Ғажабындай – Ғажаптың, Елін – Еріндей сүйеді:

Тозағында Қазақтың – Өртенеді, Күйеді!

Ұжымағында – Көркейіп, Бейне гүл-гүл жайнайды:

Сахнада – Өркейіп.., Ойнамайды, Ойлайды!.. (Иран-Ғайып).

Бұл жолдар сахнамен өмір сүріп, онымен мұңдасып, көңілін көтерген бітім болмыстың бейнесін тура сомдайды. Ол жер шарындағы түрлі ұлт өкілдерінің билерін қазақ жеріне әкеліп қана қоймай, Америка, Азия, Африка және Еуропа құрлығында болып, ұлттық биімізді әлемнің 52 мемлекетінде паш етті. Болгария, Куба, Германияда жастар фестивалін бағындырды. Дүниежүзілік деңгейде дүмпу әкелді. Ол – қазақтың маңдайына біткен, еліміздегі би өнерінің негізін қалаушылардың бірі һәм бірегейі Гүлжан ТАЛПАҚОВА. Халық әртісінің 70 жылдық мерейтойы тұсында Атырау төрінде I Халықаралық әлемдік ұлттар биі конкурс-фестивалі болып өтті. Аталмыш шара – бұл өнердің жеке орындаушылық санаты бойынша өткізілген әлемдегі ең алғашқы байқау болып саналады.

   

Расымен, би – азаттық пен еркіндік белгісі. Ол болмағанда би түгілі, әріден қарасақ қарапайым еркін қимылдай да алар ма едік? Осы мүмкіндікті игі дәстүрге айналдырып, бүгінде мұнаймен қоса өнер астанасына айналған киелі топырақта «Қаз.КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» Гүлжан Ізімқызының өзі туып-өскен ортаға келіп, еркін көсілуіне бар күш-жігер жұмсалды. Халық шығармашылығын және дүние жүзі халықтарының билерін кеңінен насихаттауға, балет өнерін дамытумен қатар балетмейстерлердің кәсіби, мәдени біліктіліктерін арттыруға бағытталған байқауға алыс-жақын шетелден он бір биші қатынасты. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға Ресей, Грузия, Беларусь елдерінің би майталмандары қонақ болды. Қазылар алқасының құрамында «Шалқыма» мемлекеттік ансамблінің көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Абдиракул Есекеев, Беларусь Республикасымәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері Павел Журавлев, грузиялық «Гуриа» мемлекеттік ансамблінің бас хореографы Дундуа Кова, Ресей Федерациясы өнер саласының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлық иегері Михаил Мурашко және алқа төрағасы, мерейтой иесі Г.Талпақова төрелік етті.

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының киелі сахнасында, бас-аяғы үш-төрт минуттың ішінде қатысушылар I кезеңде өз ұлтының халық биін, II кезеңде өз репертуарынан әлемдік ұлттар билерінің біреуін, соңғы III кезеңде міндетті бағдарлама – Г.Талпақованың репертуарындағы Дәулеткерейдің музыкасына жазылған «Қос алқа» биін орындады. Бұл күйді XIX ғасырда дүниеге келген ұлы халық композиторы, домбырашы Дәулеткерей өз сүйіктісіне арнаған. Ал, Гүлжан ханымға бұл бидің қойылымын үйлестіріп беруші Абай атындағы опера және балет театрының балетмейстері, Қазақстанның Халық әртісі Зауыр Райбаев еді.

Екі күнге созылған би бәйгесінің алғашқы күнінде байқаудың негізгі үш кезеңі қамтылып, келесі кеште жарыс қорытындыланып, гала-концерт болмастан бұрын, 200 адамның қатысуымен шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.Оларға қазақстандық, ресейлік, беларусиялық және грузиндік өнер шеберлері тәлімгерлік жасады. Мұндай нәтижеге, тіпті ұйымдастырушылардың өзі де таңдай қақты. Сахнагерлер өзара тәжірибе алмасып, ұлттық би арқылы мәдениетімен бөлісті, рухани құныдылықтарын ашып көрсетті.Мұнда қазақтың лирикалық, халықтық билерінен бөлек татар, өзбек, ұйғыр, башқұр әртістерінің шығармалары сахналанды. Сайыс қорытындысы бойынша «Қос алқа» биінің үздік қоюшы-балетмейстері болып Садықова Анвара танылса, «Қос алқаның» үздік костюм эскизі атағын Алтынбек Ермұхан жеңіп алды. Әрқайсысы 200 мың теңге сыйақыға ие болды. Алғыс хатпен марапатталып, 50 мың теңгелік жүлде алғандар қатарында екі атыраулық Назгүл Қаскеева мен Нұргүл Бауыржанова және ақтөбелік Жазық Асқарқызы, Батыс Қазақстан облысынан келген Назерке Амангелдиева мен Айзада Мықтыбай жәнеқызылордалық Ақмаржан Орман,сондай-ақ алматылық «Алтынай» халықтық би ансамблі бар. Маңғаз Маңғыстау өңірінің тумасы Камила Мұратқа жүлделі III орын мен 400 мың теңгелік сертификат табысталды.II орын үшін берілетін 600 мың теңгелік марапатты башқұрстандық Миляуша Хайбуллина қанжығалады. Астаналық Әсел Әлібекова I орынға тұрақтап, 800 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды. Байқаудың бас жүлдесін би ханшасы Гүлжан Талпақованың қолынан елордалық Көркем Шолошова иеленді. Сонымен қатар, жарыс барысында талантын таныта білген атыраулық, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының оқушысы Анель Сарсенова арнайы 350 000 теңгелік сыйлықпен марапатталды.

Әрі қарай Атырау облысы әкімінің орынбасары С.Шапкенов мерейтой иесіне елдің ыстық ықыласын жеткізе отырып, осындай халықаралық деңгейдегі өнер додаларының Атырау жерінде тұрақты түрде өтуі тектен тек емес деген ойын жеткізді. Гала-концерт жарты ғасыр ғұмырын би өнеріне арнаған Гүлжан Ізімқызы Талпақованың «Би ханшасы» өмірбаяндық кітабының тұсаукесерімен жалғасты. Сөз алған Мемлекеттік сыйлық иегері Иран-Ғайып тебірене айтқан бір пікірінде «Халық өнер адамына қызыға қарайды, өнерін тамашалайды, бірақ тағдырын сезіне бермейді» деді. Шынымен, бүгінде әлемге әйгілі Г.Талпақованың осыдан 40-50 жыл бұрынғы өмірін, өнер жолын кім білген? Қазіргідей жетістікке кенелеріне кім кепілдік бере алған?.. Ешкім де… Бұл – бірнеше жылдар бойына әсте әлсіремеген табындылықтың, еңбекқорлықтың көркем көрінісі.

 

Өзінің айтуынша, сахнада бір топ өнерпаз өнер көрсетсе, көрермен үшін – керемет шоу, бірқимылдылық, әуенмен үйлесімділік. Ал, балеттің бір ғана әртісі билегенде ішкі жан дүниемен, жүрекпен орындаушылық маңыздылығы, жауапкершілігі арта түседі. Осыны жандандырмақ ниетте аталмыш конкурс-фестиваль өз бастауын алды. Алдағы уақытта әрбір үшжылдықта бір рет өткізіп тұру межеленіп отыр. Ендеше, сәттілік тілейік!

«Кімдер не десе де, Гүлжан, сен әлем халықтарының билерін орындаушы ретінде біздің өнер тарихымызда алтын әріппен жазылған бет боп қаласың». Елбасының сөзі. Көп әңгіменің көркін келтірген тобықтай түйін осы. Осыдан артық баға бере алмаспыз.

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Атырау облысы.