1939 жылғы шілде айының он үшінші жаңасында жарық дүниеге көрінген Шораев Асқар балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Бұған қоса сол замандағы ұрпақтың жастық шағы да соғыс қиратқан халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңімен сәйкес келіп, өзге материалдық игіліктерді айтпағанда, ішер тамақ пен киер киімнен де қатты тарықты бұл буын.

– Әкем 1942 жылдың қаңтарында әскерге алынып, ел қорғауға аттанғанда анам Зейнел үйелмелі-сүйелмелі жеті баламен қалыпты. Бұл менің әлі үш жасқа да толмаған кезім ғой. Бір қыз, алты ұлдың кенжесі мен екенмін. Тауқыметке толы тағдырдың шет жағасын көріп қалдық, – деп сонау бір қиын шақты қамыға еске алады кіндік қаны Ақжайық ауданының Ілбішін өңірінде тамған Асқар Ишанұлы.

Бірақ қаншама қиындық көріп, мехнат шексе де абзал ана перзенттерін қатарынан кем қылмай жеткізуді өмірінің ең басты мұрат-мақсаты  санады.

  • Анам жарықтық дастарқан басындағы әңгіме барысында бізге өтірік айтпау, ешкімге қиянат көрсетпеу, жамандық жасамау, егер мүмкін болса, қолыңнан келгенше жақсылық жасау жөнінде жиі айтып отыратын. Міне, сексеннің сеңгіріне шыққанша анамның осы өсиеттерін бұлжытпай орындап келемін. Алдағы өмірімде де осы тура жолдан таймасым анық, – деп нық сөз сабақтады Ишанның Асқары.

1962 жылы анасының қолына келін түсіріп, Альфия, София және Рамазан есімді ұл-қыз сүйген Асқар ағаның өзі бүгінде он шақты немереге қоса, бес-алты шөберенің ардақты  атасы.

Әке рухына тағзым

Асқар аға тек 40 жылдан соң ғана Отан үшін опат болған әкесінің қайда жерленгенін біліп, әке зиратының басына барып, тағзым етіп қайтты.

…1942 жылдың қаңтар айында Мерген ауылдық кеңесінен Чапаев аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынған әкесі сол жылдың шілдесінде 206-атқыштар дивизиясы құрамындағы 748-атқыштар полкінде шойын жол арқылы Воронеж маңындағы Лиски стансасы түбінде алғаш ұрысқа кіреді. Дивизия жауынгерлері фашистерге қарсы жан аямай шайқасады. Кеңес әскерлері жау плацдармын бұзып, деревнялар мен кішігірім қалаларды немістерден тазартып жатты. 1943 жылдың қаңтарына қарай дивизия Воронежді азат етіп, Курск иініне жетеді. Міне, осы төңіректегі Илек-Пеньковка деревнясы маңындағы ұрыстардың бірінде, 1943 жылдың күзінде батысқазақстандық сарбаз Ишан Шораев ерлікпен қаза табады.

Жаужүрек жауынгердің қазасы туралы нақты хабар елге келмеген. Соғыс біткеннен кейін, 1948 жылы «хабарсыз кетті» деген бір жапырақ қағаз ғана жетіпті. Әкесі жайлы қандай да бір деректі білуге ынтызар болған Асқар аға Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі Орталық архивіне екі рет өзі барып, мардымды жауап ала алмайды. Содан кейін Курск, Белгород, Воронеж қалаларына да табаны тиеді. Сөйтіп, араға қырық жылдай уақыт салып, әкесінің жоғарыдағы деревня маңында қаза болып, жерленгенін анықтады.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында  «Әкем мен оның қаруластары жаудан қорғаған, сол үшін қандарын төгіп, жандарын қиған өңірге тағы бір барып, есіл ерлердің әруағына тағзым етсем» деген ой ағамызға маза бермейді. Ақыры ол сол ниетін Батыс Қазақстан облысының сол кездегі басшылығына жазбаша жеткізеді. Көп ұзамай Облыс әкімдігінен Воронеж облысының губернаторы Алексей Гордеевтің атына майдангер ұлының ниет-тілегі жазылған жеделхат жолданады. Ал, үшбу жеделхатқа келген жауапта былай делінген екен: «Воронеж қаласында өткізілетін 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы басталуының 70 жылдығына арналған мерекелік шараларға Асқар Ишанұлы Шораевты қатыстыру мәселесі қарастырылып, оң шешімін тапты. Воронеж қаласының басшылығы оған жан-жақты қолдау көрсетуге әзір». Осы қуанышты хабар құлағына тиісімен ол Воронежге асықты.

– 2011 жылы Воронеж шаһарында губернатор Алексей Гордеев мені өзі тұрған трибунаға, қасына шақырып, айрықша ілтипат білдірді. Одан кейін қаладағы музейлерді, соғысқа қатысты ескерткіштерді аралап көрдік. Әкем мен оның қаруластарының жанкешті ерлігіне басымды иіп, тағзым еттім, – деп тебірене еске алады Асқар аға сол Воронеж  сапарын.

Туған ауылындағы анасы Зейнел атындағы мешіт

 

«Бізді қара металлургия шыңдады»

Асқар Шораев – Теміртау металлургия комбинатында табан аудармай 33 жыл тер төккен ардагері. Жалын-жігері мол жас кезінде ыстығы 1000 градустан астам домна пеші арқылы қара металдан «өзен» ағызып, болат, шойын қорыта жүріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге еңбек майданында құрыштай шыңдалған Асқар Ишанұлының өмірден көргені де, көңілге түйгені де көп.

Асекеңнің бір қыры – оның жастайынан спортқа әуестігі. Ол – велоспорт пен шаңғыдан қазақ жастары арасынан шыққан КСРО-ның тұңғыш спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері. Бапкерлік жылнамасында Асқар Ишанұлы велосипед спортынан КСРО-ның 30 спорт шебері мен КСРО-ның бір (1) халықаралық дәрежедегі спорт шеберін даярлаған маңдайалды маман. Бүгінде ол – туған өлкемізде велоспорттың өркендеуіне атсалысып, өңірдің шалғай ауылдарына дейін барып, жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беруге еңбек сіңіріп жүр.

– Мен жастарға Қазақстанның қара металлургия өнеркәсібінің қалыптасуы жөнінде жиі әңгімелеймін. Өйткені, орасан зор қажыр-қайрат пен жалын-жігерді, темірдей шыдамдылықты талап ететін өнеркәсіптің бұл саласы – Нұрсұлтан Әбішұлын көрнекті мемлекет қайраткері тұлғасы ретінде шыңдаған сала. Мұны Ұлт көшбасшысының өзі айтып та, жазып та жүр.

Алпысыншы жылдары қара металлургия саласы үшін қазақ жастарынан мамандар даярлау ісі күрт қолға алынды. Сол кезде аталмыш салада жұмыс істеуге аңсары ауған 500-ден астам қазақ жігіті Украинаның Днепродзержинск, Ресесйдің Новокузнецк, Челябинск, Магнитогорск қалаларына оқуға аттанды.

«Біз барған жерімізде теориялық оқу мен өндірістік үрдіске қатар қанықтық. Мысалы, аптасына 2-3 күн оқысақ, 2-3 күн жергілікті өндіріс ошақтарында жұмыс істейтінбіз. Қаншама қарулы, тепсе темір үзетін жаста болсақ та, кезекті ауысымнан сілеміз қатып, шаршап шығатынбыз. Бірақ жастықтың аты жастық қой, шіркін! Аз-кем тынығып алып, би кешіне немесе спортзалға тартатынбыз» дейді кейіпкеріміз сонау жастық шақтың қайта оралмас сәттерін еске алғанда.

Балық аулауға барғанда…

Бірде металлургия майталманынан Бөкей ордасы ауданындағы колледж студенттерінің бірі Елбасымен қашан, қандай жағдайда танысқандығын сұраған екен.

– Біздер 1960 жылғы маусым айының үші күні домна пеші арқылы бірінші рет өнім өндірдік. Бұл – біздің қара металлургия саласындағы жанкешті еңбегіміздің алғашқы жемісі, бастамасы ғана еді. Сол кезде алабұртып толқып тұрған біздің арамызда Нұрсұлтан да болды. Ауыр жұмыстан қолымыз қалт еткен сәтте Нұрекең қолына домбыра алып, ән салып, жанымызды жадырататын.Жігіттердің бәрі дерлік спортпен, әсіресе, күрес, бокспен белсенді айналысты. Сол жылдары Нұрекеңді күрес залынан жиі көретінбіз. Егер өзіміздің қыз-жігіттер қол ұстасып, шаңырақ көтеріп, отау құрар болса, барымызды салып, комсомолдық той өткізетінбіз, –  деп жауап берді Асқар Ишанұлы.  .

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Стальной профиль Казахстана» атты кітабында Асқар Шораевтың Қазақстан магниткасында бірге шыңдалған замандастарының бірі екендігін, металлургия комбинатының қоғамдық өміріне, спорттың бұқаралығын арттыруға белсенді жұмыс істегенін де атап өткенін оқырманға жеткізсек артық болмас.

«Туған жер, ешнәрсе жоқ сенен ыстық…»

Асқар ағай өзі туып-өскен Ақжайық ауданындағы Ақжол ауылдық округіне жасаған жақсылығы  ауылдапстары жыр қып айтады. Асекең ауыл-аймаққа көгілдір отын мен таза ауыз су құбырының тартылуына, округ орталығындағы мәдениет үйі мен мектептің күрделі жөндеуден өтуіне ұйытқы болды. Спорт қалашығын салдырып, мектепке жергілікті шаруа қожалықтарымен тізе қоса отырып, жиырма шақты велосипед алып берді. Спорттың бұқаралылығын арттырып, халық арасында салауатты өмір салтының нығаюына тікелей үлес қосты. Орал қаласының орталық саябағы қоныстанған Шаған өзенінің арғы бетінен веложол мен жастарға арналған шағын спорт қалашығын салу да Асқар Ишанұлының идеясы. Асқар Ишанұлы Құрбан айт, Ораза айт, Наурыз мейрамы, Қайырымдылық айлығы мен «Мектепке жол» шарасы кезінде де әлеуметтік жәрдемді қажетсінетін жандарға жанашырлық танытудан жаңылған емес..

– Туған ауылымнан анам Зейнелдің атындағы мешіт салдырғанда екі мақсатты көздедім. Бірі – жылдар бойы құла бейнет көре жүріп, перзенттерін қатарынан кем қылмай жеткізген анамның рухына тағзым. Екіншіден, өз қаражатыма салдырған аяулы анам атындағы мешітті сауатты имам-молдалармен қамту арқылы ауылдастарымның жат діни ағымдарға арбалуына жол бермеу. Шүкір, бұл мұрат-мақсатыма да жеттім, – дейді бүгінгі кейіпкеріміз.

Саят пен саяхат

Асқар ағаның айтуынша, оны қаршадай бала кезінен балық және аң аулауға өзінің туған ағасы, ата-анасының тұңғыш перзенті Қуаныш ағай баулыған көрінеді. Жүріс-тұрысы ширақ, әлі күнге дейін даланы айтпағанда, ығы-жығы, адамы да, көлігі да көп қалада темір тұлпарын өзі жүргізетін Асекең ара-тұра аңға шығып, балық аулауға да барып тұрады. Құралайды көзге атқан мергендік қасиет және бар.

Өмірлік жан жары Ләйлә апаны ертіп алып, ағайын-туыс, дос-жаранды айтпағанда, тіпті ара-тұра алысты-жақынды шетелдерге де тартып кетеді. Былтыр өзі 21 күн бойы өтетін 3300 шақырымдық «Тур де Франс» веложорығын тамашалап келді.

– Ойы-қыры, жыра-жықпылы көп, Пиреней тауларының асуларының ара-арасымен өтетін «Тур де Франсты» тамашалауға жиналған мың-сан бейтаныс көрерменнің біразы біздің командаға «Астана! Астана!» деп жанкүйерлік танытқанда жан дүниең толқып, жүрегің тебіренеді екен, – деп ағынан жарылды бізбен әңгіме барысында ағамыз.

Елбасының сый-құрметі

Өмірден көргені де, көңілге түйгені де көп Асқар Шораев үшін жас кезінде еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп жұмыс істеген Қазақстан магниткасының орны бөлек. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Асқар Ишанұлы  елордадан Тұңғыш Президенттің жазбаша құттықтауын алып қайтты. Арнайы құттықтауға қоса, Елбасы құрыш білек металлургтың қолына өзінің қолы қойылған атаулы сағат тақты.

Асқар Ишанұлын Парламент Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали  Есқалиев, Қазақстан велосипед спорты федерациясының президенті Дархан Қалетаев және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның бас директоры Парамжит Калон да құттықтады. Ал, Словения Республикасының қайраткер азаматы, «Карич» халықаралық қорының президенті Драгомир Карич еңбек және спорт ардагері Асқар Шораевты мерейтойына орай «Елдер арасындағы ынтымақты нығайтқаны үшін»  медалімен марапаттады.

Иә, жан дүниесі сергек, айналасына жасар жақсылығы мол, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы ширақ қалпында мереййлі жасқа шыққан Асекеңдей арда азаматтар қатары көбейе бергей! Жасай  беріңіз, Асқар аға!

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Орал қаласы