«Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді».
Н.Назарбаев
Ұлы дала тарихын ұрпақ санасында жаңғырту мақсатында жәдігерлерді жинақтау, ғылыми-зерттеу, экспозициялау арқылы ұлттың ұлылығын ұлықтауға арналған іс-шаралар Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің жұмыстары болса, күні кеше ғана Қазақстан Респбуликасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Атырау облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен Ресейдің солтүстік астанасының тұрғындары мен қонақтарына заманауи үлгіде насихаттау мақсатында Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен VIII Халықаралық мәдени форумы аясында Атырау өңірінен табылған Сармат көсемі – екінші Алтын адамның табылғанына 20 жыл толуына орай «Золотое наследие Казахстана» көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің басты құндылығы түп тамырымыздың тектілігін дүние дидарына жария еткен алтын қазынамыз – Сармат көсемі болса, өңіріміздің Қызылқоға ауданының территориясындағы Миялы қорғандары, Индер ауданының территориясындағы Борсық, Қылыш қорғандарынан табылған сармат кезеңінің мұралары – алтын жапсырмалар, қыш ыдыстар, жебе ұштары, моншақтар, қола айналар, құмыралар, барлығы 600-ден астам жәдігерлер қойылды.
Сармат көсемі 1999 жылы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізген қазба жұмыстары кезінде Аралтөбе қорғанынан табылған болатын.
Аралтөбе қорғаны Атырау облысы, Жылыой ауданының шығыс бетінде 65, Ақкиізтоғай ауылынан шығысқа қарай 25, Ақмешіт діни-мемориалдық кешенінен оңтүстікке қарай 6 шақырым қашықтықта орналасқан.
Қорған диаметрі – 40 метр, ортасы 4 камераға бөлініп, одан күн шапағы тәрізді 12 сәулелі қабырғалар тараған. Сәулелі қабырғалардың шеті қорғанның ирек-доға тұрпатты сыртқы қоршауына келіп тіреледі. Үсті жалпақ тастармен қабыршақ тәрізді етіп жабылған. Қорғанның құрылымы «күн дөңгелегінің» күрделі түзілісін жасаған. Сәулелі қорғанның солтүстік жағынан көлденең плиталардан, қасиетті орынға кіретін өзіндік есік салынған.
Сарматтар кезеңіне жатқызылатын Аралтөбе қорғанынан үш зират қазылып, оның алғашқысынан адам қаңқалары мен олардың қолданған шыны моншақтары, жебе ұштарының сынықтары, ал екіншісінен басы оңтүстікке қаратылып жерленген мүрде жанынан жүзден астам жебесі бар қорамсақ, бүйірі үлкен қыш құмыра, темір қылыш табылған.
Ал, үшіншісінен Алтын киімді адам табылды. Көшпелі сармат қоғамындағы жерлеу, салт-жоралары қағидаларына сәйкес ерекше құрметпен ер адам жанында әйел адам, олардың аяқ жағында екі жылқы және қыран құс қоса жерленген. Ер адам киімі әшекейлі алтын бұйымдармен безендірілген, тіпті шашын түйген байламшасы, жанындағы қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесіне шейін алтынмен апталып, әшекейленген. Мұның өзі бұл адамның тайпа көсемі, қолбасы немесе дін басы, абыздықты ұстанғанын дәлелдесе керек.
Сонымен бірге, Қылыш қорғандар тобы Атырау облысының Индер ауданы, Жарсуат ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 22 шақырым жерде жазық алқапта орналасқан. Жиектің оңтүстік жағынан, қорғанның үстінен есептегенде 60 см тереңдікте, қазіргі жер беті деңгейінде төңкерілген қола қазан, оның батыс жағынан қола жапсырмалар табылды.
Топырақтан тазалау кезінде табылған ромбы түрінде жасалған қара моншақ, аңның қос тісінен жасалып күміс тұғырға орнатылған бойтұмар мен сол қолының білек тұсынан табылған моншақ, қола айна, белдіктің металдан жасалған 2 түрлі тоғасы, көптеген алтын жалатылған қола жапсырмалар, металл тойтарма шегелер т.б. әшекей бұйымдары да көрермен назарына ұсынылды.
Қылыш қорғандары б.з.д. ІІ – б.з. І ғасырларда Каспий маңы және Жайық бойын қоныс еткен Сармат тайпалары екендігі анықталған болатын. Қорғаннан табылған қола қазан, алтын мен күмістен жасалған сәндік әшекейлер, қола айна, т.б. бағалы заттармен бірге жерленуі сармат әйелінің қоғамдағы дәрежесі жоғары болғанын білдіреді.
Келесі Борсық қорғандары Атырау облысы, Индер ауданы, Құрылыс ауылынан шығысқа қарай 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл ескерткіштер кешенінде 16 қорған, батыстан шығысқа қарай бір қатарда созылып жатыр. Қорғандардың көлемі мен биіктігі, бір-бірімен арақашықтығы әртүрлі болып келген. Қазба жұмыстары №4, №6, №7 қорғандарға жүргізілді.
Борсық қорғандарының бұйымдары б.з.д. ІІ-І – б.з. І-ІІ ғасырдағы сармат тайпасына тиесілі.
Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер тас қайрақ, қола қазан, сүйектен жасалған қасық, темір қанжар мен қыш ыдыс сынықтары, алтын жапсырмалар мен алтын жіптің қалдықтары, алтын жалатылған қола бұйымдар да көрермен назарына ұсынылды.
Сақ-сармат дәуірінің Батыс Қазақстан аймағындағы тағы бір көрнекті ескерткіштерінің бірі – Миялы қорғандар тобы Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Миялы ауылынан солтүстікке қарай 3, Жангелдин ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 4 шақырым жерде орналасқан. Қорғандар тобы ірі, орташа, ұсақ 16 оба 1200 м ұзындықта шығыстан батысқа қарай тізбектеле орналасқан.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп «Бүгін еліміздің өте үлкен мәдени мұрасы, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде сақталған Қазақстанның алтын мұрасымен танысуға мүмкіндік аласыздар. Қазақстан кең байтақ үлкен ел. Ең бірінші Алтын адам Алматы облысынан табылған болса, алдарыңыздағы Аралтөбеден табылған екінші Алтын адам. Қазақстанда бүгінге дейін 6 алтын адам табылды. Бұның бәрі қазақ халқының тарихы тым тереңде жатқанын білдіреді» деді.
Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулы Бауыржан Досманбетов, Ресей Этнографиялық музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Елена Герасименко, суретші-реставратор, «Қырым аралы» ғылыми қалпына келтіру орталығының жетекшісі, Алтын киімді адамды қалпына келтіруші Қырым Алтынбеков, Санкт-Петербург заң шығару Комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Тугов, Санкт-Петербург үкіметі атынан Санкт-Петербург конгресс-көрме бюросының бас директоры Андрей Мацариндер сөз алып, екі ел арасындағы ынтымақтастық пен мәдени қарым-қатынасты дамытатын, тарихи құндылықтарды дәріптейтін көрме жұмысына сәттілік тіледі.
Ашылу салтанатына Санкт-Петербург қаласындағы Пәкістан Ислам мемлекетінің Құрметті консулы Абдул Рауф Ринд, Корей елінің Бас консулы Квон Дон Сок, СПбГУ-дің шығыс тілдері факультетінің оқытушысы Юсупов Эржан, Қазақстаннан арнайы келген делегация мүшелері, Аралтөбе қорымына жүргізілген қазба жұмыстарына қатынасушы археолог, Орыс географиялық қоғамының мүшесі Вячеслав Плахов, Миялы қорғандарына жүргізілген қазба жұмысының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан және дүние жүзі тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әния Ермағамбетова, Қазақстан Ұлттық арнасының тілшілері Жандос Темірғалиев, Өнербек Жаңабаевтар қатынасты.
Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы жанынан құрылған «Мұрагер» фольклорлық ансамблі Ықыластың «Жезкиік», Сүгірдің «Ыңғайтөк», Еділ Құсайыновтың «Атырау – алтын орда» күйлерін нақышына келтіре орындап, көрермендерді қазақ өнеріне тәнті етіп, таң қалдырды.
Көрмемен таныс болған Андрей Мацарин өз пікірінде: «Алтын адам – екі жақтың туристік саласын дамытуда басты құрал. Петербург туристік қала. Менің ойымша, осы көрмеден кейін Сіздер жаққа туристер ағылады. Өйткені Алтын адам түрлі ұлттың қызығушылығын оятып отыр» десе, Новосибирск қаласының археологы Леонид Слюсаренко «Қазақстанның археологиясы өте бай, оны тек Ресей жерінде емес, әлемге мойындатуға тұрарлық екен. Бұл көрме мені қатты таң қалдырды, міндетті түрде Қазақстанға барамын» деген пікірлерін жеткізді.
Көрмені Санкт-Петербург қаласында өткізілген VIII Халықаралық мәдени форум жұмысына қатынасушылар, ресейлік жерлестер, археологтар, қала тұрғындары мен туристер, барлығы 28000 көрермен тамашалады.
2019 жылғы 7 қарашада Омск қаласында Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастық жөніндегі XVI өңіраралық форумы аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Владимир Мединский арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жаңа ынтымақтастық бағдарламасына сәйкес, Ресейдің Этнографиялық және Атырау облысының тарихи-өлкетану музейлері әріптестік меморандумға қол қойды. Меморандум аясында 2020 жылы Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай ресейлік әріптестер Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде батыр қаланың тарихын баяндайтын көрме ұйымдастырса, Ресей Этнографиялық музейінде атыраулық музейдің зергерлік бұйымдар коллекциясынан көрме, шеберлік сағаттар мен зергерлік бұйымдар жәрмеңкесін ұйымдастыруға келісілді.
Аталмыш көрмені ұйымдастыруға тікелей қолдау білдірген Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовке, Қазақстан Республикасының Санкт Петербург қаласындағы Бас консулы Бауыржан Досманбетовке алғысымыз шексіз.
Рашида ХАРИПОВА,
Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы