Еленбей қалған ерліктер, елеусіз жатқан ерлер – Ұлы Отан соғысының кейіпкерлері қаншама?.. Осы белгісіз қалған тағдырларды тауып, елге танытып, есімдерін лайықты орнынан танытуда архив қызметінің маңызы зор.
Көзден тасаланып, тарих қойнауына еніп бара жатқан, уақытында елінен лайықты бағасын алмаған ерлер, қазір халқына оралып, көп жылдардан соң табысып жатқан тұлғалар да аз емес.
Отан қорғауда өзінің батылдығымен, қайсарлығымен Ұлы Жеңіске жетуге елеулі үлес қосқан Атырау елінің тумасы, әскери ұшқыш, 389 әуе корпусындағы авиациялық эскадрилия командирі, майор Ідірісов Ермұхан туралы айтпақпын.
Ідірісов Ермұхан Бекенұлы 1909 жылы Атырау облысы, Саркөл болысы, 26 ауылда туған. Әкесі Бекенов Ідіріс 1917 жылға дейін көшпелі шаруашылықпен айналысқан. Анасы Сыпайы үй шаруашылығында болған. Одан әрі жанұясымен Мақат кәсіпшілігіне көшіп келіп, баласы Ідірісов Тәженмен тұрады.
Ермұханның үлкен ағасы Таумұхан 1923 жылға лейін әкесі Ідіріспен ауыл шаруашылығымен шұғылданып, 1923-1925 жылдары Гурьев қаласында қалалық соттың хатшысы болып қызмет атқарады. Доссор кәсіпшілігінің кеңсесінде хатшы (1925-26), Мақат кәсіпшілігінде жұмысшы (1926-1932), Батыс Қазақстан облысында совхозда директор (1932-1934), Мақат кәсіпшілігі кеңесінің хатшысы (1932-1937) қызметтерін атқарып, 1937 жылы өмірден озды.
Екінші ағасы Жұмахан Мақат кәсіпшілігінде жұмыс істейді. Үшінші ағасы Хамза 1932 жылға дейін Мақат кәсіпшілігінде пешші болып қызмет еткен.
Төртінші ағасы Тәжен Байшонас кәсіпшілігінде жүргізуші болған. Ағасы Мұқаш Байшонас кәсіпшілігінде қызмет жасаған. Әбу атты інісі және Ахима атты қарындасы болған.
Ал, Ермұхан Бекенұлы 1918-1920 жылдары Ақтөбе облысының Ойыл ауданында байдың малшысы болады. 1920 жылы әкесі Ашхабад қаласына қаржы табуға жұмысқа кеткенде, қасына еріп кетеді.
1921 жылы Ашхабадтан елге келіп, тұрмыс тіршілігіне орай, Қаратөбе болысындағы Машахов Бөлеғали атты байдың қарамағында жұмыс істейді. 1925 жылы мұнай саласындаа Доссор кәсіпшілігінде жұмысшы болып қызмет істеп, 1930 жылы Орынбор қаласындағы жұмысшылар факультетінде (Рабфак) екі жыл оқып, одан әрі Ленинградтың ұшқыштар әскери теориялық мектебіне арнайы топқа курсант болып қабылданады.
Ермұхан ленинградтық Ольга Ивановна деген орыс қызына үйленіп, 1934 жылы Роня есімді қызы өмірге келеді. 1933 жылы ұшқыштар мектебін бітіріп, Орынбор қаласындағы ұшқыш-бақылаушылардың 3-ші әскери мектебіне курсант болып қабылданып, 1935 жылы бітірген соң екі жыл бойы ТБ АЭ, 89 ТБ АЭ корабльдерінде кіші ұшқыш, корабль командирі, 1938 жылы 5 АЭ 21 АП корабліне аға ұшқыш, 21 ұзақ мерзімді бомбалаушы авиациялық полкінің командирі болады. Ақ финдермен болған соғысқа қатысып, жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Ұлы Отан соғысында Оңтүстік-Батыс, Калинин, Волхов, Воронеж майдандарында, Украинаны, Бессарабияны, Великие Луки қалаларын қорғауға қатысқан. Ол У-2, УТ-2, Р-5, ТБ-3, СБ, ДБ-3Ф ұшақтарында жауынгерлік тапсырманы орындаған. Оның өжеттігі мен қайсарлығын бағалаған 6 штаб басшысы, полковник Вишняков 1942 жылы 25 желтоқсанда Үкіметтің жоғары наградасы – Ленин орденіне ұсынады. Бірақ, ол марапатты алғаны туралы архивтік дерек жоқ. Жауынгерлік тапсырманы жауапкершілікпен орындағаны үшін «І дәрежелі Отан соғысы» орденін иеленген.1943 жылы 25 қыркүйекте әскери тапсырманы орындау барысында ЛИ-2 ұшағымен апатта қаза тапқан. Харков облысының Украина совхозында жерленген.Ермұхан Бекенұлының жауынгерлік ерлігі жайлы авиация маршалы, Кеңес Одағының Батыры С.Судец өз естелігінде «…знал я Идрисова по совместной службе в авиации, на войне с белофинами и на фронтах Великой Отечественной войны. Он был прекрасным летчиком, замечательным товарищем, скромным и отзывчивым человеком, примерным коммунистом и большим патриотом советской Родины. Великой любовью отвечал своей Родине славный сын казахского народа Ирмухан Идрисов и отдал свою жизнь, защищая ее свободу и независимость…» деген пікірін білдіреді.Ал, авиация генерал-майоры Меньшиков Ідірісов Ермұхан туралы естелігінде: «…В одном из вылетов 5-я эскадрилья выполняла задание бомбить танковую дивизию гитлеровцев, которая двигалась к переправе. Для выполнения этого задания был направлен имевший уже досточное количество боевых вылетов и немало уничтоживший боевой техники и живой силы врага, командир звено Идрисов Ирмухан. Задание было выполнено отлично, оно выполнялось со средних и малых высот, чтобы можно было точней поражать врага. Воздушные бойцы уничтожили много танков, автомашин и живой силы противника у переправы, была уничтожена и сама переправа у Каховки.В этом жестоком бою один вражеский снаряд попал в мотор самолета тов. Идрисова. Истребители противника зажгли его подбитый самолет, но и экипаж Идрисова на горящем самолете сбил двух немецких стервятников. Командир экипажа Идрисов дал команду экипажу прыгать с парашютом, а сам последним из горящего самолета, выпрыгнул из кабины. Раненный и обожженный он через Сиваш, превозмогая ужасную боль, по грудь в воде пробирался в Крым.…Так сын казахского народа, прекрасный летчик наших военно-воздушных сил, показал, на что способны все национальности нашей Родины» деп, Ермұхан Бекенұлының ерлігіне тоқталады.
Ұлы Отан соғысында батылдығымен көзге түсіп, майдандастарының есінде қалған Ідірісов Ермұхандай азаматтардың батырлығы жас ұрпақ үшін қайталанбас ерліктің, батырлықтың үлгісі болып, Ұлы Жеңіс тарихында алтын әріптермен жазылып қалмақ. Бүгінгі және келешек ұрпақ осындай батыр ағаларының өнегелі өмір жолдарын, ғибратты істерін мақтан етері хақ.
Райса ТАСТЕМІРОВА,
Атырау облысы мемлекеттік
архивінің бөлім басшысы