«Біз екеуміз үндемелік, домбыра  бір сөйлесін!»

(Қадыр Мырза Әлі)

Күй – адамның белгілі бір сезім сәті. Сезімнің қуанышты да салтанатты сәті немесе мұңлы, қайғылы сәттері болуы мүмкін.

Күйші – ұлттық музыка аспаптарында күй тартушы адам. Ұлы Даланы мекендеген көшпенді ата-бабаларымыздың тарихындағы ғажайып өнер, ұлттың төл болмысына тән құндылық.

«Байырғы түркілердің бұл дәстүріне тәнті болған Қытай императорлары түркі күйшілері мен әншілерін қолқалап шақырып, алтын ұстынды, сарайларында олардың өнерлерін тамашалауды өздеріне мәртебе санады». (Л.Н.Гумилев. Древние тюрки. М 1967ж. 175 бет).

Атыраудың Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында дарынды күйші Құттыгерей Дүйсеевтің асқаралы 60 жасқа толуына арналған өнер кеші өтті. Салтанатты сәт. Көрермендер залы өнерді сүйетін, күйшіні құрметтейтін, өнер жанашырларына, жанкүйерге лық толды.

Екі сағаттқа созылған күй кешін бір деммен тыңдап, жаныңа рухани ләззат алғандай боласың.

Күй төресі Құрманғазының «Байжұмасынан» бастап, Есентемір Еспайдың «Ел айырылғаны», «Терісқақпай», Қазанғап күйлерін «Домалатпай», «Құс қайтару», Маңғыстау күйлерін өзіндік ерекшелігін сақтай отырып орындаған Күлшардың, Есірдің шығармаларының ішінен «Күнтай» күйі көрерменді ерекше ықыласқа бөледі.

Алғаш Дәулеткерейдің лирикалық «Қос алқа» күйін әкесі Халидолладан бес жасында үйренген Құттыгерей Құрманғазының «Серпер» мен «Терісқақпайын» айтулы күй дүлділі Хисмет Меңдіғалиевтен жеті жасында үйренген екен. Сөйтіп, күй өнеріне ынталы өреннің құймақұлақтық қасиеті бала күнінен қалыптасты. Себебі, әкесі Халидолла да Нарын өңірінде ұлағатты ұстаз, күй өнерін бойына сіңірген, ауыл мәдениетін өркендету шараларын ұйымдастырудың майталманы болатын. Өнердің құты қонған Нарында Құрманғазының шәкірті Ерғали Есжанов, Жаңбырбай күйші, Сүлейменов Меңғали кезінде Дина шешемізбен бірге Алматыда Ахмет Жұбанов ұйымдастырған Құрманғазы оркестрінің алғашқы мүшелері еді.

Құрманғазы мен Дина күйлеріне баспаға түсіруге көмектескен Халық ағарту ісінің үздіктері Ерғали Есжановтың немере інісі Ғилман Қайрошев өмірінің ақырына дейін балаларды музыка өнеріне баулыған күйші, әуесқой композитор Шәмшиден Шәріпов. Ал, Ғатау Рамазанов, Ғатих Маштахов, Өтеміс Ідіркеновтер кезінде ауыл мәдениетінің шамшырақтары болатын-ды. Сол кездің жастары ауылдың жас мамандары дәулескер күйші-композиторы Ғатау Үбішев пен алғашқы халық театрының режиссері, ән мен күй орындаудың шебері Нариман Үлкенбаевтың алдын көріп, өнегесін алды.

Ұстаздары Атырау музыка колледжінің профессорлары Ғизат Әдепқалиев пен Құрманғазы атындағы консерваториясының профессоры, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық әртісі Қаршыға Ахмедияров болатын…

…Сахнадағы Құттыгерей мен күнделікті өмірдегі Құттыгерейдің айырмашылығын сезіндік. Өмірде қарапайым, сөзге сараң, жылы жүзді, сезімге бай, жан дүниесін сөйлемей түсіндіре алатын көңілі аппақ азамат ретінде танысақ, сахнадағы Құттыгерей ынтасы мен жігерін күйдің мазмұнына арнайды екен. Сезімге берілмей, бөлек қимыл қозғалыссыз, эмоциясыз-ақ күй мазмұнына терең бойлай алады.

Құрманғазы бабамыздың Жылыой өңірі нағашыларына барған сапарында туған «Қызданайдың қырғыны» деп аталатын күйі Кең Жылыой елінің батырлары Төремұрат пен Нарымбай бастаған «Қызданайдың қырғыны» деп таратылды. Ел аузында Данай сұлуға арналған «Қызданайдың жүрісі», «Қызданайдың күлкісі» атты күйлер Құрекең шығармашылығында болған.

Құттыгерей орындаған «Төремұратында» сол күйдің сәулесі сезіледі. Қызданайдың күлкісі де, жүрісі де осы күйде жинақталғандай. Қызданай үшін болған қырғын соғыстың, руаралық тартыстың, тұлпардың тұяғы мен найзаның айқасын, қылыштың қырқысын, адал махаббат жолындағы алаулаған жастық сезімнің көріністерін Құттыгерей екі шекті домбырасының шанағымен жеткізіп, үлкен суреткерлік полотноны көз алдыңа елестетті.

Өнер кешінде Қаршығаның «Алтын ұя» күйін Ш.Шәріповтың «Балдырған» оркестрінде бірге үйреніп өскен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның профессоры Айгүл Үлкенбаевамен қосылып орындауы көпшілікті ризашылыққа бөледі.

Тұщықұдық, Нарын жағалауы тұнып тұрған күйлер тарихы кешегі өткен Ұзақ пен Боғда күйшінің, Құрекең мен Динаның, көркем фильмде күй анасының ролін сомдаған Бақыт Қарабалинаның жалғасындай бүгінгі өнер иесі Халықаралық Дина Нұрпейісова атындағы конкурстың бас жүлдегері, Мәдениет қайраткері Шарипа Жәменованың орындауындағы күмбірлеген күй де осы кештің сәнін келтірді.

Сахна шымылдығын Айгүл, Құттыгерей, Шарипалардың ұстаздары Қаршығаның «Арпалыс» күйімен жабуы да күй тәңіріне, Ұлы ұстаздарына деген азаматтық құрмет деп түсіндік.

Сахна төрі, қаумалаған халық, ақ жарма тілектер… Асқаралы алпыстың төріне шыққан  өнер иесін әңгімеге тарттық.

– Құттыгерей, мерей жасың құтты болсын! Халқыңды күмбір күйіңмен сусындаттың. Осы өнер жолында өзіңе өнеге тұтқан өнер адамдары  кім?

– Рахмет аға! Өнер жолындағы ұстаздарым мен күйші аталарым мен ағалардың аруағына арнап жылы лебізімді жеткіздім. Оны түсінгеніңізге рахмет. 30 жылдай Н.Жантөрин атындағы филармонияда еңбек етіп келемін. Алғашқы күнен бастап, мені тәнті еткен, өзіне баурап алған  Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі Мекес Төрешев ағам болды. Киелі сахнаға деген құрмет, көрерменге деген ілтипатты Мекес ағамнан үйрендім. Концерт басталмастан бір сағат бұрын келіп, киімдерін шығарып киінеді, домбырасының бұрауын түсіріп, әннің мәтінін қайталап, дауысын қалыпқа келтіреді. Мейлі, ол ауылдың кішкене сахнасына, Мәскеудің, Алматының театры, конгресс холлына шықсын, бәрібір, көрермен алдына үлкен дайындықпен шығады. Мен де солай дағдыландым. Менің кумирім Мекес Төрешев болды. Мереке Ғұмаров, Ғаділ Дүйсенғалиев, Асқар Харесовтер өнерге шын берілген, өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар. Соларға шексіз ризамын.

Күй өнерінің майталманы Құттыгерей Дүйсеев өнер ұжымы әкімшілігінің ұсынысымен «Қазақстанның Мәдениет қайраткері», «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен марапатталды.

Мақтау-мадақтауды Үкімет береді, ал, абыройды халық береді. Ендеше, абыройың арта берсін, Құттыгерей інім!

…Өнер ордасынан тысқа шыққанымызға да біраз болды. Бірақ, Есентемір Естайдың «Ел айырылған» күйінің әуені құлақтан кетпей жадымызда тұрып алды. Осы сәтте күй қағаны Рыспай Ғабдиев ағамымыздың бейнесі көз алдыма оралды. Ал, көкейімізде ертеден жатталған Қадыр Мырза Әлінің мына бір өлең жолдары төгілді…

 

…Біз екеуміз үндемейік, домбыра бір егілсін,

Бұғалықсыз бұла сезім бұлқынсын да тебінсін.

Толы көңіл дір-дір етсін, шып-шып етсін төгілсін,

Біз екеуміз үндемейік, домбыра бір егілсін!..

Жеңіс АРОНОВ