Қаройдағы ой

Түнереді Қаройдың қанды аспаны,

Ой үзілді, ұштасып, жалғаспады.

Сатқындардың, қинайды, төрге өтіп-ап,

Қапылыста жағаға жармасқаны!

 

Нағашы ма, жиен бе, қандас бәрі,

Өзгерді ме пиғылы, жолдас па әлі?

Ақшасы үшін сұлтанның, айдап салған,

Қалай қиып өлтірді нарқасқаны?!

 

Ақылдасып, келісіп, қамдасқаны –

Батыр басы… шауып-ап, ал қашқаны!

Басын алар батырдың батыл болса,

Майдан салып, неге ашық жандаспады?

 

Ақша тескен көкейін әумесерлер,

Аллаға емес, патша мен ханға сенген.

Балталарын сілтеді-ау, хас батырға,

Қаруларын ел қорып, жауға сермер.

 

Көп ой ұлып, миымда қанқақсайды,

Қисын тауып қайғыдан, жалғаспайды.

«Мен тірімін!» дегендей аспанда тек,

Жарқылдайды Махаңның алдаспаны!

 

Елес емес, көремін мұны шындай,

Құламайды Махамбет ұлы шыңдай.

Найзағайлар жаниды жігерімді,

Махамбеттің қайралған қылышындай!

 

Қаройдың қара жусаны

Қаройдың қара жусаны,

Қайғыдан қажып түнерген.

Махамбет қаны тамған жер,

Өзіңнен жастай сыр емгем.

 

Көлбеңдей өтіп көк сағым,

Дүбірдің көкте тұр шаңы.

Томсара қапты алыста,

Қымтанған мұңды құм шағыл!

 

Алау да жүзін нұр шалып,

Арша да мойнын қылша қып.

Елестеп өтті-ау, батырдың,

Қапыда кеткен бір шағы!

 

Тербеген желге мұң шағып,

Төбесін талмай күн шағып.

Қайғыдан қажып теңселді,

Қаройдың қара жусаны!

 

Арман да арман арман бел,

Әлекті тағдыр салған жер.

Махамбет ақын өкініп,

Қапыда, шіркін, қалған жер!

 

Жалғандық арбай бастаса

Шындықтың аршып қабығын,

Жалаңаш ұстап тұрғандай.

Түнекті серпер жарығың –

Хас батыр жазған жыр қандай!

 

Тірліктің күйі басқаша,

Қайтпайды зілсіз жасқасаң.

Махамбетті оқы, ағайын,

Жалғандық арбай бастаса!

 

Досың кім, байқа, қасың кім,

Кімге сыр айттың, ашылдың?

Махамбетті оқы, күйбеңдеп,

Қамын жеп кетсең басыңның!

 

Қайғырма жоққа, барға да,

Ұлт үшін болсын әр қадам.

Таусылмас тірлік әлегі,

Өзіңді өзің алдама!

 

Халқың бар бағың жандырған,

Халқым деп өтті сан құрбан.

Үлгі алғын таңның нұрындай,

Махамбет өткен тағдырдан!

 

Өтемістің он ұлы

Төтеп бердім дауылға,

Құламадым, теңселдім.

Қарамадым жауынға,

Талай жолды еңсердім.

 

Сөз арнадым қауымға,

Шын сөзіме ел сенді.

Суарылған жалынға,

Қында жүрген семсермін.

 

Бөкпесін деп ар мұңға,

Тасты құмдай үгіттім.

Өз ұятым алдында,

Сында жүрген жігітпін.

 

Татимын деп он ұлға,

Құлшынған зор дәмем бар.

Нар түйенің жолында,

Жүк қалмайды деген бар.

 

Жарасар ма жалғанда,

Жігітке ез, қор болған.

Тәуекелге барғанның,

Құдай жолын оңғарған.

 

Ауылы алыс мазақтың,

Намыс оты жаныса.

Әр жігіті қазақтың

Он жігітке татыса!

 

Тер төкпеген төрге озбас,

Қамал алмас қорғанған.

…Өтемістің он ұлы,

Жер қайысқан қол болған!

 

Батыр баба рухымен сырласу

– Мүлт кеткенің жүрекке әлі батады…

Ашу алған көп жіберер қатаны.

Кек дегенде оққа байлау өзіңді,

Кектенгенді жөн емес деп жатады.

 

Талай құрған торды бұзып өтіп ең,

Талай жерде айла тауып кетіп ең.

Кектенем деп көрмеді ме жауды деп,

Әлі күнге өкінем.

 

Өлгеннен соң Исатайдай арыстан,

Небір жолдас жан беріп, жан алысқан.

Аласұрдың. Ешкім, әттең, ермеді,

Жөн болар ма ед, ханмен қайта табысқан…

 

От шалған соң қайсар қанаттарыңды,

Жаның күйді-ау, қайдан тағат табылды!

Хан да қазақ. Бекісуге болар ма ед,

Орындатып кейбір талаптарыңды…

 

Көздемедің отыруды жан сақтап,

Ұғам оны. Батыр жолы тар соқпақ.

Тек қапыда кеткеніңе өкінем,

Кешір, ойым, кетсе бұрыс, алшақтап…

 

– Келіспедік. Соңы дауға ұласты.

Содан бетке айтылды ғой жыр ащы.

Айтқанымды істемесең шабам деп,

Кектенгенім, серт бергенім рас-ты.

 

Хан дегенің тау секілді аталы…

Байлығында жоқ-ты менің шатағым.

Бір басыма жететін-ді байлығым,

Абыройым, ерлік, өнер, атағым.

 

Ханға қарсы тар соқпаққа түскен соң,

Тәуекел деп анттың суын ішкен соң,

Қарсы барын білсін дедім,

Әйтпесе,

Белгілі еді кермек дәмін татарым!

Айтшы, әр қазақ ата жолын қумай ма,

Бір құрбаны болу керек мұндайға!

Халық деген көреген бір қасиет,

Кей ұлдарын батыр қылып тумай ма?!

 

Ал, батырда тағдыр бөлек, қарағым,

Елемейді батыр жолдың азабын.

Көк байрағы көкте тұрса ешқашан,

Ерлігімді ұмытпайды қазағым!

 

Дей алмаймын: «Кегім кетті, өш кетті»

Көрсете алдым ердің сойын кескекті.

Бірақ, жауға қой мінезді қазақтың,

Басынғанды көтермесін ескерттім!

 

…Кек дейсің бе,

Кекке сауал жүрмейді,

Кек дегенің басы-көзді білмейді.

Кектенген жан қарамайды өлгенге,

Тірлік құнын қаперге де ілмейді!

 

Хан дейсің бе,

Хан қатесі мол еді,

Көптің қамы оның ойлар жолы еді.

Зар жылатып тартып алды жайлауын,

Шарт кеткенім сол еді.

Қарасы аш,

Өзі ғана тоқ еді,

Сүйенгені патша әскері, добы еді.

Жел сөзге еріп жұртын сатты желөкпе,

Кектенгенім сол еді.

 

Көшер жайлау,

Қонар қоныс қалмады,

Бар жақсыны Қарауылы таңдады.

Салық терген шенділері түрткілеп,

Айнала орап, аждаһадай жалмады.

 

Тума мінез,

Болат ем шарт сынатын,

Тыңдамады,

Ойламады ел мұратын.

Жұрт қиналды…

Мен емес ем, әйтпесе

Насыбайға өкпелейтін бір атым!

 

Талай ойды мына бастан өткергем…

Қара басын мақтатқанын жек көргем!

Казактарын қара құрттай қаптатып,

Ауылдарды бостырғанын кек көргем!

 

Талай дәмдес болғам бұрын бектермен,

Ісі дұрыс болса ханға беттер ме ем?!

Домалатып Исатайдай асылды,

Ат үстінен атқызғанда кектенгем!

 

Ішпеген су, баспаған жер басқызып,

Бейбіт жұртын дүрліктіріп, қашқызып.

Көр түрмеге қаматқанда кектенгем,

Үстімізден жалалы іс ашқызып!

 

Уа, дүние, өткем талай өткелден,

Көк сүңгімді күйдірмегем серт берген.

Сарбазымнан айырылып,

Қанатымнан қайрылып,

Сенделгенде кектенгем!

 

Менің ғана мансабым ба кек деген,

Ел ертеңі – арманым-ды көксеген.

Ұрпағыма бостандыққа жет дегем.

Басым тіккем ел үшін,

Жеттің бүгін!

Демек, босқа өтпегем!..

 

Түс немесе Махамбеттің батасы туралы жыр

Бұрысым көп, қиысым көп, қатам көп,

Жырларымда жалындыдан қасаң көп.

Жығылуға бірақ, мұрша бермейді,

Көкірегімде сайрап тұрған Махамбет!

 

Тіледі ме: «Мәңгі өлмесін, батам!» деп:

– «Әр жүректе кезім күтіп жатам!» деп,

Әр қазақтың кеудесінде, әйтеуір,

Табаласаң –

түрегелер Махамбет!

 

Ақиқатты айтсын бүкпей хат-өрнек,

(Қап түбінде қажетсіз боп жатар ма ек?)

Бала кезім…

Ұмытқам жоқ, түсімде,

Дүрілдетіп бата берді Махамбет!

 

…Қос уыстай бір төмпешік,

Орта тұстан ағаш қазық қағылған.

Тағзым етіп отыр екем,

Махамбеттің бейітіне кеш табылған.

 

Бата берген ақын үні,

Термелетіп төккен жыр.

Күркіреген өр дауыстан,

Қара аспан қақ жарылған!

 

Жер бауырлап бұлттар көшті,

Бұлттар көшті асығыс.

Жыл мезгілі ол да ауысты,

Көктем соңы, басы қыс.

 

Ақ Жайық та алас ұрды,

Мінезге сап тасығыш.

Құлан біткен құйғыды-ай кеп,

Түскендей-ақ басына іс.

 

Күңгірт әлем

Абыр-сабыр көшіп жатыр айналам.

Ызу-қызу сабылған жұрт,

Салып жатыр байбалам.

 

Бәрі-дағы білетіндей,

Келерін бір көшкіннің.

Қалғысы жоқ бір сәтке де

Қалғысы жоқ ешкімнің.

 

Тек мен ғана қалтыраған,

Қара терге малшынып.

Шоқтай жанған намысымды

Жыр-батаға қайраған!

 

Күн – төбеде, күйдіреді,

Бірде жауын толассыз.

Бірде қар ма, бұршақ па әлде,

Төрлер қалған қонақсыз.

 

Иен далада адам, айуан,

Соңында көш-жарыстың.

Бәрін салған әбігерге,

Алау оты намыстың!

 

Ботасы өлген боз інгендей,

Боздап тұр бар атырап.

Қара жер де шыдас бермей,

Шытынады қақырап!

 

Ал жыр-бата төгілуде,

Қалтыратып денемді.

Содан кейін…

Әлем нұрға бөленді!

 

Кеудемдегі сол бір әсер,

Қалай ғана сөнер-ді.

Айтып жүрдім жатқа сол кез,

Кей жолдарын өлеңнің…

 

…Он бір жастар шамасында,

Көрген түсім бұл менің.

Қара тер боп оянғанмын,

Кеудемді өртеп жыр демі.

 

Еліме айтар аманат сөз,

Содан міндет мойнымда.

Түсімде алған сол ақ бата,

Сарайымда жүр менің!

 

Махамбеттің тегі сенің не теңің?!

Айтпақ сөзді жасырып қап не етемін?!

Біле тұра

Кіндік қаны тамған жерін, мекенін,

Ел қорыған бөрі екенін,

Бос қоймаған жетегін.

Қазақ үшін басын берген дұшпанға,

Махамбеттің тегін сұрау не теңің?!

 

Дінсіз жұртың жумай жүріп кө…нін,

Бойжеткенің жаба алмай бос етегін.

Біле тұра ханға қарсы сөйлеген,

От ауызды, орақ тілді екенін,

Махамбеттің тегін сұрау не теңің?!

 

Атойласа алдында жау жайраған,

Тәуекелге тас түйін бел байлаған.

«Ағатайлап!» Жайық бойын жаңғыртып,

Қайқы қылыш, көк сүңгісін сайлаған,

Махамбеттен озып еді қай балаң?!

 

Шу асаудың құлағында ойнаған,

Ұлт ойының тереңіне бойлаған.

Домбырадан күмбірлетіп күй төгіп,

Отты жырмен сарбаздарын қайраған,

Махамбеттей болып еді қай балаң?!

 

Құдіретін, қасиетін жоймаған,

Махамбеттің әр өлеңі той маған.

«Болған ұлдан тек сұрамас» деуші еді,

Қазағым-ай, күңкілдеуін қоймаған.

 

Махамбет пе?!

Болмас, сірә, бөтенің,

Ерлігі айтар, Махамбет кім екенін.

Түрілумен жүріп әлі етегің,

Махамбеттің тегін сұрау не теңің?!

 

Соңынан шыдап кім ерген?

Қайтарам деп жайлауын,

Көк шалғынды қойнауын.

Жылаған жұртын жұбатқан,

Жеткізіп жырмен байлауын.

Көп жүрегін жылытқан,

Қара бас қамын ұмытқан.

Бекерге соғыс ашпаған,

Сылтау іздеп сынықтан.

Тойымсыздарға құныққан,

Төндіріп ажал, ұлытқан!

 

Босатып ойды құлыптан,

Айырып тұсау, құрықтан.

Аңқасы кепкен жұртына,

Су ішкізбекке тұнықтан.

Қиғаштай өткен соқпақтан,

Келгенге кезеп оқты атқан.

Өңмеңдей енген дұшпанды,

Көлденең тұрып тоқтатқан.

Өресі биік ой тастап,

Алдынан шыққан ойқастап!

 

Ер болып туса айып па,

Батырға бұғу лайық па?

Қасқайып тұрып айтпас па,

Бармаса дұшпан байыпқа?

Көңілді солай байытқан,

Жолынан жолбарыс тайып па?!

Қайтармақ болды босқынын

Көкорай шалғын Жайыққа!

Қандасар майдан күткен-ді,

Қатерге басын тіккен-ді!

 

Хан Жәңгірмен егесіп,

Ар-намыспен кеңесіп.

Атойлап шықты Махамбет,

Айдарынан жел есіп!

Үндемеске қорланды,

Жалаулы найза қолға алды.

«Бір сөзіме тоқтар» деп,

Жауар бұлттай толғанды.

Ашу қысып, еп кетті,

«Хан емессің!» деп кетті!

 

Солай да көпті таң қылған,

Намыстың отын жандырған.

Байлық пенен бақытты,

Әр төбеде қалдырған!

Бақыртып ханның билерін,

Шашағын жұлып күйменің.

Берекетін қашырып,

Түрмедей еткен үйлерін.

Тәуекелді ту еткен,

Жауына сауға тілеткен!

 

Қамқор болды еліне,

Семсер болды кегіне.

Кім жетті екен, шіркін-ай,

Батырлықтың шегіне?!

Шабыты қайнап ақынның,

«Аттандап» жұртын шақырды.

Қайтармақ болды жайлауын,

Тақырда қалған пақырдың.

Мұз үстіне от жақты,

Қылышпен допты тоқтатты.

 

Жаңа бір таңды аттырды,

Жаңа бір кешті баттырды.

Жығыла берген жұртына,

Еркіндік дәмін таттырды.

Қорғалған намыс – шат дәурен,

Бәйгеден озып ат келген.

Езіліп қор боп жүргенше,

Жігітке жақсы сапта өлген.

Кесілген басы өтеулі,

Намыстың туын көтерді!

 

Құлаштап қылыш сермеген,

Намысты қолдан бермеген.

Қарсы келген дұшпанын,

Жексен еткен жерменен.

Жекпе-жекте терлеген,

«Қой» дегенге көнбеген.

Ту астынан ту алып,

Соғыспаса шерлеген.

Саялап көлде жатар ма ед,

Артық та туған Махамбет!

 

Қалдырып қара қазанын,

Тағдырдың тартып азабын.

Жалғыз да қалды-ау, қайран ер,

Дұшпанның көріп мазағын.

Майысса да сынбаған,

Түйрелсе де қыңбаған.

Жұртына медет тыңдаған

Намыстың жырын жырлаған.

Махамбеттей ер бар ма,

Ер ішінде тең бар ма?!

 

Әлпешті ұлы жат болған,

Ішіп-жері қат болған.

Қарсы жолға түскен соң,

Бір өлері хақ болған.

Құм Нарыннан безінген,

Ат үстінде көз ілген.

Ақ мамық төсек, төрде емес,

Майданды жайлы сезінген!

Кескекті ердің сойы бұл,

Тақымда тұтқан сойылын!

 

Аспаны бұлтты түнерген,

Күндері қуғын-сүреңнен.

Жұлдызы өшкен жолының,

Исатай емей, кім өлген?

Түспеген құла күреңнен,

Жаланып соғыс тіленген.

Жалғыз да қалса илікпес,

Құсалықпен күні өлген,

Махамбеттей батырдың,

Соңынан шыдап кім ерген?!..

 

Содан да қалған жалғыз-ды,

Көп саңлақ шәһит – жанды үзді.

Қу тағдыр енді қутыңдап,

Қаройда ойран салғызды.

Ессіздік қана есірді,

Аларсың кімнен өшіңді.

Илікпей қалған ең соңғы,

Ерліктің басы кесілді.

 

…Намысты төсін ұрғылап,

Махамбет жырлап тұр, бірақ!

 

ӨМІРДЕРЕК

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ 1960 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын Индер аудандық «Индер» газетінің бөлім меңгерушісі болып бастаған.

2001 жылдан Көкшетаудан шыққан «Бұқпа!» газеті редакциясында тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болды. Кейін республикалық «Алаш үні», «Шығыс спорт өнерлері» газеттерінде бас редактор, облыстық «Арқа ажары» газетінде бөлім меңгерушісі, «Қазақстан» РТРК АҚ» Ақмола облыстық филиалында продюсер, директордың орынбасары-бас редактор болып қызмет етті. 2015 жылдан қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы.

Серік Сапарұлы «Бейуақ естілген ән», «Сейтен тағылымы», «Жанат Қасым жайлы сөз», «Көкшелік қаламгерлер құпиялары», «Таразы тағдыр», «Жабал шешен», «Балық аулай барғанда», «Көзімдей көр…», «Көкшетау кестелері» сияқты кітаптардың авторы. «Жыр маржаны» деп аталатын 10 томдық ақындар антологиясына өлеңдері енген. 2004 жылы «Көкшетау университетінің академиялық доценті» атағын алған. Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау қазақ музыкалық-драма театры репертуарындағы бірнеше драмалық қойылымдарды орыс тілінен аударған. «Әуре-сарсаң», «Иманжүсіп», «Аланның ерлігі» атты драмалық шығармалардың авторы.

Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі. 2016 жылдан Қазақстан Журналистер Одағы Ақмола облыстық филиалы төрағасы. Ол «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қаламгер» атты республикалық форумның «Үздік балалар жазушысы» номинациясының жеңімпазы.