Мирас АСАН – 1987 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бақты ауылында туған.
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты.
Педагогика ғылымдарының магистрі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.
Күні бүгін Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі қызметін атқарады.
«Бекзат», «Соңғы раушан», «Сүйесің, жүрек, сүйесің» жыр жинақтарының авторы.
«Ең терең адамыңа – ең биіктен,
қол бұлғау – қоштасу ма, шақыру ма?»
ӨЛЕҢ!
ҰЛЫМ КЕТІП БАРАДЫ МЕКТЕБІНЕ
Қарындашы жап-жаңа ұшталмаған,
Қаламсабы жап-жаңа ұсталмаған,
Жейдесі де дәп-дәл шыт кірлемеген,
Дәптері де су жаңа тысталмаған,
Ұлым кетіп барады мектебіне,
Биік шыңға балапан беттеді де!
Құлдыраңдап қояды құлыншақ ұл,
Қолы құлын жалына жеткені ме?
Әліппесін қолтыққа қысқан көкем,
Әріп көшін танымақ ұстам бекем!
Сондай құштар өмірге, сондай ынтық,
Өмір де оған дәл сондай құштар ма екен?
Сөмкесі үлкен өзінен арқалаған,
Тақта да үлкен, білемін, парта да оған…
Бес күн жалған ой жүгін барады асып,
Бестегі ұлым ойыны тарқамаған…
Білім – бәйге, жарысқа жан сал күшпен,
Тәкаппарлық көрсетпе, болсаң да үстем.
Ақ құрт шашып анашың сыртта қалды,
Ақ бор ұстап ұстазың қарсы алды іштен.
Алда сенің ақ арман, арай гүлің,
Ақыл айтар дәл бүгін орайлы күн:
Сөзін бөлме ұстаздың һәм сөзге ерме,
Сөз болғаннан жаман жоқ, абайла, ұлым.
Халықшыл бол қаһарман Хақ қолданған,
Қылықтарға ұнамсыз жат бол жаман.
Бірді бірге қосуды үйрен, дұрыс,
Бірді бірге соғудан сақ бол, балам.
Ақтап үміт, арқамның босат жүгін,
Қыран – Сенсің, Тудағы шашақты Күн!
Тарихың бар Күлтегін тасқа жазған,
Сол тарихқа ешқашан тас атпа, ұлым.
Жырақ қалма қызықты жыр-ән кештен,
Шындыққа да берік бол шыған көшкен.
Алты құрлық, төрт мұхит – барлығын сүй,
Алты Алашты бірақ та шығарма естен.
Кетпес, білем, кей сөзім бірден ұнап,
Ойыныңнан кетпегін мүлде жырақ.
Ала допты болады сәл қууға,
Ала жіпті аттама мүлде бірақ.
Қуанышпен қарсы алды бұл күнді атаң,
Құрақ ұшып қарсы алды бұл күнді апаң.
Қоңырауыңды алғашқы сенің тыңдап,
Омырауымды жас жуып тұрмын, ботам.
Күтеді алдан әлі сан сапар, сарай,
Сол жолдарда ағартқан әкең самай.
Мектепке анаң апарса қалай бүгін,
Меккеге ертең сен де оны апар солай!
Көздерімде қуаныш лағылы ойнап,
Қадамыңа қараймын бәрін ойлап…
Тарыдай боп мектепке кірген саған
Таудай талап тіледім, тарыдай бақ.
ҰЛЫМ ЖАЛҒАСҚА
Ағарған әр талын самайдың,
Өмірдің жолы деп санаймын.
Мен жалпы, ең ұлы ойларға,
Баланың көзімен қараймын.
Ойменен өтуде кей күнім,
Тойменен өтуде кей күнім…
Сүрініп, жығылып кеп тұрсам,
«Менімен күресші» дейді ұлым…
Белдесер тас түйін жас ұлға,
Насихат айтамын басында:
Біреумен күресу түк емес,
Өзіңмен күрестің қасында…
Бейнесін балалық шағымның,
Ұлымнан көп іздеп сабылдым.
Содан ба, «ат болам» мен оған,
Жауырын жасырып жанымның…
Жігітті қайрайды әр қайқаң,
Сарай деу дұрыс па салмай там?..
Хайуанат бағына барса ұлым,
Жол бойы адамдық жайлы айтам.
Тығылмақ ойнасақ, төзімді
Көбіне мен жұмам көзімді.
Қызығы, ұлды іздеп шығам да,
Таба алмай қаламын өзімді…
Тәлімнің бұл мүмкін ірісі,
Тұлпардың тай күннен жүрісі.
Балама ұстазбын мен ылғи,
Балама шәкіртпін, дұрысы.
Бәрін дос санайтын аппағым,
Мұң артып тұр бірде қап-қалың.
Досым жоқ дейді ұлым күрсініп,
«Менің де…» дей жаздап, тоқтадым.
Жаңылған, жығылған жерім көп,
Өмір – мұз,
Өмір – от,
Өмір – доп.
Сырғанақ тепсе ұлым, мен тұрам,
Тағдыр да тайғанақ дегім кеп.
АЛАҢ ДА АЛАҢ, АЛАҢ ЖҰРТ
Қатыны найзаға сүйеніп толғатқан,
Батыры найзаға сүйеніп түн қатқан,
Ақыны найзағай жырымен үн қатқан,
Сайран да менің Сарыарқам!
Қыздары қылыш әперіп алдыңнан шығатын,
Ұлдары дұшпанға қасқайып тұратын,
Ақыны ер-шолпан – таң алды туатын,
Айбарлы да неткен Атырау!
Келіні қазан көтерген қадақ асынан,
Ер ұлы жауын сүңгіге қадап асырған,
Ақыны мадақ емес, садақ асынған,
Қайран да қарт тау – Алатау!
Жатыры ұлдарын арыс қып туатын,
Батыры ақырып белдігін буатын,
Ақыны елдігін еңіреп қуатын,
Ер едің неткен өр Алтай!
Аруы аузыңа зәмзәмін тамызған,
Қаруы рух артып Қашаған, Оғыздан,
Бақсысы Сырдың суын теріс ағызған,
Қайран да қайран Ақмешіт!
Шешесі ұлдарын майданға баптаған,
Кенжесі жебесін қаңғыртып атпаған,
Хандары халқының бетінен қақпаған,
Қайран да қайран Ұлытау!
Алаң да алаң, алаң жұрт!
Таусылды тозып тағаң, жұрт!
Үйір-ақ сор мен саған бұлт!
Қиын-ақ күнің, сол үшін,
Ақбас тау, көбік көл үшін,
Жазира, құмдақ, шөл үшін,
Шоқы, үстірт, ойпат, бел үшін,
Сұрайды сауға алаңда ұлт!
Сұрайды сауға алаңда ұлт!
Сұрайды сауға алаңда ұлт!
***
Сөзден тәтті жоқ,
Иісе таңдайға!
Сөзден қатты жоқ,
Тисе маңдайға…
Өксік көмейді
Қырнап, қажайды…
Тартыс көбейді,
Таныс азайды…
Жолым тым батпақ,
Ұшты шолжаң бақ…
Бөздей қымбаттап,
Сөздей арзандап…
Тағдыр – би, төре,
Тықты түнекке…
Ақыл – жүйкеде,
Ақын – жүректе…
Жұмсақ қате үшін,
Қатты кетістік.
Бала – зат есім,
Қорықты – етістік.
Жүрек жыр беріп,
Рәуіш ашылар…
Жүйке сыр беріп,
Реніш басылар…
Бәрі – өтпелі,
Жалған – қып-қысқа…
Алла көктегі,
Жалғыз түпнұсқа!
***
Құшағында ойлардың қалың ішік,
Отырамын оранып жаным үсіп…
Бір-бірінде адамдар сүреді өмір,
Сатып,
Сүйіп,
Жек көріп,
Сағынысып.
Бір-бірінде өледі солай тағы,
Бір-біріне бітпейді кек, айтағы.
Біреулері – шашыңды ағартады,
Біреулері – жаныңды қарайтады.
Бір-бірінен адамдар тояттайды,
Бірін-бірі іздейді, таяқтайды.
Біреу маған мысалы, жолға шығып,
Біреу менде сапарын аяқтайды.
Пыш-пыш өсек, Мыс-мыс пұл ақшаларда,
Бір-бірінде күн кешер патшалар да.
Бір-бірінде мәңгілік сүреді өмір,
Ақылман да,
Ақын да,
Атшабар да.
Құмсағаттай төңкерген құтыдағы,
Бір-біріне адамдар жұтылады.
Бір-біріне адамдар үйренеді,
Бір-біріне адамдар тұтылады.
Дүниеге тұрлаусыз шараң бар ма,
Шамаң бар ма қарарға, алаңдарға…
Бірін-бірі жоғалтқан тағдырларға,
Бір-біріне жоғалған адамдарға.
***
Ескі жұрттан жырақта, алыс қалып,
Қырдағы елмен көп болды табыспадық.
Ауыл жайлы ойласам, түс көремін,
Ауыр-ауыр ойларға жанышталып.
Ішке сыймай еркіндік далаға тән,
Түс көремін, түсімде… бозала таң…
Қорап-қорап үйлердің арасымен,
Қора-қора қой жайып бара жатам.
Сарнап бір күй санамда қоңыр ырғақ,
Түс көремін, түсімде… сары құмдақ…
Ат шаптырым бір дөйдің кеңсесінде,
Ат суарып тұрамын, ән ыңылдап.
Жабырқаулы жанымды жаншып алаң,
Түс көремін, түсімде… мол сыбағам…
Шөп-шалам жеп отырам бір шендімен,
Шөп түсіріп жатады көрші-қолаң.
Қам көңілім өртеніп қоз жастайды,
Түс көремін, түсімде… тозбас қайғы…
Ана сүтін ақтауың керек қой деп,
Сүт тартқышы анамның сөз бастайды.
Өмірді аңсап далалық өте мінсіз,
Түс көремін, түсімде… жете құнсыз…
Боқтық естіп тұрамын бір көкеден,
Боқ шығарып жүреді әкем үнсіз.
Сен десе ауыл пәруана көбелек боп,
Түсем отқа күн сайын не керек көп.
Түс көремін, түсімде… марқұм әжем…
Оята алмай жүреді мені өбектеп.
***
Жаралған өзің емес, жат ұғуға,
Сұрақ көп балдан гөрі жақын уға…
Ең терең адамыңа – ең биіктен,
Қол бұлғау – қоштасу ма, шақыру ма?
Айта алмау қандай азап – сыр ашып түк,
Бақытқа тым кешіктік, тым асықтық…
Махаббат деген не ол, белгілеңіз:
А) тағдыр
Ә) дос болу
Б) ғашықтық
Сезімнің ақыл мәңгі – қарсыласы,
Тартысты ағарғанша таң шұғасы…
Қиянның иығыңда ауыр жүгі,
Қиялдың миығыңда тамшы жасы…
Өтесің сен де мендей, тынып іштен,
Сорыңды бақытыңнан қылып үстем!..
Тар жерде тағдыр деген құбыжыққа,
Тап болып сезім деген құбылыспен…
***
Саған жазғым келеді
Құлазыған шақтарда көңіл бағым,
Келмейтінін көргенде өмірге әлім,
Шарқ ұрғанда жанымның шағаласы,
Шарпылғанда алауға қоңыр жалын…
Саған жазғым келеді
Тым елеусіз атқандай таң күлісіп,
Жай әншейін себепсіз хал білісіп…
Түпсіз терең түнекте тас қараңғы,
Тар кеудемде жатқанын жан бүрісіп…
Саған жазғым келеді
Тірлікті арзан бір сәтке ұмыттырып,
Есігімнен келгенін үміт кіріп,
Саған жазғым келеді, сол жазғаннан,
Өзгермесін ештеңе біліп тұрып…
Саған жазғым келеді
Айта алмайтын сырымды жанға күллі,
Қиялымды,
Ойымды,
Арманымды.
Бататұғын нарт қызыл күндерімді,
Ататұғын ақ арай таңдарымды.
Саған жазғым келеді
Дидарыңнан төгіліп тәтті ән керім,
Сен жымиып оқитын хаттар легін,
Күлімдеген жып-жылы сәуір жүзін,
Сақылдаған сары аяз ақпан демін.
Саған жазғым келеді
Кірпіктен жас үзіліп құлағанын,
Сол тамшыда күллі әлем тұра аларын…
Маңдайыма жазылған махаббатым,
Хат жазуға болмайтын бір адамым,
Саған жазғым келеді
Қара сия екенін қара түнім,
Қара түнде біреу шам жағатынын,
Болатынын біреуді ұмытуға,
Еске алуға біреуді болатынын.
Саған жазғым келеді
Өмір деген бір үлкен жар екенін,
Сезім сол жарқабақтан әрі екенін,
Сағынбайтын жандардың жоқ екенін,
Жеткізбейтін жолдардың бар екенін.