Елімізде еш жерде ресми жұмыс істемей, алайда табыс табатын азаматтар жетерлік. Олар зейнетақы мен медициналық сақтандыру қорына ақша аудармайды. Үкімет мұндай азаматтарды өзін-өзі жұмыспен қамтығандар дейді. Оның ішінде бала күтуші, фрилансерлер, такси жүргізушілер, қорадағы азын-аулақ малын сатып, табыс табатын өзге де қазақстандықтар бар. Дәл осы азаматтарға бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу тиімді әрі ыңғайлы. Ол төрт түрлі төлемді – жеке табыс салығын, зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына және медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарналарды біріктіреді. БЖТ-ны тағы кімдер төлей алады, сақтандыру мәртебесінен айрылмау үшін оны қалай дұрыс төлеу керек және тағы басқа ньюанстарды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Б. Газизов  айтып берді.

 

БЖТ төлеуші ретінде тіркелудің артықшылығы неде?

 

Бірыңғай жиынтық төлем бір айлық есептік көрсеткіш көлемін құрайды. 2023 жылы елімізде АЕК мөлшері – 3 450 теңге. Осыған орай, республикалық және облыстық маңызы бар қала тұрғындары ай сайын 3 450 теңгеден, ал басқа елді мекендердің азаматтары 1 725 теңге, яғни 0,5 АЕК.

Өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды БЖТ төлемегені үшін қандай да бір жауапкершілікке тарту шарасы қарастырылмаған. Алайда, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам бірыңғай жиынтық төлемнің бір айын уақытылы  төлемесе, сақтандыру мәртебесінен айрылады. Сондықтан ай сайын төлем уақытын өткізіп алмау маңызды немесе алдағы кезеңдерге алдын ала төлем жасау керек.

Бұл азаматтар салық органында тіркеуде болмаса зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыруға қауқарсыз болады. Ал БЖТ төлемі осы мәселелерді оңтайлы шешеді. Оған қоса патент немесе «жеңілдетілген» режиммен салыстырғанның өзінде ай сайынғы салық жүктемесінің мөлшері көп емес.

Жарнаның төмен мөлшері. Жалпы БЖТ-ға мыналар кіреді:

10% – жеке табыс салығы (ЖТС);

20% – әлеуметтік аударымдар (ӘА);

30% – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ);

40% – міндетті медициналық сақтандыруға аударымдар (МӘМС)

Бірыңғай жиынтық төлем төлеу ауылдық аймақтарда тұратын азаматтарға тиімді. Себебі олар ай сайын 1725 теңгеден  (1725*12=20700) төлеп, МӘМС аясында  барлық медициналық қызмет түрін  шектеусіз алады. Яғни қажетті тексерулерден өтіп, оған жүздеген мың, тіпті миллиондаған теңгеге операция жасай алады, оңалту курсынан өтіп, амбулаториялық негізде дәрігердің бақылауында болады. Бұл жерде пациент аталған медициналық қызметтер үшін қосымша төлем жасамайды. Яғни, әрбір сақтандырылған адам аударған жарна мөлшеріне қарамастан, медициналық қызметтерді толық көлемде уақтылы алуға құқылы.

 

МӘМС жүйесіне артық немесе қате төленген жарналарды қалай қайтаруға болады?

 

Егер БЖТ төлеу кезінде артық төлем жасалса немесе деректерді енгізу кезінде қате болса, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш жазып, төлемді растайтын құжаттарды қосу қажет.

Өтінішті қарау 15 жұмыс күнінен аспайды. Төлем қандай түрде жүргізілсе, дәл солай қайтарылады.

Айта кету керек, дербес төлеушілер алдағы 12 айға төлем жасаған кезде абайсызда бір айды БЖТ төлемі ретінде төлеп жіберсе, бұл азамат сақтандыру мәртебесін ала алмайды. Ол үшін дербес төлеуші ретінде сол айға төлем жасап, қателесіп төлеген ақшаны жоғарыда көрсетілген әдіспен қайтарып алуға болады.

Сонымен қатар БЖТ төлейтін азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кезде автоматты түрде БЖТ төлеушілер тізімінен шығады да, кейін бұл төлем түрін төлей алмайды. Әрі қарай бұл азаматтар жарналар мен аударымдарды жеке кәсіпкер ретінде жасай беруі керек.

 

 

Жүкті және босанған аналардың назарына!

 

Ресми жұмыс істемейтін әрі тиісті аударымдары жоқ көптеген жүкті әйелдер жеті ай бойы арнайы БЖТ төлем жасайды. Бұл оларға бала күтімі бойынша бір жарым жасқа дейінгі әлеуметтік төлемдерді алу үшін құжат тапсыруға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда әйел «Жұмыс істемейтін жүкті әйел» жеңілдік санатынан шығарылады, себебі жүйе оның БЖТ ішіндегі аударымдарын көреді және ол табыс табатын адам болып есептеледі. Ал жеті ай бойы БЖТ жасаған азаматшаның сегізіншісінде төлемі болмаса, ол сақтандыру мәртебесінен айрылады.

Осы кезде ол екі жолдың бірін таңдай алады: 1) өзін өзі жұмыспен қамтыған азамат ретінде сақтандыру мәртебесін сақтау үшін БЖТ төлеуді жалғастыра беруі керек; 2) ал келесі жағдайда ол БЖТ-ны екі ай төлемесе, жеңілдік санатына кіреді де, сақтандыру мәртебесін алады (жүйе оның аударымдары жоқ екенін көреді, яғни ол жұмыс істемейді деп есептеледі). Екінші жағдайда ол сақтандыру мәртебесін алғанға дейін осы екі ай ішінде МӘМС аясында медициналық көмек ала алмайды. Бірақ қажет болған жағдайда ол тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында шұғыл көмекке жүгіне алады.

 

Егер тағы да басқа сұрақтар туындап жатса, сіз өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгіне аласыз. Ал ол жерден мардымды жауап ала алмасаңыз, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесідей байланыс арналары арқылы өтініш жібере аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.

Осы құралдар арқылы сақтандыру мәртебесін тексеруге болады. Сондай-ақ медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы ҚР электрондық үкіметінің сайтындағы (egov.kz) «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ға аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.