МӘМС жүйесіндегі жеңілдік кезеңі 2020 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартылды. Тұрғындар үшін пайдасы қандай, бизнес өкілдері қандай жеңілдіктер жасалды, осы және тағы басқа сұрақтарға толығырақ «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек жауап берді.
Сәбит Раймбекұлы жалпы жеңілдік жасалған кезең дегенді қалай түсінуге болады?
Бұл кезеңде тұрғындар Қорға аударымдар мен жарна төлеген-төлемегеніне қарамастан, жаппай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде шартты түрде сақтандырылған деп есептеледі.
Яғни, 1 шілдеге дейін әрбір адамға Тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері бойынша медициналық қызметтер тегін және толық көлемде көрсетіледі.
Алайда, азаматтар мен жұмыс берушілер ай сайын міндетті төлемдерді төлеуі қажет.
Егер адам қандай да бір себептермен медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу үшін төлем жасай алмаса, жеңілдік кезеңі өткеннен кейін ол сақтандырылмаған болып есептеледі және медициналық қызметтерді тек бір пакетте – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша ғана ала алады. Жүйеге әрі қарай қатысып, сақтандырылған мәртебесін алу үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, яғни МӘМС пакеті бойынша 6 айлық жарнасын төлеуі қажет.
Жарна төлеуден кімдер толық босатылады және қанша мерзімге?
Ірі бизнестің 10 санаты – 1 шілдеге дейін, шағын және орта бизнестің 29 санаты – 2020 жылдың 1 қазанына дейін босатылды. «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» ҚР Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығын салық салу мәселелері бойынша iске асыру туралы ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 224 Қаулысына сәйкес кәсіпкерлер аталған кезеңде жалдамалы қызметкерлер үшін аударымдар жасамайды және осы аралықта оларда берешек болмайды.
Ал кәсіпорындардың қызметкерлерінде сақтандыру мәртебесі сақталады. Нөлдік ставкамен салықтық есеп тапсырған жағдайда, кәсіп иесіне жарна төлемегені үшін өсімақы мен айыппұл да салынбайды.
Сондай-ақ, эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан медицина қызметкерлеріне 2020 жылғы 1 наурыздан бастап төленетін үстемақыдан да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін жарна ұсталмайды.
Ал Шағын және орта бизнес бойынша қандай қызметтер босатылады?
Шағын және орта бизнеске де ірі бизнеске жататын қызметтер кіреді. Сондай-ақ, құқық саласындағы қызмет – заң кеңесшілері, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторларды қосыңыз. Коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша консультанттар, туристік агенттіктер мен туроператорлар, санитарлық-эпидемиологиялық, ауруханалық және санаториялық-курорттық ұйымдар, мектепке дейінгі жеке меншік, бастауыш және орта оқу орындары, жеке дәрігерлік практика, стоматология, концерт және театр залдары, фитнес-клубтар, тоқыма және химиялық тазалау, шаштараз және сұлулық салондары да кіреді.
Олардың барлығы 2020 жылдың 1 қазанына дейін жалдамалы қызметкерлер үшін аударымдар төлеуден босатылды.
Жеке кәсіпкерлер МӘМС жүйесіне жарнаны қалай төлейді?
Егер ЖК жалдамалы қызметкерлері болса және қызметі ірі немесе шағын және орта бизнес санатына жатса, олар жеңілдік кезеңінде аударымдарды төлеуден толық босатылады. Өзге жағдайда жеке кәсіпкер өзі үшін ай сайын 1,4 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5% төлеуге міндетті, оның сомасы 2020 жылы 2 975 теңге.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар МӘМС қанша төлейді әне бұл санатқа кімдер кіреді?
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ 1 175 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін немесе жылына 3,2 млн теңгеге дейін табысы бар барлық жеке тұлғалар жатады. Мұндай азаматтар үшін арнайы оңайлатылған салық режимі – бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) қарастырылған, осы арқылы бірден үш қорға – зейнетақы жинақтау, әлеуметтік сақтандыру және медициналық сақтандыруға қатысуға болады.
Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін БЖТ мөлшері 1 АЕК немесе 2 651 теңге. Басқа елді мекендерде тұратын адамдар үшін – 0,5 АЕК немесе 1 326 теңге. Салық Кодексінің 775 бабына сәйкес бұл төлем 1 қаңтардағы АЕК мөлшеріне қарай белгіленеді.
Сондай-ақ, бұл төлемді әрбір есептік айда төлеу қажет екенін ескерген дұрыс. Егер төлем қандай да бір себептермен дер кезінде төленбеген жағдайда, берешекті дербес төлеуші ретінде 1 ЕТЖ-дан 5% немесе 2 125 теңге төлеуге болады.
- Жұмыссыз және табысы жоқ азаматтар не істейді?
Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарын 15 жеңілдік жасалған санатқа бөліп, оның ішінде жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендерді анықтады. Олар ақша төлемейді, бірақ «сақтандырылған» деген мәртебесі бар.
Егер азамат жеңілдік жасалған санаттардың біріне жататын болса, бірақ жүйеде «сақтандырылмаған» деп шығып тұрса, Азаматтарға арналған үкіметке жүгіну қажет. Жалпы, мәртебе автоматты түрде беріледі.
– Осы жеңілдік қарастырылған 15 санаттармен толықтырып таныстырып өтсеңіз.
Жоғарыда атап өткенімдей 15 топқа жатқызылатын азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналар мемлекетпен төленеді, яғни бұрыннан да үкімет есебінен көмектер көрсетіліп келген топтарға мемлекет қосымша автоматты түрде әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналарды да төлейтін болады.
Оларға нақты мына тұлғалар жатады:
1) балалар;
2) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
4) бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі);
5) жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;
6) мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар;
7) бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам;
8) зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
9) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар;
10) тергеу изоляторларындағы адамдар;
11) жұмыс істемейтін оралмандар;
12) “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен наградталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;
13) мүгедектер;
14) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;
15) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер.
Егер азамат жеңілдік жасалған санатқа кірмесе, Жеке кәсіпкер ретінде де тіркелмесе не істейді?
Мұндай жағдайда дербес төлеуші ретінде кез келген екінші деңгейлі банк, Касса24, Qiwi, Халық банк терминалдары, Kaspi мобильдік қосымшасы арқылы 1 ЕТЖ 5% немесе 2 125 теңге мөлшерінде жарна аудара алады.
– Өңірімізде тұрғындардан осы және басқа да сұрақтар болған жағдайда қалай және қайда хабарласуға болады.
Қормен атқарылған жұмыстар туралы мәліметтер мен хабарландырулар, ақпараттар ресми www.fms.kz сайтында орналастырылады.
1406 – бірыңғай байланыс нөмірі тәулік бойы үзіліссіз жұмыс жасайды. Қоңырау шалу тегін.
Сонымен бірге, азаматтар Қордың Атырау облысы бойынша филиалының 8/7122/556084 байланыс номеріне хабарласа алады. Мекен -жайымыз: Атырау қаласы, Құлманов көшесі 113 В, 2 қабат.
Сұхбатыңызға рахмет. Жемісті еңбек тілейміз.