Осындай атаумен желтоқсанның 2-4 аралығы Алматы шаһарында III Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумы өтті. Ауқымды іс-шараны Түркітілдес журналистер қоры мен Дүниежүзілік баспасөз ассоциациясы «Шеврон» компаниясымен серіктестік негізінде ұйымдастырды.
Форумның басты мақсаты – соңғы жылдардағы әлемдік саясаттағы ахуал, соның ішінде пандемия, климаттың өзгеруі, ресурстар тапшылығы, соғысқа байланысты экономикалық дағдарыс жағдайларындағы журналистиканың түйткілді мәселелерін талқылау, ортақ алаң құру. Соның ішінде, ақпараттық манипуляция, жалған ақпараттардың артуы, БАҚ-тағы кәсіби этиканың сақталмауы мәселелері қарастырылды.
Жиынға Қазақстанның барлық облыс, аудандарымен бірге Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Бельгия, Ұлыбритания, Нидерландтан түркітілдес БАҚ басшылары мен өкілдері қатысты.
Форумның алғашқы күнінде журналистер пресс-тур аясында «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында қысқы демалыстарын өткізуге мүмкіндік алды. Келесі күні «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» атты семинар-тренингте «Психологиялық қысым және эмоцияны басқару», «Эмпатия», «Соғыс, зорлық-зомбылық, табиғи апаттар құрбандарымен сұхбат алу, қарым-қатынас жасаудың психологиялық тәсілдері» тақырыптарында медиатренер Жания Бисенова өз тәжірибесімен бөліссе, медиатренер Мейіржан Әуелханұлы «Жасанды интеллектті журналистикада пайдалану» атты өзекті тақырыпта теориялық мәліметтер айтып, топпен тәжірибелік жұмыс жүргізді. Семинар-тренинг қорытындысымен сертификаттар табысталды.
Осы тұста қоса кеткіміз келеді, тренинг барысында Chat.openai.com (ChatGPT), D-ID, Captions, Text-to-speech.online платформалары арқылы жасанды инттелектпен жұмыс істеудің нақты жолдарын үйрендік. Әлбетте, бұның адамзатқа тигізер пайдасы да, залалы да орасан зор болғалы тұр. Сол үшін де адам интеллектісін бірінші орыннан ысырап тастауға болмайды деген пікірдеміз.
Шараның екінші күні қаржылық сауаттылық тақырыбындағы «Еркін сөз – 2023», «Шевронның» әлеуметтік жобалары тақырыбындағы «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауларының жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты кешпен тәмамдалды. Жасырын емес, шығармашылық байқаулардың дені әділ өтпейді. Ал бұл екеуінің жөні басқа. Неге десеңіз, бір ғана мысал – өзі студент бола жүріп атыраулық бауырымыз Әділет Қанатұлы «Еркін сөзде» алғаш рет республикалық байқауда жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Бұл мысалдың өзі жеткілікті деп ойлаймын.
Ал форумның соңғы күнінде «Түркі мемлекеттерінің ақпараттық ынтымақтастығы», «Кәсіби этика. Құқық және ақпараттық қауіпсіздік», «Контентті монетизациялау: модельдер, платформалар, стратегиялар», «Медиадағы жасанды интеллект: 2024 жылдың трендтері» атты 4 отырыста форумның негізгі жұмысы атқарылды. Спикерлерден алғаш болып Түркия Республикасы Туризм министрлігінің Орталық Азия аймағындағы Мәдениет және туризм кеңесшісі, анкаралық Алпарслан Акынджы «Жаңа «Жібек жолы» туристік белдеуіндегі Түркі ұйымына мүше елдердің ынтымақтастық негіздері» тақырыбында сөйлеп, Түркітілдес журналистер қорымен бірлескен жұмыс нәтижесінде Орта Азиядан 72 журналист турист ретінде Түркияда болғанын жеткізді. Брюссельден келген brukselturk.be сайтының иесі Юсуф Джинал Еуропадағы ҮЕҰ жобалары енді Қазақстанда іске асырылатынын айтса, Бішкектен келген Элтр телеарнасының сарапшысы Сайрагүл Полотова Орталық Азия мен Түркиядағы медианың ақпараттық интеграциясына тоқталды.
Одан бөлек, журналистік этика тұрғысында стамбулдық Ахмет Түзүн, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы, Өзбекстан Парламентінің «Халқ Сузи»-«Народное слово» газетінің жауапты хатшысы Нурлан Усманов баяндап берді.
Үшінші және төртінші секциялардан маркетолог Айдын Мауытханның маркетинг саласындағы, Думан Бықайдың БАҚ-тағы жасанды интеллектіні қолдану бойынша жеке іс-тәжірибелерін көрсеткендігін атап өтуге болады.
Жалпы алғанда, форум қай жағынан алып қарасақ та нәтижелі болды. Осы тұста республикалық “Мерейлі мекен” журналы редакциясы атынан Түркітілдес журналистер қоры мен Дүниежүзілік баспасөз ассоциациясының президенті Нәзия Жоямергенқызына шексіз алғысымды білдіремін. Жеке меншік немесе мемлекеттік БАҚ деп бөлмей шақырғаныңыздың өзі сыйлауға тұрарлық. Тұтас бір министрліктің деңгейінде қызмет атқарып жатсыздар. Алғаш қатыссам да, ұйымның стандарттарына көңілім семіріп қайтты. Істеріңізге қашан да сәттілік тілей отырып, қор мен республикалық «Мерейлі мекен» журналы арасындағы серіктестік байланысты арттыруға мүдделі екендігімізді жеткіземін.
Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Атырау қаласы