Академик Салық Зимановтың туғанына – 100 жыл
2008 жылдың мамыр айында Алматыда республика Жоғарғы Соттың және «Интелектуал-Парасат» заң компаниясының атсалысуымен «Қазақ билер соты – бірегей сот жүйесі» деген тақырыпта дүниежүзілік Халықаралық ғылыми конференция өткен еді. Мұндағы басты мақсат – Қазақ елінің қоғамдық құрылысына, мемлекеттік билік ісіне әлімсақтан қызмет көрсеткен билер сотының тарихын, оның мәдени құндылығы тым тереңнен басталатынын, билер ежелгі заманнан бері ел басқаруда мемлекеттік биліктің барлық түрлерін атқаруға үздіксіз үлес қосқанын көрсету.
Әлемнің әр түкпірінен ағылған ғалымдар, судьялар, заңгерлер еркін мамырласып ел болып, Алатаудың бауырында байсалды жайлау тапқан күй кешіп жатты. Ғылыми конференцияға «Интеллектуал – Парасат» заң компаниясының Бас директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ғылым Академиясының академигі Салық Зиманов төрағалық етті.
Біз еңселі ғимараттың салтанатты сарайында өтіп жатқан конференция төріндегі текті төрағамыз Салық Зимановқа сүйсіне қарап қоямыз. Академиктің тұла бойы асқақ ақсүйектілік. Хан тәңіріндей тектілік. Биіктік пен тазалық. Инабаттылық пен имандылық. Білім мен біліктік. Ізет пен ізгілік. Сәндік пен серілік. Дауыс қандай десеңізші! Ән. Таза, таудан аққан бұлақтай, құлақ құрышың қанғандай. Иіріп, иілтіп, иітіп әкетеді. Тыңдаған сайын тыңдағың келіп, шөл қанбайды. Мінез қандай кең, байырғы қазақтың Арқасындай. Ақ бас анау, ақыл мұз. Еңселі бой – үкі таққан найзадай, тұрған тұрыс, жүрген жүріс, нұрлы жүз, ойлы сөз.
Қолымызда Салық Зиманұлының «Қазақтың билер соты – біргей сот жүйесі» кітабы. Бүгін бізге дүниенің бәрі ерекше, бөлек, кесек көрінеді. Көңілімізді көзімізден оқып, танып отырған қасымыздағы қырғыз бауырымыз, белгілі ғалым Б.И.Борубашов «Сіздердің Ақсақалдарыңыздай, ақсақалдар бізде жоқ қой!» дейді. Туысымыздың таза жүрегінен төгілген тура сөзді естігенде бір тарихи факт есімізге түсе қалды. 1917 жылдың көктемінде Семей қаласында облыстық қазақ съезін Алаштың ақсақалы ретінде «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» жазған Шәкәрім Құдайбердіұлы ашқан болатын. Шәкәрім – қазақтың бас ақыны, бізге «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» еңбек қалдырған Абай Құнанбаевтың інісі. Салық Зиманов «Ұлы билердің соңғысы» деп атаған Абайға дейінгі заманда қазақ биінің теориясы мен тарихын өзінің 1864 жылғы «Записка о судебной реформе» атты еңбегінде терең талдап, ел-жұртқа танытқан ғұлама ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов болатын. Аты аталған төрт ғалымның хаттары қазақтың «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақалының растығына дәлел іспеттес.
Конференцияның екінші күні қабылданатын қарарды талқылау барысында мәскеулік ғалым Г.А.Югай: «Бұл, қазақ билер соты ерте орта ғасырда жоқ жерден, аяқ астынан пайда болған жоқ қой. Бұған дейінгі теңіз өркениетінің жалғасы болуы ықтимал» деген болжам айтып, жиынның аяғын ғылыми айтыс-тартысқа ұластырып жібере жаздады. Әйтеуір, С.Зиманов жетекшілік еткен зерттеушілер тобы он жыл ішінде «Қазақтың ата заңдары» деген қазақ әдет-ғұрып құқығының көптомдық басылымын шығаруға бағытталған зерттеу жұмысы барысында қалыптасқан басты түйінін конференцияда жария етілуі ғылыми-практикалық тұрғыдан жақсы іс болды.
Міне, сол оқиғадан соң 13 өтіпті. Биыл Алаш ақсақалы Салық Зиманұлының туғанына 100 жыл толып отыр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген біздің қазақ неткен дана халық. Таяуда заңғар заңгердің «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» атты ғылыми еңбегін қайта парақтай отырып, ғалым Г.Югайға берілетін жауаптың кітаптың өз атауында тұрғанын аңғардық. Архимедке ұқсап «Эврика! Эврика» деп тұра жүгірген жоқпыз, әрине, бірақ қатты ойланып қалдық.
Байқап, байыптап зер салсақ, ғалым Г.Югайдың «қазақ билер соты ерте орта ғасырда жоқ жерден, аяқ астынан пайда болған жоқ қой» деген сөзінің жаны бар екен. Өйткені, қазақ атанған елдің қазақ атанбай тұрып «қазақ билер соты» деген тіркесте нық орын тепкен «би» термині адамзат тілінің ғылыми айналымында ықлым заманнан жүргені белгілі. Адам баласы өсіп-өну үшін жаралғанықтан құт- берекені білдіретін таңбалары да адам ойымен қатар ілесе шыққан.
Қазақта ырыс-игілікті бейнелейтін өрнек «қошқар мүйіз» болса, біздің дәуірімізге дейінгі II-мыңжылдықтағы қытай мәдениетінде шыққан текті, өсіп- өнуді білдіретін үш бұрышты пиктограмма, петроглифтің атауы «Bi»- адам, ана. Қазақтың да асыл түбі – Би. Оны біз бертінде 2017 жылы өз ағам Өзбек еліне сапарға шыққанда ұқтық. Өзбекстанға баруымыздың мақсаты қазақтың Ұлы перзенттері – Төле мен Әйтеке билердің бастарына барып, зиярат етіп қайту.
Ташкент қаласындағы Төле бидің кесенесіне кейін Нұратаға Әйтеке бидің басына пойызға мініп атандық. Науаи қаласына таңғы алтылар шамасында жеттік, Нұратаға автобус қатынамайтын болған соң такси жалдауға тура келді. Бар жолаушының әдеті бойынша жол жайын, тұрмыс жағдайын сұрастыра бастадық. Жол басшымыз өзін Әріпов Ұлықбек деп таныстырды. Ол үй-күй жайын айта бастағанда, біз дыбысымды шығармай, үн-түнсіз қалдық. Осы жолы Ұлықбекке жолыққанда «ғылым дегеніңіз еркін зерттеу өндірісі» екеніне көзіміз таза жетті. Ұлыбек не айтты, десеңізші. «Біз» дейді әлгі жігіт «паспортта «өзбек» болып жазыламыз, үйде тажікше сөйлейміз, түбіміз Қазақ Би, аталарымыз солай айтып кеткен еді». Яғни, біз келімсек, түпсіз емес, асыл түбіміз Қазақ Би, таза тұқымбыз» дегені.
Енді, нанай тіліндегі «Би» терминіне қатысты ғалым В.А.Аврориннің пікірін тыңдап көрелік: «Шынында да, нанай тілі бұрынғы, өтіп кеткен шақты беру үшін ерекше грамматикалық амалдарға ие. Бұл амалдар негізгі «етістіктің» жаңа және өткен шақ формаларыменен өткен шақтық көмекші етістік би «бар болу, пайда болу, өмір сүру, тұру» сияқты тұлғасымен әртүрлі қилысуынан тұрады». Тереңірек көз жіберіп ойлансақ, «Өткен шақ» та шарты ұғым, өткен шақ – жоқтан барлыққа келуімізді білдіретін ұғым. Жаңа шақтың да өзгеріп түрленген кезінде оны да болашақ келер шақта өткен шақ деп атаймыз. Сол сияқты, Би терминінің мағынасы мың өзгеріп түрленіп келіп, ең ақырында қазақта соттың атауы болып бекіді. Бірақ, негізгі, алғашқы мән-мағынасын халық жады есте сақтап қалды: «Елге бай құт емес, би – құт». Ежелгі түркі тіл мәдениетінде «құт» және «той» сөздері заң және құқық, тәртіп мәніне ие-тұғын. Оның бір белгісі Абайдың қара сөзінде көрініс беріп тұр: «Кей байлар, елдегі құттылар, сүттілер берекелесе алмаған соң, кеселді қулар көбейіп кетіп, көп қорқытып, іздеген нәрсесі жоқ, еріксіз кім болса соған жеміт болып жүр». Елдегі құттылар, сүттілер бастарын қоса алмаған, бірігіп одақ құрудың жолын таппай сандалған. Оның себебі, бұлар бірін- бірі туыс, қарындас, дос көрмеген. Ертеде кельт халқына көршілес немет, убии, трибок, тунгр тайпалары германдық «biger», деп аталып кетуінің себебі, кельттер оларды көрші, сыбай қонған соң «герман» дескен, яғни, көршісін туыс санаған. «biger» сөзіндегі «ger» – жиналу, бірігу деген мағынада.
Абайдағы: «Тәңірінің күні жарқырап, Ұйқыдан көңіл ашар көз. Қуатты ойдан бас құрап, Еркеленіп шығар сөз». Сөз дегеніміз – іс, ойымыз – білім, сезім. Сөз атасы – бірлік, сөз анасы – шындық. Біз «би- терминінің негізгі мағынасы «өмір» екенін білдік, ал дүниеге жаңа өмір әкелу қасиет-қабілетін табиғат заңы әйел затына дарытқан.
Біз өмір жаралысының бастауында ата мен ана бірлігінің тұрғандығын Шәкәрім сөзімен жеткізгенді жөн деп таптық: «Атаның шаһуатының көп қой мәні, Ананың құрсағында қан болғаны». Қазір біз адамзат, прогресстің қызығына түсіп, табиғат заңын таза ұмыттық та, тектілік пен теңдікті тәрк еттік. Адасу мен азу, алдау мен арбасу, аңду мен аулау арпалысы ала құйын жын ойнағын талай замандар құрып бағар. Бірақ, адамзаттың үзілмес нәсілі өз бойында адамшылық қасиетін сақтап қалары да анық. Өйткені, «Бастапқы есті жанды ақыл, Адамнан келіп шықпай ма? Осыдан өзге шын бар ма?» Шындық сол, қазіргі қоғам соқыр еліктеу дертіне ұшыраған қас заманда қазақ жанын әлі де жат қалыпқа салып, қазақ баласын бекер әуре етіп, бос әлекке салуда.
Тәңірқұтынан тұтынушыға өтіп, тән құмарлығы асқынып кеткен сорлы пенде, әуел бастағы адам баласының өмір алдындағы өсіп-өну міндетінен басын ала қашуда. Алайда, ақиқаты сол, адамның тура жолдан басын бұрып өзге жолға түсуге һақы жоқ. Себебі, «Жер жаралмай тұрғанында, Менде Асықтың нұры бар». Нұр ата мен Нұр ана. Қазақ, ұл болмаса, қыз игі санап, қыз баланы өрісім деп таныған. Бұхар жырау да «Абылай алдында бітіссең, Құдандалы таныспын. Абылай алдында бітіспесең, Атасын білмес алыспын» деп тегін айтпаған шығар. Дала заңы: Тең адам анда, текті ауыл құда. Қазақ өзінің ұрім-бұтағының дұрыс, таза өсіп-өнуі үшін текті ауылдан қыз алуға мүдделі болған.
Қалың мал, қыз баланың жаратушы дарытқан бойындағы дүниеге жаңа өмір келтіру қабілеті үшін берілгендігін ғылым растайды. Қыз баланың өз басы сатылмаған, адамдық құқығы бұзылмаған. Тоқал алудың өзі ұзатылған қызы ұзақ уақыт бала көтермесе, төркіні алғы келісім шарт бойынша қыздың сіңлісін жездесіне теліген. Тең болар қыз табылмаса ғана, күйеу балаға басқа елден құда түсіп, әйел алуға рұқсат етіліпті. Бәйбішеден өзге әйел алудың өзі беделі, бәсі басым, барлық-байлық қоры мол, шаруашылығы шоң үлкен рудың ел басына бұйырған. Сонымен құдандалы болу дегеніңіз – екі жақтың «өмір сүру құғына ие болар жанды дүниеге келтіру туралы» келісімі еді. Ендігі кезекте бізге Салық Зимановтың мұрасы онтомдық «Ата заңдарын» дінсіз таза ақылмен, жаралып, жасалып қойған ғылымға сай талдап, таныстыру қызметі күтіп тұр.
Әрине, батыстық-большевиктік идеологияның матауында жатқан ойшылдарға, біздің тұжырымдамамыз тым жеңіл, ғылыми салмағы жоқ көрінер. Бірақ, ақылға да еркін ой керек. Қиянатсыз ой тазасы. Кейінгіге ой саларлық сөз қалдырған Алаш ақсақалы Салық Зимановтың алып ойындай ой қажет. Заманның заңғар заңгерінен үлгі-өнеге алған ғылыми қауымға да, құдай қаласа, ес жинар кез келер. Алатауда тағы бір бастары жиналар. Сонда: «Бас қосылса арысқа, кім шабады намысқа?» дегенде сөз бастайтын жастарымыз табылатына сенеміз.
Марат АЗБАНБАЕВ,
заңгер,
Қарағанды қаласы