Домбыраның үні өзгеріп, қалыпқа келтіреміз деген ұранымыз жайбасарлық сипат танытып келе жатырғаны рас. Кезінде этнограф Жағда Бабалықұлы домбыраның таста бейнеленген суретін тапқан сәтінде қайран қалсақ, кейін Кемел Ақышевтың домбыраны жаңа тас дәуірі – неолит кезеңіне жатқызғанын естіп бір қуандық. Домбыраның суреті Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Майтөбе жайлауында табылды. Тас – 1 м. 30 см, қалыңдығы – 80 см, түсі қара болды. Әрине, тұжырым әрқилы болғанымен, түбінде бір дерекке тоқталады.
Көнеден келе жатқан аспаптың қоңыр үні өзгеріске ұшырағанын мұқым елге айтып, дабыл қаққан марқұм домбырашы, дирижер, өнер зерттеушісі Жұмагелді Нәжімеденов (1953-2012) еді. Жұмагелді ағамыздың тұжырымдары қандай еді?
Қазақтың иммунитеті ретінде саналатын домбыраны қағып жібергенде ғажайып музыканың құлақтың құрышын қандырғанын байқаймыз. Жұмагелді ағамыздың бауыры, көрнекті ақын, Гимн авторы Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдерінде түс бояуының бастауы – «қоңыр» түсімен ерекшеленеді. «Қоңыр – қазақтың түсі», – деп еді ақын Есенғали Раушанов.
Қобыздың атасы Қорқыттың қоңыр үнінен қаншама адам ауыр дерттен айыққанын білеміз. Жұмагелді Нәжімеденов домбыраға қатысты өзекті мәселенің бірі ретінде – ішектің дұрыс таңдалмауын айтқан. Бұл мәселе ел құлағына енген сәтте ішек жасайтын арнайы цехтың ашылу керектігі жөнінде бастама көтерілді. Мысалы, Украина мемлекетінің Полтава жерінде қойдың ішегін біздің елден алып, арнайы пайдаланған. Ақжарма күйші Қаршыға Ахмедияров: «Қойдың ішегі домбыра ғана емес, скрипкаға тағылған. Бұзаудың ішегін виолончельге таққан», – деген екен. Естімеген елде көп деген осы. Қазақстанда жусан және жусан тектес шөптердің 150 түрі бар. Домбыраның қоңыр үніне жусанға жайылған қой мен ешкінің ішегі маңызды. Маңғыстау және Атырау өңірінің аумағындағы тұзды жерлерге жайылған қойлардың ішектері мықты деген деректер кездеседі.
Академик А.Жұбанов: «Домбыра» сөзі – «қозықұйрық» деген мағынаны білдіреді. «Дунбаһ» және «бурра» деген екі араб сөз тіркесінен пайда болған дейді. Қоңыр үнді «Барқын», «Айқын», «Жарқын», «Шіңкіл» деп бөлеміз. Платоновтың еңбектерінде: «домра», «домбра», «думбыра», «думбара», «думбрак» деп келтіреді.
Домбыраның қақпағын зерттеуді музыка зерттеушісі Болат Сарыбаев жүргізген. 1969 жылы Ленинградтағы шертпелі аспаптар фабрикасына іссапарға жіберіліп, акустикалық құрылғылармен зерттеу жұмыстарын жүргізген. 1930 жылдары Қазақстанға белгілі шеберлер М.Романенко (1907-1970) мен Қ.Қасымов (1893-1966) бірінші рет Алматы қаласында Құрманғазы атындағы оркестрдің қарамағындағы эксперименттік музыкалық шеберханада домбыраның бірнеше жаңа үлгісін жасап, жоғары бағаны иеленген. Романенконың домбырасын көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов пайдаланды. Бұл домбыраның шанағы – үйеңкі, қақпағы – шырша, мойны – қайың, ортан тиегі – жаңғақ ағашынан жасалған. Шанақ диаметрі – 250 мм болған. Дина Нұрпейісованың домбырасының шанақ диаметрі – 200 мм, Әбікен Хасеновтың домбырасының шанақ диаметрі – 180 мм болды. Әбікен Хасеновтың да әйгілі «Қоңыр» күйі баршамызға белгілі. «Қоңыр күй», «қоңыр ала», «қоңыр қаз», «алқоңыр» ұғымдары ән-күйлердің саз-сарынына айналды.
1950-1960 жылдардағы халық күйшілерінің соңғы өкілдері Дина Нұрпейісова, Уақап Қабиғожин, Науша және Махамбет Бөкейхановтар, Қали Жантілеуов, Жаппас Қаламбаев, Әбікен Хасеновтың қоңыр үні естілмейді. 1939 жылы Құрманғазы оркестрінің мүшелері Мәскеу қаласына кезекті гастрольге барды. Дина Нұрпейісова кішкентай домбырасын ешқандай микрофонсыз орындағанда залдың кез-келген шалғай нүктесінен қоңыр үн естілгенін көзкөргендер өз естелігінде жазған.
Өнер зерттеушісі Жұмагелді Нәжімеденов өзінің методологиялық көзқарастарында: «Үш минут ішінде 8 жасар балаға бір күйді ойнатып, үйретуге болады» деді. Домбырада жарты сағатта күй меңгерген американдық Дэвит Беккер, Брент Дэвис, шотландық Кейт Поттерді де мысалға келтіруге болады. Жұмагелді Нәжімеденов Алматы қаласы, М.Базарбаев атындағы №138 өнер гимназиясында қазақ ұлт аспаптар оркестрін 17 жыл басқарып, бір сыныптан балаларын дайындап шығарды. Музыка пәнінің мұғалімдеріне методологиялық көмек ретінде қалдырған «Домбыра үйренгің келе ме?» атты кітабы шетелдегі қандастарымызды қызықтырып, Нью-Йорктегі ғылыми кітапхананың катологына енген.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап өткендей, тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы да осы төл аспабымызды төрге шығарумен тікелей байланысты. Өткен жылы 1 шілде – «Ұлттық домбыра күні» ретінде белгіленіп, елорданың төрінде домбырашылар күйден шашу шашты. Домбыраның қоңыр үнін қалыпқа келтіруді асқақ арман санаған Жұмагелді Нәжімеденовтің тағы бір аманаты – «Домбыратану» пәнінің әр қазақ мектебінде енгізілуі еді. Аманатқа қиянат келтірмей, төл аспабымызды төрге шығарып, әлемдік кеңістікке қоңыр үннің естілуіне бір атаның баласындай жұмылуымыз қажет.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
Қазақстан журналистер Одағының мүшесі,
Атырау қаласы