Білім ордасына – 75 жыл
Білім беру – кез келген мемлекеттің дамуы жолындағы жетекші сала. Ал медициналық білім берудің маңызы өз алдына бөлек мәселе. Соның ішінде, Ақжайықтың жағасында, кәрі Каспий сағасында орналасса да, мұнай мен газ өндірісі туған халқы үшін бағы да, соры да болып отырған, экологиялық тұрғыда қауіпсіздік деңгейі тым төмен аймақ – Атырау өңірі үшін денсаулық сақтау саласын ақсатып алмаудың қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Бұл бағытта облыстағы бірден бір орта буын медицина мамандарын даярлайтын Атырау жоғары медициналық колледжі тарлан тарих шеңберінде тура 75 жыл бойына үздіксіз қызмет етіп келеді. Мерейтой аясында журнал редакциясы аталмыш оқу орны директоры Лаура КУБАЕВАМЕН сұхбаттасып, колледждің ахуалына қатысты біраз сұрақтарға жауап алды.
- Әуелі оқу орнының аз-мыз тарихынан бастап бүгінгі материалдық-техникалық базасының, оқу бағдарламаларының жәй-күйіне тоқталсаңыз…
– Атырау жоғары медициналық колледжі 1947 жылы Қазақ ССР комиссарлар кеңесінің шешімімен мейіргерлерді дайындайтын екі жылдық мектеп болып ашылған. 1949 жылы ең алғаш 10 түлек бітіріп шыққан. Білім ордасы кейін 1954 жылы училище, 1997 жылы колледж мәртебесін алды. Ал 2018 жылы Финляндиядан арнайы эксперттер келіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің аттестациясынан өткізіп, жоғары колледж статусы берілді.
Бүгінге дейін білім ордасын 16 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері бітіріп шықты. Ол түлектер республиканың түкпір-түкпірінде және алыс-жақын шетелдерде еңбек етуде. Күні бүгін «мейіргер ісі», «емдеу ісі», «акушер», «гигиена және эпидемиология», «фармация», «лабораториялық диагностика», «стоматология» және «ортопедиялық стоматология» атты 8 мамандық, 9 біліктілік бойынша 2 мыңға жуық студент білім алуда.
Материалдық-техникалық базаға келер болсақ, баса айта кететін дүние – 2018 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен колледж жанынан симуляциялық жаттықтыру орталығы ашылды. Орталық заманауи оқыту технологияларымен, дәлірек 6-ншы деңгейлі робот-симуляторлармен жабдықталған. Бұл құрылғыларды студенттер және кәсіби орта буын медицина қызметкерлері пайдаланып, тәжірбиелерін шыңдай алады. Орталықтың негізгі мақсаты – саладағы және болашақ медицина мамандарының жоғары технологиялық компьютерленген робот-симулятор, муляж және тренажерларды қолданып, шынайы жағдайларға ұқсас клиникаға дейінгі әрекеттер алгоритмін игеруіне жәрдем жасау әрі симуляциялық технологияларды пайдалану арқылы имитациялық білім беруді жандандыру.
Бұнда ересектерге кеуде жарақаты кезінде және балалар жарақатындағы көмек, хирургиялық дағдыларды қалыптастыру, ересектердегі және балалардағы жүрек-өкпе реанимациясы дағдыларын үйрену, босану залдары, БЖАБЖ – балалар жасындағы ауруларды біріктіріп жүргізу ресурстық орталығы және баланың ерте жетілу (сау баламен жұмыс істеу) және дебрифинг үшін оқу бөлмелері ұйымдастырылған.
2021 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің резиденттерге арналған орталығынан келіп осы біздің симуляциялық орталықта білімдерін шыңдады.
Одан бөлек, республикадағы медициналық колледждер ішінен алғаш болып «Пирогов» интерактивті анатомиялық үстеліне қол жеткіздік. Аталған құрылғы студенттер мен дәрігерлерді жаратылыстану пәндерінің анатомия, топографиялық, патологиялық анатомия, сот сараптамасы, хирургия, офтальмология, стоматология, және т.б. кең ауқымына оқыту үрдісін автоматтандыруға және интерактивті түрде оқуға мүмкіндік береді. «Пирогов» арқылы адам ағзасының органдары мен жүйелерін үш өлшемді режимде көруге және салыстыруға болады. Сондай-ақ, компьютерлік томография (КТ), магнитті резонанстық томография (MРТ) және ультрадыбыстық диагностикалау әдістерімен танысуды қамтитын бөлім де бар.
2021 жылдың желтоқсан айында соңғы үлгідегі бес қабаттан тұратын 200 орындық студенттер үйі пайдалануға берілді. Мұнда орналастыру үшін көпбалалы отбасының немесе ерекше топтағы ата-аналардың балалары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және алыс аудан-ауылдарда тұратын студенттерге басымдық беріледі. Мұнда әр 5 адамға бөлек санитарлық тазалықты сақтауға арналған бөлмелер ұйымдастырылған. Асхана, демалу орны, медицина қызметкерінің бөлмесі де қарастырылған.
- Түлектер қабылдаудың және бітірушілердің жыл сайынғы динамикасы қандай?
– Пандемия кезінде елдің арасында медицина қызметкерінің мәртебесі арта түсті, халықтың бұл салаға деген таным-түсінігі молайды. Сәйкесінше, мектеп жасындағы бітіруші түлектердің де қызығушылығы артты. Мәселен, бізге жылына 2000-ға жуық талапкер құжат тапсырады. Биылғы 2022-2023 оқу жылында 200 облыс әкімінің гранты бойынша оқуға қабылдау жоспарланған болатын. Бірақ қабылдау кезінде оқуға түсуге ынталы түлектердіің біз ойлаған деңгейден де көп болуына байланысты облыс әкімінің гранты 305-ке дейін ұлғайтылды.
Негізінен талапкерлердің арасында «Фельдшер» мамандығына сұраныс жоғары. Себебі облысымызда дәрігерлер жетіспейді. Сол жетіспеуші дәрігерлерді бүгінде шет елдімекендерде орналасқан дәрігерлік амбулаториялардағы фельдшерлар алмастырып отыр. Өңірде акушерлердің де тапшылығы сезіледі. Болашақ түлектер осыны ескерсе дейміз.
«Мейіргер ісі» мамандығын ерекшелеп айтуға болады. Колледж бүгінде жалпы тәжірибелік мейіргерлерді даярлаумен бірге жоғары білімді мейіргерлерді оқытады. Бұл мамандықта бакалаврлар екі бағытта оқытылады. Біріншісі – 1 жыл 6 айлық жұмыс істеп жүрген мейіргерлерді оқыту. Яғни, қызметтегі мейіргерлердің еңбек жолында аға мейіргер, бас мейіргер болып жоғарылауына және дәрігерлердің орнына алғашқы қабылдауды жүргізуіне жол ашу. Екінші бағыты – мектеп бітірген түлектерді 3 жыл 6 ай оқыту. Бұны бітірушілер Мейіргер қолданбалы бакалавр біліктілігін алып шығады.
Бітірушілердің көрсеткіші келесідей. Былтыр оқу орнын 383 түлек тәмамадса, биыл 376 түлек бітіреді деп күтілуде. Өз кезегінде түлектерге қойылатын талап та күшейіп келеді. Олар министрлік жанынан құрылған адами ресурстарды дамыту департаментінің тест және тәжірибелік сынақтардан тұратын мемлекеттік емтиханынан өтеді. Тәжірибелік тапсырмалар бес станцияға бөлінеді. Олар – жүрек-өкпе реанимациясы, медициналық этика мен коммуникативтік дағдылар, анафилактикалық шок кезінде әрекет ету, жарақат кезінде көмек көрсету, тәжірибелік іс-дағдыларды меңгеру (көк тамырға, бұлшық етке, тері астына, тері ішіне инекция жасау, т.б.).
- Оқытушылар құрамы, олардың біліктілік деңгейлерін арттыру, педагогикалық жетістіктеріне және студенттердің белсенділігіне қатысты айтарыңыз?
– Қазіргі уақытта білім ошағында 107 оқытушы жұмыс істейді. Басым бөлігі жоғары және 1-інші дәрежелі оқытушылар, 16-сы академиялық бакалавр дәрежесіне ие. Олардың ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістіктері де аз емес. Мысалы, 2018 жылы республикадағы 16 үміткердің ішінен колледжіміздің «Мейіргер ісі негіздері», «Педиатрия негіздері» пәндерінің оқытушысы, педиатр Әлия Лепесова «Үздік медициналық колледж оқытушысы» атанды.
Сонымен бірге, былтыр облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен оқытушыларымыз Г. Абилова мен Ә. Бейбітқызы Израиль елінде өз біліктіліктері бойынша тәжірибе алмасып қайтты. Өзім де ақпан айында БАӘ-нің Дубай қаласына барып, медициналық оқу орындары бойынша кәсіби біліктілігімді шыңдай түстім.
Өз кезегінде студенттеріміз де педагогикалық құрамнан үйренген дағдыларын сан мәрте жоғары деңгейде дәлелдеп келеді. Соның айғағындай, күні кеше Түркістан жоғары медициналық колледжінде өткен республикалық «Үздік фармацевт-2023» байқауындаа «Фармация» бөлімі, 32 топ студенті Қалпақбаева Малика жүлделі ІІІ орынға ие болды. Ал Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары медициналық колледжі базасында өткен республикалық «Анатомия және физиология үздігі-2023» байқауында 15 медициналық колледж білім алушыларының ішінен «Мейіргер ісі» бөлімінің студенттері Мейіржан Нұролла, Ұлжан Каримова, Фатима Бердіғали ІІІ орынды қанжығалады.
Бір сөзбен келтірер болсақ, Атырау жоғары медициналық колледжі оқу, тәжірибе және тәрбие атты үш үдерісті басты бағыт-бағдары ретінде негізге ала отырып, бәсекеге қабілетті, қоғам сұранысына сай білікті мамандарды даярлауды жалғастыра береді.
КУБАЕВА Лаура Жақсыгелдіқызы – 2017 жылдан Атырау жоғары медициналық колледжінің директоры.
1999 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1999 жылы Ақтөбе медициналық колледжінде арнайы пәндер оқытушысы болып бастап, кейінгі жылдары Батыс Қазақстан медициналық колледжінде арнайы пәндер оқытушысы, «Лабораториялық диагностика» және «Емдеу ісі» бөлімдерінің меңгерушісі және директордың тәжірибе жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТ,
Атырау облысы