«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалы 2024 жылға арналған медициналық қызметтерді орналастыру рәсімін аяқтады. Оның қорытындысы бойынша өңірдегі өнім жеткізушілер арасында 72 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді.

«2024 жылдың 31 қаңтарындағы жағдай бойынша Қор филиалымен медициналық көмектер көрсетуге 72 млрд теңгеден астам сомаға 90 денсаулық сақтау саласының субъектілерімен келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар 81 субъект қазірдің өзінде 9 млрд теңге сомасына аванстық төлемді алып отыр» – деп тоқталып өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Газизов.

Мәселен, ағымдағы 2024 жылдағы медициналық қызметті сатып алу жоспарына сай Атырау облысы бойынша медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті бойынша 76 млрд теңгеден астам қаражат көзделіп отыр, соның 31,9 млрд теңгеден астамы МӘМС бойынша қарастырылған. 2023 жылмен салыстырғанда шығыстар 14 %-ға өсті. Салыстырар болсақ, облыс бойынша 2023 жылғы сатып алу жоспары 70 млрд теңгені құраған болатын.

Өңірде стационарлық көмекке шамамен 14 млрд теңге, алғашқы медициналық-санитарлық көмекке 20,1 млрд теңге, консультациялық-диагностикалық көмекке шамамен 13,5 млрд теңге, онкологиялық көмекке 3,7 млрд теңге, жедел медициналық көмекке шамамен 3,6 млрд теңге, жоғары технологиялық медициналық көмекке 1 млрд теңгеден астам және медициналық оңалтуға 1,5 млрд теңгеге жуық қаражат бағыттау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2024 жылы Денсаулық сақтау субъектілерінен қызметтерді сатып алу қағидасына бірқатар өзгеріс енгізілген болатын.

Өңірлік комиссиялардың құрамы күшейтіліп, онда төрағаның орынбасары болып денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары лауазымынан төмен емес өкіл белгіленіп, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау (СЭБК) және медициналық және фармацевтикалық бақылау (МФБК) комитеттерінің өкілдері енгізілді.

Сонымен бірге қағидаға комиссия мүшелерінің бұған дейін өтінім берген көмек түрлеріне келісімшарт жасалмаған денсаулық сақтау субъектілеріне баруы қосылып отыр. Қор филиалына биылға жаңа өнім жеткізушілерден 9 өтінім берілсе, олардың ішінде өңірлік комиссиялар сатып алу рәсімдерін өткізу барысында 5 денсаулық сақтау субъектісіне барды.

Саны 1,5 мың адамнан кем бастапқы медициналық-санитариялық көмек субъектілерінің қызметтерін сатып алуға қатысу үшін және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 3 мың адамнан аз халқы бар бір жылдан астам қызмет көрсету тәжірибесі бар МСАК субъектілері үшін шектеулер енгізілді (бұл жалпы практика дәрігерінің/отбасылық дәрігердің кемінде екі учаскесі).

Айта кетейік, МӘМС жүйесін енгізу азаматтарға медициналық көмек  көрсетуге жеке меншік өнім берушілерді де тартуға мүмкіндік берді. Осылайша, МӘМС клиникалардың пациенттер үшін бәсекелестігін ынталандырады. Науқаста осы немесе басқа медициналық қызметті қайдан алуға болатындығын таңдау мүмкіндігі пайда болғандықтан, медициналық ұйымдар неғұрлым жақсы жағдай жасап, тартымды болу үшін қызметті жетілдіруі керек.

Қордың өнім жеткізушілерінің тізімін fms.kz сайтының «Медициналық қызметтерді сатып алу» бөлімінен табуға болады.