Бәрекелді!

Атырау облысында республикаға белгілі үкіметтік емес ұйым бар. Ол – ерекше жандардың денсаулығындағы кінәратпен күресіп қана қоймай, оларды қоғамға бейімдеп жүрген «Атырау. Маленькая страна» бірлестігі. Бірлестіктің әлеуметтік ауылы Ұлыбританияның Кэмпхилл, Ресейдің Ярославль облыстарындағы қалашықтардан кейінгі әлемдегі теңдесі жоқ жобалардың бірегейі. Бұл тұста журнал оқырмандары үшін 10 жылдық межені бағындырған ұйым төрағасы, «Алтын Жүрек» ұлттық сыйлығының (2015), «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының (2017) лауреаты, «Атыраудың жыл адамы – 2017» аталымының иегері, әлеуметтік кәсіпкер Ерлан Күмісқалиевпен аз-кем сұқбаттасып үлгердік.

  1. Алдымен әлеуметтік ауылда қызмет ететін мамандар саны, біліктілігі, профиліне қатысты тоқталып өтсеңіз.

Әуелі айта кететіні, бізде емдеу ерекше жандармен жұмыс істеуде дүние жүзі медицинасымен мойындалған канистерапия, иппотерапия және фелинотерапия атты үш әдіс бойынша жүргізіледі. Соның ішінде, күні бүгін иппотерапияға басымдық беріп отырмыз.

Мамандарға келсек, 7 халықаралық дәрежедегі инструктор-нұсқаушымыз бар. Барлығы иппотерапияны медицинаның бөлек бір саласы ретінде алғаш қалыптастырған ел – Грузияның арнайы курсынан өткен мамандар. Эксперттердің қатарында оңалту медицинасы бойынша куратор, профессор, медицина ғылымдарының докторы, халықаралық иппотерапия мектебінің Президенті, грузиялық иппотерапия федерациясының вице-президенті Хатуна Саганелидзе, коррекциялық педагогика бойынша куратор, педагогика және психология ғылымдарының докторы Ғабит Қабекеновті атап өте аламыз.

  1. Негізінен қандай диагноздағы балаларды емдеумен шұғылданасыздар және бүгінге дейін қанша баланы қамтыдыңыздар?

Пациенттеріміз тек балалар емес. Ересектерді де қабылдаймыз. 10 жылдан астам уақыттың ішінде жалпы саны 700-ге жуық баланы қамтыдық. Балалар көбіне церебральды сал ауруы, даун, аутизм, жұлын мен мидың терең және кең таралған зақымдануы сынды диагноздармен келеді. Ал ересектерге инсульттан кейінгі жағдайлар, эндокринология. урологиялық және басқа аурулар, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі диагноздары бойынша көмек көрсетеміз.

  1. Осы тұста жоғарыда айтылған канистерапия, иппотерапия және фелинотерапия әдістері арқылы емдеу технологияларымен мүмкіндігінше егжей-тегжейлі бөліссеңіз?!

Канистерапия – арнайы дайындалған иттермен жүргізілетін ем түрі. Қазір бірлестікте психологтармен жарамды деп танылған, дипломдалған 4 канистерапевт ит бар. Көбіне қолданатымыз – лабрадор-ретривер асыл тұқымды иттері. Бүкіл әлемде асыл тұқымды иттердің алабай, овчарка, чихуахуа, боксер, бульдог секілді түрлері болса, соның ішінде генінде (қанында) адамға агрессисяы, қаупі жоқ жалғыз тұқым осы лабрадор. Қарапайым тілмен жеткізсек, канистерапия сеансында иттер өзінің бойындағы күшін, қуатын балаларға береді. «Ит – адамның досы» дейтін болсақ, лабрадор – осы түсінікке сай келетін бірден бір ит тұқымы.

Фелинотерапия дегеніміз – мысық арқылы емдеу. Оның ерекшелігі – терапияға ауыр жарақат алған, көлік қаққан, қолы немесе аяғы жоқ мысықтарды қолданамыз. Мұның сыры – мысықтардың өздері мүгедек, ауру болғаннан кейін «мейірімді» болып келеді. Мәселен, канистерапияда иттер өз энергиясын басқаға берсе, фелинотерапияда керісінше, мысықтар адамның тұла бойындағы ауруын өзіне тартып, сіңіріп алады.

Ал иппотерапия – емдеуде жылқыны пайдалану. Бұған ғылыми тұрғыда биодинамика, биомеханика, биофизика заңдылықтарына сай келетін арнайы жылқылар алынады. Былайша айтқанда, жүрісі, тұрысы, психикасы жағынан адаммен байланыс орнатуы жоғары деңгейдегі жануарлар. Бұл әдісте жәй ғана баланы немесе ересек адамды аттың үстіне отырғызып қойып айналдырып шығу көзделмейді. Әр емделушіге жеке жұмыс жүргізіледі. Иппотерапияның ең басты құндылығы – қан бармаған, семіп қалған бүкіл организмге қан жүгіртеді, жан бітіреді және ұйқыны реттейді.

Қалай дегенде де, аталмыш ем-домдардың астарында адамның табиғатпен, органикамен үйлесімділігі жатқаны анық.

  1. Балаларды емдеумен қоса спортқа да баулып жүргендеріңіз – өз алдына бөлек әңгіме. Осы жөнінде не айта аласыз?

Құдайға шүкір, терапиядан жақсарған пациенттеріміз көп. Оларды белгілі бір жақсы деңгейге жеткізгеннен кейін әрмен қарай да өздеріне деген сенімділігі пайда болсын, өмірден орындарын тапсын деген мақсатта облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірігіп ат спорты секциясын аштық.

Әрине, кез келген адам ат спортына жарамды болмайды. Іріктейміз, маусым сайын белсенді жаттығулар жасаймыз. Нәтиже жаман емес. Бүгінгі таңда 2020 жылдан бері Қазақстанның 7 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдегерін дайындадық. Екі спортшымыз пара ат спортынан ұлттық құрама мүшесі. Қазір халықаралық жарыстарға дайындық үстіндеміз. Тұтастай алғанда, Атыраудың пара ат спорт орталығы – еліміздегі үздік құрамдардың бірі.

Пара ат спортынан ел біріншілігінің жеңімпаздары Ернұр Сатыбалды, Аманқос Төлешов және Айсұлтан Дюсалиев
  1. Он жылдық мерейтой іс-шарасында сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан бизнес және қоғам өкілдерімен бас қостыңыздар. Бұл қатарда кімдерді және олардың қандай әлеуметтік қолдауларын атар едіңіз?

Жасыратыны жоқ, әлеуметтік кәсіпкерлік саласына келгенде ерекше адамдардың өміріне, денсаулығына бей-жай қарамайтын бизнес-компанияларының бар екенін тіпті ойламаппыз. Осы он жыл ішінде бізге қолдау көрсеткен жеке адамдар мен мекемелер баршылық. Солардың қатарында, екі-үшеуін атап өтуге болады. Мысалы, «Эмбаведьойл» компаниясы бірлестікке жылқылар алып беруге жағдай жасады. Соның арқасында цех ашып, Құрманғазы, Мақат, Жылыой аудандарында және облыс орталығында жылқылардың басын арттырып, құлындарды иппотерапияға дайындап жатырмыз. Тұрақты түрде саумал мен қымыз өндірудеміз.

Ал «Теңізшевройл» серіктестігі қызметкерлерімізді қаржыландырып отырса, «Тексол Транс Сервис» кәсіпорны 16 орындық қонақ үй және инклюзивті білім беруге арналған оқу орталығын (коррекциялық-инклюзивті мектеп) салып берді. Өз кезегінде «Аққоян» қоры көп жылдан бері қосалқы ғимараттардың құрылысына қол ұшын созса, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қалашығымызды гибридті жел-күн электр станциясымен қамтамасыз етті. Аталғаны бар, аталмағаны бар, барша демеушілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

16 орындық қонақ үй және коррекциялық-инклюзивті мектеп
  1. Түрлі жаңа жобаларды жүзеге асырмақ ойларыңыз бар екен. Мәселен, биогумус өндіру. Осы және басқа да жоспарларыңыз жайында білсек.

Атырау облысы – шын мәнісінде экологиялық апатты аймақ екені мәлім. Жайық проблемасы, өсімдіктердің аздығы, өндірістің зияны, т.б. Жалпы экология мәселесі бізді қатты толғандырады. Жасап жүрген қызметімізді осы қоршаған ортаны қорғау шараларымен байланыстырып келеміз.

Бұл істердің ең басты атрибуты – жасыл желектер деп түсінемін. Сол мақсатта биогумус (табиғи тыңайтқыш) өндіруді қолға алдық. Тұрақты әрі түгесілмейтін кәсіп болғалы тұр. Себебі оған биоматериал ретінде жылқының тезегін пайдаланамыз. Тезектердің ішіне құрт жіберіп, арнайы өңдеп, содан тыңайтқыш өндіреміз. Болашақта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнімді сатылымға шығару жоспарда бар.

Сонымен бірге, келесі жылдан бастап биогумусты қолдана отырып жеміс ағаштарынан саябақ салып, содан экологиялық таза өнімдер алғымыз келеді.

Әлеуметтік қалашықта үш ғылыми жұмыс жаздық. Оның біреуі иппотерапияға байланысты болса, екеуі экология тақырыбында. Авторлық құқығы қорғалған. Ондағы түпкі мақсат – балалардың аурушаңдығының басты себебі экологияның нашарлығы болғандықтан, мәселенің тамырымен күрессек дейміз. Өйткені, барымыз да, бүгініміз бен болашағымыз да – бала мен оның өмірі, қауіпсіздігі ғой…

 

Өмірбек САЛАУАТҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау облысы