Ұлттық құндылықтар
Көшпенділік дәстүрге сай дала заңы мен философиясына сүйеніп өмір сүрген ата-бабаларымыздың ешбір халыққа ұқсамайтын өзіндік тұрмыс-салты, дәстүрі болғаны белгілі. Осы бағытта Атырау өңірінің тумасы, жазушы, өлкетанушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫНЫҢ ұлтымыздың айрықша қабілеттерін талдап жазған «Қызыл кітабынан» үзінділерді журналымыздың осы және келесі сандарына бөліп жариялауды жөн көрдік. Танымыңызды арттыратын материалға мұқият зер салғайсыз, қадірлі оқырман.
- Атбегі
- Жершілдік
- Ізшілдік
- Түс және оны жору
Атбегі
Жүйрікті бәйгеге дайындайтын адам. Олар ата-бабасынан жылқы бағумен айналысып, олардың қыр-сырын жетік меңгереді. Табиғатын түсінеді, қайсысының қандай тұқымнан шыққандығы, мінезін, ерекшелігін біледі. Ат жаратушылардың өз құпиялары, жарату тәсілдері бар және оларды әр өңірде әрқалай атайды. Мысалы, жалпылама атбегі, ат жаратушы, атпаз, бапкер, сейіс, атсейіс, т.б. Олардың аталуы әрқалай болғанымен, түпкі мақсаты бір. Олар тұлпарды тұрқына, содан соң жүрісін көріп, ерекше ықылас білдіретініне көңіл аударады. Абайдың «Аттың сыны» өлеңі, І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасындағы бағалар – нағыз атсейістердің көзқарасы.
Атбегілік туралы нақты ереже, тиянақты тағылым жоқ. Бірақ, орыс атты әскер армиясының офицері А.Киллердің «Бөкей ордасы қазақтарының атты бәйгеге қосудағы баптау тәсілдері» (Журнал «Коневодство», 1885, №3, 56-64 бет.) мақаласында атты жарату, наурыздың алғашқы күндерінде басталып, 2,5 айға созылатындығы және оның өзі үш кезең: 1. Жемдеу; 2. Атты түрлі жүріске салып баптау (аяқ, желіс, шабыс, т.б.); 3. Терлетіп, артық майынан арылтудан тұратындығы айтылады. Бұл кезде ашықтырып, ащы терісін алу, бірнеше қайтара суытып, таң асыру әдістері пайдаланылады.
Бәйгеге қосылатын атқа алдымен баға беретіндер – ат сыншылары. Олар бірінші боп жүйріктің көңіл күйі, тұрқы, жаратылуына қарап әділ сындарын айтады. Бұндай адамдар ғасырлардан ғасырларға жалғасып, жасасып келеді. ХІХ ғасырдың өзінде Бөкейлікте Шоқан, Айқатым, Айдабол, Әбілғазы, Ақада, Күреңбай, Сыр бойында Толыбай және басқалары.
Ондайлар біздің заманымызда да болған, әлі де бар. Жазушы А.Сейдімбек 80-ші жылдардағы бір еңбегінде былай деп жазды, біз оны қысқартып алдық.
«Жаңарқа ауданының Бәйгетөбе деген жерінде ат спортынан облыстық спартакиада өтті. Жарыс басталмас бұрын аталған жерге біз де бардық. Жезді ауданының «Ұлытау» совхозынан Тай Тілегенов деген ақсақал кеп, жарысқа қосылатын аттарды аралап келе жатты. Кешікпей Қарқаралыдан Торысқа аттың жанына жетіп, әрі-бері көзін салды да «Осы тұрғанда менен озатын ат жоқ деп тұр екен жануар. Бірақ, жаратуы кеміс. Кем дегенде екі тері алынбаған. Аттың бағын байлаған екен» деп жүріп кетті.
Тағы да 78 аттан өткен соң шеткерірек тұрған Жаңарқаның Шалқасқа есімді күрең қасқа атының жанына жеделдете жетіп, екі-үш рет айналып шықты да, дәл алдына кеп «Е, бәсе, бұ күннің жылқысы азған жоқ екен. Бағанадан бері көрсем ше?» деп ат иесіне қарады. Ол «Ақсақал, ат менікі. Үш күн болды, ұзатылатын қыздаймын, ұйқы жоқ. Жылқы танысаңыз, күлбүлтесіз анығын айтыңыз, үміт бар ма?» деді.
– Айтайын, шырағым, айтайын. Бұл сынды өзін-өзі әйгілеп тұрған жануар туралы айтудың өзі бір ғанибет емес пе?! Атың алдынан құтқармақ, артынан шалдырмас. Маңдайы жарқырап тұр емес пе? – деп аттың алды-артына шығып, әуелі тісін қарады. Тамағының астын сипады. Төсіне қол жүгіртті, шабына үңілді. Шашасынан тартып, сіңірін сипады. Содан соң «Атың жетіден сегізге қарап тұр. Шешесі қазақтың сегіз жасар қарабайыр биесі де, әкесі түркіменнің текежәуміт жылқысының бесті айғыры. Әттең, әкесінің қуаты шешесімен тең емес. Әйтпесе заманының тұлпары болар еді. Дегенмен барлық жағынан сай. Бәйгеге көп қосылған екен. Осы тұрғанда бәрін сезіп, тас түйін дайындықта тұр. Бірақ, мына атқа бүгінгідей 25 емес, 50 шақырымдық жол керек. Сол өкінішті, бауырын жазуы керек еді». Ат иесі алғысын айтты.
Жарыс өтті. Нәтижесінде Шалқасқа бірінші және жай бірінші емес, мәреге жақындағанда екінші тынысы ашылып, қостаушылардың өзін далаға тастап, көзі жанып тұрды. Осы бәйгеде екінші орынды манағы Қарқаралының Торқасқасы иеленді.
Кейін Алматы ипподромында өткен республикалық ат спорты спартакиадасында бар-жоғы 12 шақырымдық «аламан» бәйгеде (бұл жарыс талабында тай жарыстың мәресі) Шалқасқа екінші орынды ғана иеленді. Сонда біз ат иесінің «Жарықтығым-ай, бағың байланды-ау, жерің тар болды. Бүйтіп қор еткенше қоспауым керек еді» деп балаша жылағанына куә болдық» деп жазған еді («Ер қанаты», А.Қайнар, 1987 ж., 170-175 беттер).
Ат бәйгесінде тұлпарды жеңіске жетелеудің түрлі әдістері бар. Оның бірі – ат мәреге жақындағанда адамдардың қатты дауыстап, делебесін қоздыруы болса, екіншісі – жүйрік таяп қалғанда атты жанкүйерлер жанамалап, қоштап, тіпті жетектей ала жөнелу. Бұлардан басқа, көнеден келе жатқан тотем – ат әбден жаранып, шабандозы үстінде мәре сызығына келгенде оған туған жерінің топырағын немесе өлген, болмаса соғымға сойылған енесінің қу басын иіскетеді. Бұл халықтық сенім, аттың тұяғына жел беріп, қолтығын сөгеді, қанат бітіріп, рухтандырады. Себебі жылқы да адам сынды түйсінеді. Тұлпар батыр сынды туған топырағымен киеленеді, жігерленеді, намысы қайралады, жеңіс күтеді.
Жершілдік
Ата бабаларымыз қысы-жазы мал соңында жүргендіктен бе, олар өзі өскен жердің бедерін жете біліп, оның өздеріне қоныс, малға жайылым болатын жерлерін жазбай танып, мәңгілік мекен еткен. Болмаса жаз жайлауын алдын ала белгілеп, қыс қыстауын да жайлы жерден таңдаған. Бұл ретте Атырау қазақтарының да әр өңірде өздерінің маусымдық қоныстары бар. Мәселен, қыстаулығын Каспий теңізінің терістік қолтығынан тауып, жазын маса, сонасы жоқ Нарын құмы, Тайсойған, Мұқыр, Сағыз, тіпті Шыңғырлау, Орск асатын бабаларымыз тек күндіз емес, түн қатып, жолды, жолсыз жүре берген. Ондайда олар түстенетін жері, түнемелік орындары, ең бастысы су көздерін алдын ала белгілеп, жазира жазықтың бір көрген ой-шұңқырын екінші жүргенде ойда сақтап, жадында жаттап, діттеген жерлеріне жаңылмай жетіп отырған. Оны ел ішінде жершілдік дейді.
Халқымыздың мұндай қабілетін неміс саяхатшысы Свен Гедин кезінде анық байқаған. Ол ХІХ ғасырдың аяғындағы бір жазбасында «Қазақтардың жер жадын жаңылмай білетін ерекше қасиеттері бар және олар бір көрген мекенін ешқашан ұмытпайды. Бейсауат жолаушыға белгі-бедерсіз мынау даланың барлық тұсы бірдей болып көрінеді. Ал қазақтардың қайсысы болсын, тастай түннің өзінде қай жерде келе жатқанын дәл басып анықтай алады. Олар әрине, әр кезде жұлдыздарға қарап бағдар жасамайды. Қазақтарға бұл өлкенің әр бұтасы, тасы таныс. Олар жерді сәл ғана өзгешелігіне қарап анықтайды. Ал еуропалық жан болса, оны арнайы құралдың көмегінсіз ешнәрсені де анықтай алмас еді» депті.
Қазақтың жершілдігі жайлы мол деректі өзіміздің ауыз әдебиеті үлгілері, соның ішінде ертегілерден, эпостық жырлардан көптеп кездестіруге болар еді. Бірақ, жершілдік қасиет, қабілет әйтеуір қазақ атаулының бәрінде бар деп айта салу ағаттық. Ол жекелеген жады мықты, көргенін көкейінде тоқығыш, аңғарымпаз адамдарда ғана кездеседі. Мысалы, бұлтты, тұманды күндері, түнде нысанадағы бағытты анықтау, жер бедеріне, шөбіне қарай, оның күнгейі мен көлеңкесін айыра білу, елді мекенді, қонысты бағдарлау – дала адамдарының көбінде бар ерекшелік. Сондықтан оны да жеке-дара қабілет деп ұққан дұрыс.
1846 жылы Маңғыстау қазақтары арасында болған орыс офицері М.И.Иванин өзінің зерттеулерінде жергілікті халық ішінде айсыз түнде желдің бағыты, судың ағысы, көне молалардың орналасуына қарай жер бағытын бағдарлап, діттеген жерлеріне еркін жететіндігін жазыпты. «Суық күннің түн қараңғысында келе жатып біреулер өздерінің нысаналы бағыттарын нақтылау үшін су ағып жатқан жыраның қатып қалған шәуішін ойды да қолын суға тыққан күйі ағысқа қарай жүрістерін оңғарды» дейді.
Дала адамдары тышқандардың індерін әдетте төбешіктің күнгей бетінен қазатындығын, бұта ағаштардың қою жағы күнгей бетте, ал сұйық тұсы терістікте болатындығын айтады.
Тағы бір мысал. В.Берестов деген ғалым Үстіртте зерттеу жұмыстарымен жүріп адасып кетеді. Далада түйелі жігітке кездесіп, өздерінің баратын жерлерін айтып, жөн сұрайды. Осы кезде жас жігіт көлігінен түседі де, оны әрлі-берлі айналдырып, басын бос қояды. Түйе басын әлдебір тұсқа бұрады да қалт тұрып қалады. Жас жігіт ғалымға қарап «Сіздің бағытыңыз мына жақ» дегендей әлгі жануардың арт жағын нұсқайды. Міне, керемет! Бұл дала адамдарының табиғат сырын ұғынуы, бір сөзбен, дала мәдениеті, ғасырдан ғасырға жалғасқан ұлттық құндылығы.
Ізшілдік
Бұл адам бойындағы табиғаттың өзі берген ерекше қасиет. Ондай мүмкіндігі бар адамдар ізге қарап, оның адам болса, қанша адам, алыстан не жақыннан, жай не қатты, суыт жүріп келе жатқандығы және сол арадан қашан өтетіндігін дәл айтады. Мұндай баға мал және аңдардың іздеріне қарап та беріледі. Бұл – бойы табиғат аясында мал өсіріп, аң қағып, ит жүгірткен бабаларымыздан қалған ерекшелік. Ізшілдік тек адамда емес, үй жануарлары мен түз тағыларында да болады. Мұндағы басты ерекшелік – жерге түскен із арқылы көптеген жайларды анықтау.
Бұл арада ізшілдік ерекшелік көбіне аңдар мен аңшыларға тән қасиет. Қасқыр, түлкі, борсық сынды түз тағылары өз жемтігін із кесу арқылы тапса, аңшылар да солай. Мал баққан қазақтың із кеспейтіні жоқ және олардың болжамдарының бәрі ылғи жобаға соғып жатады.
Ізшіліктің нақты көрінісін қазақ ертегілерінен табуға болады. Мәселен, «Түйе іздеген адам» ертегісінде бір кедей жалғыз түйесін жоғалтып, соны іздеп келе жатқанда екі жолаушыға кезігіп, өзінің жоқ іздеген жан екендігін айтады.
– Не іздейсіз, түйе емес пе? – дейді жолаушының бірі.
– Иә, түйе іздеймін.
– Оң көзі соқыр емес пе?
– Дәл солай.
– Алдыңғы сол жақ аяғы ақсақ па?
– Иә, ақсақ еді.
– Құйрығы шолақ қой…
– Шолақ.
– Бәсе, бірақ, біз ондай түйені көрген жоқпыз.
– Ендеше, көрмесең, әлгіндей кемшіліктерін қалай айтып отырсыңдар?
– Біз өзін емес, ізін көрдік. Соқыр дейтініміз, ол ылғи да сол жағындағы шөпті орып отырады да, оң жағына тимейді. Бір аяғының ақсақтығын ауыратын аяғымен қалың қауды басқанда салмақ түсірмей көтеріңкіреп ұстайды екен. Құйрығының шолақтығын құмалақтарының жолдың екі жағына шашырай құлағанынан білдік. Құйрығы шолақ болмаса, құмалағы алысқа ұзамай, артқы екі аяғының арасына түсер еді. Түйеңізді көрмегеніміз рас, бірақ ізін көріп, әлгіндей тұжырымға келдік» депті екі жолаушы.
Міне, бұл да дала адамдарының жылдар бойы қалыптасқан жады, байқампаздығы.
Түс және оны жору
Ұйықтағанда түс көру және оны жору әлем халықтарының бәрінде де бар. Сондай ерекшелік қазаққа да тән. Бірақ, халқымыздағы бұл үрдістің өзіндік қағидаттары барлығын естен шығармауымыз керек. Әдетте түсті адам қандай жағдайда көреді. Біріншісі – адам қатты шаршап, болмаса қолайсыз жайдан жүйкесі тозып, ыңғайсыз жатқанда көреді. Ондай түстер түсініксіз, түс көрушінің өзі бастығырылып, не көріп, не қойғанын да түсінбейді, есте де қалмайды. Ондай түс жоруға да келмейді.
Екіншісі – шаршамай, көбіне ұйқы қанар таң алдында, өзі қысқа, бірақ мәнді түс. Оны діни ұғымда «рахмани түс» деп атайды. Яғни, жоруға оңай, аян беріп, қолға ұстатқандай нақты түс. Осыған сай оны кейде «таң алдында аян берді» деп те жатады.
Негізінде түс үш түрлі болады. Алғашқысы – жоғарыда айтқан «рахмани түс». Екіншісі – аты айтып тұрғанындай «қияли түс», яғни нақты емес, шындыққа жанаспайды, өмірде жүзеге аспайды, тіпті жоруға да келмейді. Үшіншісі – түс көрушінің тиянақсыз, мінез-құлқына сай көретін «шайтани түс». Ондай түс өзге түгіл, түс көрушінің де есінде қалмайды.
Түс көрудегі басты қағида – халқымызда айтылатындай «Біліксіз түс шатып, тіс жарма. Біліктіге айт, ескіреді, кеш қалма!» деп түсті дұрыс адамға жорытқан жөн. Түс көрген адам көргенін төсегінен тұра сап, ағайынға айтпайды. Айтса да жасы жеткен қария, көргені көпке ақтарады. Әңгімесін зауал ауа көргенінің салмағы, мазмұнына сай ауылдағы сәуегей, көріпкел, көпті көрген түс жорушыға кеп «Түсімде емес, өңімде деп айтайыншы» деп сөз бастап, баяндай бастайды. Өйткені, халқымыздың дәстүрінде түсті кез келген адамға айта беруге болмайды, айтпайды да. Есі бар адам түсті ешуақытта жаманға жорымайды. Түс те жас баланың еңбегіндей былқылдап тұрады. Егер жаманат жағы мол болса, ол сол жаққа ауып кетуі де ықтимал деген түсінік қалыптасқан. Соған сай «Түс тағдыры көрушіден емес, жорушыдан» дегенге мән беру керек.
Сайып келгенде, түс – келешектің бағдары. Адам сол арқылы жеке басының ғана емес, өз отбасының, ортасының, айналасындағы алыс-жақын замандастарының, қоғамның тынысын болжайды. Түс көбіне-көп өмірде шындыққа айналып, жорушының айтқанына келеді.
Түстің көп үлгісін қазақ ауыз әдебиеті – ертегілер мен батырлар жырынан көруге болады. Тарихта өткен ірі тұлғаларымыздың өзі көрген түстерін жанындағы жайсаңдарға жорытқандары жайлы әңгіме көп. Мәселен, көне әңгімелерде тархан Шақшақ Жәнібек өзі көрген түсті Абылайға жорытса, сол Абылайханның түсіне Бұқар жырау болжам айтады. Түс туралы «Қыз Жібек» жырында, Махамбет өлеңдерінде де қолмен қойғандай түсініктер бар. Байқасақ, шығармашылық тұлғалар өздерінің небір ғажайып дүниелерінің ұзын ырғасын әуелі түсінде көріп, кейін соны қағазға түсіріп, әлемнің таңғажайып ортақ қазынасына айналдырды.
Қазақ ұғымында түске сенеді. Жақсысына қуанады, күдіктісінен сескенеді. Тіпті біреулер сол қорқынышын жасыра алмай көрші-көлем, ағайындарын жинап, құдайы ас-садақа да беріп жатады. Ал ұнамды түс көрсе –жорушыға рахмет айтып «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бір күн ораза ұстайтындар да бар. Немесе ұйқысынан ояна сап, отқа май тамызып, болмаса «жеті нан» пісіріп, көршілеріне таратады. Дастарханға құран оқиды.
Дәстүрде біреулерді бопсалап «Сен туралы мынадай түс көрдім» деп өтірік айтып, жорығансу әдеті жоқ. Мұндайды дінде «күнә түс» деп түсінеді. Этнограф Сейіт Кенжеахметов өз жазбаларында «Түс жору қасиеті құранда да бар. Мұнда Жүсіп пайғамбардың жору ғажабы жазылған. Түс жоритын қасиетті кітаптардың ішінде кереметі де осы. Жүсіп пайғамбардың қағидалары деп танылған» деп келтіреді. Ал Жағда Бабалық болса, «түстің небір ғажайып тылсым құпияларын әлі ғылым дәлелдеп бере алған жоқ» дейді. Солай да болар. Ендеше, жақсы түс көрейік, оған бірер мысал:
- Түсіңде азу не ақыл тісің түсіп қалса, ең қымбатты жақының не досыңнан айырыласың.
- Сақалың өсіп кетсе, пайдаға батасың.
- Түсіңде төсек көрсең – кешікпей үйленесің.
- Жел тұрса – ол махаббат нышаны.
- Жалаңаш адамды көрсең – ауырасың, т.б.
P.S. Жалғасы журналдың келесі санында жарияланады.