Баласы бәйгеге шапса, анасы қалай жанын шүберекке түйіп, тақымын қысып отырар болса, Токио қаласында өткен 16-шы жазғы Паралимпиада ойындарында үміт артқан дарабоздарымыз үшін содан кем жанкүйерлік етпедік. Бүкіл елдің абыройын арқалап барған спортшыларымыз да бізді жерге қаратпады. Бұрын соңды алынбаған асуларды алып, тарихта бірінші рет бес бірдей жүлдемен рекордтық көрсеткіш тіркеп, атойлап ауылға қайтты. Қоржында – бір-бір алтын мен қола және үш күміс медаль бар. Ақмолалық пауэрлифтинг өкілі Давид Дегтярев алтыннан алқа тақса, Тараздың жүзу спортының түлегі Нұрдәулет Жұмағали қоланы қанжығалады. Ал, парадюзодан үш бірдей жерлесіміз күміспен күптелсе, Нұрлан Домбаев паратаэквондодан 5-орынды, Ержан Сәлімгереев паражүзуден 6-орынды иеленіп, көңілімізді көкке көтерді. Осы орайда шәкірттері шашасына шаң жұқтырмай, жеңіс тұғырына көтерілген парадзюдодан Қазақстан Республикасының бас жаттықтырушысы Жандос ҚИЯНОВПЕН сұхбаттасудың сәті түсті.

– Жандос Қарақожаұлы, «Мерейлі мекен» журналы редакциясы ұжымы атынан құтты болсын айтамыз! Жалпы, соңғы күндердегі көңіл-күйіңіз айтпаса да белгілі. Дейтұрғанмен, сәл де болса осының барлығының аптығы басылғаннан кейінгі ішкі ойларыңыз не айтады? Сол қызық…

– Рақмет! Аптығы басылды деуге келмес. Жұртымыз әлі де болса мәртебемізді жоғары көтеріп, толассыз құттықтауларын жаудыруда. Қазір кейінге көз жіберіп, ойша шолу жасап отырсам – бәрі де зымырап өте шыққан екен-ау. Міне, қазір үш күмісті еншілеп Токио төрінде тұрсақ, көзді ашып-жұмғанша Алматы әуежайынан бір-ақ шықтық. Құшақ толы гүлдер. Айнала толған халық. Әрқайсысының жүзінде ризашылық сезімі. Езулері құлағына дейін жетеді. Көздерінен бізге деген шуағын шашып тұр. Осының өзі неге тұрады? Отанымызда осылайша аяғымызды жерге тигізбей күтіп алды. Қазақстанның Парадзюдо федерациясының демеушілері қаржылай сыйлықтарын беріп, мерейімізді тасытты.

Туған топыраққа келгеннен кейінгі құрмет көрсетулері тіпті бөлек болды. Ұшақ баспалдағынан төмен түсе берісімен Атырау облысы әкімі Махамбет Жолдасғалиұлы, аймақ басшысының орынбасары Бақытгүл Қайыржанқызы және барша спортсүйер қауым қарсы алып, түгелдей бапкерлік құрамға және Паралимпиада ойындарына қатысқан атыраулық спортшыларға «көрімдікке» миллион теңгеден үлестіріп, асқан ықылас-ниеттерін жеткізді. Бұнымен шектелмей, азғантай күннен соң әкімдік алдында арнайы іс-шара ұйымдастырылып, жүлдегер үш дзюдошымыз Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатиналарға көлік пен пәтер кілттерін қатар табыстады. Қалған палуандар мен бапкерлер де сыйақысыз қалмадық. Бұның барлығы да – еткен еңбектің, төккен тердің өтеуі деп білеміз. Бұл ретте бізді қолдаған әрбіреуіңізге ризашылығымыз шексіз екендігін білгейсіздер.

– Аз-мұз өткенге оралып, еліміздегі осынау спорт түрінің қалыптасу кезеңдерін еске түсірсек…

– 2014 жылға дейін елімізде ерекше жандарға арналған күрестің бұл түрі болған жоқ. Тек осы жылы республикалық Паралимпиадалық комитеттің жанынан дзюдо бөлімі ашылып, Әнуар Сариев АҚШ-тың Колорадо қаласындағы әлем біріншілігінде бақ сынап, ұлтымыздың парадзюдодан алғашқы түлегі ретінде қанат қақты. Осыдан бастап елімізде парадзюдо спорты кең етек жайды. 2015 жылы Сәулдегі Бүкіләлемдік ойындарда Әнуар Қазақстан тарихында алғаш рет қола жүлдеге қол жеткізді. Оған дейін 2014 жылы Азия ойындарында жетінші, Әлем кубогында бесінші орындарды иемденіп жүрді. Соның нәтижесінде, ол әлемдік рейтингте бесінші орынға көтеріліп, халықаралық спорт шебері деңгейіне жетті. Сөйтіп, Риодағы 15-ші Паралимпиада ойындарына жолдама алған алғашқы қазақ спортшысы атанды.

Кейін келе 2015 жылдан бастап Паралимпиадалық дзюдо федерациясы ашылып, оны Қанатқали Дусалиев ағамыз басқарған еді. 2016 жылы Әнуарымыз Риода және Ұлыбританияда өткен Гран-при турнирлерінде 3 орынға тұрақтады. Ал, 2016 жылы бірінші мәрте Паралимпиада ойындарына қатысып, 7-нші нәтиже көрсетті. Әнуар бауырымыздың осынау ерлік үлгісі көптің көкірегіндегі сенім шырағын жаққан болса керек, парадзюдоға ынтасы бар палуандар қатары күрт көбейді.

Аталмыш белдесулерге деген оң көзқарасты байқаған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық Паралимиадалық комитет, Парадзюдо федерациясы, Атырау облысының әкімдігі, Атырау облысының Парадзюдо федерациясы сынды құзыретті орындар 2017-2019 жылдар аралағында мұнайлы астанамызда түрлі халықаралық сайыстарды ұйымдастыруды қолға алды. Соның көрінісіндей, Бүкіләлемдік Гран-при турнирі, Әлем кубогы, Азия және мұхитаралық біріншілігі Атырау жерінде өтті. Бұл сайыстардың қай-қайсысы да 2020 жылғы Паралимпиада ойындарына ұпай беретін турнирлер болатын. Соның арқасында Токиодағы дүбірлі додаға 7 жолдама ұтып алдық. Былтыр Ұлттық Паралимпиадалық комитеттен паралимпиадалық спорт түрлерін дамытуға бағытталған мемлекеттік тапсырыс алып, жүзеге асырдық.

– Әрі қарай Токиода өткен байрақты бәсекеге қайта оралсақ. Парадзюдодан ұлттық құрама командасы күншығыс еліне қандай делегациямен аттанды? Делегация құрамына тоқтала кетсеңіз…

– Жапония жеріне парадзюдо спортынан жалпы саны 10 адам, жеті спортшы және үш жаттықтырушы бардық. Олар: ерлер арасында 60 келі салмақта Әнуар Сариев, 73 келі салмақта Теміржан Дәулет, 81 келі салмақта Ғалымжан Смағұлұлы, 90 келі салмақта Аманжол Жанбота және 100 келі салмақта Ерлан Өтепов. Қыздардан 57 келі салмақ дәрежесінде Даяна Федосова мен +70 келі салмақта Зарина Байбатинаға сенім білдірілді. Бапкерлерге келер болсақ, менен бөлек аға бапкерлер Наран Ешибаев пен Жайдар Сайлаубаевтар жаттықтырушылар құрамында болды.

– Паралимпиада ойындарына спортшыларымыздың дайындығы қалай болды? Нендей нәтиже күттіңіздер? Бас жаттықтырушы ретіндегі мүддеңіз толығымен жүзеге асты деп ойлайсыз ба?

– Тыңғылықты дайындық бізде өткен жылдың қазан айынан басталып кетті. Сол уақыттан бері оқу-жаттығу жиындарын үзбедік. Одан бөлек, төрт бірдей халықаралық сайысқа қатысып үлгердік. Палуандардың әрбіреуінің дайындығы өте жоғары деңгейде болды десем қателеспеспін. Әрқайсысынан жүлде күтуге негіз боларлықтай күш жұмсалды. Әйтсе де, бірінің бабы келіп тұрса, енді бірінің бағы жанбады ма, кейбір палуандар жүлдеге аз қадам қалғанда сүрініп жатты. Мәселен, Аманжол Жанбота бірінші кездесуінде-ақ тобықтан төмен жарақат алып, сүйектері жарылып кеткеніне қарамастан үшінші орын үшін белдесуге дейін жетіп, өкінішке орай есе жіберіп, 5 орынға табан тіреді. Әнуар Сариев пен Теміржан Дәулет өз биіктерінен көрініп, алтынға бергісіз күміс жүлделерін ел қоржынына салды. Зарина Байбатинаның финалдық кездесуде аяқ жарақаты сыр беріп, алтын тұғырға сәл жетіңкіремей қалды. Өз кезегінде Ғалымжан Смағұлұлы, Ерлан Өтепов, Даяна Федосоваларға аз-кем сәттілік жетіспей, жүлдеге іліге алмады.

Әйтсе де, алдағы сайыстарда олардан күтілетін нәтиже аса жоғары. Оның үстіне соңғы уақыттағы парадзюдоның даму деңгейінің едәуір жақсарғанын, ендігі әрі «Мен дзюдошы болғым келеді» дейтін балалар мен жасөспірімдердің саны артып келе жатқандығын ескерсек, бәсекелестік күшейетіндігі онсыз да түсінікті. Шынайы бәсекелестік барда сапа да сақадай сай болатыны әмбеге аян.

– Осымен тоқтап қалу еш ойда жоқ шығар. Келешекке жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Ең бірінші, дәл қазіргі басты мақсатымыз – 2024 жылы өтетін Париждегі Паралимпиада ойындарына мейлінше көбірек жолдама ұтып алу. Бұған дейінгі қос додада екі және жеті жолдаманы иемденсек, бұл жолы одан да жоғары межені көздеп отырмыз. Ол үшін алдағы Әлем және Азия біріншіліктерінде тиісті тұғырдан көрінуге, әрбір мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысамыз.

Сөз соңында айтқым келетіні – біз қандай жетістікке жетсек те, ол әуелі Алланың, қала берді Сіздердің – қараша халықтың қолдауының арқасы деп білеміз. «Халық – Құдайдың екінші аты» деп бекер айтпаса керек-ті. Мемлекет тарапынан да, жұртшылық тарапынан да асқан сый-құрметке бөлендік, алғыстарын алдық. Бұдан артық атақтың да, абыройдың да қажеті шамалы. Жеңісті күндеріміз көп болғай!

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов:

«БЕРІК СЕНІМ МЕН МЕМЛЕКЕТШІЛДІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ»

– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары спорттық жетістіктері үшін Қазақстан Паралимпиада командасының мүшелері Давид Дегтяревті ІІІ дәрежелі «Барыс», жерлестеріміз Ануар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатинаны «Парасат», Нұрдаулет Жұмағалиды «Құрмет» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.

Бұл – қажырлы еңбек пен биік намыстың, өршіл руһтың жеңісі. Бұл – берік сенім мен мемлекетшілдіктің жарқын үлгісінің жемісі! Әрбір атыраулық параспортшы алтын медальге лайық өнер көрсетті. Сондықтан әрқайсыңыз біз үшін жеңімпазсыз! Есімдеріңізді еліміздің және өңіріміздің спорт тарихына алтын әріппен жаздыңыздар. Сіздер мыңдаған жастар мен азаматтарға руһ сыйлап, өнегелі өмірдің үлгісін көрсеттіңіздер! Қара ормандай жанкүйерлеріңізге қайсар мінез бен қайтпас қажырдың мәнін ұқтырдыңыздар! Сіздердің жеңістеріңізді — ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына атыраулық спортшылардың айрықша тартуы деп білемін.

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Атырау облысы