Бүгінде 80 жылдық тарихы бар Атырау театрының қабырғасында әр жылдары 60-қа тарта режиссер жұмыс жасаған екен. Олардың түрлі-түрлі жанрлардағы қойылымдарынан қаншама аға буын сусындап өсті, өмірге, өнерге қанат қақты десеңізші.

Бұрынғылардың ізін жалғап бүгінгі күні Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында үш бірдей кәсіби режиссерлер жемісті қызмет ету үстінде. Олар театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов, режиссерлер Жанат Телтаев пен Гүлназ Қамысбаева, театр өнерінің нағыз майталман мамандары М.Ахманов, Ж.Хаджиев, М.Байсеркеновтердің шәкірттері. Жанат сахналаған жазушы-драматург Р.Отарбаевтың «Бас» қойылымы 2015 жылы Халықаралық театр фестивалінде 2 орынды иеленсе, Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткен ХХV республикалық театрлар фестивалінде «Өзекті тақырыпты көтергені үшін» номинациясына ие болды. Ал, өткен жылы Г.Пряхиннің «Тергеу» деректі драмасы Мәскеудің «Модерн» театрына қойылып, өнерсүйер қауымды бір сілкінткені бар.

Жас режиссер Гүлназ Ақтөбеде өткен ХІV республикалық театрлар фестивалінде Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» қойылымыменқатысып, «режиссерлік ізденісі үшін» аталымының дипломына ие болып, 2017 жылы сол қойылым Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен Қ.Сүгірбеков атындағы жас режиссерлердің І республикалық форум-фестиваліне қатысып І орын иеленуі, бәріде театрдың толағай табыстарын еселей түсті.

2018 жылы театр өнеріндегі шығармашылығының 20 жылдығын атап өткен бас режиссер Мұқанғали Томанов қазақ режиссурасында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан көрнекті режиссердің бірі. Ол қойған спектакльдер бірден көрермен жүрегіне жол тауып, қоғамда кеңінен талқыланып, жоғары баға алып жүр. 2008 жылы Ақтауда өткен Қазақстан театрларының ХVІ республикалық фестивалінде А.Камюдің «Калигула» трагедиясы «Ең үздік режиссерлік дебют» номинациясына ие болса, кейін Таразда, Қостанайда, Өскеменде өткен республикалық театр фестивальдерінде лауреат атанды.Өткен жылы Түркі әлемінің мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі үшін Мұқанғали ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтың және Түркі әлемінің театр және әдебиет саласына қосқан үлесі үшін Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлуның атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Филология факультетінде оқыған, редакцияда қызмет еткен М.Томановтың қазақ тіліне, тарихына, көркем әдебиетіне білімі, ойы, сөзі, тілі жетік, поэзияға жаны жақын. Элегияға толы ойларын әдемі суреттеп жеткізе біледі. Оның көптеген әңгімелері, монохаттары, өлеңдері облыстық газет беттерінде жарияланып, бірнеше аудармалары мен «Қыздарым менің» драмасы, «Мade in махаббат» жастар комедиясы, «Достар» ертегісіОрал, Атырау театрларының репертуарында үзбей қойылып жүр.

М.Томанов қойылымдарында тұтас оқиға желісінің тасасында еленбей қалуы мүмкін елеусіз тұстарын, адам жанының түбінде жатқан сезімдерді дөп басып, лирикалық көріністердің өзін картина етіп, көркем бейне түрінде алдыңғы планға шығарып суырыпкөрсете білу тәсілі – көрермендер мен театртану мамандарының тарапынан үлкен шеберлік, тапқырлық ретінде бағаланып жүр.

«Бетпе бетте» қойылымында соғыс алаңында жүрген ер азаматтар мен оларды тағатсыздана күткен тылдағы әйелдердің арасындағы сарыла күткен сағыныш көрінісі өте сәтті шықты. Аппақ арман, сап-сары сағыныш – кіршіксіз ақ көйлек, сарғылт тартқан хаттар – бәрі-бәрі cахна тілінде сөйлеп тұрды. Немесе, ағаш басында дыбыс күшейткіш рупор орнатылған бағанды тас қылып құшақтап, бастан аяқ тапжылмай хабар күткен баланы көрермен қалай қабылдады..?! Оның «Неге хабар жоқ!» деп ызалана қамшымен ағашты үсті-үстіне сабалаған сәтін көргенде тебіренбеу мүмкін емес. Соғыс кезінде сол күйді бастан кешпеген адам кемде-кем шығар… Бұл жерде бала – бүкіл соғыстың зардабын шегіп, хабар күткен біртұтас халықтың образын көз алдыңызға келтіреді. Бұның бәрін түсініп көру үшін шыныменде көкірек көзі керек.

«Снайпер» қойылымында бір ғана солдатқа қызыл шинель кигізу арқылы шартты түрде бүкіл Кеңес армиясын көз алдыңызға әкелетіндей көріністі сахнаға шығару – өнер тілінде шығармашылық адамына қаншалықты қанағат, рухани ләззат сыйласа, ақтөбелік көрермен үшін тың бейне, тосын жаңалық болды.

Көз алдыңыздан өтіп жататын «Баянды бақтағы» кадрлер, ештеңені қалт жібермей, әр қадамыңды жазып алар өмірдің өзіндей оператордың кейпіндегі ТАҒДЫРДЫҢ шешімі қалай шебер табылған?! Супрематизм, постмодернизмге кімдер қадам жасамай жатыр?! Олардан Томановтың айырмашылығы сол – оның ойы ұшқыр, образдары көпшіліктікіндей сыртқы форманың көркемдік шешіммен ғана щектелмейді, көрерменінің жан-дүниесіне бойлай еніп, жетегіне ерте жөнеледі. Оның басты фишкесі де сол – оқиғаның ішкі мазмұнына терең сүңгіп, ой мен бейнені бірізді байланыстырып өрбіте алатындығында.

Өзінің біліктілігін арыттырып республикалық, түрлі алыс-жақын шетел фестивальдеріне шығып тәжірибе жинап шыңдалған режиссер, кәсіби оқып-білгенімен әрдайым әріптес жас режиссерлер, актерлермен бөлісіп, үйретіп, театр өнерінің жанданып, шығармашылық біліктілігін көтеруде белсенді үлес қосып келеді.

Жуырда осы мақала авторының жинақтауымен және театр басшысы Берік Жәменовтың қолдауымен «Ағатай» баспасынан М.Томановтың «Сағыныш» атты кітабы жарық көрді. Онда режиссердің сегіз пьесасы, төрт аудармасы және қойылымдары туралы мақалалары, проза-элегиялары, өлеңдері топтастырылды. Кезінде ұстаздық еткен, оқып-түйгені көп, тәжірибесі мол режиссер М.Томановтың әліде режиссура, өнер, сахна, актерлік шеберлік турасында өнерсүйер қауымға арнап жазары, айтары, берері көп ой-толғамдары, түрлі мақалалары мен әдістемелік оқулықтары жарық көреді деген үміт, тілек, сенім бар.

Т.МӘЖИТҰЛЫ