Көкірегінен әсем әннің көк мұхитын шайқаған,

Ей, Ғареке, қасиетті қазына жыр, байтақ ән.

Сенің ару жүрегіңді қалайша мен айта алам,

Сендей саңлақ бұл өмірге келер ме екен қайтадан?

(Т.Айбергенов)

 

Қазақ даласы ықылым заманнан бері ән-жыр мен күйдің бесігі болып келеді. Халық арасынан шыққан талантты дарын иелері өнер көзінің қайнар бұлағы болады.   ХХ – ғасырдағы қазақ музыка мәдениетінің ғажайып құбылысы, халықтың сүйіп тыңдайтын теңдесі жоқ екпінді дауысты әншісі Ғарифолла Құрманғалиев еді.

 

ХІХ ғасырда эпикалық кең тынысты әннің асқан шебері болған Мұхит мұрасын жеткізген де, ондаған жылдар бойы Батыс Қазақстанның көне дамыған вокалды-аспаптық дәстүрін паш еткен де осы Ғарифолла атамыз еді.

Осыған орай Атырауда Мемлекеттік сыйлықтың иегері әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Ақ Жайықтан ән оздырған» атты республиалық әншілер конкурсы болып өтті.

Халқымыздың біртуар әншісі, ұлағатты ұстаз, сазгер Ғарифолланың әншілік өнерін насихаттау, оның ән құдіретінің биіктігін келешек ұрпаққа жалғастырып,  дамыту, өміршең әндерімен бірге өсіп келе жатқан таланттардың жаңа есімдерін ашу, орындушылық шеберліктерін шыңдау мақсатында республикалық деңгейде алғаш рет өткізілген конкурсқа өнер майталмандары арнайы қонақ ретінде шақырылды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Дина Нұрпейісова атындағы академиалық қазақ халық аспаптар оркестірінің ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында болған сайысқа Хатимолла Бердіғалиев, Сәуле Таудаева, Татьяна Бурмистрова, Қайрат Какимов, Ғ.Құрманғалиевтің немересі, өнертанушы-ғалым Меруерт Құрманғалиева белгілі өнер саңлақтары қазылық етті.

Сайысқа Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау қалалары мен Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының жоғары және арнайы оқу орындарынан 37 әнші бақ сынасты. Конкурс шарты бойынша Қазақстанның өнер саласында ресми атағы бар немесе өнер қайраткерімен қоса халықаралық ән конкурстарында бас жүлде алмаған 18-40 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Жарыстың ерекшелігі қатысушылардың кәсіби білімі мен мамандығына шектеу қойылмады.

Байқау алдын ала бекітілген ережеге сәйкес екі кезең бойынша өткізілді.  Ғарекеңнің репертуарындағы белгілі әндер мен бұрын соңды орындалмаған туындылардан және оркестрдің сүймелдеуімен әнші репертуарынан өз қалауы бойынша бір әнін орындау талабы қойылды.

Ән сайысында Мекес Төрешов атындағы арнайы жүлдемен шымкенттік Балжан Талғат, Амангелді Ғұбайдуллин атындағы жүлдемен алматылық Қайратбек Бектұрсын, Тілеужан Нұрғалиев атындағы жүлдемен маңғыстаулық Абуғали Ибраевтар марапатталды.

Жүлделі 3-орынды ақтөбелік Жұлдыз Орынбекова, алматылық Байбақты Ідірбай және қарағандылық Нұрболат Ұзақбай иеленді.

Жүлделі 2-орын мен  400 мың теңгелік сыйақы атыраулық Берік Амантаев пен алматылық Жанаргүл Сәркеноваға бұйырды.

«Біріншіден екі күн бойы ұлы әнші мерейлі тойын республикалық дәрежеде алғаш рет дүбірлетіп ұйымдастырған атырау жұртшылығына ризашылығымды білдіремін. Біз қазылар алқасы қызу талқылап, сараптай келе бас жүлдені ешкімге бермей 1-ші орынды екі өнерпазға беруді ұйғардық. Өйткені, Ғарекеңдей жете жырлай алатын әнші бұл топта кездестіре алмадық» деді қазылар алқасының төрағасы Хатимолла Бердіғалиев.

Ән додасында жоғары дәрежеде өнер көрсеткені үшін  оралдық Данияр Елеуов пен маңғыстаулық Нұрым Асқаров әрқайсысы 800 мың теңге ақшалай сыйлық пен 1 жүлдемен марапатталады.

Гала-концертте белгілі өнер қайраткерлері Сәуле Жанпейісова, Айгүл Елшібаева, Қоныс Юсупов, Қайрат Какимовтермен қатар жүлделі орын иелері халықты ән маржандарымен сусындатты. Асылдың сынығы Меруерт Құрманғалиева атасының мәңгі сапарға аттанғанға дейін серігі болған қара домбырасымен І-ші дәрежелі жеңімпаздарына ән салу мүмкіндігін берді.

Алтынай СӘЛІМГЕРЕЙҚЫЗЫ

 Ғарифолла Құрманғалиевтің немересі Меруерт Құрманғалиева:

«Бұл байқауда Ғ.Құрманғалиевтің шығармашылығы идеологиялық тұрғыда терең зерттелу үстінде екендігі аңғарылды. Бүгін біз оның әншілігін, композиторлығын жаңа қырынан таныдық. Әрбір қатысушы нөмірлердің бірінде оның бұрын еш жерде орындалмаған әндерін орындауға міндеттеліп, Батыс дәстүріне сай туындылар Арқаның мақамында әдемі үйлесімділік тауып жатты. Сайыс сонысымен ерекшеленді.

Атамыз Т.Молдағалиев, Ғ.Қайырбеков сынды белгілі ақындармен жұмыс жасады. Оның «Алматының алмасы», «Бесік жыры», «Алмашы қыз», «Машинист жыры», т.б. әндерінде тек батысқа тән өршілдік сарын емес, лирика, вальс, елге, жерге деген махаббат күйі жырланады.

Қазір баспаға жеке жинағымды дайындаудамын. Оған Ғарифолла атамыздың 362 әні енгізу жоспарда бар».