30 сәуір күні Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ардагерлер туралы» Заң қабылданды. Заң жобасының негізгі мақсаты – ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру.

Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң екі оқылымда қаралып, қабылданды. Оны әзірлеу қажеттілігі бірқатар заңнамалық актілерді «Ардагерлер туралы» заң жобасына сәйкес келтірумен байланысты. Негізгі жаңа өзгерістер әлеуметтік төлемдерге қатысты болып отыр.

Сіз не дейсіз?

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,

Мәжіліс депутаты, Қазақстан Республикасы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық қеңесінің төрағасы:

«Кепілдіктер мен жеңілдіктер шоғырланды»

Бұл заң Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қабылдануы символдық мәнге ие. Бұл құжат ардагерлер санатына енген адамдар үшін кепілдіктер мен жеңілдіктерді қамтыды. Осы орайда бұған дейін түрлі заңдарда қарастырылған кепілдіктер мен жеңілдіктердің барлығы шоғырланды.

Ол осы бағытта заңнаманы ары қарай жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасын табатынын атап өтті. «Бұл заңмен осыған дейін қарастырылмаған жеңілдіктер мен жәрдемақылар түрлі санаттар үшін ескерілді. Заң Үкімет мүмкіндіктерін ескере отырып қабылданған.

Заң барлық тиісті инстанциялардан өтіп, оған Президент қол қойды. Осы маңызды құжаттың қабылдануымен барша ардагерлерді құттықтаймын.

 

Болатбек ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,

Тәжік-Ауған соғысының ардагері:

«Интернационалист жауынгерлердің мәртебесі анықталды»

Осы Заңға сәйкес, ендігі жерде Ұлы Отан соғысының және оларға теңестірілген ардагерлерге, Ауған, Таулы Карабах, Тәжік-Ауған соғыстарының ардагерлеріне мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетін болды. Бұл жерде бастысы, ардагерлердің лайықты мәртебесі анықталып отыр.

Мен Тәжік-Ауған соғысына қатысушымын. Сонау тоқсаныншы жылдары мемлекеттер арасындағы халықаралық келісім шарт аясында соғыс оты ушығып тұрған жерде әскери борышымды өтедім.

Біздер қатысқан сол қақтығыстарда қазақстандық 17 бауырымыз қаза тауып, 34-і жарақат алды. Елге оралған біздерге мемлекет біраз жылдардан соң ғана көңіл бөле бастады. Алайда, Тәжік-Ауған соғысына қатысқандар біз сияқты сарбаздар Ауған соғысында интернационалдық борышын өтегендермен бірдей жеңілдікке қол жеткізе алмаған еді.

Енді біздерге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мен түрлі дәрежедегі әлеуметтік көмек көрсетіліп, тұрғын үй мен жер учаскелерін алуда біраз жеңілдіктер берілуде. Дәрігерлік емделу, салық төлеу бағытында да едәуір жәрдем қарастырылған екен.

Бұл расымен үлкен жаңалық болып отыр.

 

 Жазып алған: Ясмин ӘЛИ