Петербордан келгесін Шыңғыс төре ала жаздай адам қабылдамайды. Жыңғылды сайдың жиегіндегі жазыққа Хан шатырын тігеді де, сыртын сақина қылып әскермен қоршап, бүк түсіп жатып алады. Амандасуға келген ағайынын да, халін сұрауға келген халқын да, арыз-шағымдарын айтуға келген атқамінер хәкімдерін де қабылдамайды.

Көпке дейін Төресінің төбесі көрінбегесін қара халық қобалжып аға сұлтан Құнанбайға адам салады. «Хан қайрылып қараған, би бұрылып сұраған Алты алаш ауызыңа қараған, ауызы дуалы, азулы аға сұлтан едің. Ханымыздың хәлін бізге біліп бер» – деп қолқа салады.

Аға сұлтан халықтың өтінішімен Шыңғыс төреге адам жіберсе: «Құнанбай адам ертпей өзі келсін» – деп, Ақордадан хабар келеді. Хан шатырды қоршаған қалың әскерден өтіп, ішке енсе Шыңғыс төре, төрде бүк түсіп жатыр екен. Жүзінде қан-сөлі жоқ, ақ парақтай бозарып кетіпті. Еңсесі түскен төренің түрін көріп Құнанбай шошып кетеді.

Хәл-жайын сұрасқасын Шыңғыс төре әңгімесін бастайды: «Құнанбайжан, қайсібірін айта берейін. Ақ патша шақырды дегесін барымызды киіп, дүниемізді жиып Петербор қайдасың деп атқа міндік. Барғанда күтіп алған ақ патша жоқ бізді, көптің бірі қылып бір генерал-губернатор қарсы алды. Шәйдің орнына шарап, қымыздың орнына арақ берді. Шараптың буына масайтып музейлерін аралатты.

Ақ патша, ағзамға әлемнің түкпір-түкпірінен сыйлыққа келген жәдігерлермен таныстырды. Англия королінен келген алтын қаламсап, Парсының патшасы сыйлаған жібек кілем, Арабтың шейхі берген күміс қанжар, Шведтің королі сыйға тартқан гауһар тастармен көмкерілген алтын тәж. Бәрі көздің жауын алады, адамның қолымен жасаған құнды дүниелерге таң қалмасқа шараң жоқ.

Бір кезде генерал-губернатор, «Шыңғыс мырза, мына басты таныдыңыз ба? Бұл сіздің бауырыңыз, бунтар Кенесары Қасымовтың ақ патшаға сыйға тартылған бас сүйегі» деп шынының ішіндегі бауырымның басын көрсеткенде, төбе шашым тік тұрды. Кенесары бауырымның азу тісі ақсиып маған қарап күліп тұр екен. «Ағау, тізерлеп тірі жүрген сенен, бас имей кеткен мен артықпын. Бұқаға туған күн, бұзауға да туады. Тірімізде, төртеудей түгел бола алмадық, бізді, алтаудай араздастырып жау жеңді. Әңгімеге ердік, намысты қолдан бердік. Боқ дүниеге таласып ауызбіршіліктен айрылдық. Жақсының жақсылығын жасырдық, жаманның абыройын асырдық. Бізді жау жеңген жоқ, ішімізден іріп, өзіміз жеңілген.

Аталы сөзге тоқтап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмадық. Қымызды араққа, айранды шарапқа араластырып берді. Халық аузына қараған, игі жақсыларымыз көк бөрінің емес, аюдың артынан ерді. Мүмкіндікті қолдан жібердік. Атам Абылайдың түсі айнымай келді.

Менің басым күллі қазақтың рухы еді. Басы жоқ денеде рух қайдан болсын? Рухы жоқ халық, бастың қадірін қайдан білсін? Ағау! Ақ патшаның сені қарсы алмағаны, басынғаны. Енді бұлқынсаң, қылша мойныңды талша кесіп, басыңды бауырыңның қасына қоям деп саған көрсеткен сесі» – деп Кенесары бауырымның басы маған қарап сөйлеп тұрғандай болды.

Елге келгенше еңсемді көтере алмадым. Келгеннен соң да бойымды тіктей алмай тұрмын. Ала жаздай адамдардан алшақ отырғаным да сол, Құнеке» – дей бергенде, Шыңғыс төренің жанарынан бір тамшы жас жерге домалап түседі.

«Ақіретте бауырыма не айтамын? Менің уайымым сол Құнанжан» – деп Шыңғыс төре Құнанбайдың қолын қысады. Бұл төре мен аға сұлтанның соңғы кездесуі екен…

 

Мақсат СҚАҚОВ