Бұл ән альбомы топтамасында еліміздің Батыс өңірінің әндері жүйелі түрде бір орындаушының – Қайрат Кәкімовтің орындауында ұсынылып отыр. Ұлттық ауызша-кәсіби әншілік дәстүрдің көрнекті өкілі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Сайлауұлы Кәкімов осы күрделі де жауапкершілігі мол өнер жолында жиырма жылдан астам қызмет етіп келеді.

Бүгінде жұртшылыққа шебер әнші ретінде танымал Қайрат 1976 жылы Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы, Өлеңті ауылында дүниеге келді. Бала кезінен туған жерінде қанат жайған халық композиторы Мұхит сал әндерін Ғарифолла Құрманғалиевтің даусымен бойына сіңіріп өскен жас дарын уақыт өте келе аймақтық әншілік мектепті жете меңгерген үлкен өнердің бірегей тұлғасы боп қалыптасты. Сонау ауыл мектебінде қолына домбыра ұстатқан алғашқы ұстазы үлкен талантты өнер иесі Амангелді Ғұбайдуллин еді. Ол музыкалық білімін әрі қарай Орал саз колледжінде айтыскер ақын, әнші, ҚР еңбегі сіңген қайраткері Хатимолла Бердіғалиевтің класында жетілдіреді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде білім алды.

Қайрат 1997 жылы күйші Рысбай Ғабдиевтің арнайы шақыруымен Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестріне қызметке орналасады. Содан бері әнші Атырау қаласындағы осы ұжымда өнерін шыңдай түсті, еліміздің барлық өңірлерін аралап, гастрольдік сапармен Катарда, Солтүстік Африкадағы Мороккода, Франция, Түркия, Австрия, Германия сынды мемлекеттерде қазақ әндерін аспандатып, қалың тыңдарманын ерекше даусымен тәнті етті.

Ол Ғ.Құрманғалиев атындағы аймақтық конкурстың Бас жүлдегері (Орал, 1999), «Шабыт» халықаралық фестивалінің Гран-При иесі (Астана, 2001), Мұхит Мералыұлы, Ғариполла Құрманғалиевтің мерейтойларына орай өткен республикалық дәстүрлі әншілер конкурстарының Бас жүлде иегері. Ол ұлттық телеарналардан қазақ әнін белсенді насихаттап, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының арнайы жоғары оқу орындарында шеберлік сағаттарын беріп, Атырау, Орал, Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінде ізбасар шәкірттерін тәрбиелеп жүрген дәстүрлі өнердің дарабозы.

Батыстағы ірі әншілік мектептің жарқын өкілі Қайрат Кәкімов репертуарында өткен ғасырлардан бүгінге дейін өмір сүріп жатқан нағыз майталмандар шығармаларының жауһарлары – шыңдағы шынардай «Айнамкөзден» бастап, Маңғыстаудың қайқыларының кербез әндері, ХХ ғасырдың танымал туындылары, қазаққа сүйікті болған барлық әсем әннің қаймағы орын алған. Ол атадан балаға аманат болған халық аузындағы ұмыт бола бастаған маржандай мұраның таңдаулысын іздеп, теріп, репертуарына қосып осы ән альбомдары арқылы халқымен қайта табыстырып отыр.

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,

музыканатушы, өнертану ғылымдарының кандидаты