Бұл ғапыл дүниенің ең шынайы құндылығы не десе, сәби күлкісі дер едім. Жас кезінде асыр салып ойнамаған бала жетілгеннен кейін де елінің ертеңін ойламайтыны онсыз да түсінікті. Оларға бақытты болу үшін бір-ақ нәрсе қажет – ата-анасының махаббаты. Ана мен әкенің балаға деген махаббаты ғана емес, сол ерлі-зайыптының бір-біріне деген сүйіспеншілігі. Бұны қоғамның көп «кесірлері» түсінбей жүрген сықылды. Жетім деген суық сөзді әкелген де солар. Осы ойлардың орамына түсуімізге Атырау қаласындағы отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылының басшысымен сұхбатымыз себеп болды.
- Алдымен әңгімені өзіңізден бастасақ. Өскен ортаңыз, бітірген оқу орныңыз, мамандығыңыз және кәсіби тәжірибеңіз жөнінде айтып өтсеңіз.
- Мұндағы балалар Сізді «Үлкен мама» деп атайтынын естідік. Ұзын-саны қанша балаңыз тәрбиеленуде? Олардың оқу үлгерімі мен тәрбиесін қадағалайтын тәрбиеші-аналар жөнінде не айтасыз?
- Өмірдің әр түрлі қиын жолымен осында тап болған балалармен жұмыс істеу қаншалықты қиын? Не дегенмен, өз үйінде ата-анасының жанында алаңсыз жүрген бала мен тағдыр тәлкегіне ұшыраған бұл балалардың мінезінде, өзін ұстауында ерекшелік бар шығар?..
- Мекеменің құрылымы қандай? Топтарға бөлініп жұмыс істейсіздер ме?
- Сіздерге әлеуметтік, материалдық тұрғыда көмек көрсететін серіктес демеушілер бар ма? Балалардың жеке тұлғалық қасиеттерін дамытуда қандай істер атқарылуда?
ӨМІРДЕРЕК
Гүлсара Аманғалиқызы БОТАТАЕВА – Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында туған. Атырау облысы, Махамбет ауданындағы Қосарал орта мектебінен 1984 жылы педагогикалық еңбек жолын бастап, 1997 жылға дейін хатшы, сынып жетекшісі, кітапханашы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары міндеттерін атқарады.
1997-2000 жылдары – Атырау қаласының №18 Н.К.Крупская атындағы орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөнінде орынбасары, кейін оқу ісі жөнінде меңгерушісі, №24 орта мектепте әдіскер.
2001-2009 жылдары – №28 және М.Әуезов атындағы №7 орта мектептің директоры.
2009-2011 жылдары – С.Қазыбаев атындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп интернаты мен «Ақбота» балалар үйінің директоры.
2012 жылдан бері – отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің директоры қызметінде.
1. Ес білгелі арманым медицина саласымен байланысты тұғын. Бірақ 1984 жылы Атырау жеріне тұрмысқа шыққаннан кейін педагогикалық мамандықты таңдап, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдігін тәмамдадым. 35 жылдың үстінде педагогикалық тәжірибем бар. Еңбек жолымда әр жылдары мектеп қабырғасындағы хатшылықтан бастап, кітапханашы, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, директордың тәрбие жұмысы, кейін оқу ісі жөнінде орынбасары, әдіскер міндеттерін атқардым. Одан кейін 9 жылдық, 11 жылдық мектептерге директор қызметтеріне кірістім.
Атырау облысында 2012 жылға дейін 3 балалар үйі болды. 2009 жылдан бастап ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс істеу тәжірибем бастау алып, С.Қазыбаев атындағы балалар үйіне директор болып тағайындалдым. Кейін «Ақбота» балалар үйіне ауыстырылып, 2012 жылы басталған «Қазақстан балалары» бағдарламасы негізінде сол жердегі балалар үйін жабуға алғаш кіріскен біздер болдық. Ондағы балалардың көпшілігі биологиялық ата-аналарына қайтарылды. Қалғандары С.Қазыбаев атындағы интернаттық мекеме мен отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдері үйіне бөлінді. 2012 жылдан аталмыш ұйымның басшысы қызметіндемін.
2. Бүлдіршіндердің мені «Үлкен мама» деп атауы, әрине, ерекше сезімге бөлейді. Өйткені, бөтен адамды «Мама» деп атау қай уақытта да қиынға соғатыны белгілі. Балаларды қатарымызға қабылдаған уақытта оларға бір-бірімен бауыр болуды, ағалы-қарындас ретінде қарым-қатынас жасап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді насихаттаймыз. Бұны алғаш естігенде балалардың көзінде үрей анық байқалса да, олардың ішкі жан дүниесі жылы қабылдайды. Бұған кейін барып көз жеткізуге болады. Әрқайсысы бір отбасының мүшесіндей етене араласқанын көріп ішің жыли түседі.
Сіз атап өткен тәрбиеші-аналар мекемеге арнайы конкурстық жолдама негізінде іріктелініп алынады. Балалар ауылының бір ерекшелігі – мұндағы тәрбиеші-аналар балалармен үнемі бірге. Кірі де жуылып, тамағы да пісіп, сабағы да оқылып жатады, мектеппен де байланыс жасалады. Мәселен, басқа балалар үйінде күніне үш тәрбиеші ауысуы мүмкін. Ол тәрбиешілерге үйренісем дегенше, баланың психологиялық ахуалы, ой-өрісі сол күйі дамымай қалуы да ғажап емес. Баланың таңертеңгі ұйқыдан оянуынан бастап, оның таңғы көңіл-күйі, күні бойғы сабаққа қатысы, ынтасы, ерік-жігері, барлығы тәрбиеші-аналардың мойнында.
Дәл қазір «Шаңырақта» 57 бала тәрбиеленсе, жасөспірімдер үйінде бас-аяғы 23 жеткіншек ересек өмірге қадам басудың аз-ақ алдында тұр.
3. Бауыр етім, көзімнің ағы мен қарашығындай жалғыз қызым 2009 жылы 25 жасында тұрмысқа шықты. Өмірде өзімді белгілі бір мөлшерде жалғыз сезіне бастадым. Балалар үйінде жұмыс істеуге ұсыныс келіп түсуі де осы кезеңге тұспа-тұс. Бастапқыда төбем көкке жетіп қуанып қарсы алдым дей алмаймын. Қолымнан келмейтіндей көрінді. Бірақ сол кездегі облыстық білім басқармасының басшысы Қилымғали Қайненовтің сенім артуының арқасында ендігі өмірімде бар жылу-мейірімімді осы балаларға беруге, уақытымның түгелге жуығын арнауға бел будым.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс істеуде олардың ішкі әлеміне еніп, жанын түсіну, мүмкіндігінше қол ұшын созу маңызды. Баланы бір жақты жақсы көру арқылы оған тәлім-тәрбиені толық берем деу мүмкін емес. Күнделікті көңіл бөліп отыру қажет. Олардың көзінен күн күлімдесе, біздің де жүзіміз жайдары. Олардың қабағы қарс айырылса, біздің де ұнжырғамыз төмен түседі. Негізгі мақсатымыз – мейлінше мейірімділікпен әрекет ете отырып, баланың өз ортасының қалыптасу қызметін дұрыс ұйымдастыру, олардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету.
4. Балалар ауылы және жасөспірімдер үйі – бұлар біріктірілген мекемелер. Балалар ауылында 3-18 жас аралығындағы балалар арнайы алты отбасыға бөлініп тәрбиеленеді. Ал, жасөспірімдер үйінде 18-23 жастағы ұл-қыздар өмірге аяқтанып, баспанасын алып, отау құрып кеткенге дейін сол жерде болады. Бұл мекемелер бір-бірімен ағайындық қарым-қатынасты ешуақытта бұзбақ емес.
Әрбір баланың осынау тосын тағдырының астында бір шаңырақтың, сонымен бірге қоғамның мәселесі жатыр. Тосын дейміз-ау, бұл қолдан жасалған тағдыр, ата-ана тарапынан балаға қиянат. Бұған себеп екі түрлі жыныстағы жандардың бір ымыраға келе алмауы, отбасын құруға деген дайындығының аздығы деп есептеймін.
5. Кез келген бала біздің ұйым қабырғасына бұған дейін жиған-терген қоржынымен келеді. Қоржындағыны бір-бірлеп шығаратын жәйттар болады. Тәрбиеші-аналардың психологиялық, әлеуметтік, медициналық бағыттағы кәсіби көмегі дәл осы тұста аса қомақты. Бұл бағытта бізбен бірлесіп жұмыс істейтін серіктестеріміз де жетерлік. «Дара» қоғамдық қорымен «Тәлімгерлік» әлеуметтік жобасын жүзеге асырудамыз. Бұл жоба бойынша 12-17 жастағы балалар үш топқа бөлініп, әрбір балаға бір-бір тәлімгер тағайындалып, олардың ішкі жан дүниесімен жұмыс істеп, әлеуметтік ортадағы орнын табуға тырысады. Әр түрлі жас ерекшелігімен келген балалардың ахуалы да әр түрлі келеді. Көбіне қаңғыбастыққа салынып, мысалы 11 жасында мектепке бармағандар, болмаса әріп танымай келген балалар кездеседі. Осыларды бір қалыпқа келтіру мақсатында аянбай еңбек етіп келеміз.
Былтырғы оқу жылында 4 баламыз оқу озаты атанды. Биыл онлайн форматта оқыту аясында 6 отбасына түгелдей дербес вай-фай қосылды, гаджеттермен қамтамасыз етілді. Жаз айларында бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру үшін «Шаңырақ шуағы» лагері жұмыс істеді. Бұған біздегі ересек балалардың үлкен көмегі тиді. Өйткені өзін өзі басқару ұйымының қызметі биыл ерекше жанданып, балалардың арасынан көшбасшылар сайланып, олар республикалық дәрежеге дейін шығып, 6 бала «Елбасы медалі» номинациясы бойынша түрлі 7 бағытта бақтарын сынауда. Бұдан бөлек, ТШО компаниясының қаржылық қолдауы арқылы «Ынтымақ» қоғамдық қорымен бірлесіп балалардың шет тілдерін меңгеруіне атсалысудамыз. Балаларды бір-біріне жақындату, өзара түсіністігін қалыптастыу бағытында жыл сайын күзгі пати және ашық аспан астындағы мейрамхана ұйымдастырылады. «Шәкірт» қорының волонтерлар тобымен ерте жастан ағылшын тілін меңгеру және арт терапия бойынша 4-5 жастағы балаларға апталық өткізіледі.
Сұхбаттасқан:
Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,
Атырау қаласы