Аспан асты, жер үстіндегі тіршілік адамзат баласын қай кезеңде де табиғаттың жақсы-жаман тосын сыйларына дайын болуға икемдейді емес пе? Қазақ қоғамы үшін XIX ғасыр аяғындағы нағыз тосын сый жер үстінен емес, жер астынан табылғанын білеміз. 1899 жылы атақты швед химигі Альфред Нобель мен оның туысқандары құрған қоғам көмегімен құла түз, құба жондар мен жағалай сортаң Доссор жерінде алғашқы қазақ мұнайы игерілді. Бұл Жем өзеніне таяу Қарашүңгілдің ұшқан құстың қанаты талатын, сұрықсыз созылып жатқан тұзды көлге толы сағым сары даласы еді.
…1911 жылы 29 сәуірде Доссордың №3 ұңғымасынан жоғары сапалы мұнай атқылайды. Тәулігіне 25 тонна мұнай атқан жаңа кен орны дүние жүзіндегі мұнай алпауыттарының көз жауын алмай қоймады. Содан бері Доссор қазақ мұнай өнеркәсібінің қара шаңырағы саналады. Осы қара шаңырақтың қазығын мықтап қағып, түтінінің түзу ұшуына белшесінен батып еңбек еткен қазақ әулеттері біздің «қара алтын» тарихының даму жолында жетіп артылады. Сондай текті әулеттердің бірі – жеті ұрпағынан мұнайшылық кәсіпті бір ізге түсіріп, береке қылған Шырдабаевтар әулеті.
Сәл шегініс жасасақ, кәрі тарих келесідей кескіндерді көз алдымызға әкеледі. 1741 жыл. Орынбор шекара комиссиясының тапсырмасымен Адамата өзенінің бойында қыстап отырған Әбілхайыр хан ордасына қарақалпақ арасынан жолаушылап келген ағылшын саудагері Гоктың 1742 жылы жазып қалдырған жолжазбасы. Жазбаға сай, Гоктың жергілікті тұрғындардан Жем өзеніне жақын тұста жер астынан бұлақ болып ағып жатқан мұнай көзі барын естуі және жер асты байлығын Жем бойынан Атырау теңізі арқылы Астраханға тасымалдау жөнінде арман-тілегі.
Кейін аталмыш әңгіме Еуропаға да жетіп, тек екі жүз жылдықтан кейін ғана шетелдік білгіш мамандар қазақ жерінде «Орал-Каспий», «Эмба», «Эмба-Каспий» және «Колхида» мұнай қоғамдарын құрып, «қара алтынның» қызығын көруді мақсат тұтты.
Міне, осы тұста жоғарыда аталған Нобель компаниясының құрамындағы алғашқы мұнайшылар – Шырдабай шаңырағының шамшырақтары Жұмаш, Жұмағазы, Тымықбай, Теңізбай, Шашпан, Баймолда, Тәжіғаралардың жұлдызы жарқырай түсті. Жылдар жүгімен бұл әулетке деген елдің құрметі, ілтипаты арта берді.
Тектілік – әр ұрпаққа мирас болар қасиетті ұғым. Шырдабай қарттың әкесі Шопан жалғыз ұлынан айырылып, бұрын да перзент сүймегендігіне қабырғасы қайысып отырғанда елдегі Жиембет есімді көріпкел қазаның қайырлы болып, артынан егіз ұлды болатынын жеткізген екен. Айтқандай, бәйбіше дүниеге қос ұл әкеліпті. Бірінің атын Алдоңғар қояды. Екінішісіне Шырдабай деп есім береді.
Алдоңғар мен Шырдабай әкеден қалған мирасты талан-таражға салмай, бөліспей тең ұстаған, еншісі ажырамастан ұл-қыздарын бірге қанат қақтырған. Көз көргендердің айтуынша, Алдоңғар жасынан өнерге құмар, орта бойлы, мығым денелі, кеуделі, күй тартқанда елтігені сондай– домбыраны қамырдай илейтін, сағағымен де, шанағымен де сөйлете алған деседі. Құрманғазының күйлерін жатқа шерткен. Ысық руының қызы Шарқатқа үйленіп, Ағыс, Жібек, Ілия атты қыздары және Тәжіғара есімді ұлы дүниеге келген.
Шырдабайдың да алғаны осы үйдің қызы – Лекер. Ысықтың Ақсары-Асан-Мәмбетәліден тарайтын Шүйініштің ұрпақтары. Шырдабайдан Жұмаш, Жұмағазы, Теңізбай, Баймолда, Тымықбай, Шашпан атты ұлдары өрбіген. Лекер әжеміз бойлы-сойлы, сымбатты әрі сөзге шешен, ағайынның арасындағы үзілгенін жалғап, бірлігін бекемдеген беделімен танылыпты.
1902 жылы Шырдабай қарт науқастанып, төсек тартып жатып әулеттің бүкіл жүгін, жауапкершілігін Алдоңғарға аманаттайды. Аманат – қазақ дәстүрінде қиналған сәтте өзінің қимасының болашағын табыстауы. Алдоңғар көке аманатқа қиянат жасамады. Қара халықты қажытқан жұт пен індет кезінде де өзінің балаларымен бірге кіндіктес сыңарының да ұрпағының кемдік көрмеуіне бар күш-жігерін салып өмірден өткен. Бақилық боларында артындағы ұрпағын, әлі бауырын көтермеген Тәжіғараны Лекерге аманат етіп қалдырады. Лекер анамыз тұрмыс тауқыметін тартса да, әулеттің тектілік формуласына сай ағалы-інілінің ұл-қыздарын өсіріп-өндірді.
Өзінің бастамасымен жеті ата-ананың әлпештеген қыздарын келін етіп түсірді. Бастапқыда барлығы да бір шаңырақтың астында өмір сүрді. Артынан әрқайсысы бөлек отау тігіп, қара шаңырақта Шашпан қалады. Лекер әжеміз 1932 жылы мәңгілік сапарға аттанады. Соңғы сөзі Шопан атасының, Шырдабай мен Алдоңғардың аманатын аяқ асты етпеу болды.
Әкесі дүниеден озғанда ұлдың үлкені Жұмаш он алты жаста еді. Екі үйлі жанның күнкөрісін қолына алды. Одан кейінгілері қылқан кескендей аралары екі-үш жастан. Жұмағазы мен Теңізбайы малға, шаруаға қарайласты.
Сол кезеңде Жылыойда орыс батағалары болатын-ды. Батаға орыс тілінен енген сөз, теңіз жағасындағы балықшылардың өндіріс орны дегенді білдіреді. Теңіз тасығанда суға батып кетпес үшін биікке ағаш сираққа орнатылған кәсіпорын. Бұнда Теңізден, Жем өзенінен ауланған балықты тұздап, кептіріп, алыс-жақын шетелдерге жөнелткен. Жергілікті халық осында жалданып жұмыс жасады. Солардың арасында Баймолда да небәрі 13 жасынан бастап Панцовтың қарауында 1908 жылы еңбекке араласады.
Баймолда орыстың балықшы жұмысшылары арасында жүріп, күнделікті жаңалықтарға қанық болады. Қарашүңгілден шығып жатқан жер майдың хабары күн санап өріс алады. Жаңа жұмыс қолдары керектігін де естиді. Сөйтіп, 1913 жылы Баймолда мен Тымықбай жергілікті халық «керосин зауыты» деп атайтын жаңадан құрылған Ракуш кентіндегі Нобельдің мұнай өңдеу зауытына жұмысшы болып орналасады. Баймолда бұл жерде 1917 жылға дейін еңбек етіп, жаңа кен орнына таптырмас мұнайдың тұрба құбырларын жөндеуші слесарлыққа бет бұрады. 1920 жылдан машинист көмекшісі атанады. Баймолда осылайша мұнай өнеркәсібінде техниканың жаңа дамыған кезеңінде маманданған алғашқы қазақ жұмысшыларының қатарына кіреді.
Ол кісінің өз аузынан жазылып алынған деректердің бірінде былай дейді: «№3 ұңғымадан 1911 жылы 29 сәуірде тұңғыш мұнай фонтаны атты. 30 сағатқа созылған мұнай бұрқағы 16 мың тонна мұнайды жер бетіне шығарды. Бұл хабар бүкіл елді елеңдетті. Сол хабармен шұбырынды болған қазақтар бұл жолы да жүдеу көңілге тыныштық таппады. «Бай құрысын, Доссордан мұнай шығыпты, мұнайға барамыз», «Құдай теңгермегенді мұнай теңгереді» деп елпілдей шапқан қараша халықты емешегі үзіліп күтіп отырған ешкім болмады.
Шетелдік және орыс мұнай иеленушілері мұнайға өлексеге үймелеген құзғындай тап беріп, жыртқыштықпен пайдаланды. Бас-аяғы екі-үш жыл ішінде оннан астам акционерлік қоғам құрды. Олар мұнайлы өлкенің өркендеуін емес, «қара алтын» құнының қымбаттауын, сол арқылы байып, жергілікті тұрғындарды мәңгі кіріптар қалпында қалуын көкседі. Мұнай тіпті қауғамен өндірілді. Қарапайым қара халық 12-14 сағаттық жұмысына қара басының қамын да асырай алмайтын төлем алды. Баспана, басқа жайлар сөзге де ілікпеді. Үш аршын жер түйгіштеліп тесіліп, бір жұмысшыны беліне арқан байлап тұрбаға жіберіп отырды.
Ракушке 1913 жылы келдім. Мезгілсіз, мекенсіз жұмысқа табысымыз 50-60 тиын ғана болды. 40-50 кісілік барақта тұрдық. Тұрмыс ауыр, табыс аз. Осы кезеңде Ресейден, Кавказдан, Сібірден келген көзі ашық орыс жұмысшылары бізге сұрғылт өмірдің сырын ашып, кіріптарлықтан құтылудың жолын меңзеді. Бораш Жұбатқанов, ағайынды Баймолда, Тымықбай Шырдабаевтар, А.Бородиндер ереуілді ұйымдастырушылардың ортасында болды. Аяғында 1914 жылы 8 қаңтарда ереуілшілер өндіріс билігіндегілерге 23 түрлі талап қойды, көтеріліс саяси сипат ала бастады. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін наразылық күшейе түсті. Жалақыны өсіру, азық-түлікпен қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігінің сақталуын талап етіп, ұжымдық шарт жасау үшін Доссор мен Мақаттан 130 адам Астраханға бардық».
1929 жылы Баймолданы Нижний Новгород қаласындағы «Красная Сормова» зауытына 6 айлық курсқа оқуға жібереді. Бұл жақта ол зауыт жұмысының тәжірибелі маманы ретінде көзге түсіп, жаңа техникаларды өндіріске енгізуді үйренеді.
Сондай күндердің бірінде қорлыққа төзбеген жұмысшылар итаршы мастер А.Спиринді тәшкіге байлап, майлы қоқыстың ішіне төңкеріп тастайды. Бұған Сұлташ Тағыбергенов, Аққали Арыстаниязов, Бораш Жұбатқанов, Түсіпқали Сартаев, Қалмен Төралиев сынды қазақ жұмысшылары қатынасты.
Жағдай бірден түзеле кетпегені белгілі. Мұнайшылар ауылында ауыз су тапшылығы қиындай түсті. Ұзындығы 100 метр жер қазылып, қыста қаркөмбе жасалды. Қар суы шілдеге дейін ғана жететін. Қалған уақытта ауыз су Жанбике мен Білеулідегі құдықтан түйелі арбамен тасылды.
Кеңес өкіметі жаңа орнаған уақытта Доссорда компрессорлар стансасы салынды. Мұнайлы қабатқа ауа жіберіп, оның қысымымен сұйықтықты молайту арқылы мұнай бұрынғыдан еселеніп өндірілді. Бәкең стансада машинист қызметінде жүріп, қазақ арасынан механика тілін жетік меңгерген мамандардың тізіміне қосылды. 1929 жылдың қазанынан бастап 7-12 компрессорлық стансада машинист, үш жылдан соң Доссор мұнай өндірісінің техник-механигі қызметтерін атқарды. Отыз бесінші жылы геологиялық-іздестіру экспедициясының механикалық шеберханасы ашылып, мастер-механик жұмысын істеді.
Бұл жылдары Ракуште мұнай айдау стансасы мен мұнай айыру зауытының негізі қаланды. Доссордан 6 дюмдық құбыр тартылып, одан керосин мен мазутты бөлек айырып алып, теңіз арқылы Ресейге жіберіп отырды. Көрсеткіш бір мезгілде 12 млн. пұт мұнай қорына жетті. Баймолда аға осы істің басы-қасында жоғары дәрежелі кәсібилігімен көрініп, саяси көзқарасы қалыптасты. Иван Карповпен бірге жұмысшылар ұйымын құрды. Зауыт комитеті ашылып, күн тәртібінде өндірісті толық бақылауға алу, бұрынғы мұнай компаниясының басқармаларын қудалау мәселелері тұрды. Нанның тапшылығына байланысты мұнай өнімдері бидайға айырбасталды. Тұрмысқа қажетті тауарлар мен құрылыс материалдары, техникалық жабдықтар Астраханнан баржамен жеткізілді.
Осы көріністің барлығын ой елегінен өткізіп, көз алдындағы Ракуш пен Доссордағы мұнайшылардың тұрмыс жағдайын жақсарту ісінде өзінің саяси белсенділігін көрсете білген Баймолда Шырдабайұлы 1929 жылы Қазақстан мұнайшылары мен жұмысшы табы өкілдерінің атынан КСРО Орталық Атқару комитетінің мүшесі атанды. Ленин орденімен марапатталды.
120 жылдан астам тарихы бар қазақ мұнайының қалыптасу кезеңінен бастап күні бүгінге дейінгі уақыт сүзгісінің сынағынан іркілмей өтіп келе жатқан Шырдабай әулетіндегі тектілік формуласының Баймолда бөлімінің өмір өрнектері осындай.
Жеңіс АРОНОВ,
Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ