Дәл қазіргі сәт – адамзат үшін үлкен сынақ. Қалай дегенмен, аты жаман ауру елімізді де айналып өтпеді. Атырау өңіріндегі «COVID-19» вирусының өсу қарқыны бәсеңсір емес. Індетпен күресу және алдын алу бағытындағы жұмыстардың анық-қанығын білмекке шаһардағы озық үлгідегі медициналық мекемелердің бірі – қалалық №5 емхананың бас дәрігері Күлшара ЖҰМАҒАЛИЕВАҒА жолығып, соңғы мәліметтерді жазып алған болатынбыз.
«Коронавирус инфекциясы белең алғалы бері емханамыздың жұмысына бірталай өзгерістер енгізілді. Дәлірек, науқастарды қабылдау, дәрігерлік кеңес беру толықтай онлайн жүйеге көшті. Әсіресе, жүкті әйелдер, жаңа туған нәрестелер ерекше бақылауымызда. Абыройымызға, пандемия кезінде бірде бір дәрігер жұмыстан босатылмай, әдетегі штаттық ауысыммен істеуде. Бүгінде емхана ғимаратында провизорлық бөлімше ашылды. Күдікті деген науқастар тест тапсырып, қорытындысы дайын болғанша біздің бақылауымызда болады. Егер тест оң нәтиже берсе, сол бойда жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіледі. Қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін дәрігерлер мен мейірбикелер күн сайын сынама тапсырады. Аллаға шүкір, бүгінге дейін қызметкерлерден індеттің белгілері анықталған жоқ» дейді мекеме басшысы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Алтын дәрігер» төсбелгілерінің иегері Күлшара Өтеуқызы.
ЖҰМАҒАЛИЕВА Күлшара Өтеуқызы – жоғары санатты денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы.
Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлегі (1980).
Еңбек жолын Мақат учаскелік ауруханасында терапевт болып бастаған.
Кейін ревматолог мамандығын игеріп, аурухананың бас дәрігері, қалалық денсаулық бөлімі басшысы орынбасары, бас дәрігер лауазымдарын атқарды.
Денсаулық сақтау саласын ұйымдастыру қызметінде 32 жыл тәжірибесі бар тәуелсіз аккредиттелген сарапшы.
Әуелде іргетасы 2007 жылы алғашқы медициналық санитарлық көмек орталығы ретінде қаланған емдеу мекемесіне үш жылдан кейін ғана емхана дәрежесі берілді. Содан бері қалалық №5 емхана емделушілердің сұранысына сай жоғары сапалы қызметімен танылып келеді. Күні кешегі көрсеткішке сүйенсек, мұнда барлығы 40 мыңға жуық тұрғынға 65 дәрігер, 106 орта буын қызметкер медициналық қызмет көрсетеді. Аталмыш тұтынушылардың қатарына Атырау, Самал, Қара өзек, Жерұйық, Береке ықшам аудандары, Ескі аэропорт аумағы, Құлманов-Северный, Әйтеке би-Құрманғазы көшелерінің тұрғындары кіреді. Емханада әкімшілік бөлім, құрамында 27 жанұялық дәрігерлік учаскесі бар жанұя денсаулығы орталығы, 75 келушіге лайықталған кеңестік-диагностикалық бөлім, алдын алу және әлеуметтік психологиялық көмек бөлімдері жұмыс істейді. Одан бөлек, бас-аяғы 22 орындық күндізгі емдеу бөлімі мен оңалту және қалпына келтіру бөлімі де емделушілердің игілігінде. Барлық емдеу бөлімдері заман ағымымен жаңадан енген жалпы тәжірибелік дәрігерлермен қамтылған.
Емханада жедел жәрдем қызметі де бір жолға қойылған. Шұғыл көмек көрсетушілер оңтайлы санитарлық автокөліктермен, навигациялық және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Мұндағы дәрігерлер қатары жыл сайын жас мамандармен толығып тұрады. Еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Семей, Алматы, Орал, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбеден жас мамандар келіп еңбек етуде.
Бас дәрігердің сөзінше, бүгінге дейін емханаға тіркелген азаматтар арасынан коронавирус инфекциясының үш жағдайы тіркелген. Індет анықталған бойда олардың үйлері оқшаулауға және дәрігерлік бақылауға алынды. Карантин жағдайында жатқандар күніне үш сағат сайын термометриядан өткізіледі. Телефон, видеобайланыс арқылы жағдайлары анықталып, шағымдары сұралып, бақылауда болады. Инфекция белгілері бар немесе күдікті деген науқастар емхана ғимаратында жаңадан ашылған арнайы провизорлық бөлімшеде қаралып, мұрнынан сынама алынады.
Медициналық мекеме ұжымы 2018 жылы облыста іске асырылған «Кезексіз емхана» жобасына белсене атсалысты. Электронды кезекке қол жеткізді. Бұл нені білдіреді? Осыдан екі-үш жыл бұрын-ақ дәл қазір «сәнге» айналған онлайн жүйенің тетіктерін меңгеріп үлгерген ақ халатты абзал жандар ұжымы денсаулық сақтау ісіндегі соңғы платформаларды уақытылы меңгеріп, халықтың көңілінен шығатындай емдік әдістерді қолдануына сенім артуға әбден болады.
Астын сызып айта кетерлігі, пандемиямен күреске Атырауда ұзын саны 650 медицина маманы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта оларға тәулігіне 6 сағат жұмыс істеу үшін ауысымдық жұмыс әдісі енгізілді. Бүгінгінің батырлары өздеріне инфекцияны жұқтыру қаупі басқаларына қарағанда әлдеқайда басым екендігін біле тұра күні-түні халықтың саулығы үшін өз өмірін қатерге тігіп, тәуекел тұғырында күресіп жатыр. Осы еңбектің өтеуі не болмақ? Әрине, Сіз бен біздің амандығымыз. Олай болса, барлық сақтық шараларын ұстанып жүрейік, қадірлі оқырман!
Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,
Атырау қаласы