қалғаны ащы болса да шындық, айтылуы тиіс ақиқат.

Етек-жеңімен су кешкен қарапайым балықшылар отбасында өсіп-өніп, есейе келе тұтас елдің экономикасының күретамыры саналатын мұнай саласының қалыптасып, өркендеуінде қасық қаны қалғанша қалтқысыз қызмет қылған Асабай Ақтөрешұлы көзі тірісінде өңіріне «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерін тақты. Бақилық болғаннан кейін оған Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы мен «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы бұйырды. Әрине, мінберлерден атойлап атын атау үшін бұл марапаттар да керек шығар. Алайда, «Халық – Құдайдың екінші аты» екенін ескерсек, бүгінде жүзжылдықты еңсерген «Ембімұнайгаз» АҚ-ның қалыптасуының, тарихының бастауында тұрған Асабай Хисметов секілді қайраткерлердің есімі елінің есінде екендігін еш именбей айта алатынымызға сенім мол…

 

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау облысы