«Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады»
Бекасыл әулие
Биыл белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Равиль Тәжіғараұлы ШЫРДАБАЕВ 80 жасқа толуда. Бұл ретте «Мерейлі мекен» республикалық қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық журналы ел ағасының өнегелі өмір өрнектеріне тағы бір тоқталып, ойлы оқырман назарына ұсынады.
Жалғыз жүрсең – тез жетесің. Көппен – алысқа барасың. Өмірлік философия. Осы екеуінің «ортасын» тауып, тең дәрежеде ұстаған жандар жалпыұлттық деңгейдегі тұлғаға айналып жатады. Бүгінгі кейіпкеріміз осы межеге дөп түскен еді.
«Әкем ағайынды бес жігіт болған. Өзі жастайынан Доссор өңірінде Қазақстанда алғашқы 1911 жылы ашылған мұнай кен орнын игеру мақсатында құрылған «Нобель» атты мұнай компаниясында еңбек жолын бастаған. Біздің әулет – 940 жылдай мұнай өнеркәсібінде табан аудармай еңбек еткен мұнайшылар әулеті» деп басталатын Равиль Тәжіғараұлының бізбен сұхбаттарының бірінде айтылған әрі қарайғы өмір жолы бейне бір жіпке тізгендей тек ғана жоғарылаудан, биікті бағындырудан тұрады.
Бала кезінен мұнай жөніндегі әңгімеге қанығып өскен, бас көтерген ұлы – Рекеңді әкесі Тәжіғара Шырдабаев он алты жасында Доссордың мұнай өндіруге қажетті қондырғыларды, бөлшектерді, автокөлік және трактор оңдап шығаратын зауытына жетектеп әкеліп, осылайша Р.Тәжіғараұлының еңбек жолы үйренуші-слесарьлықтан басталды. Бес жыл тәжірибе кезінде өндірістен қол үзбей жергілікті политехникалық техникумның кешкі бөлімін оқып бітірді. 1966 жылы Мәскеудің И.М.Губкин атындағы мұнай химиясы және газ өнеркәсібі институтын тәмамдап, өзі қызмет істеп жүрген зауытқа оралды.
Осы жерден болашақ елдің тізгінін ұстайтын жас жігітттің мансабы өрге домалай бастады. 1968 жылдан бастап автокөлік жөндеу зауытының инженер-конструкторы, цех бастығы, бас инженері әрі жастар жетекшісі лауазымдарына тағайындалды. Бұл кезеңде Маңғыстау түбегіндегі мұнай-газ байлығының көздерін тауып, өндіруге бағытталған жұмыстар аса қарқынды түрде жүргізілді. Жұмысшы күштері мен маман кадрлерді көбейту көзделгендіктен, Кеңес Одағының байырғы мұнайлы өлкелерімен қатар басқа өңірлерден де мамандар, жұмысшылар келе бастады. Түбекте жаңа әкімшілік-аймақтар құрылды. Солардың бірі – Жаңа Өзеннің басшы органдары ұйымдастырылған кезеңде Рекеңді облыстық партия комитеті аталмыш ауданның комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайлады. Осы кезеңде ол Маңғыстау түбегіндегі жалынды жас мұнайшыларды, геолог-барлаушыларды, құрылысшы-бұрғышыларды бір арнаға бұрып, комсмомол жастар бригадасын құрып, ұйым қызметін ізгілендіріп көзге түсті.
Нәтижесінде, үміт артарлары сенімінен шыққандығын аңғарған басшылық оны облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне қойды. Бұл жолы да тұрақтылық тұғырынан көрініп, жұмысшылар арасынан шығып, тәртіп пен тәрбиені ұштастыруының арқасында саяси сахнаның алдына көтерілген қайраткер аға игі істердің ұйытқысы бола білді. Сөйте тұра, Мәскеудің Орталық партия комитетінің Жоғарғы мектебін тәмамдап, біліктіліген арттыруға тағы бір қадам басты (1973-1975). Оқу орнын аяқтамастан жарты жыл бұрын Махамбет ауданының партия комитетінің бірінші хатшылығына шұғыл кірісіп, батыр баба атындағы ауыл шаруашылығына машықтанған ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге атсалысады. Кейін дәл осы лауазымның облыстық деңгейіне көтерліп, Гурьевтегі мемлекеттік мәселелерді шешуге білек сыбана араласады. Қаладағы өнеркәсіп орындарының жұмысын жандандырып, құрылыс нысандарын салуға, тұрғын үйлерді пайдалануға беруге, жалпы өңірдің экономикасы, тұрмыстық жағдайымен бірге қоғамның мәдени-рухани саласын дамытуға бір кісідей көмегін көрсетіп, ықпалдастық етті.
«Ер мойнында қыл арқан шірімес» демей ме? Қалалық партия комитетіндегі бірінші хатшылықтан облыстық атқару комитеті төрағасының және облыс әкімінің орынбасары секілді жауакершілігі жағынан аса көлемді жұмыстарға кірісетін мезгіл де келіп жетті. Равиль Тәжіғараұлы әулетте қалыптасқан тектілік формуласына сай өзінің ұстамдылығымен, көпке жұғымдылығымен аталмыш міндеттерді де ойдағыдай атқара білді. Нақтырақ, Одақтың келешегіне селкеу түскен аласапыран сәттерде Теңіз кенішін игеруге тікелей ықпал етті. Артынан аймақ басшысы орынбасары қызметінен Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Теңізшевройл» қазақ-американ біріккен кәсіпорнының директоры қызметіне ауысты және сәлден соң сол кезде жаңадан құрылған Қазақстанның Мұнай және газ министрі атанды.
Саясат саласының жілігін шаққан тұлға министрлік мансабынан соң туған топырағына оралып, төрт жарым жыл Атырау облысының әкімі лауазымында жұмыс істеді. Өңірдің даму көрсеткіштерін жан-жақты қадағалап, тәуелсіздіктің бастапқы қиын-қыстау жылдарында экономиканы ілгерілетуге, Жем мұнайшыларының 100 жылға жуық мекені болған Сарқамыс, Қаратон секілді елді мекен тұрғындарын жаңа жерге көшіруге, Каспий қайраңындағы мұнайдың мол қорын игеруге үлкен үлес қосты. Жергілікті кадрларға шетелдік инвесторлармен бірдей еңбек жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік жасады.
Әрі қарай бес жылға жуық уақыт Қазақстанның Украина және Молдовадағы Төтенше және өкілетті елшісі ретінде дипломатиялық қабілетін көрсете алды. Екі ел арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайту жолындағы келіссөздерді реттеді. Сол үшін Укранина тарапынан Мемлекеттік сыйлықпен марапатталып, «Энергетика саласының еңбек сіңірген құрметті қызметкері» атағын алды. Халықаралық кадрлар академиясының академигі, ҚР Инженерлік академияның корреспондент мүшесі атанып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендеріне лайық деп танылды. Бұның барлығы абыройлы азаматтың кіндік қаны тамған жерінің гүлденуі үшін еткен азды-көпті еңбегінің лайықты бағалануы деп білгеніміз жөн.
Равиль Тәжіғараұлы жоғары дәрежедегі ұйымдастырушылық қабілетімен қатар әр түрлі еңбек ұжымында жүріп көрген-білгенін кітап етіп шығаруға да тайсалмады. Бұған мемлекет және қоғам қайраткерінің «Мұнай: кеше, бүгін, ертең», «Қазақстан мұнайы» және «Каспий» атты еңбектері дәлел болады. Бұл жөнінде Р.Шырдабаевтың өзінің тағы бір сөзінде:
«Мәскеуде институт қабырғасында оқып жүргенімде жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ғылыми-зерттеу институтында еңбек етіп, ғылыммен айналыссам деген арманым болатын. Бірақ, өмір талабы бойынша, коммунист ретінде, партияның жұмсаған жеріне бардық, барынша адал қызмет атқардық. Қай жұмыста болсам да, демалысқа шыққанда да бос уақытымда ғылыми зерттеу жұмысты тастаған жоқпын. 1991 жылы Алматыда диссертация қорғап, экономика ғылымдарының қандидаты, ал, 1998 жылы Мәскеуде экономикалық қарым-қатынас, ғылыми-зерттеу институтында «Казақстанның мұнай-газ кешені дамуының ішкі және сыртқы экономикалық проблемалары» тақырыбына диссертация қорғап, экономика ғылымдарының докторы атағын алдым.
Зерттеу жұмыстарымның көпшілігі диссертация тақырыптары және ғылыми мақалаларым мен кітаптарым байырғы мұнаймен байланысты. Ұзақ жылдар бойғы еңбек пен ізденістің, тәжірибенің нәтижесінде осы тақырыпта бірталай құжаттар мен мағлұматар жиналды. Әлі есімде, студент кезімізде мұнайға байланысты көптеген кажетті мәліметтерді Мәскеу кітапханаларынан іздеп, таба алмайтын едік. Осы себептен болар және ХХІ ғасырда мұнай мен газдың адамзаттың өркендеуіне тигізетін әсерін ескере отырып, аталған кітаптарды жазуды жөн көрдім.
Шынын айту керек, елімізде 1899 жылдан бастап мұнай өндіріліп, бай тәжірибе жинақталды. Әлемде көптеген мұнай өндіретін мемлекеттер бізден әлдеқайда соң мұнаймен айналысты, бірақ, осы кезге дейін Қазақстанның мұнай өндіру тәжірибесі жөнінде мардымды кітаптар жазылмапты» деп келтіріледі.
Елшілік міндеті аяқталысымен Р.Тәжіғараұлы Каспий аймақтық мәселелері бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі екінші бітімгерлік жұмысын жасады. Парламент Мәжілісінің депутаты да болды. Қазір құрметті демалыста.
Осынау өмір бойы көппен көсіліп еңбек етіп, саяси сахнаның мүмкін болған барлық бұрышында мойындалып, қазақ қоғамының жалпыұлттық тұлғасына айналған Равиль Тәжіғараұлы ШЫРДАБАЕВТЫҢ өмір өрнектері осындай.
Жеңіс АРОНОВ,
ақын-жазушы,
ҚР Мәдениет қайраткері,
«Аяз би» ауыл мәдениетін қолдау қорының төрағасы