Мерейгер

Тірлікте татулықтың үш түрі болса керек. Олар: жүрек тату, мақсат тату және ақыл тату. Жүрек тату шын асыл достық пейілдің ұлғая түсіп іңкәрлікке, құштарлыққа ауысуы, бұл сүйіскен жүрек татулығы. Бұған шоқ-шоқ айтып жолдан тайдырушылар, көз тигізушілер көп болады. Оның ғұмыры қысқа. Мақсат тату – діттеген межеге жету үшін кісі мен кісіні табыстыратын достықтың түрі. Ақыл тату жасы ұлғайған кісілерде, біраз жыл отасып, мінезі мінезіне ұқсап кеткен жұбайлардың жарасымды сыйластығы, сүйіспендік ықыластың бірін бірі қажетсіну, керек ету – тартылыс күшіне алмасуы: ақыл татуға жеткен кісілерді өлім ғана ажыратады.

Дүниедегі адам арасындағы қарым-қатынастың ажарын осылай тіздім. Былай қарап тұрса, ретімен жазған секілдімін. Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан соң, жүрекке әмір ете алмай біреуді өле-өлгенше сүйеміз, күйеміз, жүректерімізбен тату боламыз. Басымызға бас қосылғаннан кейін көңілдің көк дөненімен жүйткіп не армандасақ – соған жетпекке жоспар құрып, амал-әрекетін жасап, мақсаттарымызбен татулық қыламыз. Ол арманға жеттің мейлің, жетпедің мейлің, жас ұлғайып, қатарың сиреп, жетім хәлге түскен кезде сабаңа келіп, сабыр қылып, ақыл татулығына жетеміз.

Осы үш кезеңді лайықты өткерген жандар біз айтқан жетім хәлге түспеу үшін мына келте ғұмырда не істеп үлгергені ләзім? Бұның бәрі де қазағымыздың дархан дала заңдылығында тұнып тұр. Исі мұсылманда бес парыз болса, «Адам ақылымен қымбатты, ұрпағымен сымбатты» деп тұжырымдаған халқымыз ұрпақ сүю, сол ұрпаққа өнегелі тәрбие беруді басты парыз санаған. Тәрбиемен бірге, кешегі өткен батыр Бауыржанға атасы Имаш «Құрық деп берсем – құл болма, Шыбық деп берсем – шіл болма, Бәрінен де, шырағым, Баяны жоқ ұл болма» деп кішкентай нәресте Момышұлының қолына шыбық ұстатқанындай, «Атаңнан мал қалғанша – тал қалсын» деп ұрпағын еңбекке баулыған.

Бұлар – бізді кең ойлауға, адам жаратылысына терең бойлауға мүмкіндік беретін философиялық ой-толғамдар. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген ұлтымыздың тағы бір терең тәмсілі соның айқын көрінісі емес пе?!

Тігінші қыз – Дина

Сонымен, әрі қарайғы әңгімеміз жоғарыда келтірген үш татулық деңгейінен өтіп, бүгінде даналығымен, даралығымен тұтас қазақ қоғамына танылған Төкен Танаұлының жан серігі Дина Есімқызы жайында болмақ. Олар – шын мәнісінде өмірдің ыстық-суығы, ащы-тұщысы, таяз-тереңіне шыдас беріп, қандай қиындықтар мен қарама-қайшылықтар кездессе де қол ұстасқан күйі ақыл татулығына дейін жетіп, үрім бұтағына таралатындай тәрбиенің дәнін сеуіп, жемісін татып отырған үлгілі отбасы.

Сөзімізді нақтылай түссек, Дина анамыз дәл Наурыз мейрамының бастауы – Амал мерекесі күні сексеннің бесеуіне шығып, мерейтойлық жасқа толды. Бізді де қолға қалам алып, апаймен сұхбат құруға итермелеген осы бір елеулі оқиға.

«Мені анам Кең Жылыойда босанған сияқты. Сол жақтан Атырауға көшіп келген болуымыз керек. Мектепке де қаладан барып, кейін куәлік алысымен Пушкин көшесіндегі «Шолпан» деген тігін фабрикасына шебер ретінде жұмысқа тұрдым. Әрине, бірден шебер болып кете қойғаным жоқ, алты ай тағылымдамадан өттім. Ерлерге, әйелдерге де арналған киімдер тіктік. Үлгілі еңбегімнің нәтижесі шығар, суретім Алматыдағы Құрмет тақтасына ілінді. Бастығымыз «Оқытам, оқуға түс» деп қолқа салған еді, «Бір қазанда екі бас болмайды, бір бас болады. Күйеуім оқыса – бізге сол жеткілікті» деп саналы түрде бас тарттым.

Бұл шешіміме бір сәт те өкінген емеспін. Тігіншінің жайы белгілі, таңнан кешке дейін көз майымызды тауысып іс тігеміз. Бір сағат түскі үзілісте қарап отырмай, қосымша нәпақа болсын деп қара нан мен бір шыны шәйді сораптап отырып балалардың шалбарын тігемін. Ақысына он сом алам. Сол кезеңде ол біраз ақша. Сүт-секерімізді содан айырып жүрдік. Ал қазір «қолымыз аузымызға емін-еркін жететіндей» дәрежеге ілініп жатсақ – оның бәрі де қарапайым еңбектің арқасы» дейді Дина анамыз.

Жалпақ жұрт, әсіресе Батыстың, Атыраудың халқы оны Төкен Танаұлындай ел азаматының босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түтетіп отырған өмірлік жары және мәселен, «Дина» сауда орталығын көркем шығарма деп алар болсақ, сол шығарманың атауын иеленген «прототипі» деп біледі. Арғысын біле бермейді. Осы олқылықтың орнын толтырмаққа кейіпкеріміздің бет-бейнесін шама-шарқымыз келгенше аша түселік.

Т.Т.Жұмағұлов және TNS – group Концерн тарихи музейі

Келесі «Сіз дүниеге келген әулет, отбасы жөнінде айтып берсеңіз. Ата-анаңыз қандай адамдар еді?» деген сұрағымызға төмендегідей жауап алдық.

Апай сәл ойға шомып барып «Шумақ Шеркештің қызымын. Әкем Есім мен анам Бітім 1935 жылы отау құрған. Әкем жадымда еміс-еміс қана бар. Жұрт оны есті кісі болған деседі. Жомарт болғанын да айтады. Домбыра тартып, ән айтқан. Мектепте мұғалім болып істеген. Менің де мектепке барғанымды көруді армандаған екен. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоғы» ақиқат, соғыс басталып, әкем ел қатарлы майданға аттанып, сол кеткеннен оралмады. Ол уақытта әкетайым 32 жаста ғана болатын. Кейін артынан «қара қағаз» келіп, жүрегімізді қан жылатты. «Жетім-жесірдің күнін тек итке берсін!» деген. Артында жылап-сықтап анам жесір, жәутеңдеп қыздары жетім қалдық. «Жетім» деген сөз қандай ызғарлы еді десеңші?!

Бізде балалық шақ деген атымен болған жоқ. Емін-еркін ойнаған жоқпыз, күлген жоқпыз, үйге қолғабыс етейін деп ерте жұмысқа араластық. Бірақ тәубе, жалпы алғанда жетімдіктің зардабын көп тартпадық. Олай дейтінім – 45 жылы немере ағамыз, яғни әкеміздің туған інісі Дос ағайымыз соғыстан аман-есен елге келді. Ол – атамыз Ғалидан тараған үлкені Мұрат пен менің әкем Есімнен кейінгі үшінші перзент. Ең кенжесі Рахима. Қазір әкеміздің аға-інілерінің ұрпақтары Ресей, Өзбекстан жерінде тұратынын ұзақ уақыт іздестіре келе күні кеше білдік. Төкеңдер арнайы барып жолығып келді. Міне, дәл бүгін олар да менің мерейтойыма орай бізге, Атырауға келіп қонақтауда. Бұ да болса заманында тарыдай шашырап кеткен ағайындардың басы қосылған сауапты іс болды ғой деп есептеймін.

Ал, біздер ата-анамыздан төрт қызбыз. Апам Мағрипа кішкентай күнінде дүниеден озды. Енна деген сіңлім де ота кезінде көз жұмды. Аллаға шүкір, әйтеуір, әкеміз соғысқа кеткенде анамның ішінде қалған Бақтылы сіңлімнің көзі тірі. Сөйтіп, Дос ағатайымыз біздерді – өз ағасының балаларын қамқорлығына алып, қал-қадірінше ешкімнен кем қылмай өсірді» деп өз жұртының қысқаша тарихынан тәбәрік айтып берді.

Дина анамыздың сөзінше, Дос ағамыз Мағауия атты ұлды болады. Құрсақтан ұл көтермеген Бітім шешей қайынінісінің баласын емірене бауырына басады. Әйтсе де, ажал деген тажал жас-кәріні талғай ма? Бала Мағауияны сол кез үшін айықпас дерт – қызылша деген сырқат меңдеп, үш жасында кенеттен бақилық болады. Періште-сәбиінің қайғысын көтере алмаған мұңлық ана қырық үш жасында ұлының артынан бұ дүниені тәрк етіп кете барады.

Иә, өткен жүзжылдық, сіз бен біз кейде «алтын ғасыр» атап жүрген XX ғасыр адамзатқа қанша өз заманынан озып туған ғаламат тұлғаларды тарту етсе, содан мың еселеніп асып түсетін зауал әкелді?! Ашаршылық, қуғын-сүргін, сұм соғыс… Соның ішінде, қаймана қазағымыздың көрмегені жоқ екені тарих беттерінен белгілі. Дина апамыздың отбасының қилы тағдыры – соның кішкентай ғана бір түйірі іспетті.

Жұмағұловтар отбасы

Ендігі әңгіме ауанын мерейтой иесінің Төкен Танаұлымен көңіл жарастырған сәтіне қарай бұрайық. Бұл жөнінде отағасының естелігінде былай делінеді:

«Танысқан жылдары Дос қайынағам мұнай өңдеу зауытында қарапайым жұмысшы екен. Сол кісінің үйіне барып Динаға құда түстік. Жиі-жиі кездесуіміздің сәті түсті. Бірақ Дина сағат кешкі оннан қалмай үйіне оралады. Ол аздай болашақтағы басы ашық қалыңдығым жұмыс орнына төбе көрсетуіме тыйым салды. Байланысшым – 4 жасар Несібелі. Тігін шеберханасына соны кіргізіп жіберемін, келіп тұрғанымды Дина содан сезіп, сыртқа шығатын.

Әй, біз әйелді осылай азаппен алдық қой. Қазақ қыздарының иба-инабаты керемет еді. Не деген мөлдірлік! Не деген намысқойлық! Шаң тидірмейтін, кір жуытпайтын тазалық. Айтары да, әрекеті де: «Арым – жанымның садағасы…».

Төкен ағайдың осы бір лебізінен бүкіл ғұмырыңа татитұғын, қанша қиқуласаң да қайта айналып келмейтін қайран жастық дәуренге деген сартап сағыныштың самалы еседі.

«Динаға 1961 жылы 15 шілдеде, дәл менің туған күнімде үйлендім» дейді ол аяқталмаған ойды жалғастырып. «Ол күндіз шеберханада жұмыс істеді. Одан қолы босаса бітті, үй шаруасы – томар жарады, көмір тасиды, от жағады, балшық илеп үйдің түскен сылағының орнын бүтіндейді, тамақ істеп, кір жуады. Сүйіп алған зайыбым емес пе, жаным ашиды. Қолғабыс етпек болсам анамыз: «Тәйт! – деп тастайды. – Неменеге емешегің езіледі, үй тірлігінен өлген қазақ қатынын көргем жоқ. Үйдің киесі сен болсаң, иесі ол, ендеше үйіне, оның күллі шаруасына өзі ие болып, шаруасын өзі істесін, сен мал тап!» деп отыратын. Жалпы анам Динаға жөн-жосық айтудан, білгенін, көрген-түйгенін үйретуден еш жалыққан емес. Ыстық-суыққа бірдей төселіп, кез келген қиындыққа іштей тастүйін дайын жүруін қалады» деп сөзін сабақтайды ағамыз.

Немерелері Әмір Бекет

Өз кезегінде «Алпыс жылдан асатын осынау татулықтағы жұбайлық өмірлеріңіздің басты қағидасы қандай» деп Дина апайдың өзінен сұрағанымызда бірден «Керегі ауызбіршілік қой, шырағым» деп үн қатты.

«Шынымды айтсам, әкемнен ерте қалсам да, анам таршылық көрсетпей, емін-еркін өсіруге тырысты. Негізінен тазалыққа ұқыпты қарағаным болмаса, қыз күнімде ішетін бір кесе шәйімнің өзім жеңгем құйып беретін адаммын ғой. Бірақ өмір бәрін де үйретеді екен. Дегенмен үйрену үшін де ықылас керек, ықыласты болу үшін ақыл мен тәрбие қажет. Ал, оны әлбетте әуелі бойыңа сіңіретін өз жұртың.

«Қыз қалыптан әйел қалыпқа көндіретін ол – сәлемі,

Жат-жұрттың алдындағы әдемі.

Қыз күнін қиып, қыдыруын тыйған әйел ғана қатын болады,

Қатын болған әйелдің қазаны отқа жақын болады.

Құрсағын кеңейтіп, бала тапқан Ана болады,

Басқа салғаннан ой түйіп, бойын түзеткенге Құдай өзі пана болады.

Үлкеннің айтқанын бойына сіңіріп,

Өзі де сол әулетке сіңе білген келін ғана дана болады». Менің қазақ келіндеріне айтар өсиетім осы» деп, ойын аталы сөзбен түйіндеді ақжаулықты анамыз.

Біз де Домалақ ана, Ұлпан, Ұлжан, Зерелерден қалған даналық, аналық дәстүрге кір келтірмей, лайықты жалғастырушы Дина Есімқызының ұлағатына үнсіз құлақ түрдік.

 

Дина анамызды Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Өтешовтің 85 жасымен құттықтауы

Бұдан сәл бұрын, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің және Т.Танаұлы құрған «Тағылым» білім ордасының ұйымдастыруымен Дина Есімқызының мерейлі жасына арналған «Адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» атты ғибратты кездесуі өткен еді. Іс-шара шеңберінде игі жақсыларымыз – ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов, ғалым, профессор Қадір Жүсіп ағаларымыз, мемлекет және қоғам қайраткері Мадина Ғабдусәлімқызы мен облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасовалар Атыраудың аңызына айналған қос тұлғаға алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдірді.

Сайып келгенде, қарапайым жүргізушіліктен бастап, әртүрлі даму сатыларынан мүдірмей өтіп, дүйім елге белгілі кәсіпкер, меценат атанған Төкен Танаұлы мен абыройлы азаматтың арқасынан қағып, жігерін қайрай білген, мерейлі 85 жасқа толған Дина анамыз жөнінде жазбамыз да тәмамдала келді. Күні бүгін Алатаудай асқаралы әке мен ақ жаулықты абыз ана Ләззаты мен Сақинатынан, Абайы мен Қайратынан оннан аса немере, он шақты шөбере сүйіп, әдемі қарттыққа жетіп отыр. Жаратқан бұл әулетке амандық беріп, құт-берекесі арта берсін деген тілек айтамыз.

 

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау қаласы