Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына үн қоса оты­рып, атыраулық белгілі исатайтанушы-ғалым, про­фессор Аманкелді Шамғонов 2018 жылы «Ағатай» баспа­сынан «Ұлы дала батыры – Тайманның ұлы Исатай» атты тарихи-ғұмырнамалық кітап шығарған болатын. Бұл еңбектің бір айға жетпей облыс аумағына тез тарап кетуі оқырмандар тарапынан оған деген қажеттіліктің және қалың жұртшылықтың Исатай батыр және оның бастау­ымен болған халықтың азаттық жолындағы көтерілісін білуге деген құштарлығының көрінісі екендігі даусыз.

Осы жағдайларды ескере келе, автор осы кітаптың түзетіліп толықтырылған жаңа нұсқасын дайындап, баспаға ұсынып отыр. Исатайтанушы ретінде мен А.Шамғоновтың бұл шешімін қостаймын. Өйткені 30 жылдай уақыт Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтерілісті жан-жақты зерттеген автордың оқырмандарға айтары баршылық.

Исатайтанушы ғалымның бұл тақырып төңірегінде жазған мақалалары «Қазақ ордасы», «Жұлдыз» журналда­рында, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Хабаршыларында», жалынды ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына арнап «Өлке» баспасы шығарған 20 томдық «Махамбет кітапханасында», «Арыс» баспасы шығарған «Исатай батыр» атты ғылыми мақалалар жинағында, халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференция материалдары басылған жинақтарда, республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Казахстанская прав­да» және «Қазақстан мұғалімі», «Учитель Казахстана» және басқа да газеттерде жарияланды.

Кітаптың жаңа нұсқасынан байқағанымыз, біріншіден А.Шамғоновтың осыған дейінгі академиялық «Қазақстан тарихы» көптомдығында көрсетіліп келгендей, көтеріліс 3 кезеңнен емес, 2 кезеңнен тұрады деген жаңа тұжырымы. Дәлірек айтқанда, І кезең 1836-1837 жылдар­ды қамтиды. Көтеріліс Бөкей Ордасында басталып, дамиды және Тастөбе шайқасымен аяқталады. ІІ кезең Кіші жүздің батыс бөлігінде өрістеп, Ақбұлақ қырғынымен аяқталады. Тарихшы-ғалымның ұсынған көтерілістің ІІ кезеңі мек­теп оқулығына да енгізілген. Атап айтқанда, 8-сыныпқа арналған орыс тілінде жазылған «Қазақстан тарихы» оқулығының (авторлары З.Е. Кабульдинов, Ж.Н. Калиев, А.Т. Бейсембаева) 23-24-параграфта былай деп жазылған: «Восстание состояло из двух этапов: на первом, с февраля 1836 г., оно имело место на территории Букеевской Орды. На втором этапе – с первой половины 1838 г. протекало в азиатской, или зауральской, части Младшего жуза».

Автордың кезеңдер туралы пікірі Х.Досмұхамедовтің, И.Кенжәлиевтің, «Исатай-Махамбет» атты кітаптары бойынша негізделген. Сонымен бірге, автор мәселені жаңаша-тәуелсіз қазақ елі тұрғысынан зерттей келе, көтеріліс 1838 жылдың алғашқы 6 айында Кіші жүздің батыс бөлігінде кеңінен өрістеген деп көрсетеді. Оған архивтік деректермен бірге Х.Досмұхамедовтің, И.Кенжәлиевтің, Н.Көшекбаевтың, К.Есмағамбетовтің, Ә.Сарайдың және басқа да исатайтанушылардың еңбектері негізге алынған. Міне, осылардың бәрін ескере отырып, А.Шамғонов ғылыми айналысқа «1836-1837 және 1838 жылдардағы Бөкей Ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігіндегі халық- азаттық көтеріліс» атты тақырып енгізді. Осы тақырып негізінде ол «Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс (1836-1838 жж.)» атты қазақ, орыс, ұйғыр және ағылшын тілдерінде оқулық кар­та дайындады. Бұл карта «Мектеп» баспасынан 2016 жылы шыққан 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығына енгізілді. Сөйтіп, бүкіл республика оқушылары осы картаны «Қазақстан тарихы» пәні бойынша көрнекі құрал ретінде пайдалануда. Айта кету керек, қазіргі таңда А.Шамғонов ұсынған архивтік де­ректерге негізделген бұл карта – Қазақстандағы барлық оқу орындарында «Қазақстан тарихы» пәні бойынша бала­масы жоқ бірден-бір дұрыс карта болып табылады. «Қазақ тарихы» журналының бірнеше сандарындағы автордың картасы жөніндегі пікірлер де осыны қуаттайды.

А.Шамғоновтың Қазақстандағы оқу орындарын­да Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісті оқыту мәселесімен тұрақты түрде шұғылданып келе жатқандығының тағы бір мысалы – оның өзінің зерттеулері негізінде «Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліс және оны мектептерде оқыту» атты әдістемелік оқу құралы.

Кезінде Х.Досмұхамедов өз еңбектерінде Исатай батырдың ата-бабалары туралы мәліметтер қалдырған болса, Амангелді Шамғонұлы «Исатай Тайманұлының ұрпақтары» атты шежіре дайындап, кітап етіп бастырды. Айта кету керек, «Исатай-Махамбет» атты зерт­теу кітаптарымда мен де осы еңбектің қысқартылған нұсқасын пайдаландым. Автордың соңғы шыққан «Ұлы Дала батыры – Тайманның ұлы Исатай» атты кітабынан Исатай батырдың көптеген ұрпақтарының көршілес Астрахан облысында тұратындығы анықталғанын көреміз және олардың өздерінің батырдың ұрпақтары екендігін осы шежіре арқылы білгенін байқаймыз. Жалпы алғанда, қазақ батырларының ұрпақтары туралы зерттеу еңбектердің көп емес екендігін және еліміздің ба­тыс өңірінде бұл шежіре батырлардың ұрпақтары туралы алғашқы еңбектердің қатарына жататындығын ескерсек, А. Шамғоновтың кітабының маңызының арта түсетіндігінде еш күмән жоқ.

Исатайтанушы ғалым А.Шамғонов И.Тайманұлының Ақтөбе облысы, Қобда ауданы аумағындағы Шейітсай қорымындағы Исатай батыр жерленген орынға кесене тұрғызу идеясын ұсынушы болғандардың бірі екендігін жұртшылық жақсы біледі. Мен Исатай батырға кесене тұрғызу барысында кейбір «исатайтанушылардың» А.Шамғоновтың пікіріне қарсылық білдіргенін жақсы білемін. Алайда «ақылды жаққан отты ақымақ өшіре алмайды» дегендей, ақыр соңында Шейітсайда Исатай батырға биіктігі 11,5 м кесене тұрғызылды. Кітаптан көтеріліс жетекшілерінің суреттерін салғызуға автордың біраз еңбек еткенін байқаймыз. Оның ұсынысымен Исатай Тайманұлының, Исатай мен Махам­бет бастаған шағын топты жау қолына түсуден құтқарған Қабыланбай Қалдыбаевтың және Атырау өңірінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты ұйымдастырып, басқарған Өтепқали Исатаевтың суреттері салынған. Автордың мерзімді баспасөз-беттерінде әлденеше рет жасаған ұсыныстары нәтижесінде көтерілістегі басты тұлға Қабыланбай батырға 2018 жылы Атырау қаласында көше берілсе, батырдың ат үстіндегі толық бейнесі жаса­лып, музейге қойылды.

 

Осыған қоса, мен «Мінгені Исатайдың ақтабан-ай» атты деректі фильмнің түсірілуіне А.Шамғоновтың көп көмегі болғанын айтар едім. 1990 жылдың қоңыр күзінде Гурьев қаласындағы «Резиденция» деп аталатын қонақүйде менің А.Шамғоновпен алғашқы кездесуім әлі есімде. Исатай Тайманұлының 200 жылдығына орай түсірілетін деректі фильмнің сценарийінің авторы ретінде мен одан кеңесші болуды және Исатай батырдың ұрпақтарымен кездесулер ұйымдастыруды өтіндім. Ол менің өтінішімді қабылдап, фильмді түсірушілердің батыр ұрпақтарымен бірнеше кездесулерін ұйымдастырды. 1992 жылы Аты­рау қаласындағы «Юность» кинотеатрында өткен деректі толғаудың (режиссері – А. Тәжібаев, директоры – Л. Қапашев, операторы – Ә. Қастеев) алғашқы көрсетілімінен кейін сөйлеуші көрермендер фильмнің сәтті түсірілгендігі туралы пікірлер айтқан еді.

Жоғарыда айтылғандардан исатайтанушы ғалымның 1836-1837 және 1838 жылдары Бөкей Ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігін дүр сілкіндірген Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтерілісті зерттеп, зерделеуде біраз жұмыстар атқарғанын көреміз. Әсіресе кітаптағы Исатай батырдың хан ордасын шаппау себептері, Кіші жүздің батыс бөлігінде сұлтан Қайыпқали Есімовпен күш біріктіру себептері қазіргі тәуелсіз қазақ елі тарихнамасы тұрғысынан көрсетілген. Исатай мен Махамбет батырлардың зеңбіректермен қаруланған патша әскеріне қарсы тұтқиылдан шабуылдау тактикасы туралы пікірі де көңіл аударлықтай.

Тарихшы-ғалым, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның «Үздік өлкетанушысы» Аманкелді Шамғоновтың назарларыңызға ұсынып отырған бүкіл қазақ жұртына ортақ қаһарман Исатай Тайманұлы тура­лы осы еңбегі исатайтану ғылымына қосылар үлкен үлес болатындығына кәміл сенемін.

 Әнес САРАЙ,

жазушы-драматург,

Мемлекеттік сыйлық иегері