Атам қазақ дүниеге келген нәрестеге жарасымды да әдемі есім беруге тырысады. Әсіресе өмірге «іс тігетін» қыз бала келсе. Ал ұл балаға, халық батырларының, ұлы тұлғалардың атын қойып, соларға ұқсап, бой түзеп өссе екен дейді. 1945 жылдың 9 мамырында «шыр етіп» жерге түскен балалардың аты өзінен өзі көкейге келмей ме… Төрт жылдан аса уақытқа созылған қантөгіс соғыстың соңғы нүктесі қойылған күн – Ұлы Жеңістің құрметіне мәңгілік есімін алған «қызыл шақа», кейіннен атына заты сай болып, саналы өмірінің дені тек қана жеңістерден тұратын азамат болып өседі деп кім ойлаған?!
Новобогат ауылының учаскелік миллиционері Ораз бен банк қызметкері Сақыпжамалдың жанұялық тойы бүкіл елдің елеулі тойына ұласты. Ауылдық советтің қызметкерлері сол күндері дүниеге келген сәбилердің тууы туралы куәліктерінің бәрін қызыл түсті сиямен толтырған екен. Не деген тапқырлық десеңізші.
Жұмыс бабымен Ораз Айтбаев 1947 жылы Махамбетке, 1954 жылы Сарайшыққа қоныс аударады. Балаларының үлкені Жеңіс, сол жердегі кәсіби-техникалық училищені бітіріп, тракторист мамандығын алады. 1963 жылы Гурьевтегі ауыл шаруашылығы техникуміне оқуға түсіп, білімін ұштауға кіріседі. Бір ағасының айтуымен сол жылы Гурьев педагогикалық инстутының жанындағы бокс секциясына жазылып, үлкен спорттағы алғашқы қадамын бастайды. Жеңістің алғашқы жаттықтырушысы Ташкенттен келген Михаил Миразимов еді. Төрт ай дайындықтан кейін алғашқы жарысы – сол институттың біріншілігіне қатысып топ жарады. 1966 жылы Қарағанды қаласында өткен «Еңбек резервтері» спорттық қоғамының біріншілігінде қола медальді болады, 1966 жылы «СССР спорт шеберлігіне кандидат» нормативін орындайды. 1972 жылдан бастап халықаралық додаларға қатыса бастайды. Орск қаласында өткен Малишевскийдің жүлдесі үшін болған жарыс өзінің дәрежесіне сай Одақтық жарысқа пара-пар еді. Жалпы сол жыл Жеңіс үшін тек жеңістер әкелген жыл болды десе де болар еді. Орскіден күміс алқа тағып оралған ол, Ақтөбеде өткен халықаралық жарыста чемпион атанады, іле-шала Одақ кәсіподағының жарысында тағы бір алтынға ие болады. Сол жетістіктері үшін оған «СССР спорт шебері» квалификациясы беріледі. Сол аралықта институттың тарих факультетін бітіріп алады. Кейіннен сол аталмыш институттың дене шынықтыру және спорт бөлімінде де оқып алды. 1976 жылы Жеңіс Айтбаевқа бокстан «Республика деңгейіндегі төреші» атағы беріліп, Қазақстанның түкпір-түкпірінде өтетін жарыстарға төрелік етеді.
Әр спорт түрінде спортшының өзін-өзі тежей қоятын мезгілі болады. 35 жасқа дейін жұдырықтасқан Жеңіс, бірден жайбарақат өмірге ыңғайлануды ойлаған да емес, ол тіпті оның өмірлік ұстанымына да қайшы келер еді. «Жүгірумен айналысам», – деп шешті ол. ГТО нормативін орындаудан Республика чемпионы болды. Кейіннен оны марафон қашықтығына жүгіру қызықтыра бастады. Қасына талапты балаларды тарту ойында болған соң, «Жас өркен» атты жүгірушілер клубын ашты. 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдық тойына орай Гурьевте 3,5 және 20 шақырымға жүгіруден алғашқы жарыс өткізіледі. Дәл сол жылы ол алғаш рет марафон қашықтығы – 42 шақырым 195 метрлік дистанциясына жарыс ұйымдастырады. Оған сол кезде небәрі 8 спортшы қатысқан екен. Дәл қуанышты сәт содан кейін келді… Сол жылдан бастап Мәскеу қаласында «Мәскеулік Халықаралық Әлем Марафоны» (ММММ) жарысы ұйымдастырылатыны бұлардың құлағына тиіп, арқалары қозып, тыныштары кете бастайды. Тілектері қабыл алынып, шақырту қағазы келеді, өңір спортшылары үшін алғашқы тарихи марафонға облысымыздан үш адам аттанады. Олар: топ жарып жүрген Константин Дурманов, Нұрлыбек Даумов және Жеңіс Айтбаевтар еді. Он бес Одақтық республикалардан келген спортшыларды былай қойғанда АҚШ, Алжир, Марокко, Нигерия, Танзания сынды алыс шет елдерден сегіз мыңдай адам келген екен. Солардың бес мыңының ғана «жүрегі тұрып» жарыс басталып кетті. Қызыл алаңнан старт алған 5000 желаяқ желмен жарысып, белгіленген маршрутпен жөйткіп жөнелді. Мәскеуге алғаш рет келген біздің жігіттер бір-екі күн маршрутты алдын-ала қайталап қойған еді. Жүре-бара ет үйрене бастады, атақтары жер жарған елдерден келгенмен, бәрі бірдей мықтылар емес екені белгілі болды. Әп дегеннен біздің жігіттер «колоннаның» бел ортасынан ойып тұрып орын алды. Шақырымдар артта қалған сайын қатысушылардың да легі сирей берді… Жарыс мәресі әйгілі «Лужники» стадионында болды. Біздің үштік үшін алғашқы дода сәтсіз болған жоқ, мақтау қағаздары мен арнайлы сыйлықтарды қанжығаларына байлап ауылға қайтты. Ең басты жетістік: осы үш жігіттің көрсеткен көрсеткіштері еленіп, кейінгі болатын жарыстардың бәріне үзбей қатысуға «бата» алып келді. Айтқандай ақ, сол мәскеулік марафонға Жәкеңнің өзі 18 рет барған. Команда сапына жоғарыда аталған азаматтардан басқа ағайында үш жігіт Колбановтар, Қайырғали Тілепбергенов, Асқар Қазиев сынды желаяқтар қосылды. Жігіттердің аты елге белгілі бола бастады, Кеңес Одағының әр қалаларында өтетін әр түрлі деңгейдегі жарыстарға шақыртулар бірінен соң бірі келе берді. Ленинградта өтетін дәстүрлі «Өмір жолы» (Дорога жизни) марафоны, Беларусь астанасында өтетін «Минск құрсағы» (Минское кольцо), Қырым және Волгоградта, Италияда өтетін додалар. Бір мезгілдерде Жеңіс Айтбаев Атырау энергетика кешенінде спорттық әдіскер қызметін атқарған еді. Сол жылдардың бірінде Алматы қаласында өткен энергетиктер жарысына тек қана осы ұжымда ғана еңбек ететін спортшыларды алып барып, барлық бас жүлдені алып қайтқан. Қатысушылардың арасында қыз-келіншектер аз болған соң, марафон қашықтығына ерлермен бірге шыққан, Жылу Энерго орталығының экономисі Бибихатша Ли, оларға шаңын көрсетпей кетіп бірінші орын алып, «Марафон жұлдызы» деген атаққа ие болып қайтқан екен.
2011 жылы Жеңіс Оразұлы спорттың тағы бір түрін жанына жақын қылып, үстел теннисінен Грекия елінде өткен «Спешиал Олимпикс» ойындарына барып, екі «қола», бір «күміс» алып қайтады. Кейіннен осы спорт түрінен «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» деңгейін алады. Дегенмен жүгіру спорты оның өмір бойы «сүйікті ісі» болып қалатын сияқты. Өзінің айтуынша, осы жылы да қыркүйек айында Мәскеуде өтетін дәстүрлі марафонға дайындалып жүр. Жәкең үшін ол күндер әрі мейрам, әрі осы жылдар бойы танысып-біліскен, жер бетінің түкпір-түкпірінен келетін ескі достармен тағы да бір ұмытылмас кездесу деген сөз.
Атырау өңірі ғұламаларға кенде емес. Өлкеміздің әдеби-мәдени мұралары, белгілі өнер тұлғалары туралы жазылған еңбектер де аз емес. Ал жерлестеріміздің спорт саласындағы ауқымды жетістіктері туралы жазылған деректер жоқтың қасы деуге болады. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында 1997 жылы Жеңіс Айтбаев пен Мақсoт Елеусінов бірігіп, «Атыраудың желаяқ жүгіргіштері» деген кітап жазып шығарғанда алғы сөзін Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі драматург Берік Қорқытовтың өзі жазып, батасын берген екен. «Еңбектің құндылығы – Атырау аймағында спорттың даму, өркендеу жолдары, кімнің жол сілтеп қамқоршы, жетекші болғандары айтылған, есімдері аталған, бірқатар спортшыларға, жүлдегерлерге жеке-жеке тоқталған. Бұл деректер бүгінгі һәм кейінгі ұрпақтарға керек-ақ. Екінші бір құндылығы – автордың өзі өткен жолдардан тәжірибе алып, бүгінгі жастарға беретін кеңесі. Бұл болашақ спортшылар үшін қажет-ақ», – депті Беркес ағамыз өз сөзінде. Шынында да осы еңбекті жарық дүниеге шығарып, спорт сүйер қауымға мұра етіп қалдыруы да Жәкеңнің тағы да бір Жеңісі деп білуге болады.
Жеңіс Айтбаев осы еңбегінің алғашқы беттерінде өзінің үлкен спорт жолындағы өткен соқпақтарын сипаттамастан бұрын, жалпы «ұлттық денсаулық» жөніндегі философиялық ойларымен бөліскен. «Дүние жүзінде денсаулығын жақсы сақтап, ұзақ ғұмыр сүретін халықтың бірі – жапондарда «Күніне ең кемі он мың қадам жүріп тұр» деген ұстаным бар екен. Ал, біз денсаулығымызды қалай күтіп жүрміз? Басымыз ауырса дәрігерге жүгіреміз, денсаулықты сатып алуға болмайтынын біле тұрып дәрі алып ішеміз. Әрине, одан сауал болмайды демейміз, дегенмен аурудың алдын алу жолдары бар екенін естен шығармауымыз керек. Оның басты негіздерінің бірі – дене шынықтырумен айналысу».
Ұлы Жеңістің «түйедей құрдасы» Жеңіс Оразұлы Айтбаев – Атырау спорты тарихының шежіресінде аты «алтын әріппен» жазылып қалатын тұлғалардың бірі десе де болады. Алатын асуларыңыз, желмен жарысып өтетін шақырымдарыңыз алда екеніне сеніміміз мол, желаяқ аға Жәке!
Амангельді МУТИГУЛЛИН